Пайдаланған әдебиеттер

  1. Волков Г.Н. Этнопедагогика. - Москва, 2000.
  2. Кукушин B.C., Столяренко Л.Д. Этнопедагогика и Этнопсихология. Ростов- на Дону, 2000.
  3. Рудь Ю.А. Методологические и теоретические проблемы изучения народной педагогики.- М., 1980.
  4. Христова Е.Л. Народная педагогика: историографические и теоретико-методологические проблемы. - М., 1988
  5. Этнопедагогика народов Казахстана /Под ред. Г.Н.Волкова, К.Ж.Кожахметовой. - Алматы, 2001.


2 -тақырып. Педагогикалық мәдениет және халықтың рухани дамуы

Жоспар

1.Халықтық педагогикалық көзқарас

2.Халық педагогикасындағы салт-дәстүр

3. Салт дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың ерекшеліктері, тәрбиелік мәні

1.Халықтық педагогикалық көзқарас. Адамзат қоғамының әрбір даму кезеңі тәрбие ісінде тәжірибеге ғана негізделген жаңалықтармен толықтырылып отырылды. Уақыт ағымымен жекеленген тәжірибелік бөліктер халықтық тәрбиенің тұтас жүйесінің өзегіне айналды. Тәжірибелік тәрбие қызметі тәрбиенің халықтық қағидаларына сүйене отырып, ана тілі, халықтық материалдық және рухани мәдениет пен салт-дәстүр, әдеп-ғұрып негізінде жүзеге асырылды. «Халықтық педагогика» деген ұғымның қазіргі кезде бірыңғай тұжырымдамасы жоқ. Мәселен, «халықтық педагогика» тәрбие мәселесінде кең ұғымда, пікір, көзқарас, қалың көпшіліктің салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпының жиынтығы ретінде (А.Ш.Гашимов) немесе еңбекші бұқараның мүддесін көздейтін қалың көпшіліктің таптық педагогикалық сана-сезімі ретінде түсіндіріледі (Е.А.Христова). Ал М.И.Стельмахович халықтық педагогика бойына тәжірибеге негізделген білім мен әдіс-тәсілдерді жинақтаған және нақты бір этникалық топқа жатпайды деп көрсетеді. Қазақстандық зерттеушілер халықтық педагогиканы басқаша түсіндіреді: Халықтық педагогика тәрбиенің басты мақсаттары мен міндеттерін айқындап, халықтың педагогикалық білім тәжірибесіне негізделген (К.Б.Жарықбаев), сан ғасырлар бойы ұрпақтарды тәрбиелеуде тәжірибеге негізделген прогрессивті ұлттық әдеп-ғұрып пен салт-дәстүр жиынтығы (С.Қ.Қалиев), көзқарас идея тәрбиелеу мен оқытудың әдіс-тәсілдерінің дағдыларының жиынтығы мен өзара байланыстылығы «Халықтық педагогика-тәрбиелеу ісіне тікелей және жанама қызмет ететін халық шығармашылығы» А.К.Қалыбекова), келесі ұрпаққа берілетін халық шығармашылығы үлгісіндегі әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді қалыптастырушы табиғи-тарихи үрдіс (С.А.Ұзақбаева). Халықтық педагогика мен халықтық тәрбиедегі даналық, ондағы ерекше тәрбие белгілері ғалымдардың қызығушылығын туғызып, ал осыдан барып халықтық педагогиканың әлеуметтік талапқа деген ерекше қатынасы туындады. Халықтық педагогиканың алдына қойған негізгі мақсаттарының бірі – жас ұрпақты рухани, шығармашыл қалыпта тәрбиелеу. Ұлттық білім беруде ұлттық тәрбие үрдісі қалыптасады, ол. тәрбиеленушіні өз елінің тарихына, ұлтына деген мақтаныш сезімінің қалыптасуына баулиды. Халықтық педагогика ұлттық рух пен ұлттық құндылықтардан құралады, оның ішкі элементтері ұлттың ерекшеліктерінен тұрады.Бұл қазіргі жаһандану дәуіріндегі ұлттық ерекшеліктерді сақтау барысындағы негізгі талаптарының бірі болып табылады. Бұл талаптан шыға алмаған жағдайда әлемде күн сайын ондаған ұлттар тарих сахнасынан жоғалып жатыр. Себебі, халықтық педагогика ұлттарды өзгелерден ерекшелендіріп, ұрпақ жалғастығының өзіндік функциясы ұлттың өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз етеді. Осы ерекшеліктер кез-келген ұлттың ішкі және сыртқы қалыбын толықтырып тұрады. Халықтық педагогиканың мақсаты – кемелденген адам тәрбиелеу. Бұл мақсат бүгінгі таңда да өз көкейкестілігін жойған жоқ. Өйткені, әрбір адам белгілі бір ұлттың өкілі болғандықтан, ол сол ұлттың мәдени болмыстарын өркениетті өмірмен байланыстыра отырып игермесе, оның білім дәрежесі қөанша болғанмен мәдени болмысы (алған тәрбиесі) өз биігіне жетпесе, ол нағыз зиялы азамат бола алмайды, өз айналасына, халқына, ұлтына, Отанына белгілі дәрежеде пайдасын тигізудің орнына, ол арқылы халыққа зиянын тигізуі мүмкін.

2. Халық педагогикасындағы салт-дәстүр.Бала тәрбиесінде халық мәдениетінің негіздері болып табылатын, халықтық салт дәстүрлердің тәлім­тәрбиелік, танымдық, білімдік рөлі өте зор. Адамның шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, оның есейіп, қартайып, бақилық болғанда дейінгі өмірі мен іс-әрекеті, басқалармен қарым-қатынасы атаулының барлығы - салт дәстүрден өзекті орын алып, адамның дүние таным мәдениетін көзқарасын қалыптастыратын тәрбие мектебі. Салт-дәстүр халықтардың тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты туып, қалыптасып, ұрпақтан-ұрпакқа беріліп отырады. Дәстүр - белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын, тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортасында ұзақ уақыт бойы сақталып отырған әлеуметтік-мәдени құндылықтар жиынтығы. Бала тәрбиесіне байланысты салт ­ дәстүрлер: құрсақ той (әйелдің аяғы ауырлағанда жасалады); шілдехана (баланың туылуына байланысты), жаңа туылған балаға ат қою, бесікке той, тұсау кесер той; сүндет той, тоқым қағар (бала алғаш рет жолға шыққанда). Тұрмыс салт­дәстүрлерге: келін түсіру, осыған байланысты салттар, қазақтың киіз үйі, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері жатады. Діни салт­дәстүрлерге: намаз оқу, ораза ұстау, құрбандық шалу, қажылыққа бару, діни мерекелерге: ораза айт, құрбан айт жатады.Әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлерге отбасына, қонақтарды қабылдауға сонымен бірге ұлттық мерекелерге, жерлеуге байланысты дәстүрлерді жатқызамыз. “Туғанда дүние есігің ашады өлең, Өлеңмен жер қойныңа кірер денең”- деп ұлы Абай айтқандай, салт-дәстүрлер адам баласының дүниеге келгенінен бастап, өмірінің соңына дейін қатарласа жүріп отырған.

Аталған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің өзіне тән ерекшеліктеріне қарай тәрбиелілік мүмкіндіктері де әрқилы болған. Мәселен, тұсау кесер дәстүрін А.Сейдімбек былайша суреттейді: “қаз басып жүре бастаған баланың тұсауын үш түрлі тілекпен кеседі. Бірінші, баланың тұқымы өсіп-өніп, шөптей болсын деп, аяғын шөппен тұсап кеседі. Екінші, малды, майлы болсын деп, аяғын тоқ ішекпен тұсап кеседі. Үшінші, адал болсын деп, баланың аяғын ала жіппен тұсап кеседі”. Дәстүрдің бұл түрі күні бүгінге дейін сақталып, символдық қасиетке ие болған. Әсіресе ер балаға Отанды, елді жерді қорғаушы ретінде үлкен сенім артқан.Ержігіттің бойына алты асыл қасиетті: зерделі; өнерлі; тапқыр, батыр; жігерлі-күшті; қайрат-қарулы; білімді. Үш асыл мінезді: туған еліне, дос жарандарына адал болуды; қара қылды қақ жарған әділетті болуды; қаймықпастан турасын айтар, шыншыл болуды дарытуға тырысқан. Ер-азаматтың өмірінде мынадай үш серігі: астына мінген тұлпары; шындалған ақыл-айласы; айнымас адал жұбайы болу керектігін ескерткен:

3. Салт дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың ерекшеліктері, тәрбиелік мәні.Қазақтың тәрбие мектебі, халық педагогикасы – ата-бабамыздың өсиеттері, ғибраттары және халық мақал-мәтелдері, тыйым сөздері мен ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрпы десек артық болмайды. Халықтық осы қағидалар шын мәнісінде жас ұрпақ түгілі, ересек адамдарға да үлкен әсерін тигізді, ұлттың сана-сезімін оятты, тәлімдік-тәрбиелік, танымдық мектебіне айналды. Педагог және философ ғалым Г.Н.Филоновтың анықтамасы бойынша: «Халық педагогикасы – жергілікті халықтың қабылдаған тәрбиелеу әдіс-тәсілдері. Бұлар ұрпақтан-ұрпаққа өмір барысында білім мен дағдылар арқылы жалғасып отырады. Халық педагогикасы қоғамдық тәжірибенің, мінез-құлық, жүріс-тұрыс ережелерінің, қоғамдық дәстүрлердің, белгілі идеологияның жалғасуын бағыттап отырады. Халық педагогикасы моральдық заңдар мен салттарда көрініс табады». Педагогикалық энциклопедиялық сөздікте: «Халық педагогикасы дегеніміз – ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің, мәдени ойлау процесінің эмпирикалық негіздегі озық үлгілерінің жиынтығы. Халық педагогикасының негізгі түйіні – еңбек тәрбиесі және өндірістік білім, дағды, шеберліктерді жас ұрпақтың бойына дарытып, адамгершілік, имандылық рухында тәрбие беру», - деген анықтама берілген. Осы анықтаманы ғылыми дұрыс анықтама деп санауға болады. Ал академик А.К.Конның басшылығымен 1983 ж. «Педагогика» баспасынан шыққан этикалық сөздікте «әдет-ғұрып дегеніміз – белгілі бір қоғамда немесе коллективте белгілі бір тарихи жағдайға байланысты адамдар арасында қалыптасқан қоғамдық тәртіптің түрі. Ол әлеуметтік өмірдің әр түрлілігіне және күрделілігіне қарамастан, белгілі ұқсастық жағдайда адамдардың біркелкі әрекет етуін қалайды. Яғни бір қоғам ішіндегі адамдардың еңбек ету тәсілдері мен әдістерінің жалпыға ортақ болуын, олардың саяси-қоғамдық іс-әрекетінің және күнделікті тұрмыстағы қарым-қатынасында немесе көзқарасында бірыңғайлылық әрекеттің болуын талап етеді. Осының бәрі әдет-ғұрыптың, салттың жиынтық көрінісі болып табылады,» - деп түжырымдаса, ал «дәстүр дегеніміз – әдет-ғұрыптың өмірдегі өсіп жетілген әр түрлі формасы. Ол адамдардың белгілі бір бағыттағы тұрақты іс-әрекеті мен мінез-құлқының ұрпақтан-ұрпаққа белгілі формада ауысып берілетін түрі», - деген анықтама береді. Салт пен дәстүрдің айырмашылығы неде дегенге келсек, салт адамөмірінің күнделікті тіршілігінде (отбасынан бастап қоғамдық өмірдегі қатынаста) жиі қолданылатын мінез-құлық, қарым-қатынас ережелері мен жол-жора, рәсім, заңдарының жиынтығы. Немесе, Салт – тарихи жағдайда қалыптасқан ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын адамдар арасындағы қарым-қатынастар, тұрмыс қалпы, ережелері. Ол жеке адам өмірінде еңбек, іс-әрекет, адамгершілік, құқық, діни ережелерімен байланысты көрініс береді де, біртіндеп ауыл-аймақ, ру, тайпаға ортақ рәсімге (ритуалға) айналады. Ал дәстүрлердің өрісі салттан әлдеқайда кеңірек. Дәстүр қоғамдық сананың барлық салаларымен байланыста дамыған, топтасқан қауымның қалыптасқан бірыңғай көзқарасын, әдет-заңын марапаттайтын ритуал. Ол ғылымда, әдебиетте, мектепте, халықтық ортақ өнерде немесе қоғамдық қатынаста көрініс беретін құбылыс. Дәстүр идеологияға жақындау да, ал салт қоғамдық психологияға жақын. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті көшпенділік өмір салтымен тығыз байланысты. Мәселен, үлкенді сыйлау, қонақжайлық – дәстүрлер. Олар көптеген салттардан, ырымдардан, жол-жоралардан, рәсімдерден тұрады. Салт-дәстүрлер ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге туып, бірге дамып келе жатқан тарихи және көне процесс. Ол ұрпақ тәрбиесінен мәдени тұрмысы мен шаруашылық тіршілігінен көрініс бере отырып, адамның дүниеге келуімен бірге өрбіп, о дүниеге аттанып кеткенше құндақтайтын, тербететін алтын бесігі іспеттес. Дәстүр үшін өткен дәуірде қалыптасқан көзқарас пен іс-әрекеттің мәдени мұра ретінде сақталып, бүгінгі күнге жетуі қажет. Мінез-құлықтың мазмұны мен сыртқы көрінісінде, қолдану стилінде бірізділік болуы керек. Яғни, мінез-құлықтың сыртқы формасында ерекше тұрақтылықтың болуы шарт. Ал ол форма белгілі зандылыққа айналғанда мінез-құлықтың мазмұнына үстемдік ете бастайды. Бұл жағдайда дәстүр дағдылы рәсімге айналады. Философия ғылымының докторы, профессор Н.Сәрсенбаев өзінің «Әдет-ғұрып, дәстүр және қоғамдық өмір» атты еңбегінде әдет-ғұрып пен дәстүрдің қоғамдық өмірден алатын орнына, атқаратын қызметіне философиялық тұрғыдан талдау жасап: «Дәстүрге әдет-ғұрыптың өткен қоғамнан қалған озық түрлері мен тұрмыстық формалары, ырым-жоралары, рәсімдер жиынтығы кіреді», - дейді. Белгілі бір қоғамда немесе ұжымда қалыптасқан дәстүр, өзінің өмір сүру зандылығына толық ие болғаннан кейін сол қоғамдық өмірден жалғасын табады да, тұрақты орын алады. Екіншіден, дәстүр әдет-ғұрыптың жинақталған, көпшілікке орта салтанатты түрде қолданылатын түрлері мен рәсімдерін де қамтиды. Мысалы, әскери салтанатты шерулер, әнұран ойнау, елтаңбаны, туларды дәстүрлерге жатқызамыз. Үшіншіден, дәстүрге қоғамдық сананың ғылым мен әдебиеттегі, көркемөнер мен саясаттағы бағыттары енеді. Мысалы, біз Пушкин, Горький, Абай, Науаилардың әдеби мұраларын зерттеушілерді солардың әдеби дәстүрін жалғастырушылар деп, ал ғылымда Ломоносов, Менделеев Павловтың ілімдік дәстүрін жалғастырушылар деп атаймыз. Дәстүр – тарихи тұрақтанған, қоғамдық қарым-қатынастық нормада бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасып жататын, көпшілік қоғам мүшелеріне ортақ әдет-ғұрыптардың жинақталған түрі. Әдет-ғұрып – рәсім арқылы көрсетілетін әрекет, қимыл. Ол да көпшілікке ортақ іс-әрекеттен көрініс береді. Ал жол-жоралар, ырымдар – әдет-ғұрыптың бөлшектері, сонан келіп салт пен дәстүр тоғысып, туындайды. Бір әдет-ғұрыптың бірнеше ырымдар мен рәсімдерден, жол- жоралардан тұруы мүмкін. Ескере кететін жағдай осы уақытқа дейінгі орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздіктерде немесе пәндерге арналған түсіндірмелі сөздіктерде салт-дәстүр бір мағынада беріліп келеді. Сондай-ақ ырым, жол-жоралар, рәсімдердің мағынасы ашылып ажыратылмаған. Тек соңғы 1993 жылғы «Ғылым» баспасы арқылы шыққан профессор Қ.Жарықбаев пен Ж.Наурызбаевтың «Қазақтың ұлттық тәлім-тәрбиесі атауларының қысқаша түсініктемесінде» «Жол-жоралғы (жөн-жосық) салт, дәстүр, әдет бойынша берілетін ырым, кәде» деп, біртабан дұрыс анықтама беруге талпыныс жасаған.

Қорыта келгенде, этнопедагогика – фольклорлық шығармалар мен ұлттық салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік мән-мағынасы мен оны оқу-тәрбие жүйесінде қолданудың әдіс-тәсілдерін зерттейтін педагогика ғылымының бір саласы. Салт-дәстүрлер халықтың тұрмыс тіршілігімен, өмірге деген көзқарасымен байланысты туып дамитын болағндықтан, оның дінмен байланысын да сөз етуге тура келеді. Халықтық ырымдарда шаман, ислам дінімен байланысть наным-сенімдер көптеп кездеседі. Мысалы, малға топалаң, ауру-індет келгенде немесе куаңшылық, аптап ыстық болғанда, құдайға жалбарынып мал сойып, ақсарбас айту, тасаттық беру, құдайдан жаңбыр тілеу немесе бала

көрмеген ата-аналардың әулиелер басына түнеп, мал сойып, ақтық байлауы т.б. діни наным-сенімдермен байланысты туған ырымдар. Дінмен байланысты туған ырымдардың адамды имандылыққа, тазалыққа тәрбиелеуде прогрессивтік мәнінің болғанын, оның халықтың табиғат-жаратылыс жөніндегі түсінігі төмен, өзін қоршаған ортаға эмпристік көзқарасы басым кезіндегі түсінік, наным, сенімінің елесі екенін жасыруға болмайды.

Наши рекомендации