Психологиялық –педагогикалық топтастырулар

Медициналық топтастырулармен қатар, білім беру үрдісін дұрыс ұйымдастыруды қамтамасыз ететін психологиялық-педагогикалық топтастырулар да маңызды.

Л.С. Выготскийдің аномальды дамудың күрделі құрылымы туралы іліміне сүйене отырып, Р.М. Боскис есту қабілеті зақымдалған балалардың кемістігінің құрылымын ескере отырып психологиялық-педагогикалық топтастыруды жасаған. Балалардың даму ерекшеліктерін анықтайтын критерийлерге есту функциясының зақымдалу деңгейі, осы зақымдалу кезіндегі сөйлеу тілінің даму деңгейі, естудің зақымдалуының пайда болған уақыты жатады.

Аталған топтастырудың теориялық негізін келесі ережелер құрайды:

Баланың есту қабілетінің зақымдалуы ересектің есту қабілетінің зақымдалуынан айырмашылығы бар.

Есту қабілетін жоғалтқанға дейін ересек адам қалыптасқан сөйлеу тілі және сөздік ойлауы бар жеке тұлға болып табылады. Пайда болған естудің зақымдалуы есту негізінде қарым қатынас жасауын қиындатады. Ал баланың есту қабілетін жоғалтуы бірқатар екіншілік кемістіктердің пайда болуын әкеледі: сөйлеудің, ойлаудың, таным іс әрекетінің зақымдалуы және т.б.

Есту мен сөйлеудің дамуының өзара байланыстылығы: баланың сөйлеу тілінің дамуы неғұрлым жоғары болса, онда қалдық естуін қолдану мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Сөйлеу тілінің қалыптасуы есту жүйесінің сақталғандығына тікелей байланысты, себебі баланың есту қабілетін жоғалту деңгейі неғұрлым терең болса, онда ол кемістік сөйлеу тіліне соғұрлым көп әсер етеді.

Баланың естуінің зақымдалуын бағалау баланың естіп қабылдауын өз бетімен сөйлеу тілін меңгеруге қолдану мүмкіндігіне байланысты.

Бұл нашар естушілік пен естімеушілікті ажыратуға негізделген. Бала қалдық естуін өз бетімен қарым қатынас жасауға және сөйлеу тілінің дамуы үшін қолданса, онда балада нашар естушілік, ал сөйлеу тілінің мүлде жоқтығы баланың есту қабілетінің қатты төмендеуі яғни, естімеушілікті білдіреді.

Осыған сәйкес нашар естушілік ­– құлақ түбінен болса да өзіне айтылған сөзді қабылдай алатын және өз бетімен сөздік қорын жинай алатын естудің тұрақты төмендеуі. Аудиометриялық зерттеу кезінде естудің төмендеуі 80 дБ- төмен, аудиометр тондарын 128-8000 Гц диапазонында қабылдайтыны анықталған.

Естімеушілік – өз бетімен сөздік қорын жинай алмайтын және құлақ тұбінен қатты айтылған сөзді қабылдай алмайтын естудің тұрақты жоғалуы. Кез келген дыбыстарды мүлде қабылдай алмауды абсолютты немесе тотальды естімеушілік деп атайды. Есту анализаторының бұл зақымдалуы сирек кезедеседі. Аудиометр тондарын 128-4000 Гц жиілігінде қабылдайды және естудің жоғалуы 80 дБ-ден жоғары болады.

Р.М. Боскис нашар еститін балалар деген терминді алғаш енгізген. Ол есту қабілеті зақымдалған балаларды негізгі екі топқа бөлген: естімейтіндер және нашар еститіндер. Бірінші топқа туғаннан немесе ерте жастан естімей қалуына байланысты өз бетімен сөйлеу тілін меңгере алмайтын балалар жатады. Екінші топқа сөйлеу тілін өз бетімен қабылдай алуға мүмкіндік беретін естудің төмендеуі бар балалар жатады.

Сонымен қатар, естімейтін балалар арасында естудің зақымдалу уақытының пайда болуына байланысты сөйлеу тілі қалыптаспаған балаларды ерте жастан естімей қалған балалар деп атайды. Екінші топтағы балаларда сөйлеу іс–әрекеті қалыптасқан, Р.М. Боскистің топтастыруы бойынша кейіннен естімей қалған балалар деп атайды.

3. Кохлеарлы имплантталған балаларды топтастыруы

Ғылымның қазіргі заманғы даму тенденциясын ескере отырып, есту қабілеті зақымдалған тұлғаларды топтастырудың басқа да жолдарын қарастырған жөн. Олар медицинаның, техниканың және компьютерлік технологиялардың дамуымен байланысты. Оларға кохлеарлы имплантацияны және верботональды әдісті жатқызуға болады. Кохлеарлы имплантация жасалғаннан кейін балалардың естіп сөйлеу тілін қабылдауын дамытудың тиімділігіне бірнеше этиологиялық факторлар әсер етеді, (1995 жылы 15-17 мамырда Америкада өткен конференция «Балалар мен ересектерге арналған кохлеарлы имплантацияны дамыту») соның ішінде естімеушіліктің жалғасуы және естімеушіліктің басталу уақыты негізгі болып табылады. Сондай – ақ ресейлік (Л.В.Андреева, И.В.Королева, В.И.Пудов) және шетелдік (M.M.Baptista, A.G.Bell, L.Birkenshaw–Fleming, J.A.Mohammed, C.Flexer, E.Garcia, және т.б.)есту қабілетінің жоғалту уақыты, сөйлеу тілінің жағдайы, кохлеарлы имплантация жасайтын кездегі естіп сөйлеу тілін қабылдау ерекшелігіне байланысты балаларды келесі топтарға бөледі:

1. Долингвальді имплантталған балалар – бұлар туғаннан естімей қалған және сөйлеу тілі қалыптасқанға дейінгі есту қабілетін жоғалтқан балалар жатады. Бұл топқа жататын балалар арасында белгілі бір айырмашылық бар. Біріншіден, КИ жасаған уақытқа байланысты (ерте жаста, мектепке дейінгі жаста, мектеп жасында). Екіншіден, баланың ерте жасында коммуникациясының қалыптасуына қолайлы жағдайдың жасалуы яғни есту аппаратын қолдану және ерте педагогикалық көмек көрсету. Осыған байланысты кей балаларда дамудың ерте жасында – ақ, вокализацияға қарым –қатынас символы ретінде сүйену, «көзбен көз» контактісін ұстау, дыбыстық реакция кезінде кезектілікті сақтау сияқты сөйлеу тілінің даму белгілері байқалады. Бірақ бұл белгілер есту бұзылысын байқай салысымен есту аппаратын тағып, ерте педагогикалық көмек көрсетілген балаларда ғана байқалады. Қарым – қатынастың дамуының осындай бастапқы белгілері жоқ басқа балаларда қатынас жасауға еш қатысы жоқ қозғалыс – дыбыстық реакциялары байқалады. Сонымен қатар оларда шынайы жесттер пайда болады, нәтижесінде ойлау әрекетінің сипаты өзгереді.

Соңында барлық балаларда естіп сөйлеуді қабылдау мен сөйлеудің дыбыс айту жағын дамытуды реабилитациялау кезеңінің ұзақтығы әр түрлі болады.

2. Прелингвальді имплантталған балаларға есту тәжірибесі бар және прелингвальді кезеңде есту қабілетін жоғалтқан яғни 1.5 – 5 жастағы балалар жатады. КИ жасайтын кезде олардың көбінің ауызша сөйлеу тілі қалыптасқан және оны қарым – қатынас құралы ретінде қолданады. Сондай – ақ олардың ауызша сөйлеу тілінің деңгейі әртүрлі болып келеді: біреулерінде – байланыстырылған синтаксистік құрамы бар, ал басқаларында – бір – екі сөзден тұратын сөйлемі бар. Олардың кейбіреуі ерте жастан бастап есту аппаратын тағып, сурдопедагогпен тиімді дайындалған. Бұндай балалардың естіп сөйлеуді қабылдау реабилитациясының ұзақтығы естуді жоғалту уақытымен имплантация жасаған уақыт аралығының ұзақтығына байланысты. Ол аралық неғұрлым қысқа болса, естуді қалпына келтіру реабилитациясы соғұрлым қысқа болады.

3. Постлингвальды балалар – баланың сөйлеу тілінің дамуының сензитивті кезеңі аяқталғаннан кейін есту қабілеті жоғалту. Олардың мидағы есту және сөйлеу орталықтары және сөздік хабарламаларды өңдеу процестері қалыптасқан және өзіндік сөйлеу тілі сақталған. Ғалымдардың ойынша, кохлеарлы имплантация жасалғаннан кейін бұл балаларда өз сөйлеу тілі және айналадағы адамдардың сөздерін түсінуі тез қалпына келеді.

Келесі топтастыру верботональды әдіс негізінде жасалған. Ол верботональды жүйе бойынша Халықаралық симпозиум материалдарында ұсынылып (Хорватия 1997), есту қабілеті зақымдалған балалардың естуінің, сөйлеуінің және коммуникациялық қабілеттерінің дамуының мүмкіндіктерін ескеруді қамтамасыз етеді. Бұл топтастыру естудің зақымдалуы мен сөйлеу тілін түсінуі арасындағы тығыз байланысты орнататын критерийлерге және естудің зақымдалуының әртүрлі деңгейінде есту аппаратын қолдану маңыздылығын анықтайтын мәліметтерге негізделеді.

Есту қабілетінің «жеңіл» зақымдалуы кезінде мынадай көрсеткіштер анықталады: естудің төмендеуі 25-40 дБ аралығында 6 метрден 4 метрге дейін сөйлеу тілін түсінеді, анық сөйлейді. 40 дБ шекарасында есту қабілеті зақымдалған жағдайда өздеріне айтылған сөзді толық естімейді, сөздік қоры аз, ұғымдар мен олардың мағыналарын дұрыс түсінбейді.

Есту қабілетінің «шамалы» зақымдалуы: 41-55 дБ аралығында 4 метрден 1 метрге дейін сөйлеу тілін түсінеді, анық сөйлеуінде бұзылулар байқалады: дыбыс айтуында (бір дыбысты басқа дыбыспен алмастыру, кейбір дыбыстардың мүлде болмауы), дауыс тембрінің өзгеруі, сөйлеу тілінің синтаксистің құрылымының бұзылуы (мысалы, сөздердің дұрыс байланыспауы). Осы себепті бала міндетті түрде есту аппаратын тағу керек.

Есту қабілетінің «қаттырақ» зақымдалуы: 56-70 дБ аралығында 1 метрден 0,5 метрге дейін қашықтықта сөйлеу тілін қабылдайды, дауыстың қатытылығына қарамастан сөйлеу тілін түсінуі қиындайды, анық сөйлеуінде ауыр бұзылулар байқалады: дыбыстарды айтпау, аффрикаттарды қолданбау, сөзде және буындарда дыбыстарды алмастырып айту. Есту аппараттары қарым қатынас жасау үшін де, оқыту үшін де қажет.

Есту қабілетінің «ауыр» зақымдалуы: 71-90 дБ аралығында сөйлеу тілін 0,5 метрден құлақ түбіне дейінгі қашықтықта қабылдайды, сөздік материалдарды түсінуі тек арнайы оқыту мен мақсатқа бағытталған сабақтар барысында ғана жүзеге асады. Есту аппараттарын үнемі қолданып жүрулер керек.

Есту қабілетінің «тым артық» зақымдалуы: естудің төмендеуі 91 дБ және одан да жоғары аралықта, сөйлеу тілін қабылдай алмайды, туылғаннан немесе сөйлеу тілі қалыптасқанға дейін есту қабілетін жоғалту жатады. Есту аппараттары еріннен оқуға көмектеседі.

Естуді жоғалту деңгейін анықтау Естудің жоғалуы, дБ Сөйлеу тілін қабылдай алатын қашықтығы, м
Естімеушілік -
Жеңіл 25-40 6-дан 4-ке
Шамалы 41-55 4-тен 1-ге
Қаттырақ 56-70 1-ден 0,5-ке
Ауыр 71-90 0,5-тен құлақ түбіне дейін
Тым артық 91-ге дейін құлақ түбінде кейбір дауысты дыбыстар

Ұсынылған әдебиеттер:

1. Андреева Л.В. Сурдопедагогика. - М., 2005.

2. Боскис Р.М. Глухие и слабослышащие дети. - М., 1963.

3. Быстшановска Т. Клиническая аудиология. - Варшава, 1965.

4. Нейман Л.В. Слуховая функция у глухонемых и тугоухих учащиеся. - М., 1961.

5. Рау Ф.Ф. Устная речь глухих. – М., 1973.

6. Янн П.А. воспитание и обучение глухого ребенка: Сурдопедагогика как наука. - М., 2003.

Наши рекомендации