Дәріс. Қазақстан Республикасының сот жүйесi
Жоспары:
1.Қазақстан Республикасының сот жүйесi.
2.Сот жүйесi және судьялар мәртебесi туралы.
3.Аудандық сот бiрiншi инстанция соты.
4.Облыстық соттар және оның құрамы.
Негізгі ұғымдары: Жоғарғы Соты, аудандық сот бiрiншi инстанция соты, Облыстық соттар және оның құрамы.
Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты және Қазақстан Республикасының Конституциясына және “Сот жүйесi және судьялар мәртебесi туралы” Конституциялық заңға сәйкес құралатын жергiлiктi соттар құрайды. Жергiлiктi соттарға аудандық, облыстық және оларға теңестiрiлген соттар жатады.
Сот жүйелерiнiң негiзгi буынын—аудандық және оған теңестiрiлген соттар (қалалық, ауданаралық, мамандырылған сот-гарнизонның әскери соты және басқалар) құрайды.
“Сот жүйесi және судьялар мәртебесi туралы” 25.12.2000 жылғы Конституциялық заңының 6-бабына сәйкес аудандық және оған теңестiрiлген соттарды уәкiлеттi органның Жоғарғы Сот төрағасымен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бiрнеше әкiмшiлiк – аумақтық бiрлiктерде бiр аудандық сот немесе бiр әкiмшiлiк –аумақтық бiрлiкте бiрнеше аудандық соттар құруы мүмкiн.Аудандық сот құрамы төрағадан және тұрақты судьялардан тұрады. Егер аудандық сотта штат бойынша бiр судья көзделсе, ол осы соттың төрағасы өкiлеттiгiн атқарады.Аудандық сот үшiн судьялардың жалпы санын уәкiлеттi органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi. Бұл соттардың судьяларын және төрағасын қызметке әдiлет министрiнiң әдiлет бiлiктiлiк алқасының кепiлдемесiне негiзделген ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды.
Аудандық сот бiрiншi инстанция соты болып табылады және өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарайды, сот статистикасын жүргiзедi, заңда көзделген басқада өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Аудандық сот төрағасы судья қызметiн және сот төрағасы қызметiн бiрге тқарады. Соттың қалыпты қызметiн қамтамасыз ету үшiн және сот тәжiрибесiн зерделеу мақсатында аудандық сотта кеңсе құрылады, оның штат санын сот төрағасымен келiсе отырып, облыс бойынша сот әкiмшiсi белгiлейдi. Сот қызметiнiң бекiтiлген тәртiбiн жүзеге асыру үшiн соттар жанында сот приставтары болады.Орта буын соттары болып облыстық және оған теңестiрiлген соттар (республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары, Қазақстан Республикасы әскерiнiң әскери соты) табылады. Облыстық соттарды уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасымен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi құрады. Бұл соттар бiрiншi, апелляция және қадағалау инстанция соттары ретiнде болады. Бiрiншi инстанция соты ретiнде облыстық соттар:
1.Ауырлататын мән-жайлардағы адам өлтiру бойынша, геноцид, мемлекеттiк опасыздық, терроризм, бандитизм және тағы басқа қылмыстық iстердi қарастырады.
2.Талап арызы суммасы 25 мың айлық есептiк көрсеткiштен асатын мүлiктiк дауларға байланысты азаматтық iстердi және тағы басқаларды қарастырады.
Өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерiн және материалдарын қарауды жүзеге асырудан басқа да iстердi, атап айтқанда сот статистикасын жүргiзедi, сот тәжiрибесiн зерделейдi және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелiгiн iске асыруы кезiндегi заңдылықтың сақталу мәселелерiн қарайды және басқа да заңда көзделген өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Облыстық соттар Қазақстан Республикасы Конституциясының 82 бабының 2 тармағына сәйкес әр облыста құрылады. Жалпы облыстық және оған теңестiрiлген соттардың қазiргi саны-17
Облыстық сот құрамы – төрағадан, алқалар төрағаларынан және судьялардан тұрады. Бұл соттардың органдары:
1. қадағалау алқасы
2. азаматтық iстер жөнiндегi алқа
3. қылмыстық iстер жөнiндегi алқа
4. соттың жалпы отырысы
Сот алқаларын алқа төрағалары, ал қадағалау алқасы сот төрағасы басқарады. әрбiр алқадағы судьялар саны сот төрағасының ұсынысы бойынша жалпы (пленарлық) отырыста белгiлейдi. Облыстық соттың жалпы (пленарлық) отырысы жылына кемiнде екi рет өткiзiледi және де облыстық сот судьялары жалпы санының кем дегенде үштен екiсi (2/3) қатысқан жадайда заңды болады. Облыстық соттың жалпы отырысын облыстық сот төрағасы шақырады және оған төрағалық етедi.
Қазақстан Республикасының сот жүйесiнiң жоғарғы буыны болып Жоғарғы Сот табылады.Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жалпы юрисдикция соттарының қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге iстер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс-жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiндiрмелер бередi. Ол өзiнiң қарауына жатқызылған сот iстерi мен материалдары бойынша бiрiншi, апелляциялық және қадағалау инстанция соттары қызметiн атқарады, сонымен қатар заңда көрсетiлген жағдайларда жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қылмыстық және азаматтық iстердi қарастырады.
Жоғарғы Сот құрамы төрағадан, алқа төрағаларынан және судьялардан тұрады. Жоғарғы Сот судьяларының жалпы санын Жоғарғы Сот төрағасының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi. Жоғарғы Сот органдарына:
-қадағалау алқасы
-азаматтық iстер бойынша алқа
-қылмыстық iстер бойынша алқа
-соттың жалпы отырысы жатады.
Жоғарғы Соттың қадағалау алқасын Жоғарғы Сот төрағасы басқарады және алқа судьялары соттың жалпы отырысында жасырын дауыс беру арқылы сайланады.Әр алқадағы судьялар саны Жоғарғы сот төрағасының ұсынысымен соттың жалпы отырысында белгiленедi.