Азақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасының қалыптасуы және бүгінгі күнгі жағдайы

Жеке тұлғаның дербес деректерімен байланысты құқықтық қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасының пайда болуының өзіндік алғышарттары бар. Дербес деректерді құқықтық қорғаудың пайда болуы мен дамуын дұрыс түсіну үшін Қазақстанда жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының пайда болу тарихына көз жүгірткен жөн. Себебі жеке тұлғаның дербес деректерін қорғау жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының құрамдас бөлігі болып табылатынын жоғарыда атап өткен болатынбыз. В.В. Мамоновтың айтуы бойынша, қазақ елінің басынан өткен тарихи оқиғаларға байланысты адам құқықтарының концепциясының қалыптасуы мен дамуының мәнін анықтайтын үш кезеңнен тұрады: қазақ жерін де мемлекеттілік қалыптасқан уақыттан бастап 1917 жылғы революцияларға дейін, кеңестік кезең (1917-1990жж.), Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан бастап қазіргі күнге дейін.[12]

Жеке өмірдің құқықтық қорғаудың тарихи алғышарттарын қарастырған уақытта жоғарыда айтылған адам құқықтарының концепциясының қалыптасу кезеңділігін назарда ұстаған дұрыс. Себебі жеке өмірге қолсұғушылыққа жауапкершілік белгілейтін қылмыстық заңнаманың дамуы Қазақстан халқының әлеуметтік-құқықтық дамуымен тығыз байланысты.

Революцияға дейінгі кезеңде Қазақстан аумағында феодалдық қоғамда қалыптасқан қылмыстық-құқықтық нормалар әрекет етті. Бірақ сол уақытта жеке өмірді қорғайтын нормалар болған жоқ. Оның себебін сол қоғамда өмір сүрген адамдардың құқықтық санасының деңгейімен түсіндірсе болады. Сондықтан біз жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының құқықтық, соның ішінде, қылмыстық қорғалуын Қазақстанның Ресей империясына қосыла бастаған уақыттан қарастыруды бастаймыз. Сол уақытта Қазақстан аумағында әрекет еткен Ресей империясының қылмыстық заңдары мыналар болды: 1845 жылғы түзеу және қылмыстық жазалар туралы Жинақ (ары қарай 1845 жылғы Жинақ), 1864 жылғы біріктіруші соттармен тағайындалатын жазалар Жарғысы ( ары қарай 1864 жылғы Жарғы) және 1903 жылғы Қылмыстық жинақ.

1845 жылғы Жинақтың 1104-бабы бойынша почтаның лауазымды қызметкерлеріне белгілі бір тұлғаға почтамен жіберілген хат-хабарды ұстап алып, ашып қарағаны үшін жауаптылық белгіленген. Ал осы Жинақтың 2111-бабына сәйкес кімде-кім адамды қазаға ұшырату, қарақшылық, тонау, ұрлау ниетінсіз, бірақ еш ескертпестен адамның ар-намысына тию немесе мазасын алу үшін тұрғын үйге онда тұратын адамның еркінен тыс заңсыз басып кіргені үшін 3 айға дейін қамаққа алу жазасы тағайындалған.[13] Тұлғаның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қорғайтын қылмыстық-құқықтық нормалар 1864 жылғы Жарғыда да кездеседі. Аталған Жарғының 137-бабында бөтен адамның хатын ашып оқу арқылы адамның ар-намысына қатысты белгілі болған құпия мәліметтерді ар-намысына тию ниетімен жария еткені үшін 15 тәулікке дейін қамаққа алу немесе 50 рубльге дейін айыппұл салу жазалары қарастырылған.[14] Осы аталған 137-бап адамның жеке өміріне заңсыз араласудан қорғауға бағытталған. Жоғарыда аталған құжаттармен қатар 1903 жылғы Қылмыстық жинақтың 531-бабында адамның жеке өміріне немесе отбасысына қатысты құпия мәліметтерді бұқаралық газет беттерінде және көпшілік алдында сөз сөйлеу арқылы масқаралап жариялағаны үшін түрмеге қамау түріндегі жаза көзделген.[15] Қылмыстық жинақтың 511-бабы бойынша тұрғын үйде онда тұратын адамның еркінен тыс түнгі уақытта құпия түрде және өз бетімен қасақана жүру және тұрғын үйді босатудан бас тартқаны үшін жауаптылық қарастырылған.[16] Сонымен, революцияға дейінгі кезеңде Қазақстан жерінде әрекет еткен Ресей қылмыстық заңнамасы хат-хабар жазысу, алмасу, пошта хабарлары құпиясын заңсыз бұзу және тұрғын үйге қолсұғылмаушылықты бұзуды өз алдына бөлек қылмыстық-құқықтық қорғаудың объектісі ретінде қарастырды.

Кейіннен демократиялық қазақ мемлекетін құру идеясын ұстанушылар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов Алаш Орда Бағдарламасында жоғарыда аталған тұрғын үйге қолсұғылмаушылық және хат-хабар алмасу, пошта хабарлары құпиясын қорғау туралы нормалар көрініс тапқан. Алаш Орда Бағдарламасы Қазақстан аумағындағы жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған нормаларды біріктірген алғашқы конституциялық жобалардың бірі болды.

1922 жылы РКФСР-дің бірінші Қылмыстық кодексі қабылданғаннан кейін осы уақытта дейін ҚазАКСР аумағында әрекет еткен қылмыстық жазаның түрі мен мөлшерін белгілейтін барлық нормалардың заңды күші жойылды. Бірақ 1922,1926 жылғы Қылмыстық кодекстердің мазмұнында адамның жеке өміріне қарсы қылмыстар туралы нормалар болмады. Зерттеліп отқан жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы сол кезде қылмыстық заңның қорғауында болған жоқ. Тек кейбір құжаттарда жеке өмірді қорғау нормалары көрініс тапты. Мысалы, 1929 жылы 15 ақпанда КСРО-ның ХКК-нің қаулысымен бекітілген пошта, телеграф, телефон және радиобайланыс Жарғысында хат-хабар алмасу құпиясы қорғалған.

1957 жылы 11 ақпанда КСРО-ның 1936 жылғы Конституциясына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар нәтижесінде сот құрылымы, сотта іс жүргізу туралы заңнамасы және негізгі азаматтық, қылмыстық заңнамаларды шығару КСРО-ның құзыретінде болды, ал қылмыстық кодекстерді әрбір кеңес республикасының жоғарғы билігіне қабылдауға рұқсат берілді. Аталған норманың нәтижесі ретінде Қазақ ССР-нің 1959 жылы қабылданып, 1960 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген алғашқы Қылмыстық кодексі болды. Бұл қылмыстық кодекстің IV бөлімі «Азаматтардың саяси, еңбек және өзге де құқықтарына қарсы қылмыстар» 121 және 122-баптарында адамның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы қорғалған. «Тұрғын үйдің қолсұғылмаушылығы» деп аталатын 121-бабында тұрғын үйге заңсыз басып кіру: а) адам өзінің қызмет бабын пайдаланса; ә) адамдар тобымен жасалса; б) түнгі уақытта; в) заңсыз тінтумен ұласса; г) тұрғын үйден заңсыз шығарса, онда бұл әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген.[17] Баптың санкциясы бойынша жазаның екі түрі тағайындалады: бір жылға дейін түзеу жұмыстары немесе 100 рубльге дейін айыппұл. «Хат-хабар алмасу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарлары құпиясын бұзу» деп аталатын 122-бапта өз қызмет бабын пайдаланып, адамдар тобымен хат-хабар жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарларын бұзса және жеке тұлға пайдакүнемдік мақсатта бұзса және ол ауыр зардаптарға алып келсе, онда бұл әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Осы 122-баптың 1-бөлігінің санкциясы бойынша бір жылға дейін түзеу жұмыстары немесе 100 рубльге дейін айыппұл немесе қызметінен шеттету жазалары тағайындалады. 2-бөлігінің санкциясы бойынша екі жылға дейін түзеу жұмыстары немесе 200 рубльге дейін айыппұл, қоғамдық масқаралау жазаларымен жазаланған.[18]

1959 жылғы 22 шілдедегі ҚазКСР-нің Қылмыстық кодексінде заң шығарушы жеке өмірге қолсұғылмаушылық түсінігіне анықтама бермегеніне назар аудару қажет. Кейбір ғалымдар мұны сол кезде мемлекетте қалыптасқан саяси жағдай мен идеологияның әсері деп түсіндіреді. Сол кезде жүргізілген саясаттың арқасында азаматтарда «жеке өмір» деген түсінік болмады, жеке өмірге деген құқық шектелді, себебі адам өмірінің барлық саласы мемлекеттің бақылауында болды.

1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қаз ССР-нің Конституциясы 52-бабында былай делінген: «Қаз ССР азаматтарына жеке тұлға өміріне қолсұқпауға кепілдік беріледі. Ешкім де заңсыз қамаққа алынбайды, тек сот шешімі немесе прокурор санкциясы негізінде ғана». 53-бабы бойынша: «Қаз ССР азаматтарына тұрғын үйдің қолсұғылмаушылығына кепілдік беріледі. Ешкімнің де онда тұрып жатқан адамдардың еркінен тыс тұрғын үйге заңсыз кіруге құқығы жоқ». 54-бабы бойынша: «Азаматтардың жеке өмірі, хат-хабар алмасу, телефонмен сөйлесу және телеграф хабарлары құпиялары заңмен қорғалады».[19]

Қазақстан жерінде адам құқықтары концепциясының қалыптасуының алғашқы екі кезеңінде де жеке өмірге қолсұғылмаушлық құқығы заң жүзінде қорғалып, сол кезеңдердегі құқықтық құжаттарда көрініс тапқан. Бірақ екі кезеңде де тек тұрғын үйге қолсұғылмаушылық және хат-хабар алмасу, телефонмен сөйлесу және телеграф хабарлары құпиялары ғана қорғалған. Мұны қазақ мемлекеттігі қалыптасқаннан бастап 1917 жылы орын алған революцияларға дейінгі кезеңде Ресей империясының заңнамасының ықпалымен және жүргізген отарлау саясатымен, кеңестік кезеңде (1917-1990жж.) КСРО-ның тоталитарлық саяси режим орнатуымен және ұстанған идеологиясының ықпалы ретінде түсіндіруге болады. Жалпы алғанда, бұл екі кезеңде адам мен азаматтардың жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қорғаудың алғашқы бастамалары жасалып, аталған құқық заң жүзінде кепілдендіріліп қорғалған.

Соңғы үшінші кезеңге келетін болсақ, Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болған кезден бастап бүгінгі күнге дейінгі жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы қорғалуын және Қазақстан Республикасының дербес деректер туралы заңнамасының қалыптасуын қарастырамыз. Әрине, алдымен ҚР-сы аумағында ең жоғарғы күшке ие Конституцияны қарастырудан бастаймыз. Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жыл 28 қаңтарда қабылданған алғашқы Конституциясы кейіннен 1995жылы 30 тамызда қабылданған Конституциядағы жеке өмірге қолсұғылмаушылық туралы нормалар бірін-бірі қайталайды. Сондықтан қазіргі күні заңды күшке ие 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 18-бабының 1-тармағында «әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деп айтылған. Ал осы баптың 2-тармағында «әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі» деп көрсетілген.[20] Жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығы мемлекет тарапынан жеке өмірге еркін араласудың кез келген нысанына тыйым салады және мемлекеттің, үшінші тараптың араласуынан қорғауды кепілдендіреді. Аталған норманың Конституцияда көрініс табуы қоғамның құқықтық санасының оянуына, көп жылдар бойы айтылмай келген жеке өмірге қолсұғылмаушылыққа адамдардың құқығы бар екендігін және ол демократиялық мемлекеттің негізі екенін түсінуге өз септігін тигізді. Бертін келе, 2005 жылы 28 қарашада Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы заң қабылданып, 2006 жылы 24 сәуірден бастап күшіне енді және ҚР-ның Конституциясының 4-бабы 3-тармағы бойынша республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады. Ол заңның 17-бабында: «әрбір адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс. Әрбір адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар».[21] Осы халықаралық шартты ратификациялау арқылы ҚР-ның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қорғау заңнамасы қалыптасу жолында тағы бір қадам жасалды.

Конституция нормалары өзге де құқық салаларының нормаларында дәлел таппаса, ол тек жай ғана декларация болып қалатыны бәрімізге белгілі. Сондықтан біз ары қарай конституциялық жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығының әрекет етуші ұлттық заңнама жүйесі нормаларымен қамтамасыз етілгеніне талдау жасаймыз. Қылмыстылықпен күрестің құқықтық құралы ретінде және азаматтардың жеке өмірге қолсұғылмаушлық құқығын шектейтін ҚР-ның 1994 жылы 15 қыркүйекте қабылданған «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңы болып табылады. Жедел-iздестiру қызметiн жүргiзу кезiнде заңның 15-бабына сәйкес адамның және азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауын, өзінің және отбасының құпиясын, ар-намысы мен қадір-қасиетін қозғайтын және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу процесінде белгілі болған мәліметтерді, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтардың келісімінсіз жариялауға тыйым салынады.[22]Бұл жерде адамның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын заңмен көзделген реттерде ғана шектеуге болатыны туралы айтылып отыр. Ал осы сөз болып отқан құқықтың қылмыстық-құқықтық қорғалуы тәуелсіз Қазақстанның 1997 жылы 16 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодексте көрініс тапты. ҚК-тің «Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты бұзу» деп аталатын 142-бабының 1-бөлігі бойынша адамның жеке өмiрi туралы оның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинағаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылған.[23] Бұл баптың санкциясы бойынша аталған қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін төрт жүзден жеті жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.

ҚР-ның ҚПК-інде де жеке өмірге қолсұғылмаушылық мәселесі реттелген. Тек бұл жерде қылмыстық процестің қағидаттары ретінде көрсетілген. Яғни, ҚПК-тің 16-бабына сай азаматтардың жеке өмірі, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркімнің жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде әркімге жеке (жеке және отбасылық) өміріне қолсұғылмаушылық құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі. Заңда көзделген жағдайлардан басқа, ешкім адамның келісімінсіз оның жеке өмірі туралы ақпарат жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға құқылы емес. Адамның жеке өмірі туралы осы Кодексте көзделген тәртіппен алынған ақпаратты қылмыстық процесс міндеттерін орындаудан басқаға пайдалануға болмайды. ҚПК-тің 13-бабына сәйкес жеке өмір туралы мәліметтерді, сол сияқты адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы мәліметтерді осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшін жинауға, пайдалануға және таратуға жол берілмейді.

Адамның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығы әкімшілік заңнамамен де қорғалады. ҚР-ның 2001 жылы 30 қаңтарда қабылданған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде де жеке өмірге қолсұғылмаушылық әкімшілік заңнаманың қағидасы ретінде аталады. Мысалы, ӘҚБтК-тің 18-бабына сәйкес жеке өмiр, жеке бастың және отбасының құпиясы заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақ ақша, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, поштамен, телеграф арқылы және өзге хабарламалар алысу құпиясына құқығы бар. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу барысында осы құқықтарды шектеуге тек заңмен тiкелей белгiленген жағдайларда және тәртiппен жол берiледi.

Жеке өмірге қолсұғылмаушылық табиғи құқығын қорғау азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңнамаларында өз дамуын алды. ҚР-ның АК-тің 115-бабының 3-тармағында жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарға: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті,абырой, игі атақ, іскерлік бедел,жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпау құқығы және басқа материалдық емес игіліктер мен құқықтар жатады.

Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында жеке өмірге қолсұғылмаушылық қағида ретінде аталып өткен. ҚР-ның 2015 жылы 31 қазанда қабылданған Азаматтық процестік кодексінің 10-бабына сәйкес жеке өмір, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркімнің жеке салымдары мен жинақтарының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарларының құпиялылығына құқығы бар. Азаматтық процесс барысында осы құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.[24]

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында адамның, яғни қызметкердің жеке деректерін қорғауға алған. ҚР-ның 2007 жылы 15 мамырда қабылданған Еңбек кодексінде 5-тарау «Қызметкердің жеке деректерін қорғау» деп аталған. ЕК-нің 64-бабына сәйкес қызметкердің жеке деректері - еңбек қатынастары туындаған, жалғасқан және тоқтатылған кезде қажет болатын қызметкер туралы ақпарат. Қызметкердің жеке деректерін өңдеу - қызметкердің жеке деректерін алу, сақтау, беру. ЕК-нің 65-бабында қызметкердің жеке деректерін өңдеуге қойылатын талаптар туралы жазылған. ЕК-нің 66-бабында қызметкердің жеке деректерін сақтау мәселесі қарастырылған. Ол бойынша жұмыс беруші ұйымдағы қызметкердің жеке деректерін сақтау тәртібін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып белгілейді. Қызметкердің жеке деректерін сақтау тәртібін белгілейтін жұмыс берушінің актілерімен қызметкер таныстырылуға тиіс. ЕК-нің 67-бабына сәйкес қызметкердің жеке деректерін беру кезінде жұмыс беруші қандай талаптарды сақтауға тиіс екендігі туралы айтылған. Қызметкердің жеке деректері берілген адамдар бұл деректер қандай мақсат үшін хабарланса, сол мақсатта ғана пайдалануға тиіс және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оны үшінші тарапқа беруге құқылы емес. ҚР-ның Еңбек кодексінде қызметкердің жеке деректерін қорғау мәселесі қарастырылды. Заң шығарушымен қызметкердің жеке деректері, жеке деректерді өңдеу түсініктеріне анықтама берілді. Жұмыс берушінің қызметкердің жеке деректерін өңдеген кезде қандай талаптарды сақтауы тиіс, қызметкердің жеке деректерін сақтау, беру және қызметкердің өзінің жеке деректерін қорғау кезіндегі құқықтары туралы жазылды. Бұл ҚР-ның дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының қалыптасу жолында алғашқы қадам болды.

ҚР-ның 2007 жылы 11 қаңтарда қабылданған «Ақпараттандыру туралы» заңында заң шығарушы алғаш рет дербес деректер түсінігіне анықтама берді. Осы Заңның 1-бабының 17-тармағына сәйкес дербес деректер (дербес сипаттағы электрондық ақпараттық ресурстар) – жеке тұлға өміріндегі фактілер, оқиғалар, мән-жайлар туралы мәліметтер және оның жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректер.[25] Осы Заңның 13-бабында жеке тұлғалар туралы дербес деректерден тұратын электрондық ақпараттық ресурстардың жай-күйі реттелген. Ол бойынша жеке тұлғалар туралы дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстар құпиялы электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады, оларды алу, өңдеу және пайдалану жинақталу мақсатымен шектеледі.

Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Ресей Федерациясының заңнамасында «дербес деректер» деген түсінік 1990-жылдардың ортасында пайда болды. Ресей Федерациясының 1995 жылы 20 ақпанда қабылданған «Ақпарат туралы, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы» Федеральды заңына сәйкес (қазіргі уақытта күші жойылған) дербес деректер құпия санаттағы ақпараттар қатарына жатқызылды және жеке тұлғаның келісімінсіз жеке өмірі туралы мәліметтерді құрайтын жеке немесе отбасы құпиясы, сондай-ақ хат алмасу, телефонмен сөйлесу, телеграф және өзге де хабарлар құпиясын жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға тыйым салынды. Тек сот шешімі негізінде рұқсат берілді.[26]

2009 жылы 18 қыркүйегінде қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінде жеке тұлғаның бұл ретте пациенттердің дербес деректерімен жұмыс істеудің құқықтық жағдайы реттелген. Осы Кодекстің «Жеке тұлғалар (пациенттер) туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету» деп аталатын 28-бабына сәйкес денсаулық сақтаудың жеке тұлғалар (пациенттер) туралы персоналдық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстары алынуы, өңделуі мен пайдаланылуы оларды жинау мақсатымен шектелетін құпия электрондық ақпараттық ресурстар санатына жатады.[27]

Жоғарыда аталған әр құқық саласындағы жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын, оның ішінде дербес деректерді қорғауды құқықтық реттейтін нормативтік құқықтық актілер адам және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары саласында дербес деректерді қорғау кезінде туындайтын құқықтық қатынастарды реттейтін арнайы заңның қабылдануына алғышарт болды. ҚР-ның Парламенті 2013 жылдың 21 мамырында «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңын қабылдады. Бұл заңның жобасын ұсынған ІІМ-нің ресми түсіндіруі бойынша, заңның мақсаты – азаматтардың дербес деректерін жинау мен өңдеу кезінде оның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету. Заңда адам мен азаматтың дербес деректерін өңдеген кезде оның құқықтары мен бостандықтарын, оың ішінде жеке қміріне, жеке және отбасылық құпиясына қолсұғылмаушылық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз жасау ұсынылып, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың және басқа да мекемелердің осы салада жұмыс істеуінің негізері анықталған. Дербес деректерді ұстап отырғанның оны қорғау шараларын қамтамасыз етудегі міндеттері, құқықтары және жеке тұлғаның өзінің дербес деректеріне қол жеткізуі бекітіледі. Заң дербес деректерді жинауды, жүйелендіруді, жинақтауды, сақтауды, жаңартуды, өзгертуді, пайдалануды, таратуды, блоктауды және жоюды қоса алғанда, дербес деректермен жұмыс істеу тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттілігіне негізделген. Бұл заңда дербес деректер түсінігіне анықтама берілді. Алдында атап өткен заңнамалық актілерде жеке тұлғаның дербес деректері әртүрлі атауға ие болған еді. ҚР-ның азаматтық, азаматтық іс жүргізу заңнамасы, қылмыстық іс жүргізу заңнамасы, әкімшілік заңнама жеке өмірге қолсұғылмаушылықты қағида ретінде атап өтеді, ал «Ақпараттандыру туралы» заңда «дербес деректер», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте «персоналдық деректер», «персоналдық медициналық деректер», Еңбек кодексінде «қызметкердің жеке деректері» ретінде аталады. Заң шығарушы бұл атаулардың барлығын бір «дербес деректер» түсінігіне біріктіреді. Заңның 1-бабының 2-тармағына сай дербес деректер – мәліметтер негізінде айқындалған немесе айқындалатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және өзге де материалдық жеткізгіште тiркелген cол мәліметтер.[28] А.Е. Жатқанбаева дербес деректерге мынадай анықтама берген. Дербес деректер – олардың падаланылуы негізінде адмның ар-намысына, абырой-беделіне, атына, сондай-ақ басқа да мүліктік және мүліктік емес құндылықтарына зиян келтіруі мүмкін мәліметтер. Айта кететін жәйт, заңда жеке тұлғаның дербес деректеріне жататын деректер тізімі көрсетілмеген. Бірақ заңның 25-бабының 2-тармағының 1-тармақшасына сай меншік иесі және оператор өздері жүзеге асыратын міндеттерді орындауы үшін қажетті және жеткілікті дербес деректердің тізбесін бекітуге міндетті. Осы нормаға сай дербес деректермен жұмыс істейтін орталық атқарушы органдардың тиісті дербес деректер тізбесі бекітілген бұйрықтары бар.

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дербес деректер және оларды қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР-ның 2013 жылғы 21 мамырдағы заңы қабылданды. Аталған құжат ҚР-ның «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңына ілеспе құжат болып табылады. Аталған заңға сәйкес ҚР-ның бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Азаматтық кодекске, Еңбек кодексіне, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Ақпараттандыру туралы заңына және Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде, бізге маңыздысы Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер. ҚР-ның 1997 жылы 16 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодексі аталған өзгерістерден кейін дербес деректер туралы ҚР-ның заңын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіледі. ҚК-тің жаңа редакцияда 142-бабы «Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу» деп аталды. 142-баптың 1-бөлігі бойынша адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинау не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылды. 2-бөлігі сәйкес дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды қолдану міндеті жүктелген адамның мұндай шараларды сақтамауы, егер осы әрекет адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық белгіленді. 3-бөлігі бойынша адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып немесе өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасаған, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер, сол сияқты осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мәлiметтердi көпшiлiк алдында сөйлеген сөзде, көпшiлiкке көрсетiлетiн шығармаларда немесе бұқаралық ақпарат құралдарында тарату қылмыстық жауаптылыққа алып келеді. Ал қазіргі қолданыстағы 2014 жылы 3 шілдеде қабылданған Қылмыстық кодекс бойынша жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу 147-бапта белгіленген. Бұл баптар бірін-бірі 1 және 2-бөліктерінде қайталайды. Ал 147-баптың 3-бөлігіне сай осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, адам өзiнiң қызмет бабын немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып не электрондық ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру немесе телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу арқылы не өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасаған іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу арқылы 3-бөлігінің қылмыс құрамының объективтік жағына өзгерістер енгізген.[29]

Қорытындылай келе, Қазақстан жерінде дербес деректер туралы заңнаманың қалыптасуы және оның қылмыстық-құқықтық қорғалуы ұзақ тарихи процестен өткенін көрдік. Алғашында адамның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қорғау ретінде тек Конституциялар нормаларында айтылып келді. Адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық-құқықтық құжат «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактіні ратификациялау арқылы адамның жеке өмірге қолсұғылмаушылық құқығын қорғау ұлттық құқықтың салалық заңнамаларында бекітіле бастады. Аталған жағдайлардың барлығы осы салада «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» арнайы заңның қабылдануына алғышарт болды және осы заңның 29-бабына сай аталған заңды бұзғаны үшін тиісті жауаптылық белгілеп, Қылмыстық кодекстің 147-бабына сәйкес өз қылмыстық-құқықтық қорғалуын тапты.

Наши рекомендации