ТҮрмеде жатып тҮрмедегілерге айтҚаны

Пірмахан, болдың маған жар мен достай,

Көңлімді тұрған сайын, тұрдың қоштай.

Көркейіп көрсем сені, қалады көңілім,

Халқы үшін қазынадан шыққан қостай.

Жегілмей жеңіл, қиын қызметке,

Арқаңда әрқалайда жүрдім бостай.

Жудырып кір, қоңымды бергеннен соң,

Бит, бүрге кіре алмады мені тоспай.

Ойыма бергеніңдей болды оның,

Астыма – ат, белге – кемер, басқа – досбай,

Есікте ер сыйлаған отырмайды,

Туынан тіршіліктің тұрса боспай.

Кешікпей кеңшіліктің күні туып,

Кетерсің бетіне анық болып жоспай.

Сонан соң соңындағы сауысқанның,

Қоясың өкпе-бауырын қалай оспай?

Жарылқап Жаббар Алла, жадыратып,

Халық тегіс қалмас деймін қуаныспай.

Қырық шіген Қаусыл Қияс, Қыдыр Ілияс,

Көп жүрді көптің бауын суарыспай.

Көз жасын көптің Алла көрсе енді,

Тұра алмас суаруға шұбалыспай.

«Кейіні кеніш – реніштің» болып, халық,

Қолына қайтер дейсің ту алыспай?!

1933 жыл

МИТ ҚОЖАҒА

Інім ең, атың Әмит, асылың – Қожа,

Ер едің елатыңнан шыққан оза.

Түрің бар төбе үстіне шығаратын,

Қолданған адамыңды арқаң қоза.

Қадірі қариялардың қалды болмай,

Тондай-ақ қой терісі киген тоза.

Өзіңдей ойлы ерлерден үміттар боп,

Мұқадым мойынымды соза-соза.

Бір хабар қуанарлық болмаған соң,

Адамдай ауысты ақыл ішкен боза.

«Сары алтын – сабыр түбірі» деген болса,

Болудың керегі не бұған наза.

Әулеті алты алаштың араласып,

Боп жатыр бірі бөле, бірі бажа.

«Жеткер, – деп, – Жаппар өзің!» жайып қолын,

Бәрі отыр қара жерге құрып қаза.

Қалайда халық тілегі қабыл болар,

Болса да біреуінің көңлі таза.

Күніңді өтіп кеткен ойыңа алып,

Отырма түйіп қабақ, тұтып аза.

Ай мен күн орынынан туып тұрса,

Басылмай қайтер дейсің бұл даңғаза?

«Кейіні кеніш – реніштің» болып анық,

Түбінде тыным алармыз, тауып маза.

Ой, шіркін, олай-бұлай толқыған соң,

Бір сөзді бұлайынша қойдым жаза!

1935 жыл

АЛТЫҒА

Жақсы ма жағдайларың, жаным Алты,

Арман не ер жігіттің бітсе қарты?!

Қалайда, Қадір Хақтың өзі сақтар,

Болғанмен бұлайынша заман салты.

Құтылып, қуанышты болуыңа,

Тілектес елатыңның жас пен қарты.

Тілегін Тәңірі олардың қабыл қылса,

Айналар абатыққа істің арты.

Жана да қуанарлық хабарлар бар,

Кеуілді көтеретін болған жарты.

Қашаннан қариялардың нақылы бар,

Қай сөздің халық сүйген болмайды қалпы?

Иншалла, ікаяты болып Ақтың,

Шығарар бостандыққа жұртты жалпы.

Аттарың әр орында айтылып жүр,

Жойғансын басын иттің болған шалпы.

Айнасын кеуілімнің кір шалғасын,

Сұлу боп шыға алмады сөздің әлпі.

Деп менен осылайша айтылды кеп,

Ерлерге ел тілектес шыққан дәрпі.

1935 жыл

ДІЛДІК ЖАЙЛЫ АРЫЗ

(Ахметжан Қойшығұлов жолдасқа)

Жасаңыз жолдас! Келгелі,

Болғаным жоқ жағдайсыз.

«Жақсы ма, – деп, – жай, күйің?»

Әрқашан сұрап, аңдайсыз.

Жарқын жүзді, жаз күнгі,

Жарқырап атқан таңдайсыз!

Кездескен соң сізге кеп,

Боламын қайтіп маңдайсыз?

Ақ, қараны ашатын,

Ақылға дихан шамдайсыз.

Жазығым жоқ жатырмын,

Қандай шара қамдайсыз?

Өтірікті айтпаймын,

Сөзіме сеніп, нанғайсыз!

Көптен бері боп жүрмін,

Бүріскен тондай, шалғайсыз.

Қор қыла бермей, қалай да,

Қатарға қосып алғайсыз.

Қыран құстай қияға,

Қайырып, баптап салғайсыз.

Жетіспеген жерімді,

Беріп жәрдем, жалғайсыз.

Мен түгіл, мұнша жұрт сыйған,

Кең салынған залдайсыз.

Қарағанда алыстан –

Асқар биік жалдайсыз!

Таңдайдан талқы кетпейтін,

Тамылжыған палдайсыз.

Әдетіңіз – әр істің,

Татауын тауып, талдайсыз.

Дейсіз де, жақтырмасаңыз:

«Негізі надан малдайсыз!»

Жақтырсаңыз, Жайқұннан,

Өткізіп салар салдайсыз!

1937 жыл, Шымкент

***

Кеттің бе, ата-бабам, азып жынша,

Балаңа бір қарамай жатқан мұнша?!

Сырттағы ғайбат сөзге сенді-дағы

Еңкібі етті мені борша-борша.

Болып тұр барлығы да, байқауымда,

Жүністі жалақтап кеп жұтқан нәнша.

Отырмыз онда-дағы үміттар боп,

«Кеңшілік көрсетер, – деп, – мойынсұнса».

Болмады онда-дағы еш ішарат,

Көрсеткен кереңдерге иекпен ымша.

Көзден жас қиналғанда шығады екен,

Тамылжып таң алдында түскен дымша.

Орнына ой ойнақтамай, орнығар ед,

Сендерді сана көріп, көңіл тынса.

Адамның бәрі осындай бола ма екен,

Санаулы сарқылып дем, көзді жұмса?

Қозғалып қол беріңдер қалайда да,

Қаржалтты қайғы-қасірет баптақ, құмша.

1937 жыл

***

– Ей, Алла, болғаннан соң рақматың мол,

Жалбарып, жанабыңа созамын қол.

Жадырап, жазығымды жарқыраған,

Ете гөр, көлеміне көз жетпес көл.

«Тілеңдер, тілектеріңді берем!» – деген,

Неше рет оқыған соң аятыңды ол.

Ойымнан уайымды қуаладым,

Беред деп бостандықтан біздерге жол.

Қалайда, бел буулы, жең сұғулы,

Шынына сенгеннен соң сөзіңнің сол!

1937 жыл

***

Қайбір іс, Қадір Алла, өзіңе асан,

Қамаудан құтқарасың мені қашан?!

Орынсыз өкінішке ұшырасып,

Отырмын жүдеп-жадап, болмай нашам.

Ерте-кеш еріктіріп қойғаныңмен,

Еттім бұл: «Тентектік қып неңді шамам!»

Қайыл боп қалайда да бірлігіне,

Өзіңді ойыма алып орындасам.

Қылатын қысымшылық бар ма ертең,

Қолыма қисайғанмен алған асам.

Шек-шүбә, қайткенменен, көрінбейді,

Кеші-күн кеуіл бағын араласам!

Айыбымды өзге түрлі өтпеуіңе,

Менің көп таңырқарлық таң-тамашам.

Болғансын анық құлың азсам, тозсам,

Өзіңе қорғаламай, қайда қашам?

Табына таршылықтың төзе алмай,

Тарылып табиғатым, бітті шыдам.

Сонда да сақилығыңды Сенің ойлап,

Сияқты қайнар бұлақ қайнап, тасам.

Артықтау айтқаннан да берер-еу деп,

Қуанып қолым жайып, қойнымды ашам.

Алдыма: «Ал, онда!» – деп, үйе салсаң,

«Құлдық!» – деп, бауырыма бәрін басам!

Атыңа Кәрим деген лайық қой,

Бір емес, минутінде мың сұрасам!

1937 жыл

БҰЗЫҚТАРҒА

Дәулетін Сталиннің шайқап, түзіп,

Жүргенмен жауыз ниет, өңшең бұзық.

Қиянат қыламын деп қолға түсіп,

Өртеніп, оттарына өлді-ау шыжып.

Қайткенмен көрінеді-ау көзіне иттің,

Боқтары бұғып жейтін майлы шұжық.

Жоқ қылған жүз мың рахмет сотқа ондай,

Ұясын жамандықтың жатқан быжып.

Татаулы ой тауып тағы бұзықтарды,

Болар ед боршаласа өте қызық.

Сондықтан: «Соңғыларға сөз болсын», – деп,

Газетке жабыла жұрт жатыр сызып.

Олардың осындайша оқтастарын,

Қолайлы іс қата қылмай қою тізіп.

Бар шығар байқағанға бірлі-жарым,

Арланып, арқалары жүрген қызып.

«Сақтықта қорлық болмайды» дегеннен-ақ,

Әлі де аңлау артық сарқып, сүзіп.

Табылса тап осындай таптап, езіп,

Жоқ қылу жүдә жақсы мойнын үзіп.

Олардың ойлары ұрлау заңымызды,

Сияқты шұғылалы жауқар жүзік.

СҰЛТАНҒА

Бастырып жібер Сұлтан «батыр Самды»,

Екенін аңладың ғой оның мәңгі.

Қосылып ашығымен ойнап, күліп,

Күні-түн сипалатып жатсын санды...

***

...Сөз жазып сол себептен, шағынамын,

Кепілге босатуға бар ма емла.

Қалайда, халық қамқоры – мамандарсың,

Пайдасы минутында тиген мыңға.

Сотталып бай, құлақтың қатарында,

Ақталып келіп едім, түсіп сынға.

Кіріп еді шаттық ойға шамадан тыс,

Шамасы, шықтым-ау деп биік шыңға.

Сонда да сона қуған инеліктей,

Жолығып, жүдеу тарттым жыңнан-жыңға!

Кез-келген көрет-тағы, лақтырады,

Қылыштай қалған тат боп, сыймай қынға.

Өткен жыл Октябрьді өткердіңдер,

Той қылып, толғанына он бес жылға!

Бақ қонып бастарыңа байтақ билеп,

Жасаңдар, боп тұрсыңдар жұртқа тұлға.

Қалайда әйел, еркек халық тілектес,

Ойлы боп өздеріңдей туған ұлға.

Өзіңдей ұлт үлгерген ұл туғызған,

Рахмет Әліпыллам мим нұмға.

«Құлағын қояр-ау», – деп, үміткермін, –

Мұқият», – қалайда да біздің мұңға.

1937 жыл

ӨТІНІШ ӘЛІПІЛАМ «КЕП» ПЕН «РЕ»

Өтініш, «Әліпілам» «кеп» пен «ре»,

Салдырған сардарайсың көпке кіре.

Халықтарға қамаудағы қараударсың,

Жоқтығын жағдайының жүрсін біле.

Сондықтан қатарымнан қалдым соңға,

Нардай-ақ нарау тартқан тауып іле.

Таусылып тамақ, тиын түгелінен,

Құр кеуде қалды тіпте құрып сіле.

Бір жайлы жұмыс жөні болғанынша,

Босат деп прокурордан бізді тіле.

«Жасарсын жанымдағы» деген нақыл,

Қасыңнан қанша абырой, шықсақ күле?

«Ишарат – ақылы барға» ету керек,

Қылудың қажеті жоқ ұзақ сүре.

***

Қалады шешеннен – тіл, шеберден – мін,

Бақ тайса ер көңліне орнайды жын.

Сүйекке шіріп қалған шер бітеді,

Татаусыз, таршылықта сөйлесең шын.

Жалғанға жақан атты көңіл бермей,

Әрқашан абыроймен іздесең дін.

Өтпейтін қылышыңнан халық қорықпайды,

Сұлулап соқтырғанмен алтыннан қын.

«Болам, – деп, – көппен бірдей», – божырма,

Көп суыр қанша айтқанмен қаза алмас ін.

Жалғыздың жары – Құдай, жаның – сауда,

Жұмысты жұрт таңырқар ет-тағы тың.

Ұшады ер – үшкәтпен, құс – қанатпен,

Таға алмас туымды ерге дос-дұшпан сын.

Наши рекомендации