ТҮрмедегілерге айтҚан сӨзі

Қайнатқан суларыңнан қарасыңдар,

Бірлесіп бір-біріңмен жарасыңдар.

«Қалай, – деп, әр уақытта, – аға уақытың?»

Өтініш ойнап, күліп нәр ашыңдар.

Қуанып күні ертең айырылармыз,

Тұтқыннан десе басшың тарасыңдар.

Самаурын өте үлкен көрінеді,

Қалайда, қарақтарым, қанасыңдар.

Тұрмыс пен туыстарың тәуір болса,

Жүдеуге ата менен анасыңдар.

Қамқоры ғаріптердің болғандарың,

Шақналық шамдай болып жанасыңдар.

Алтыннан алғыс артық деген сөзге,

Бәрің де беріп көңіл нанасыңдар.

«Сыртынан май ыдысы мәлім» деген,

Міскінге мәрқәматты панасыңдар.

Қоңсы үшін отқа қолды ұратұғын,

Кең ойлы гөзел, бұған данасыңдар.

Жігітке қара айналған бақ айналат,

Қайткенмен, озып бәйгі аласыңдар.

Болатын рулы елге үлкен қоныс,

Сағасы Сырдан шыққан саласыңдар.

Жауыны жақсылықтың жауған күні,

Көк орай, көз жетпейтін даласыңдар.

Болмаса Халилулла бір жасы үлкен,

Бәрің де бізден кіші боласыңдар.

«Кейінгі кеніш – реніштің» болуы анық,

Мәз болып майға қолыңды маласыңдар.

Бүлінбей ер білінбейді қалайда да,

Бәйгіге баса шауып таласыңдар!

Мініп ап, тәуекелдің тұлпарына,

Ту ұстап қолдарыңа жанасыңдар.

Үлгі, үгіт ойлы ерлерден үйренбесең,

Қатардан қалайда да қаласыңдар.

Жаратсан өзіңді-өзін бәйгі атындай,

Алыстан аяқты орап шаласыңдар.

Жаманнан бойларыңды былай салып,

Жақсымен жұрт билеген жанасыңдар.

Күні ертең кеншіліктің күні туып,

Асқар тау, әрқайсысың дарасыңдар.

Тай түгіл, түйе етіне толмайтұғын,

Сырлаулы, сұлу шұңқыр, шарасыңдар.

Меккеден мезгілінде келген қаздай,

Қонысқа қалмай бәрің барасыңдар.

Дегендей «Дәурен – кезек» теңдік алып,

Бастарын бай, құлақтың жарасыңдар.

Жан аман, жағаларын бос боп тұрса,

Күжімді кесіп түсер арасыңдар.

Қонысым Шөмекеймен бір болғанмен,

Сендермен туыс жөнде таласым бар.

Ортаңда әрі қонақ болған үшін,

Қайткенмен бір шәйнек су аласым бар!

1930 жыл, Қазалы

***

Жанабына жаздым сөз,

Шығайбай, Мұрат, Мәліктің.

Біздерге барды бір шеті,

Сіздерден шыққан дәріптің.

Ақжігіт, Бекен, Бекмұрат,

Қамқоры деп халық айтады,

Міскін мен мұқтаж, ғаріптің.

Әшірбай, Нұрман, Әуез де,

Жағдайын жақсы біледі дейд,

Жалаңаш, жүдеу, арықтың.

Осы күнде Өмірбай,

Еркек, әйел, жас, кәрі,

Қазынасы дейді халықтың.

Себеппен сендей ерлерді,

Көргеннен кейін, айтайын,

Шамасын шама, шарықтың.

Түрмеде жатып сегіз ай,

Тауысып тиын, тамақты,

Өте жүдеп тарықтым.

Жаратқан Алла жар болып,

Қараңғыдан шығарды,

Ортасына жарықтың.

Шыққанмен шамам шақ болды,

Кездескенсін кемдікпен,

Қымбатына нарықтың.

Сол себептен жүріппін,

Көлден көлге көлайттап,

Ұқшасында балықтың.

Ат пенен ата-жөнімді,

Айтпағанмен анықтап,

Барлығың да қанықтың.

«Ақылы барға – ишарат»,

Болады деген нақыл бар,

Қысқартып сөзді сарықтым!

1930 жыл, Қазалы

БЖАППАР, НҰРМАҒАМБЕТКЕ АЙТҚАНЫ

Әбжаппар, Нұрмағамбет – екі інім,

Үйреткен ерлер едің елге білім.

Сендерді осындай деп есіткенде,

Жадырап, жайлып еді жаны-ділім.

Мұңайып мұндай күйде тұрғанда ағаң,

Отыру лайық па тартып шылым?

Шыдамай, қолға қалам ұстаттырды,

Ұйқаспен өкпе айтуға қызыл тілім.

Қол мен тіл қос өгіздей қосылған соң,

Қорғалап шықпай қалды «қой» деуге үнім.

Келгелі Қазалыға екі ай болды,

Қайғылы көкірегім, көзім – ірің.

Қамауы қашық емес қастары қастарыңда,

Төбеме түсетұғын атқан күлің.

Қалай, – деп, әл-жағдайың, сәлем беріп,

Себеп не, кетпедіңдер көріп түрім.

Кек тұтып келмеді деп жек көрмеймін,

Тапқай деп тілектеспін ұзақ жүрім.

Қошемет қайбіріңнен болмаған соң,

Жабығып, жапырылып, қалды жүнім.

Жар, достың жан ашырлық өздері едің,

Арнайы бергізетін сақтар сүрін.

Қаламыз көп қуанып, мәз-майрам боп,

Жудырып берсеңдер де көйлек, кірін.

Жар досы жағдай айтып келіп жатыр,

Басқаның байқауымда бірін-бірін.

Боп тұрмын әлсіз арық, жалсыз жауыр,

Таусылып тамақ, талқан, тиын, мірім.

Сөткеге сұлы наны ржанайдың,

Кетірді кеуде күшін, іштің бүрін.

Ақылдан алжастырып, азайтты аштық,

Алмадай бет ажарым, көздің нұрын.

Қамыстай қара күйе өртең шалған,

Қауқиып құлақ пенен қалды мұрын.

Еткен наз есі барға, айтқан өкпе,

Мазалы болады майдан, балдан – шырын,

Сендерге сол себептен сәлем жаздым,

Теріңдер Тұрекеңнің шашқан дүрін.

Екеуің оқып бірдей осы сөзді,

Етіңдер ойнап-күліп күрің-күрің.

1930 жыл

Наши рекомендации