Торда отырҒан аҚ сҰҢҚар

Талқыға салып әр істі,

Қарадан ақты айырған,

Момынды нақақ қайырған

Үкіметім сен бе едің?

Он бесінші жәдіде

Сақшыменен алдырған,

Заңменен қаулы салдырған

Жауапкерің мен бе едім?

Сол қаулының күшімен,

Туманың жауыз ісімен,

Домаланған қаңбақтай,

Бұл қалаға келгенім.

Бастан бір еркім кеткен соң,

Тергеуші бұйрық еткен соң,

Қисық аяқ, шилі арқа

Атымды арық қамшылап,

Бүкең де бүкең желгенім.

Сол күніммен қалада

Дәл он бес күн боп қалып,

Ерікті күнім тоқталып,

Сөйлеумен көңіл делбедім.

Бәрінен маған батқаны –

Үйімнің иесіз жатқаны,

Құзырлы қатын, бала жас,

Бақылап тұрған шаруама

Көңілді қатты бөлгенім.

Қалған соң жатып аялдап,

Хал-жайынды баяндап,

Арызым осы бергенім.

Зарарлы санап қоғамға,

Хал-жайымды білмесең,

Етейін баян көргенім.

Бай болдың ба десеңіз:

Ғұмырымның ішінде

Дербес бітіп он саулық,

Қорамнан, сірә, өрмеді.

Би болдың ба десеңіз:

Екі дәуір үкімет,

Екеуінің тұсында

Ең болмаса сайланып,

Бір әкімдік көрмедім.

Қу болдың ба десеңіз:

Өзімнен басқа адамға,

Қолымнан келсе, пайда етіп,

Келмесе, зарар бермедім.

Жиырма бестен асқан соң,

Отызға қадам басқан соң,

Қарсы тұрып күштіге,

Малша айдауға көнбедім.

Күштімен күшті арбасса,

Момынды сүйеп, демедім.

Жікшіл болдың ба десеңіз:

Тарих жиып қолыма,

Саясатпен танысып,

Жікшілдермен алысып,

Бұзықтыққа ермедім.

Сұпы болдың ба десеңіз:

Жаңалыққа түсініп,

Ескіні тастап ысылып,

Саясат хұқы үкімет

Тұрмысқа қарсы келмедім.

Ұлтшыл болдың ба десеңіз:

Маңғол, түрік, мадияр,

Орыс пен парсы румнан

Халықшыл ерді баяндап,

Арасын жіктеп бөлмедім.

«Исатай мен Махамбет» –

Жастарға үлгі болсын деп,

Халқыма тарих өңдедім,

Журналға «Сәуле» сөз бердім.

Төрт жыл бұрын осыдан,

Ескілікті ескертіп,

Екі дәуір үкімет,

Екеуін де суреттеп,

Лениннің жайын тарихтап,

Тәжірибе қылып сөйледім.

Жазығым кедей болмасам,

Ақындар өткен бұрын да:

Аңсары Абат, кете Шернияз,

Адайда Абыл, Нұрымнан

Өлшескенде кем бе едім?!

Тарих жаздым алашқа

Аузымнан шыққан жырымнан.

Мен – заманның айнасы,

Көңілі үшін жұрттың бұрылман.

Қарадан ақты айыр деп,

Момындарды қайыр деп,

Айтамын осы сырымнан.

Менен де басқа нақақ бар,

Бір жайлы елдің адамы

Рушылдан соққы жеп,

Пәлеге нақақ ұрынған.

Қайта қарап бұл істі,

Әділдікпен тергесең,

Жарлыға жәбір бермесең,

Болар еді бір ыңғай.

Айтатын сөзім көп еді,

Тұратын сізден қорғалап.

Аяғымды жай басып,

Айтылмай қалған сөзді ашып,

Әдеппен тұрмын жорғалап.

Тежемесем тізгінді,

Сөйлеген сайын кетемін

Ақбөкендей ормалап.

Туғалы теңдік көрмеген,

Мықтылар ерік бермеген

Кедейлер оты қорғалап,

Көзінен жасы сорғалап.

Айтушы айтып жеткізсе,

Төреші сізден қам қалмас.

Атасы адам болған соң,

Қатесіз, сірә, жан болмас.

Қатем болса, ғапу ет,

Мақсатым еді сіздердің

Алдыңа келіп толғамақ.

Ат пен асын кем беріп,

Білімі жоқ кедейді

Ықпалымен меңгеріп,

Жат адам талай елде жүр,

Бәлені терген дорбалап.

Қорытындысы сөзімнің –

Жас қырандай көзі өткір,

Заманыңда қаһарман,

Жас елуге келгенде

Алдыңа келіп арыз айтқан

Мына отырған мен – қонақ.

торда отырҒан аҚ сҰҢҚар - student2.ru

Наши рекомендации