Азақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы

Осы Заң Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;

2) алып тасталды - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);

3) кәсiптiк бағдарлау - мүгедектiң еңбек қызметi түрлерiн таңдауына көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;

4) қайта жасау хирургиясы - организмнiң бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе олардың орнын толтыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдiсi;

5) медициналық-әлеуметтiк сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған шектеулі тіршілік-тынысын бағалау негiзiнде куәландырылатын адамның әлеуметтiк қорғау шараларына деген қажеттiлiктерiн белгiленген тәртiппен анықтау;

5-1) медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым) – көмек пен күтімге, медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж қарттардың, мүгедектердің, оның ішінде психоневрологиялық науқастар қатарындағы мүгедектердің, мүгедек балалардың стационар, жартылай стационар немесе күндіз болу жағдайында тұрақты немесе уақытша тұруына арналған ұйым;

6) медициналық оңалту - организмнiң бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, iшiнара немесе толық қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер кешенi;

7) мүгедек – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;

8) мүгедек бала – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегiз жасқа дейінгі адам;

9) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;

10) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау - мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөнiндегi шаралар кешенi;

11) мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерi ескерiле отырып жабдықталған жұмыс орындары;

12) мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған не жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, бiлiмi мен машықтарын алуына немесе қалпына келтiруiне және оларды бейiмдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешенi;

13) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

14) мүгедектердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуi - мүгедектердiң өзiн-өзi қарап-күту, өз бетiмен өмiр сүру мүмкiндiгiне қол жеткiзу немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмiрдiң үйреншiктi жағдайларына қайта оралу процесi;

14-1) мүгедектердің мамандандырылған ұйымдары – мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ ондағы қатысу үлестерінің жүз пайызы мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне тиесілі ұйымдар мына талаптарға сай келсе:

мүгедектердің орташа жылдық саны қызметкерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құраса;

бір жылда мүгедектердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар еңбекке ақы төлеу жөніндегі жалпы шығыстардың кемінде 35 пайызын құраса, осындай бірлестіктер мен ұйымдар;

15) мүгедектiк - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi;

16) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедектi оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат;

17) мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттiлiктердi қанағаттандыруға арналған құралдар;

18) протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету;

19) протездiк-ортопедиялық құралдар - кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;

19-1) сурдоаударма – қандай да бір тілден дактильді әліпби және (немесе) ымдау тілі көмегімен аудару;

20) сурдотехникалық құралдар - есiту кемiстiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған, соның iшiнде байланыс құралдары мен ақпарат берудi күшейтетiн техникалық құралдар;

21) техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар;

22) тифлотехникалық құралдар - мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;

23) тiршiлiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн-өзi қарап-күту, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгінен толық немесе ішінapa айрылуы;

24) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары – мүгедектерге және мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын, көлемін және шарттарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер;

Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 № 152-V (01.01.2006 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi

әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы

1. Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады, бұған халықаралық шарттан оның қолданылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайлар қосылмайды.

3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қатынастардың субъектiлерi болып табылады.

2-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

4-бап. Қазақстан Республикасының мүгедектердi

әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк

саясаты

Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:

1) мүгедектiктiң алдын алуға;

2) мүгедектердi әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға;

3) мүгедектердiң қоғаммен етене араласуына бағытталған.

5-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау принциптерi

Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаты:

1) заңдылық, iзгiлiк, адам құқықтарының сақталуы;

2) әлеуметтiк қорғауға кепiлдiк берiлу, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету;

3) мүгедектердiң денсаулық сақтауға, бiлiм алуға және қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға басқа азаматтармен қатар қол жеткiзуi мен тең құқылы болуы;

4) мемлекеттiк органдардың мүгедектердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктермен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауы;

5) мүгедектiк белгiсi бойынша кемсiтуге тыйым салу принциптерi негiзiнде жүргiзiледi.

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүгедектердi

әлеуметтiк қорғау саласындағы құзыретi

Қазақстан Республикасының Үкiметi:

1) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;

2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

4) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн бекiтедi;

4-1) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

5) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласында үйлестiру кеңесiн құрады;

6) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.12.19 № 9 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

7-бап. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi

органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң

құзыретi

1. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi орган:

1) Қазақстан Республикасының мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы, сондай-ақ медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;

1-1) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын әзірлейді және бекітеді;

4) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 № 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

5) медициналық-әлеуметтiк сараптаманы және мүгедектердi оңалтуды ұйымдастыру мен жүзеге асырудың жалпы принциптерiн белгiлейдi;

6) медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын әзiрлейдi және бекітеді;

6-1) медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде қалыптастырылатын құжаттардың нысандарын әзірлейді және бекітеді;

7) мүгедектердi есепке алу жүйесiнiң орталықтандырылған деректер банкiн қалыптастырады, мүгедектiк себептерiнiң, құрылымының және жай-күйiнiң мониторингiн жүргiзедi;

8) алып тасталды - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдар

9) мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

9-1) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мынадай әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді:

жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін – жеке көмекші;

РҚАО-ның ескертпесі!

9-1) тармақшада үшінші абзац көзделген - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң құзыретiне мыналар жатады:

1) медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзу;

2) организм функцияларының бұзылу және тұрмыс-тіршілігінің шектелу дәрежесiне қарай себебi, мерзiмi айқындала отырып, мүгедектiк тобын және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесiн белгілеу;

3) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіптік бөліктерін әзірлеу, өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты мертіккен немесе өзге де денсаулық зақымын алған жұмыскердің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген көмек пен күтімнің қосымша түрлеріне мұқтаждығын айқындау;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жәрдемақыларды және төлемдер мен өтемақылардың басқа да түрлерiн тағайындау;

5) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының iске асырылуын бақылау;

6) халықтың мүгедектiгi деңгейi мен себептерiн зерделеу;

7) өз құзыретi шегiнде мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау.

Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 N 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi органның

құзыретi

Денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган:

1) халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыру, мүгедектiктiң алдын алу саласындағы бiртұтас мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;

2) ауруларды диагностикалау, емдеу және оңалту хаттамаларын айқындайды;

3) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігін әзірлейді және оны орындауды жүзеге асырады;

4) медициналық-әлеуметтiк сараптама саласындағы мамандарды кәсiптiк даярлауды және қайта даярлауды қамтамасыз етедi;

5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi органның

құзыретi

Бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектердiң бiлiм алуын қамтамасыз етедi;

2) мемлекеттiк тапсырыс немесе грант бойынша оқып жүрген мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стипендиялар тағайындау мен төлеудiң тәртiбiн әзiрлейдi;

3) мүгедектердi оқытуды жүзеге асыратын арнаулы бiлiм беру ұйымдарының бiлiм беру қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi және бекiтедi;

4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және

астананың жергiлiктi мемлекеттiк басқару

органдарының құзыретi

Ескерту. 10-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).

1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi өкiлдi органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары:

1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

2) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер мен кәсiпорындарды құрады;

2-1) мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шараларын ұсынады;

3) мүгедектердi оңалтуды жүзеге асыратын ұйымдарды құруға ықпал етедi;

4) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес мүгедектердi кәсiптiк оқытуды (қайта оқытуды) ұйымдастырады;

5) мүгедектердi оңалту жөнiндегi мамандарды, оның iшiнде ымдау тiлiнiң мамандарын, Брайльдiң бедерлi-нүктелiк қарпі бойынша оқитын және жазатын мамандарды даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;

6) осы Заңға сәйкес тиiстi аумақта медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалтудың орындалуын ұйымдастырады;

7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердiң және мүгедек балалардың санаторий-курорттық емделуiн қамтамасыз етедi;

8) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

9) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен және (немесе) арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

10) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органмен және мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп мүгедектер арасында сауықтыру және спорттық iс-шараларды өткiзудi ұйымдастырады;

11) мүгедектердiң қоғамдық бiрлестiктерiмен бiрлесiп мәдени-көпшілік және ағарту iс-шараларын ұйымдастырады;

12) мүгедектерге қайырымдылық және әлеуметтiк көмектiң көрсетiлуiн үйлестiредi;

13) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)

жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының

құзыретi

1. Ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi өкiлдi органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2. Ауданның (облыстық маңызы қаланың) жергiлiктi атқарушы органдары:

1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсетудi ұйымдастырады және қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіреді;

3-1) мүгедектерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша әлеуметтік қолдау шараларын ұсынады;

4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2015 № 403-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Мүгедектiктiң алдын алу

1. Мүгедектiктiң алдын алу - ерте диагноз қоюға, дене, ақыл-ой, психикалық, сенсорлық және басқа кемiстiктердiң туындауынан және кемiстiктiң тұрақты функционалдық шектелуге немесе мүгедектiкке ауысуынан сақтандыруға бағытталған шаралар кешенi, сондай-ақ денсаулықты қорғау, адамның тұратын экологиялық ортасын жақсарту, салауатты өмiр салтын қалыптастыру, еңбектiң қауiпсiз жағдайларын қамтамасыз ету, өндiрiсте жарақаттануды болдырмау, кәсiптiк ауруларды азайту жөнiндегi iс-шаралар.

2. Мүгедектiктiң алдын алуды тиiстi мемлекеттiк органдар, жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары, ұйымдар мен жұмыс берушi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

3-тарау. МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ

13-бап. Медициналық-әлеуметтiк сараптама

1. Адамның мүгедектiгi мен еңбек қабiлетiн жоғалту дәрежесiн белгiлеу халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң медициналық-әлеуметтiк сараптама жүргiзуi жолымен жүзеге асырылады.

2. Медициналық-әлеуметтiк сараптама халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен куәландырылатын адамның клиникалық-функционалдық, әлеуметтiк, кәсiби және психологиялық деректерiн талдау негiзiнде организмнiң жай-күйiн кешендi бағалауға сүйенiп жүзеге асырылады.

2-1. Қолданылу мерзімі өткен құжаттар және (немесе) құжаттардың толық емес топтамасы ұсынылған кезде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуден бас тартылады.

2-2. Тұрмыс-тіршілік санаттарының біреуінің (өзіне өзі қызмет көрсетуге, жүріп-тұруға, еңбек қызметіне (еңбекке қабілеттілікке), оқып үйренуге, бағдарлай білуге, қарым-қатынас жасауға, өзінің жүріс-тұрысын бақылауға, ойын қызметіне және танымдық қызметке, қозғалыс белсенділігіне қабілеті) шектелуіне әкеп соқтыратын, организм функцияларының тұрақты бұзылуы болмаған жағдайларда, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қорытындылары бойынша мүгедектік және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі белгіленбейді.

3. Адамды мүгедек деп тану және (немесе) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесiн белгiлеу кезінде әлеуметтік қорғаудың себептерi, мерзiмдерi, әлеуметтік қорғау шараларына қажеттiлiктерi айқындалады, сондай-ақ мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік және кәсіптік бөліктері әзiрленедi.

4. Мүгедектiк тобы он алты жастан бастап белгiленедi.

Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Мүгедектердiң құқықтары

Қазақстан Республикасында мүгедектер:

1) әлеуметтiк қорғауға, соның iшiнде оңалтуға, қоғамға етене араласуға;

2) әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз етуге;

3) ақпаратқа қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге;

4) бiлiм алуға, қызмет түрiн, соның iшiнде еңбек қызметi түрiн еркiн таңдауға;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн алуға;

6) кәсiптiк даярлыққа және қайта даярлыққа, еңбек қабiлетiн қалпына келтiруге және жұмысқа орналасуға;

7) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге;

8) мемлекеттiк және өзге ұйымдарда, соның iшiнде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлiк, қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда бiрiншi кезекте қызмет көрсетiлуге;

9) мүгедектердiң шығармашылық қабiлеттерiн қолдауға арналған құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актiлерiмен бекiтiлген әлеуметтiк-экономикалық және жеке басының құқықтары мен бостандықтарына толығымен ие болады.

15-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау

Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау әлеуметтiк, қайырымдылық көмекті, медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалтуды, бiлiм алуға қолжетімділікті және мүгедектердің қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бірдей қатысуына мүмкiндiктер жасауға бағытталған өзге де шараларды ұсыну арқылы қамтамасыз етiледi.

Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

16-бап. Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек

Мүгедектерге көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мемлекеттiк жәрдемақылар, өтемақылар түрiндегi төлемдерді және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де, оның ішінде қайырымдылық есебінен берілетін төлемдердi де қамтиды.

Әлеуметтік көмектің қосымша түрлерін жергілікті атқарушы органдар, жұмыс беруші және өзге де ұйымдар көрсетуге құқылы.

Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-1-бап. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде

тұратын психоневрологиялық аурулар қатарындағы

мүгедектерге және мүгедек балаларға әлеуметтік

көмек

1. Мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан, сот шешімімен әрекетке қабілетсіз және қорғаншылыққа мұқтаж деп танылған мүгедектердің (бұдан әрі – қорғаншылықтағылар) зейнетақы төлемдері және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылары «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен есепке жазылады.

2. Медициналық-әлеуметтік мекеменің әкімшілігі қамқорлықтағылардың Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерінің және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларының пайдаланылуы туралы есепті облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органына тоқсан сайын ұсынуға міндетті.

3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары қамқорлықтағылардың Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларын медициналық-әлеуметтік мекеме әкімшілігінің дұрыс жұмсауын бақылауды жүзеге асырады.

Ескерту. 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.12.19. N 9 (01.01.2008 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. Мүгедектердi оңалту

1. Мүгедектердi оңалту организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуынан тiршiлiк-тынысының шектелуiн жоюға немесе оның орнын мүмкiндiгiнше толықтай толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк iс-шаралар кешенiн қамтиды.

2. Мүгедектердi оңалту медициналық-әлеуметтiк сараптама қорытындысы негiзiнде айқындалатын мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

18-бап. Мүгедектердi оңалтудың кешендi бағдарламасы

Ескерту. 18-бап алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасы

1. Оңалтудың жеке бағдарламасы организмнiң бұзылған және жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге және (немесе) олардың орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту шараларын қамтитын оңалту iс-шаралары кешенiн айқындайды.

2. Оңалтудың жеке бағдарламасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедекке тегiн көрсетiлетiн оңалту iс-шараларын, сол сияқты ақысын төлеуге мүгедектiң өзi немесе оның жұмыста мертiгуiне немесе кәсiптiк ауруға шалдығуына кiнәлi жұмыс берушi қатысатын оңалту iс-шараларын да қамтиды.

20-бап. Мүгедектердi медициналық оңалту

1. Мүгедектердi медициналық оңалту:

1) қалпына келтiру терапиясын (дәрi-дәрмекпен, физикалық, санаторий-курорттық емдеудi және организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функциялары мен денсаулықты қалпына келтiруге бағытталған басқа да емдеу әдiстерiн);

2) қайта жасау хирургиясын;

3) протездiк-ортопедиялық көмектi қамтиды.

2. Медициналық оңалту жөнiндегi iс-шараларды денсаулық сақтау ұйымдары мен меншiк нысанына қарамастан басқа да мамандандырылған ұйымдар жүргiзедi.

3. Санаторий-курорттық емдеу мүгедектер мен мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен ұсынылады.

4. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емделуге жолдама Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.

5. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке санаторий-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес жұмыс берушiнiң есебiнен берiледi.

Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

21-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту

1. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту:

1) мүгедектердi жеке басы гигиенасының, өзiн-өзi қарап-күтудiң, жүріп-тұрудың, қарым-қатынастың негiзгі әлеуметтік дағдыларына үйретудi;

2) мүгедектердi техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудi;

3) басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедектерге, оның iшiнде мүгедек балаларға үйде арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсынуды;

4) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мынадай әлеуметтiк көрсетілетін қызметтерді:

жүрiп-тұруы қиын бiрiншi топтағы мүгедектер үшін – жеке көмекшi;

РҚАО-ның ескертпесі!

4) тармақшада үшінші абзац көзделген - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

5) медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсынуды;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық көмек көрсетудi;

7) мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес әлеуметтiк оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды.

2. Мүгедектердi әлеуметтiк оңалтуды: медициналық-әлеуметтiк мекемелер (ұйымдар), әлеуметтiк көмекті үйде көрсететiн бөлiмшелер, арнаулы бiлiм беру ұйымдары (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерi), денсаулық сақтау ұйымдары және басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.

Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Мүгедектерге техникалық көмекшi (оpнын

толтырушы) құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру

құралдарын беру

1. Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тізбе бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес протездiк-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекшi (компенсаторлық) құралдармен, арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз етiледi.

2. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер жеке оңалту бағдарламасына сәйкес техникалық көмекшi (орнын толтырушы) және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етiледi.

3. Жұмыс берушi - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге протездiк-ортопедиялық көмек, техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар, арнаулы жүрiп-тұру құралдары осы баптың 1-тармағына сәйкес берiледi.

4. Техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар Қазақстан Республикасы мемлекеттiк сертификаттау жүйесiнiң талаптарына сәйкес мiндеттi түрде сертификатталуға тиiс.

Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

23-бап. Үйде және аумақтық әлеуметтiк қызмет көрсету

орталықтарында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін

қызметтерді ұсыну

1. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк қажеттiлiктерiн өз бетiнше қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiне өзi қызмет көрсету және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж, бірінші және екінші топтардағы жалғызiлiктi мүгедектерге арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес әлеуметтiк көмекті үйде көрсететін бөлiмшелер және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететін аумақтық орталықтар жүзеге асырады.

2. Өзiнiң негiзгi өмiрлiк қажеттіліктерін өз бетiнше қанағаттандыру мүмкiндiгiн, өзiне өзi қызмет көрсету және (немесе) жүрiп-тұру қабiлетiн iшiнара немесе толық жоғалтуына байланысты басқа адамның күтiмi мен көмегiне мұқтаж мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес әлеуметтiк көмекті үйде көрсететін бөлiмшелер және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызмет көрсететін аумақтық орталықтар жүзеге асырады.

3. Үйде және қарттар мен мүгедектерге әлеуметтiк қызметтер көрсететiн аумақтық орталықтарда арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

24-бап. Медициналық-әлеуметтiк мекемелерде (ұйымдарда)

арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну

1. Денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның тұрақты күтiміне және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж, бірінші және екінші топтардағы жалғызiлiктi мүгедектерге, психоневрологиялық науқастар қатарындағы бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге, мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну мүгедектердiң жасына, денсаулық жағдайына сәйкес бейiнделген қарттар мен мүгедектерге, мүгедек балаларға арналған интернат-үйлерде жүзеге асырылады және тұрмыс-тіршілік жағдайларын жасауды, күтiммен қамтамасыз етудi, медициналық қызмет көрсетудi, оңалтуды, әлеуметтiк-еңбектiк бейiмдеудi, демалыс пен бос уақытты ұйымдастыруды қамтиды.

2. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде және мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда тұратын адамдарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көлемi халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес ұсынылады.

3. Мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерде арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсыну бюджет қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де материалдық және қаржылық түсiмдер есебiнен жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттiк емес медициналық-әлеуметтiк ұйымдарда арнаулы әлеуметтiк көрсетілетін қызметтер ұсыну, құрылтайшылардың қаражатын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы негiзде жүзеге асырылады.

Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

25-бап. Мүгедектердiң әлеуметтiк инфрақұрылым

объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз ету

1. Жергiлiктi атқарушы органдар:

1) мемлекеттiк стандарттарға сәйкес елдi мекендердi жобалау, салу және оларда құрылыс жүргізу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерiлетiн және қайта салынатын аумақтар мен басқа елдi мекендердi абаттандыру кезiнде мүгедектердiң тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндiрiстiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кiрiп-шығуын;

2) тұрғын үй құрылыстары шегiнде, сондай-ақ қызмет көрсету мекемелерi мен еңбек ету объектiлерi жанында орналасатын жеңiл автомобильдердi уақытша сақтауға арналған ашық тұрақтарды жобалау және салу кезiнде мүгедектердiң жеке автокөлiк құралдарына арналған орындарды;

3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердi ескере отырып, автомобильдердi қоса алғанда, арнаулы жүрiп-тұру құралдарына apналған гараждар немесе тұрақтар салу үшiн мүгедектерге кезектен тыс орын берудi;

4) мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған мекемелер орналасқан жерлерде, сондай-ақ халық көп жүретiн жерлерде iлесе дыбыстайтын және жарық беретiн арнаулы бағдаршамдар, жол белгiлерiн және көрсеткiштер орнатуды, дыбыстайтын және жарық түсiретiн құрылғылармен жарақталған жаяу жүргiншiлер өтетiн жерлердi белгiлеудi қамтамасыз етуге тиiс.

2. Қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы жергілікті атқарушы органының, мүгедектердiң қоғамдық бірлестіктерінің өкiлдерi болмаса, тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға тапсыруға жол берiлмейді.

3. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiр жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына мемлекеттiк стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi.

Аталған объектiлердi мүгедектердiң кiрiп-шығуына бейiмдеу мүмкiн болмаған жағдайларда, тиiстi жеке және заңды тұлғалар мүгедектердiң қажеттiлiктерiн барынша ескеретiн қажеттi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға тиiс.

Мемлекеттiк органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар тұлғалар артықшылыққа ие болады.

4. Лауазымды адамдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылымға және көлік инфрақұрылымына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соғады.

Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

26-бап. Мүгедектердi тұрғын үймен қамтамасыз ету

1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:

1) тұрғын үйге мұқтаж мүгедектердi есепке қояды және олардың пайдалануына тұрғынжай бередi;

2) мүгедектерге немесе құрамында мүгедектер бар отбасыларға берiлетiн тұрғын үй-жайларды арнайы құралдармен және жабдықпен жабдықтауды қамтамасыз етедi.

2. Мүгедектерге ғимараттың қабаты, тұрпаты, абаттандырылу дәрежесі және тұруға қажеттi басқа да жағдайлар ескеріле отырып, тұрғын үй-жайды таңдау құқығы берiледi.

Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

27-бап. Мүгедектердiң мәдени-ойын-сауық ұйымдарына

және спорт ғимараттарына бара алуын

қамтамасыз ету

Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектерге мәдени-ойын-сауық iс-шараларына, сондай-ақ дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн спорт ғимараттарына бара алатын жағдайларды, арнаулы спорт жабдықтарын берудi қамтамасыз етедi.

Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер мен он сегiз жасқа дейiнгi мүгедек балалар санамалап көрсетiлген қызметтердi - бюджет қаражаты есебiнен, ал үшiншi топтағы мүгедектер аталған қызметтер құнының елу процентін төлеп пайдаланады.

28-бап. Мүгедектердiң ақпаратқа қол жеткiзуiн

қамтамасыз ету

1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекет:

1) мүгедектер үшiн мерзiмдi баспасөз, ғылыми, оқу-әдiстемелiк, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиет, соның iшiнде аудиотаспаларды, дискiлердi, бедерлi-нүктелi Брайль қарпiмен және сурдоаудармасы бар бейнетаспаларды шығару арқылы мүгедектердің ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

2) алып тасталды - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

1-1. Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасына сәйкес жаңалықтар сипатындағы кемінде бір телебағдарлама сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз етіледі.

2. Жеке қарым-қатынас құралы ретiнде ымдау тiлi пайдаланылады, ол сондай-ақ саңырау және нашар еститiн балаларға арналған бiлiм беру ұйымдарының оқу бағдарламасында да қолданылады.

Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

29-бап. Мүгедектерге бiлiм алуы және мектепке дейiнгi

тәрбие алуы үшiн жағдайларды қамтамасыз ету

Наши рекомендации