Азақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» мазмұны.

Азақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» мазмұны.

Қазақстан Республикасының заңының тараулары( 6 тарау 27 бап)

азақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» мазмұны.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңы 1997 жылғы 11 шiлдеде қабылданды. Осы Заңы 4-шi бабында: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Сонымен бiрге, Үкiмет, мемлекеттiк органдар мемлекеттiк тiлдi яғни қазақ тiлiн барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы мен дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi деп көрсетiлген.
Аталған Заңның 1-шi бабында диаспора деген терминге «өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этникалық қауымдастық)» деген түсiнiктеме берiлген, яғни шет елдерде тұрып жатқан бiздiң қандас бауырларымыз. Қазақ халқы өзiнiң тарихи отанында тұрып ақ, ешқандай қуғын-сүргiнсiз ана тiлi мәселесiне келгенде диаспораға айналды. Тiл туралы Заң қабылданғаннан берi, оны жүзеге асыру үшiн Қазақстан Үкiметi бiрқатар қаулылар қабылдады. Атап айтқанда, 1998 жылғы 14 тамызда «Мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту туралы», Елбасының 1998 жылғы 5 қазаңдағы № 4106 Жарлығымен бекiтiлген «Тiлдердi қолдану мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы» тағы басқалары. Бас-аяғы 4-5 жылдың iшiнде тiл жөнiнде 17 құжат қабылданыпты. Қаншама жетiлген заңдар, бағдарламалар қабылданғанмен, оны iске асыратын адамдар. Әрбiр қазақ азаматының бойында өзiнiң ана тiлiне деген құрмет, оның кұдыретiне бас июшiлiк сезiмi қалыптаспайынша, қазақ тiлiнiң көсегесiн көгерту қиын. Орыс халқының тектi тұқымының бiрi - режиссер Андрей Кончаловский «Гомердiң «Одиссеясын» толық түсiну үшiн, арнайы грек тiлiн үйрендiм» дегенде, 20-шi ғасырдың Гомерi атанған Жамбылдың жырын, Абайдың өлеңiн, Әуезовтың прозасын түсiну үшiн, мен арнайы қазақ тiлiн үйрендiм деп айтатын күн туарма екен деп ойлаймыз. Ана тiлiнде бiр кiтап оқымай ақ, ел басқарып жүрген азаматтар аз емес. Әр халықтың ана тiлi - оның жаны, халқының қайталанбас үзiндiк кейпi, ұлттық болмыс-бiтiмiнiң бейнесi, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзi, iшкi жан дүниесiнiң өзiне ғана тән құпиясы. Кезінде Гегель өзiнiң «Эстетикасын» француздардың аударып жатқанын естiгенде, менiң ойларымды жеткiзуге олардың тiл байлығы жетер ме екен деп күмәнданған екен. Мемлекеттiк қызметшiлердiң арасында қазақ тiлi iс қағаздарын жүргiзуге қолайсыз тiл, тиiмдi ойды жеткiзе алмайды деген кереғар пiкiр қалыптасқан. Оларға менiң айтпағым, Мұхтар Әуезовтың жиырма томдық шығармалар жинағының, қазақ тiлiн зерттеушiлердiң, жазушының сөздiк қорында 29.483 сөз бар екенiн, сонын iшiнде таза қазақ сөздерiнiң ұзын саны 23.740, қалғаны кiрме сөздер екенiн анықтағанын, салыстыру үшiн айтқанда, А.С.Пушкин шығармаларында 21.197, ал Шекспир шығармаларында 15.000 сөз бар екенi анықталған - ғылыми дерек. Орыс тiлiнiң Академиялық 4 томдық түсiндiрме сөздiгiнде сексен мыңнан аса сөз болса, ал қазақтың түсiндiрме сөздiгiн жасау қолға алынған 50-шi жылдардың орта тұсында 350 мыңдай тіл сезiмiз бен тiркесiмiздiң тiзiмге алынғаны белгiлi жәйiттер. Мұның бәрiн талдап жатқанымыз, ұлттық өзiмшiлдiктi ояту емес, «Тауларды аласартпай, даланы қастерлейiк» деген бiртуар азамат ақын Олжас сияқты, өзге тiлдi кемсiтпей, көкiрегi ояу, саналы азаматтарға ой салғым келгендiктен айтып тұрмын. Тағдырдың талай тауқыметiн тартсадағы қазақ халқы өз тiлiнiң тұтастығы мен тұнықтығын сақтай бiлген, бiздiң тiл сорлы тiл емес, кадеге жарата бiлсек, құдыретті тiл. Қаһарман жерлесiмiз Бауыржан Момышұлы 1944 жылы Москва түбiнде шайқасып жүрiп, сол кездегi Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң хатшысы Әбдiқалықов жолдасқа «қазақ тiлi туралы пiкiр» атты хатында «Тiлсiздi айуан дейдi. Тiлi кедей елдi мәдениетсiз, анайы, надан халық деп санайды. Қазақ тiлi еш уақытта өзiмен көршiлес халықтың тiлдерiнен сорлы болып, қатардан қалып өмiр сүрмегендiгi мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе едi» деп жазған екен. Батыр Баукең айтып кеткен тiл мәселесi - әлi сол күрделi күйiнде қалып отыр. Тiл туралы Заңның 9-шы бабында «Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн» делiнген. Осы қағидаға сәйкес, орыс тiлiнде ойлап, жазуға дағдыланған мемлекеттiк қызметшiлер, еш уақытта басын ауыртып, қазақ тiлiнде құжат дайындамасы - өмiр шындығы. Қазiргi кезде, мәртебелi мекеменiң бәрiнде аудармашылар бар, саны бар да, сапасы жоқ, үйткенi аудармашылық сирек дарын, өнердiң төресi, екiнiң бiрi жақсы аудармашы бола алмайды. Сондықтан, ресми органдардың аударма құжаттарын, орысша мәтiнiнсiз түсiну тiптi мүмкiн емес. Осының бәрi айналып келгенде қазақ тiлiнде iс жүргiзуге қолбайлау болып тұр Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, менiң төмендегiдей ұсыныстарым бар: 1. Мемлекеттiк органдарда iс қағаздарын жүргiзуде қос тiлдiлiктен, бiр тiлдiлiкке, яғни қазақ тiлiнде жүргiзуге көшу керек. Ол үшiн тiл туралы Заңның тиiстi баптарына өзгерiс енгiзу қажет. 2. Ата Заңымыздың 7-шi бабының «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген 2-шi тармағын алып тастау қажет. 3. Тiл туралы Заңның 24-шi бабында «Қазақстан Республикасының тiл туралы Заңының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың 1-шi басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес жауапты болады» делiнген. Заңның осы қағидасына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет. 4. Аталған Заңның 25-шi бабына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң биылғы жылғы 8-шi қаңтардағы №16 Қаулысымен бекiтiлген Ережеге сәйкес, тiлдер туралы Заңдардың сақталуына бақылау жасауды өз әөзыретiнiҰ шегiнде Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық келiсiм Министрлiгi жүзеге асырады. Осы Ережеге сәйкес облыстық аәпарат және қоғамдық келiсiм Департаментi, прокуратура органдарымен бiрiгiп, тiл туралы Заң талаптарының орындалуына дЎйектi тұрде бақылау жасауды қамтамасыз ету керек. 5. Мемлекеттiк органдарда бос лауазымдарға қызметкерлер қабылдағанда, олардың бiлiктiлiк талаптарының тiзбесiне мiндеттi түрде қазақ тiлiнде iс қағаздарын жүргiзе алатындығы енгiзiлуi тиiс. Сайып келгенде, кемеңгер жазушымыз Ғабит Мұсiрепов айтқандай «Сол тiлдi жасаған, жасап келе жатқан халықтық баяғысын да, бүгiнгiсiн де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгiлiгiнiң мәңгiлiк белгiсi - Ана тiлiн тек Өгей ұлдары ғана менсiнбейдi, Өгей ұлдары ғана аяққа басады» деген екен. Ана тiлiмiздiң Өгей ұлдары емес, Өзегiн жарып шыққан туған ұлдары болайық дегiм келедi, құрметтi ағайын.


1 тарау. Жалпы ережелер (1 - 7 баптар)
2 тарау. Тiл - мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдар (8 - 15 баптар) мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында
3 тарау. Тiл - бiлiм беру, ғылым, мәдениет және (16 - 18 баптар) бұқаралық ақпарат құралдары саласында
4 тарау. Тiл - елдi мекен атауларында, жалқы өсiмдерде, (19 - 22 баптар) көрнекi ақпаратта
5 тарау. Тiлдi құқықтық қорғау (23 - 26 баптар)
6 тарау. Тiлдi шетелдермен және халықаралық ұйымдармен (27 бап) қатынастарда пайдалану

Осы Заң Қазақстан Республикасында тiлдердiң қолданылуының құқықтық негiздерiн, мемлекеттiң оларды оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай жасау жөнiндегi мiндеттерiн белгiлейдi, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тiлге бiрдей құрметпен қарауды қамтамасыз етедi.

1 тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
диаспора - өзiнiң тарихи шығу тегiнен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бiр бөлiгi (этникалық қауымдастық);
ономастика - тiл бiлiмiнiң жалқы есiмдердi, олардың пайда болуы мен өзгеруiнiң тарихын зерттейтiн бөлiмi;
орфография - дұрыс жазу ережесi, сөйленген сөздi (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсiлдерiнiң бiрiздiлiгiн белгiлейтiн ережелер жүйесi;
топонимика - ономастиканың географиялық объектiлердiң атауларын, олардың пайда болуы, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтiн бөлiмi;
транслитерация - бiр графикалық жүйедегi мәтiндер мен жекелеген сөздердi басқа графикалық жүйенiң құралдарымен әрiппе-әрiп арқылы беру.
терминологиялық комиссия - экономиканың, ғылымның, техниканың, мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтiк-кеңесшi орган;
ономастикалық комиссия - географиялық объектiлердiң атауына және олардың атауларын өзгертуге бiрыңғай көзқарас қалыптастыру, топонимикалық атауларды қолдану мен есепке алуды ретке келтiру, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлiгi ретiнде тарихи атауларды қалпына келтiру, сақтау жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтiк-кеңесшi орган;
уәкiлеттi орган - тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыруға жауапты орталық атқарушы орган.

2-бап. Осы Заңның реттейтiн мәселесi

Мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтiн мәселе болып табылады.
Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және дiни бiрлестiктерде тiлдердiң қолданылуын реттемейдi.

3-бап. Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар

Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Тiл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi.
Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.
Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға;
Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.

5-бап. Орыс тiлiн қолдану

Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.

6-бап. Мемлекеттiң тiл жөнiндегi қамқорлығы

Қазақстан Республикасының азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы бар.
Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды.
Ұлттық топтар жинақты тұратын жерлерде iс-шаралар өткiзiлген кезде олардың тiлдерi пайдаланылуы мүмкiн.

7-бап. Тiлдердiң қолданылуына кедергi келтiруге жол бермеу

Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.
Қазақстанда мемлекеттiк тiлдiң және басқа да тiлдердiң қолданылуына және оларды үйренуге кедергi келтiретiн лауазымды адамдардың iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

2 тарау. Тiл - мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында

8-бап. Тiлдердiң қолданылуы

Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады.

9-бап. Мемлекеттiк органдар актiлерiнiң тiлi

Мемлекеттiк органдардың актiлерi мемлекеттiк тiлде әзiрленiп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкiндiгiнше, басқа тiлдерге аударылуы қамтамасыз етiле отырып, оларды әзiрлеу орыс тiлiнде жүргiзiлуi мүмкiн.

10-бап. Құжаттама жүргiзу тiлi

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары жүйесiнде, ұйымдарында, меншiк нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргiзу мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қамтамасыз етiледi.
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушылары құжаттаманы мемлекеттік тілде және (немесе) орыс және (немесе) ағылшын тілдерінде жүргізуге құқылы.

11-бап. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi

Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.

12-бап. Қарулы Күштер мен құқық қорғану органдарындағы тiл

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, сондай-ақ әскери және әскерилендiрiлген құрамалардың барлық түрiнде, мемлекеттiк бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттiк тiлдiң және орыс тiлiнiң қолданылуы қамтамасыз етiледi.

13-бап. Сот iсiн жүргiзу тiлi

Қазақстан Республикасында сот iсi мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал, қажет болған жағдайда, сот iсiн жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады.

14-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi жүргiзу тiлi

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде жүргiзiледi.

15-бап. Мәмiлелер тiлi

Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмiлелерi қажет болған жағдайда басқа тiлдердегi аудармасы қоса берiлiп, мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады.
Шетелдiк жеке және заңды тұлғалармен жазбаша нысанда жасалатын мәмiлелер мемлекеттiк тiлде және тараптар үшiн қолайлы тiлде жазылады.
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қатысушылары мәмілелерді мемлекеттік тілде және (немесе) орыс және (немесе) ағылшын тілдерінде жасасуға құқылы.

3 тарау. Тiл - бiлiм беру, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласында

16-бап. Тiл - бiлiм беру саласында

Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлде, ал ұлт топтары жинақы тұратын жерлерде солардың тiлдерiнде жұмыс iстейтiн мектепке дейiнгi балалар ұйымдарын құру қамтамасыз етiледi.
Балалар үйлерiнде және оларға теңестiрiлген ұйымдарда оқыту, тәрбие беру тiлiн жергiлiктi атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгiлейдi.
Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiмдi мемлекеттiк тiлде, орыс тiлiнде, ал қажетiне қарай және мүмкiндiгi болған жағдайда басқа да тiлдерде алуды қамтамасыз етедi. Білім беру ұйымдарында мемлекеттiк тiл мен орыс тiлi мiндеттi оқу пәнi болып табылады және бiлiм туралы құжатқа енгiзiлетiн пәндер тiзбесiне кiредi.

17-бап. Тiл - ғылым және мәдениет саласында

Қазақстан Республикасында ғылым саласында, диссертацияларды ресiмдеу мен қорғауды қоса алғанда, мемлекеттiк тiл мен орыс тiлiнiң қолданылуы қамтамасыз етiледi.
Мәдени шаралар мемлекеттiк тiлде және қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жүргiзiледi.

18-бап. Баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарының тiлi

Қазақстан Республикасы баспа басылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттiк тiлдiң, басқа да тiлдердiң қолданылуын қамтамасыз етедi.
Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс.

4 тарау. Тiл - елдi мекен атауларында, жалқы өсiмдерде, көрнекi ақпаратта

19-бап. Топонимикалық атауларды, ұйымдардың атауларын пайдалану тәртiбi

Елдi мекендердiң, көшелердiң, алаңдардың, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлуге тиiс.
Мемлекеттiк ұйымдардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң атаулары мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде берiледi. Бiрлескен, шетелдiк ұйымдардың атаулары мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде транслитерация арқылы берiледi.

20-бап. Кiсi есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн жазу

Кiсi есiмiн, әкесiнiң есiмiн және тегiн ресми құжаттарда жазу Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес келуге тиiс.

21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi

Мемлекеттiк органдардың мөрлерi мен мөртаңбаларының мәтiнiнде олардың атаулары мемлекеттiк тiлде жазылады.
Меншiк нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерiнiң, мөртаңбаларының мәтiнi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жазылады.
Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.
Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс.
Шетелде өндiрiлген тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмалары (этикеткалары), таңбаламалары, нұсқаулықтары импорттаушы ұйымдардың қаражаты есебiнен мемлекеттiк тiлдегi және орыс тiлiндегi аудармасымен қамтамасыз етiледi.
Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағында немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.

22-бап. Тіл – байланыс саласында

Қазақстан Республикасының шегінде байланыс саласында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге почта-телеграф жөнелтілімдері белгіленген халықаралық ережелерге сәйкес жүргізіледі.

5 тарау. Тiлдi құқықтық қорғау

23-бап. Тiлдi мемлекеттiк қорғау

Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiл және барлық басқа тiлдер мемлекеттiң қорғауында болады. Мемлекеттiк органдар бұл тiлдердiң қолданылуы мен дамуына қажеттi жағдай жасайды.
Тiлдiң дамуы мемлекеттiк тiлдiң басымдығын және iс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтiн Мемлекеттiк бағдарламамен қамтамасыз етiледi.
Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi.
Қазақстан Республикасының Үкiметi терминологиялық және ономастикалық комиссияларды және қажет болған жағдайда басқа да құрылымдарды құрады.

24-бап. Тiл туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық

Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың бірінші басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдары, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың бiрiншi басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен азаматтардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ мемлекеттiк тiлде және басқа тiлдерде қызмет атқарылатын салада олардың қолданылуына кез келген кедергi келтiру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкелiп соғады.

25-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлеттi орган:
1) тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын қамтамасыз етедi;
2) тiлдердi қолдану мен дамыту бағдарламасын және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi;
3) орталық және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарында Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасайды, тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзеді;
5) тiлдердi дамыту саласындағы бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi қызметтiң ақпараттық, әдiстемелiк қамтамасыз етiлуiн ұйымдастырады;
6) терминологиялық және ономастикалық комиссиялардың қызметiн үйлестiредi.

25-1-бап. Ономастикалық комиссияның құзыретi

1. Республикалық ономастикалық комиссияны Қазақстан Республикасының Yкiметi:
1) Қазақстан Республикасының Президентiне облыстардың, аудандар мен қалалардың атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы қорытындылар енгiзу;
2) Қазақстан Республикасының Үкiметiне өз құзыретi шеңберiндегi табиғи-географиялық, топонимикалық, өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердiң атауы және олардың атауларын өзгерту туралы қорытындылар енгiзу мақсатында құрады.
2. Облыстық ономастикалық комиссияларды облыстардың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) ауылдардың (селолардың), кенттердiң, ауылдық (селолық) округтердiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту;
2) облыстың жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi шеңберiндегi табиғи-географиялық, топонимикалық, өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердiң атауы және олардың атауларын өзгерту туралы қорытындылар дайындау мен енгiзу мақсатында құрады.
3. Қалалық ономастикалық комиссияларды:
1) республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
қаладағы аудандардың, алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердiң, тұйық көшелердiң, парктердiң, саябақтардың, көпiрлердiң және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiнiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту;
республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi шеңберiндегi табиғи-географиялық, топонимикалық, өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердiң атауы және олардың атауларын өзгерту туралы қорытындылар дайындау және енгiзу мақсатында құрады;
2) облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органдары қаладағы аудандардың, алаңдардың, даңғылдардың, бульварлардың, көшелердiң, тұйық көшелердiң, парктердiң, саябақтардың, көпiрлердiң және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiнiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы қорытындылар дайындау және енгiзу мақсатында құрады.

25-2-бап. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органының құзыретi

Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы:
1) тiлдердi қолдану мен дамытудың өңiрлiк бағдарламасын әзiрлеп, бекiтедi және оның орындалуын қамтамасыз етедi;
2) орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң және аудандық атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасайды, тиiстi органдарға Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдарға тәртiптiк жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгiзедi;
4) мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған облыстық маңызы бар шаралар кешенiн жүзеге асырады;
5) облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) ономастикалық комиссияның қызметiн қамтамасыз етедi.

25-3-бап. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының құзыретi

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы: 1) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында тiлдердi қолдану және дамытудың өңiрлiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзірлейді және оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етедi;
2) мемлекеттiк тiлдi және басқа тiлдердi дамытуға бағытталған аудандық (облыстық маңызы бар қала) деңгейдегi iс-шараларды жүргiзедi;
3) облыстардың атқарушы органдарына ауылдардың (селолардың), кенттердiң, ауылдық (селолық) округтердiң атауы және олардың атауларын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы ұсыныстар енгiзедi.

26-бап. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды

6 тарау. Тiлдi шетелдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда пайдалану

27-бап. Тiл - халықаралық қызметте

Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктерiнiң қызметi мемлекеттiк тiлде, қажет болған жағдайда басқа да тiлдердi пайдаланып жүзеге асырылады.
Екiжақты халықаралық шарттар, әдетте, уағдаласушы тараптардың мемлекеттiк тiлдерiнде жасалады, көпжақты халықаралық шарттар оған қатысушылардың келiсiмiмен белгiленген тiлдерде жасалады.
Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкiлдерiмен өткiзiлетiн ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тiлдерге аударылып, мемлекеттiк тiлде жүргiзіледi.


Наши рекомендации