Жайылымдық өсімдіктер қалай аталады?
Ұлы даланың алқабында алуан түрлі өсімдіктер кездеседі. Көпшілігіміз оларды күнде көріп жүрсек те: «Мына маңайға шөп қалың шығыпты. Шаруа адамына жақсы болған екен. Береке мен ырысқа толып тұрғанын қарашы!»,- деп кете береміз. Уақыт, заман солай боп тұр. Бірақ, осындай шартты ұғымдарға сілтеме жасай беру де жараспайды. Мүмкін, сонда біздер өзіміз өзгеріп бара жатырмыз ба, қалай өзі?.. Далалық өсімдіктердің аттарын, табиғи қасиеттерін жете білу мал шаруашылығында түрлі қызметтер атқаратын, ондағы игілік көздерін шығарумен шұғылданатын адамдар үшін аса қажет ұғым. Өйткені, аграрлық сектор үшін өсімдік саласы шешуші дәрежеде қызмет атқарады. Өсімдіктердің қалыптасқан атаулары олардың шығатын мекенін, тұқым шашатын кезеңін, малазықтық қасиеті мен түр-түсін белгілейді. Осы мақсатта біршама шөп аттары мен олардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып, табиғи қасиеттерін сөз еткіміз келді.Қазақстанның өсімдік дүниесі ұлттық текті, сананы қалыптастыруға да зор әсер етеді. Әр түрлі аумақтарымызда өсетін арша, жүзгін, шыралжың, изен, басқа да мал азығындық өсімдіктердің қоректік қуаты мол, құрамында каротин мен протеиннің мөлшері жоғары. Мысалы, құмды өңірде өсетін жүзгін сәуірдің соңында аппақ гүлін ашып, желегі төгіліп тұрады. Сол кезде оны жылқыдан басқа түліктер сүйсіне қорек етеді. Тобылғы мен жүзгін жапондардың атақты сакурасына ұқсайтынын, қазақ пен жапон халықтарының ДНК-сында айырмашылықтың аз екендігін ғылым мен технологияның алдыңғы шебіне шыққан бұл елдің ғалымдары дәлелдеп те үлгерді.Еліміздің оңтүстігііндегі шөл және шөлейт алқаптарында изен, жусан, тарлау, сексеуіл секілді қазір сиреп бара жатқан өсімдіктер әлі де көп кездеседі. Орталық Қазақстанның таулы-қыратты өңірінде арша, қайың жиі ұшырасады. Мысалы, Қарағанды облысының бұрынғы Жезді ауданының Бұланты, Қарақұм, Байқоңыр, Жетіқоңыр, Киік, Құлжанбай, Қоскөл өңірінің жайылымдарында мия, бозғанақ, бұйырғын үш түрлі: ақ белек, тікен бұйырғын, ірі бұйырғын, тобылғы, жусан үш түрлі: боз жусан, қоңыр жусан, жер жусан, көкпек, жантақ, балық көз (ащы шөп), түйеқарын, тұзжапырақ, ажырық, доңыз, күңшаш, жұмыр, қарашағыр, ақшағыр, қарғатұяқ, қоңырбас, ақселеу, тарлау, арпақан, кәріқыз, түйежапырақ, бәйшешек, теміртікен, қияқ, бидайық, қамыс, ұшхат, тораңғы, алабота, шоңайна, итсигек, шытыр, буылдырық, бақбақ, бүлдірген, тұңғиық, қоға, ши, жалбыз, қазоты, бетеге, есекмия, додана, меңдуана, шыралжың, қымыздық, атқұлақ, райхан, ақеркек, майқара, ебелек, жуа, қызылша, баялыш, теріскен, қараған, күйреуік, әдіраспан, итмұрын, жыңғыл, ошаған, жиде, жоңышқа, таспа жоңышқа, шырмауық, терек, шілік, қараөлең, құланшайыр, шайыр, бұйрашайыр, түйесіңір, сексеуіл, жүзгін, боз тал, құба тал, қайың, қоянсүйек, сарсалма, таспа боз, изен, айырауық, текесақал, тәнтәку секілді төрттүлік мал сүйсініп жайылатын өсімдіктер ұшырасады. Менің бұл мәселеге көңіл бөліп отырғаным: өсімдік шаруашылығына ауыспалы егіс жүйесін енгізу мәселесін қолға алудың керектігі. Қазіргі Қазақ елі мен жеріндегі жаңа агроинновациялық саланың табысты дамып, мол өнімді агрорынокқа ұсынуы үшін әрине, өсімдік шаруашылығын зерттеп, оның өнімді, пайдалы түрлерін соған ұқсас аумақтарға ауыстырып, біртіндеп жерсіндіруі пайдалы болады. 1982 жылы бұрыңғы Жезқазған облыстық тәжірибе стансасына жоғарыда аталынған шыралжың, изен, бозғанақ, тарлау секілді өсімдіктерді ауыспалы егіс жүйесімен өсіріп, одан кейін облыстың басқа да шаруашылықтарына тұқымы таратылған еді. Нәтижесінде сол кезеңде сол өңірдегі елді мекендердің азық-түліктік өнімдерге сұранысын қанағаттандыруда ілгері қадам жасалынды. Мұндай тәжірибенің қазір де ортақ іске пайда келтірері анық. Ғаламдық жүйеде халық тұтынатын азық-түлік өнімдеріне жыл санап сұраныстың артып келе жатқаны белгілі. Соған орай жер ресурстарын барынша толық пайдалана білгеніміз жөн.Өсімдік дүниесіне ақындар да ынтығып, жыр арнаған. Сахара төскейінде жұпар иісі аңқып жайнаған гүлдер мен желкілдеген жапырақтар азық-түліктік ресурстар болумен қатар, сұлулық пен пәктіктің бірыңғай бейнесіндей елестейді ғой…Халқымыздың белгілі ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттеріндегі» «Жер түгі» деп аталатын небәрі 54 жолдық өлеңінде 30 түрлі ағаш, 60-қа жуық шөп пен қурай, бәрі 90 түрлі өсімдік атаулары кездеседі.
Бал және оның пайдасы
Гүлді өсімдіктердің шырынынан өңдеп шығаратын өнімі – қоймалжың, тәтті сұйықты бал деп атайды. Және де бал арасынан фармацевтика, электротехника, авиация өнеркәсіптерінде пайдаланылатын органикалық зат – балауыз алынады. Аралардан прополис (ара желімі), ара уы, гүл тозаңы, биологиялық белсенді заттары бар және емдік әсері өте күшті сүт дайындалады. Бал арасының тіршілігін бақылау адамды табиғатты жақсырақ білуге, байқағыштыққа, еңбексүйгіштікке баулиды.