Ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгi

Ақтау үкiмiнiң сипаттау-уәждеу бөлiгiнде: тағылған айыптың мәнi; сот анықтаған iстiң мән-жайлары; сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi туралы пайымдау негiзделген дәлелдемелердi сот анық емес немесе жеткiлiксiз деп таныған себептер; сотталушыны ақтау үшiн негiз болған дәлелдемелер; азаматтық талап қоюға қатысты шешiмнiң себептерi баяндалады. Ақтау үкiмiнiң қарар бөлiгi

1. Ақтау үкiмiнiң қарар бөлiгiнде:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны кiнәсiз деп тану және оны ақтау туралы шешiм, ақтаудың негiздерi;
3) егер бұлтартпау шарасы таңдалған болса, оның күшiн жою туралы шешiм;
4) ақталған адамның қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартылу арқылы келтірілген зиянды өтеткізу құқығының танылуы қамтылуға тиіс.

19. Қылмыстық істі тоқтата тұру мен қылмыстық істі қысқартудың негіздерін және тәртібін салыстырмалы түрде қарастырыңыз.

1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу:

айыпталушы соттан жасырынған не оның жүрген жері басқа себептермен анықталмаған;сотталушының психикасының уақытша бұзылуы немесе өзге де ауыр науқасы заңда көзделген тәртiппен куәландырылған;сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерде болған;қылмыстық iс бойынша одан әрi iс жүргiзуге уақытша кедергi келтiретiн еңсерілмейтін күштің әрекетi;құқықтық көмек алуға байланысты процестік әрекеттер орындалып жатқан;сотта прокурор сотталушының дәлелдемелердің заңсыз әрекеттерді қолдана отырып немесе қатыгез қарым-қатынас жасала отырып алынғаны туралы арызын қараған және оның шешіміне шағым жасалған жағдайларда, егер бұл ретте басты сот талқылауын жалғастыру мүмкін болмаса, сот қаулысымен тоқтатыла тұрады.

2. Сот осы қылмыстық iсте қолданылуға жататын, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін заңды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсынумен Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiне өтініш жасаған жағдайда, сот іс бойынша іс жүргізуді толықтай немесе тиісті бөлігінде тоқтата тұруға міндетті.

3. Сотта қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу, егер жекеше айыптау iсi бойынша жекеше айыптаушы өзінің ауыр науқас екендiгiне, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде iссапарда болуына немесе азаматтық борышын орындауына байланысты сотта қылмыстық қудалауды жүзеге асыра алмаған жағдайда да, сот қаулысымен толықтай немесе тиiстi бөлiгiнде тоқтатыла тұрады.

4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу оны тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар жойылғанға дейiн тоқтатыла тұрады, бұл ретте істі сотта қарау мерзімі үзіледі. Олар жойылған соң, іс жүргізу соттың қаулысымен қайта басталады.

Сотқа дейінгі тергеу әрекеттерін жүргізу нәтижесінде қылмыстық процестік кодекстің 35-36 баптарында көрсетілген жағдайлар орын алғанда қылмыстық істі тоқтату немесе кейбір күдіктілерге қатысты қылмыстық қудалау қажеттілігі туындайды.Ал,қылмыстық істі тоқтату үшін негіз болып сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы уәжді қаулы шығарылуы жатады.

Қаулының кіріспе бөлігінде оны жасау уақыты мен орны, тоқтату туралы шешім қабылдаған адамның тегі және лауазымы көрсетіледі.

Қаулының сипаттау-уәждеу бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адам туралы, күдіктің мәні, қылмыстық заңға сәйкес саралануы және қолданылған бұлтартпау шарасы көрсетіле отырып, қылмыстық істі тоқтатуға негіз болған мән-жайлар жазылады.

Қаулының қарар бөлігінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтатуға негіз болған осы Кодекстің бабына (бөлігіне, тармағына) сілтеме жасала отырып, істі тоқтату туралы шешім, сондай-ақ бұлтартпау, мүлікке тыйым салу, лауазымынан уақытша шеттету, сөйлесулерді тыңдау мен жазу шарасының, процеске қатысушылардың құқықтарын шектейтін басқа да процестік мәжбүрлеу, тергеу және процестік әрекеттер шараларының күшін жою туралы нұсқау, заттай дәлелдемелердің тағдыры туралы, сондай-ақ адамға қатысты қауіпсіздік шараларының күшін жою немесе оны одан әрі жүзеге асыру туралы шешім баяндалады.

Іс бойынша бірнеше күдікті, айыпталушы тартылып отырса, ал тоқтатудың негізі барлық күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты болмаса, қылмыстық қудалау тек жеке күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты тоқтатылады.

Жекелеген күдіктілерге, айыпталушыларға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату тиісті қылмыстық құқық бұзушылық бойынша анықталмаған өзге де адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру үшін кедергі болып табылмайды.

Құқықтарды қалпына келтіруге және зиянды өтеуге әкеп соқпайтын негіздер бойынша тоқтатылған қылмыстық істі зерделеу нәтижелері бойынша прокурор мынадай:

1) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны бекіту туралы;

2) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жою және оны қосымша тергеп-тексеру жүргізуге жолдау туралы;

3) қылмыстық істі ҚП Кодекстің 35, 36-баптарында көзделген өзге де негіздер бойынша тоқтату туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

20. Жеке айыптау істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері және осындай айыптау істерінің қылмыстық процессте болуын (өмір сүруін) негіздеңіз.

Жекеше айыптауды тұлға (бiрнеше тұлға) сотқа адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы өтiну, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәлiметтер; сотқа шақырылуы қажеттi куәлардың тiзiмi қамтылуға тиіс. Шағымға оны берген адам қол қояды. Анонимді шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды.

Шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады. Егер нақ бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекетке қатысты жекеше айыптауды қозғауға бiрнеше тұлға құқықты болса және ол олардың бiреуiнiң арызы бойынша қозғалған болса, қалған тұлғалар басталып кеткен iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының арызы бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi. Егер бұл iс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң нысанасына байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге құқылы. Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Айыптауды кері қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге әсер етпейдi. Егер жекеше айыптау бұрын кері қайтарып алынған болса, ол қайтадан қозғалмайды.

Берiлген шағым ҚП Кодекстiң көрсетiлген талаптарына сәйкес келмесе, судья өзінің қаулысымен оны берген тұлғаға шағымды осы талаптарға сәйкес келтiрудi ұсынады және бұл үшiн мерзiм белгiлейдi. Нұсқау орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген тұлғаны бұл туралы хабардар етедi. Көрсетілген мән-жай бойынша шағымды қабылдаудан бас тарту қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі шегінде сотқа осындай шағымды қайтадан беруге кедергі келтірмейді.

Судья жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарап, үш тәулiк iшiнде:

1) шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы;

2) шағымды оның тергеулігi немесе соттылығы бойынша беру туралы;

3) шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.

Сот отырысын тағайындау үшiн негiздер болған ретте судья шағым сотқа келiп түскен күннен бастап жетi тәулiкке дейiнгі мерзiмде өзіне қатысты шағым берiлген тұлғаны шақыруға, оны iс материалдарымен таныстыруға, берiлген шағымның көшiрмесiн табыс етуге, сотталушының сот отырысындағы құқықтарын түсiндiруге міндетті, бұл туралы одан қолхат алынады. Судья жекеше айыптаушыдан және сотталушыдан олар сотқа шақыратын куәлардың тізімін беруін талап етеді. Өзіне қатысты шағым берiлген адам сотқа келмеген жағдайда, шағымның көшiрмесi сотталушының құқықтары, сондай-ақ қорғау куәларының тізімін сотқа ұсыну қажеттігі түсiндiрiліп, поштамен не басқа байланыс құралдары пайдаланыла отырып жiберiледi. Судья кәмелетке толмағандар мен олардың өкілдеріне олардың істі соттылығы бойынша аудандық және оған теңестірілген сотқа беру туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын түсіндіруге міндетті. Судья тараптарға татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу мүмкiндiгiн түсiндiруге мiндеттi.Еге татуласу жүргізілмесе,сот отырысында қарау тағайындалады.

Қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғаны туралы шағым берген жәбiрленушi, өзге де тұлға онда көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары және айыпталушының кiнәлiлiгi сотта қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкiн екендiгiн көрсетуге тиіс. Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер iс қаралғанға дейiн судьяға өз мүдделерінің қорғалуы үшiн маңызы бар мән-жайларды қандай адамдардың (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi) куәлiк айғақтарымен, құжаттармен, өзге де дәлелдемелермен анықтауға болатынын өзi немесе өкiлi арқылы хабарлайды.Жекеше айыптаушы, оның өкілі, сотталушы, оның қорғаушысы және өкiлдерi сотқа істі қарау басталғанға дейін және оны қарау барысында іс үшін маңызы бар нәрселерді, құжаттарды ұсынуға, өздерінен сот отырысында жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.

Сот талқылауы шағымның сотқа келіп түскен кезінен бастап он бес тәулiктен кешiктiрiлмей басталуға, бірақ сотталушы өзінің құқықтары түсiндiрiлген шағымның көшiрмесiн алған кезден бастап үш тәулiктен ерте басталмауға тиiс.

Жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарау қарсы шағымды қараумен қоса бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлуi мүмкiн. Бiрiктiруге сот тергеуi басталғанға дейiн судьяның қаулысы бойынша жол берiледi.

Сот талқылауына жекеше айыптаушы мен сотталушы жеке өзі қатысуға немесе онда өз өкiлдерiнiң өкiлдiк етуiне құқылы. Сот тергеуi жекеше айыптаушының немесе оның өкiлiнiң шағымды баяндауынан басталады. Жекеше айыптау iсi бойынша қарсы шағымды бiр мезгiлде қарау кезiнде, оның дәлелдерi негiзгi шағымның дәлелдерi баяндалғаннан кейiн, дәл сол ретпен баяндалады. Айыптаушы дәлелдемелерiн ұсынады, ол оларды зерттеуге қатысуға, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сотталушыға қылмыстық заңды қолдану және оған жаза тағайындау туралы, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн айтуға құқылы. Айыптаушы сот отырысында, егер бұл сотталушының жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғалуға деген құқығын бұзбайтын болса, айыптауды өзгерте алады, сондай-ақ айыптаудан бас тартуға құқылы.

Соттың жекеше айыптау iсi бойынша шешiмiне тараптар осы Кодексте көзделген тәртiп пен мерзiмде жалпы негiздерде шағым жасай алады.

Жекеше айыптау iсін жүргізу Кодексте көзделген мән-жайлар бар болған кезде, сондай-ақ жәбiрлеушiнiң не айыпталушының жақын туыстары iстi қарауды талап еткеннен басқа жағдайларда, жекеше айыптаушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылуға жатады.

21. Қылмыстық істер бойынша мерзімдерді есептеудің кезінде қолданылатын ережелерді баяндаңыз.

Қылмыстық процестік кодексте белгiленген мерзiмдер сағаттармен, тәулiктермен, айлармен, жылдармен есептеледi.

Мерзiмдердi есептеу кезiнде мерзiмнiң өтуi басталатын сағат пен тәулiк есепке алынбайды. Бұл қағиданың ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезiндегi мерзiмдердi есептеуге қатысы жоқ. Мерзiмдi есептеу кезiнде оған жұмыстан тыс уақыт та кiредi.

Тәуліктермен есептелетін мерзім оның соңғы тәуліктерінің жиырма төрт сағатында бітеді. Айлармен есептелетін мерзім оның соңғы айының тиісті айы мен күнінде бітеді. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Жылдармен есептелетін мерзім оның соңғы жылының тиісті айы мен күнінде бітеді. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні жоқ айға тура келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Ұстап алу, күзетпен, ұстау, үйқамақ және медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу кезіндегі мерзімдерді есептеу жағдайларын қоспағанда, мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келсе, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі.

Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдiк бойынша ұстап алған кезде мерзiм осы шара нақты қолданылған кезден (минутына дейін дәлдікпен сағаттан) бастап есептеледi. Күзетпен ұстау, үйқамақ, сондай-ақ медициналық мекемеде немесе ерекше режиммен ұстайтын білім беру ұйымында болу мерзімдерін есептеу кезінде мерзімнің бірінші тәулігі мерзімге қосылады.

Егер шағым, өтiнiшхат немесе өзге де құжат мерзiм аяқталғанға дейiн поштаға тапсырылса, оны қабылдауға уәкiлеттi тұлғаға берiлсе немесе мәлiмделсе, ал күзетпен ұсталатын не медициналық ұйымға орналастырылған адамдар үшiн, егер шағым немесе өзге де құжат күзетпен ұстау орнының немесе медициналық ұйымның әкiмшiлiгiне мерзiм аяқталғанға дейiн тапсырылса, мерзiм өткізіп алынған болып есептелмейді. Шағымды немесе өзге де құжатты поштаға тапсыру уақыты – пошта мөртабаны бойынша, ал оларды қабылдауға уәкiлеттi тұлғаға немесе күзетпен ұстау орнының немесе медициналық ұйымның әкiмшiлiгiне тапсыру уақыты осы ұйымдар кеңсесiнiң немесе лауазымды адамдарының қойған белгiсi бойынша айқындалады.Лауазымды адамдардың белгiленген мерзiмдi сақтауы процестік құжаттардағы тиiсті нұсқаумен расталады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға табыс етілуге жататын құжаттардың алынғандығы олардың iске қоса тiгiлген қолхатымен расталады.Процестік мерзімдер осы ҚП кодексте белгіленген тәртіппен ғана ұзартылады.

22. Апелляциялық шағымдану мен сот шешімдеріне наразылық білдіру ережелері.

Үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасау құқығы сотталған адамға, ақталған адамға, олардың қорғаушыларына, оның ішінде үкім жария етілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушыларға, олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне, жәбірленушіге (жекеше айыптаушыға), олардың өкілдеріне және заңды өкілдеріне тиесілі. Істі қарауға мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысқан прокурор сот актісін апелляциялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылық келтіре алады. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, облыстардың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар және олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар істі қарауға қатысқан-қатыспағанына қарамастан, өз құзыреті шегінде үкімді қайта қарау туралы наразылық енгізе алады.Егер соттың қаулысы осы істің тараптары болып табылмайтын тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты болса, олар да қаулыға шағым жасауға құқылы.

Бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулылардан басқа, сот талқылауы барысында қолданылған адамдар мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қысым келтіретін заңдардың қолданылуы мәселелері бойынша шығарылған қаулылар, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіп сақтауға қатысты қаулылар осы тараудың қағидалары бойынша қайта қаралуға жатпайды. Жоғарыда көрсетілген қаулыларға қарсылықтар үкімге келтірілген апелляциялық шағымдарда, наразылықтарда баяндалуы мүмкін.

Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы шығарған сот арқылы келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.

Апелляциялық (жекеше) шағымдар, наразылықтар үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiлуi мүмкiн, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етiлген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.

Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, наразылық үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған ретте осы негіздер көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымдарды, наразылықтарды бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.

Апелляциялық шағымда, наразылықта:

1) шағым, наразылық жіберіліп отырған тиісті апелляциялық сатыдағы соттың атауы;

2) шағым берген немесе наразылық келтірген тұлғаның процестік жағдайы, тұрғылықты жері, байланыс құралдарының нөмірлері көрсетіле отырып, ол туралы деректер;

3) шағым, наразылық беріліп отырған үкім немесе қаулы және осы шешімді шығарған соттың атауы;

4) үкімнің, қаулының қай бөлігінде немесе оларға толық көлемінде шағым, наразылық беріліп отырғанын көрсету;

5) шағым, наразылық берген тұлғаның өз пікірі бойынша соттың үкімінің, қаулысының дұрыс еместігі неде екендігі, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде немесе істі қарау кезінде заңның қандай нормалары бұзылғаны және мұның ол бойынша шешім қабылдауға әсер еткені туралы дәлелдері және оның өтінуінің мәні;

6) шағымның, наразылықтың авторы өз талаптарын негіздейтін, оның ішінде бірінші сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер;

7) шағымға, наразылыққа қоса берілген материалдардың тізбесі;

8) шағым, наразылық берілген күн және шағым, наразылық авторының қолы болуға тиіс.

23. Қылмыстық процеске қатысушы органдар мен олардың лауазымды адамдарының (сот, сот төрағасы, прокурор, тергеуші) өкілеттіктерін анықтаңыз.

Сот билігінің органы ретіндегі соттың өкілеттіктері заңда айқындалады.Олар:

1) адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тануға және оған жаза тағайындауға;

2) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын не мәжбүрлеп тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануға;

3) төмен тұрған сот қабылдаған шешімнің күшін жоюға немесе оны өзгертуге;

4) сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға;

5) тергеушінің, анықтаушының, анықтау органының, прокурордың күдіктіге, айыпталушыға қатысты күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ түрінде таңдаған бұлтартпау шарасын санкциялауға және олардың мерзімдерін ұзартуға;

6) күдіктіге, айыпталушыға қатысты лауазымынан уақытша шеттету және жақындауға тыйым салу түрінде процестік мәжбүрлеу шараларын санкциялауға;

7) күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға;

8) мәйітті эксгумациялауды санкциялауға, халықаралық іздестіру жариялауға, мүлікке тыйым салуға, қарап-тексеруге, тінтуге, алуға және жеке тінтуге құқықты.

Қылмыстық iстi судьялар алқасының құрамында қараған кезде соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы не заңда көзделген тәртiппен осыған уәкiлеттiк берiлген судьялардың бiреуi төрағалық етедi.Iстi жеке-дара қарап жатқан судья төрағалық етушi болып есептеледі.Төрағалық етушi сот отырысының барысына басшылық етедi, қылмыстық iстiң әдiл қаралуын қамтамасыз ету және осы Кодекстiң басқа да талаптарының, сондай-ақ сот отырысына қатысушы барлық тұлғалардың тиісті мінез-құлқының сақталуы үшін барлық шараларды қолданады.

Сот отырысына төрағалық етушiнiң өкiмдерi процестің барлық қатысушылары және сот залында қатысып отырған өзге де тұлғалар үшiн мiндеттi.

Прокурор – өз құзыретi шегiнде жедел-iздестiру қызметiнің, анықтаудың, тергеудiң және сот шешiмдерiнiң, қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам. Соттың қылмыстық iстi қарауына қатысатын прокурор айыптауды қолдау арқылы мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi және мемлекеттiк айыптаушы болып табылады.Прокурор күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе олардың әрекеттері үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын тұлғаға:

1) өзiнiң дәрменсiз күйіне, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға тәуелдi болуына немесе өзге де себептер бойынша талап қою және оны қорғау құқығын өз бетiнше пайдалануға қабiлетсіз жәбiрленушiнiң;

2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғап талап қоюға құқылы.

Прокурор өз қаулысымен істерді өзінің іс жүргізуіне қабылдауға және бұл ретте тергеуші өкілеттіктерін пайдалана отырып, тергеп-тексеруді жеке өзі жүргізуге құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды осыған уәкілеттік берілген прокурор жүзеге асырады.

Тергеушi – қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексерудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыруға уәкiлеттi лауазымды адам: iшкi iстер органдарының тергеушiсi, ұлттық қауiпсiздiк органдарының тергеушiсi, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі және экономикалық тергеу қызметінің тергеушiсi, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда – прокурор.

Тергеушi өз қаулысымен істі өзінің іс жүргізуіне қабылдап, ол бойынша алдын ала тергеуді жүзеге асыруға және осы Кодексте көзделген барлық тергеу әрекеттерін орындауға құқылы. Тергеуші істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеу үшін барлық шараларды қолдануға, адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын көрсететін оған қатысты жеткілікті дәлелдер жиналған адамды күдіктінің іс-әрекетін саралау, осы Кодекске сәйкес оған бұлтартпау шараларын таңдау, қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайлары баяндалған, жинақталған дәлелдер сипатталған айыптау актісін жасау арқылы қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға міндетті. Үкімнің азаматтық талап қою, басқа да мүліктік өндіріп алулар немесе мүлікті ықтимал тәркілеу бөлігінде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында тергеуші күдіктінің немесе оның әрекеттері үшін заң бойынша материалдық жауаптылықта болатын тұлғалардың мүлкін анықтау үшін шаралар қолдануға міндетті. Қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеру жүргізген кезде тергеуші қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған, басқа тұлғалардың меншігіне берілген мүлікті анықтау үшін де шаралар қолдануға міндетті. Тергеушi анықтау органдарының кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерiн орындауын күтпей-ақ, кез келген сәтте өз қаулысымен iсті өзінің іс жүргiзуіне қабылдауға және оны тергеп-тексеруге кiрiсуге құқылы.

24. Апелляциялық сатыдағы сот қызметімен үкімді өзгерту немесе жою негіздерінің жалпы сипаттамасын беріңіз.

1) сот тергеуiнiң бiржақтылығы және толық еместiгi; iстiң дұрыс шешiлуi үшiн елеулi мәнi болуы мүмкiн мән-жайларды ашылмаған күйi қалдырған сот тергеуi бiржақты немесе толық емес жүргізілген болып танылады. Айғақтарының iс үшiн елеулi мәнi бар адамдардан іс бойынша жауап алынбаған немесе заң бойынша жүргiзiлуi мiндеттi болып табылатын сараптама жүргiзiлмеген, сол сияқты елеулi маңызы бар құжаттар немесе заттай дәлелдемелер талап етіп алынбаған барлық жағдайда да сот тергеуi толық емес деп танылады.

2) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінің iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi;

Егер:

а) соттың түйіндері сот отырысында қаралған дәлелдемелермен расталмаса;

ә) сот өз түйіндеріне айтарлықтай әсер ете алатын мән-жайларды ескермесе;

б) соттың түйіндері үшiн елеулi мәнi бар қарама-қайшы дәлелдемелер болса, ал үкiмде, қаулыда соттың қандай негiздер бойынша бұл дәлелдемелердiң бiреуін қабылдап, басқаларын қабылдамай тастағаны көрсетiлмесе;

в) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінде елеулі қайшылықтар болып, олар iстiң шешiлуiне, оның iшiнде сотталған адамның, ақталған адамның кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi туралы мәселенi соттың шешуiне, қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығына немесе жазалау шараларын анықтауға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн болса, үкiм, қаулы iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмейдi деп танылады.

3) қылмыстық-процестік заңның елеулі түрде бұзылуы; сотқа дейінгі іс жүргізу барысында немесе істі сотта қарау кезінде жол берілген осы Кодекстiң қағидаттары мен өзге де жалпы ережелерін бұзушылықтар, сондай-ақ iске қатысатын адамдарды заңда кепілдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе олардың құқықтарына қысым көрсету, сот iсiн жүргiзу рәсiмдерін сақтамау немесе iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзгедей жолмен кедергi келтірген, сот төрелігінің үкімін немесе соттың өзге де шешімдерін шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін өзге де заң бұзушылықтар қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу болып танылады.

4) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Жалпы бөлiгiнің талаптарын бұзу;

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататынынан басқа бабын, бабының бөлiгiн, бабы бөлiгiнің тармағын қолдану;

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң осы бабындағы санкцияда көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза тағайындау қылмыстық заңды дұрыс қолданбау болып табылады.

5) жазаның қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуi бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге негiз болып табылады.

Жаза тағайындаудың жалпы бастаулары есепке алынбай тағайындалған және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабының санкциясында көзделген шектерден шықпаса да, бірақ өзінің түрі мен мөлшері жағынан шектен тыс жеңілдігі немесе шектен тыс қатаңдығы салдарынан әділетсіз болып табылатын жаза қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейді деп танылады.

25. Қылмыстық іс бойынша үкім шығару барысында сотпен шешілетін мәселелерді анықтаңыз және оларды гуманизм қағидасымен байланыстырыңыз.

Сот үкiм шығару кезiнде кеңесу бөлмесiнде мынадай мәселелердi:

1) жасалуына сотталушы айыпталып отырған іс-әрекеттiң орын алғаны дәлелденген-дәлелденбегенін;

2) бұл іс-әрекеттің қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын-табылмайтынын және ол нақ қайсы қылмыстық заңда көзделгенін (бап, бөлiк, тармақ);

3) сотталушының осы іс-әрекеттi жасағаны дәлелденгенін-дәлелденбегенін;

4) сотталушының осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кiнәлi-кінәсіз екендігін;

5) оның жауаптылығы мен жазасын жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлардың бар-жоғын;

6) сотталушының өзі жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жазалануға жататынын-жатпайтынын;

7) сотталушыға қандай жаза тағайындалуға тиiстігін;

8) жаза тағайындамай үкiм шығару немесе жазадан босату не қылмыстық жазаны өтеудi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74 және 76-баптарында көзделген жағдайларда кейiнге қалдыруға негiздердің бар-жоғын;

9) бас бостандығынан айыруға сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қандай түрi мен режимiнде жазасын өтеуге тиiс екенін;

10) азаматтық талап қоюдың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын, оның кiмнiң пайдасына және қандай мөлшерде қанағаттандырылатынын;

11) азаматтық талап қоюды немесе ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүлiктi не iстеу керектігін;

12) заттай дәлелдемелерді не iстеу керектігін;

13) процестік шығындар кiмге, қандай мөлшерде жүктелуге тиiстігін;

14) соттың сотталушыны құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан, мемлекеттiк наградаларынан айыруға (айыру туралы Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыну енгiзуге) тиiстігін-тиісті еместігін;

15) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 91-бабында көзделген жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы;

16) қылмысты жасауға ықпал ететiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы;

17) сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы;

18) алдыңғы үкiм бойынша шартты сотталудың күшiн жою немесе оны сақтау туралы;

19) алдыңғы үкім бойынша кепілгерлікті белгілей отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатудың күшін жою туралы шешеді.

Соттың әрекеттері ізгілік қағидасын басшылыққа ала отырып жүзеге асады. Ізгілік қағидасы. Ізгілік қағидасы жүзеге асырылуы, ең алдымен, қылмыстық заң арқылы азаматтардың жеке басын, олардың өмірін, денсаулығын, құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау арқылы көрініс табады.

Адам мен азаматтың жеке басы, олардың құқықтары мен бостандықтары қылмыстық құқық қорғайтын нысандардың ең алғашқыларының бірі ретінде көрсетілген. Қылмыстық заң әрбір азаматқа қажет болған жағдайда қорғануға құқық береді, іс-әрекеттің қылмыстылығын жоятын мұндай мән-жайлар қылмыс болып саналмайды. Қылмыстық заңның бұл нормасы әрбір азаматтың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, өзінің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, мүддесін батыл қорғауға тікелей жағдай туғызады.

Наши рекомендации