Пациенттердің құқықтары мен міндеттері

Бап. Пациенттердің құқықтары

1. 65-бапта көрсетілген құқықтардан басқа, пациент мынадай:
1) диагностика, емдеу және күту процестерінде өзіне құрмет көрсетілуіне, өзінің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетілуіне;
2) әлде бір кемсітушілік факторларының әсерінсіз, тек қана медициналық өлшемдер негізінде айқындалатын кезекте медициналық көмек көрсетілуіне;
3) дәрігерді немесе медициналық қызмет көрсетушіні, оның ішінде және медициналық ұйымды таңдауға әрі ауыстыруға;
4) отбасының, туыстары мен достарының, сондай-ақ діни бірлестіктер қызметшілерінің қолдауын алуға;
5) қазіргі медициналық технологиялар мүмкіндік беретін шамада дерт азабының жеңілдетілуіне;
6) тәуелсіз пікір естуге әрі медициналық консилиум өткізуге;
7) заңнамада және медициналық қызмет көрсету туралы шартта көзделген өзге де құқықтарға ие.
2. Пациент өз құқықтары мен міндеттері, көрсетілетін қызметтер, ақылы қызметтер құны, сондай-ақ олардың ұсынылу тәртібі туралы ақпарат алуға құқылы. Пациент құқықтары туралы ақпарат медициналық ұйымдардың көрнекі үгіт орналасатын жерлерінде орналастырылуы тиіс.
Медициналық ұйымға келген кезде пациентке оған медициналық қызмет көрсететін адамдардың аты-жөні мен кәсіптік мәртебесі туралы, сондай-ак медициналық ұйымның ішкі тәртібінің ережелері туралы мәліметтер берілуі тиіс.
3. Медициналық көмек хабардар етілген пациенттің ерікті түрде келісімі алынғаннан кейін көрсетілуі тиіс.
4. Медициналық көмек алу кезінде пациент ұсынылатын және баламалы емдеу әдістерінің ықтимал қатері мен артықшылықтары туралы деректерді, емделуден бас тартудың ықтимал салдарлары туралы мәліметтер, пациентке түсінікті түрде диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпарат, сондай-ақ оның ауруханадан шығарылуы немесе басқа медициналық ұйымға ауыстырылуы сияқты өз денсаулығының жай-күйі туралы толық ақпарат алуға құқылы.
5. Егер медициналық құжаттарда үшінші тараптың мүддесі қозғалмаса, пациенттің талабы бойынша оған өз денсаулығының жай- күйін көрсететін медициналық құжаттардың көшірмелері беріледі.
6. Өз денсаулығы туралы ақпаратты оған хабарлау қажет адамды пациент тағайындай алады. Пациенттің ақпарат алудан бас тартуы жазбаша ресімделеді және медициналық құжаттамада қамтылады.
7. Егер медициналық ақпараттың берілуі пациентке пайда келтірмейді, елеулі зиян тигізеді деуге кесімді негіз болған жағдайда ақпарат пациенттен жасырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы ақпарат пациенттің жұбайына (зайыбына), оның жақын туыстарына немесе заңды өклідеріне хабарланады.
8. Медициналық білім беру ұйымдарының клиникалық базалары жағдайында медициналық көмек алатын пациенттер оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ оқу-диагностика рәсімдері өткізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқылы.
9. Пациент құқықтарын қорғауды денсаулық сақтау органдары, ұйымдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.
10. Ажал төнген адам оған ізгілік көрсетілуіне және өлімді лайықты қарсы алуға құқылы.

Бап. Пациенттердің міндеттері

Осы Кодекстің 67-бабында көрсетілген міндеттерден басқа, Пациент:
1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қабылдауға;
2) медицина қызметкерлерімен қатынаста сыйластық пен сабырлылық көрсетуге;
3) медициналық араласуға келісім бергеннен кейін диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты дәрігерге хабарлауға, емдеуші дәрігердің барлық нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға;
4) ол жатқан медициналық ұйымның ішкі тәртібінің ережелерін сақтауға, медициналық көмек алу кезінде медициналық персоналмен ынтамақтастық жасауға, денсаулық сақтау ұйымының мүлкін ұқыпты сақтауға;
5) диагностика мен емдеу процесінде өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы, айналасындағы адамдарға қатері бар аурудың орын алуына күдіктенсе немесе ол бар болса, медициналық қызметкерлерді уақтылы хабардар етуге;
6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзуы мүмкін іс-әрекет жасамауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

Наши рекомендации