Бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері

1. Медицина және фармацевтика қызметкерлері:
1) кәсіби қызметін жүзеге асыруға арналған қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілуге;
2) жеке медициналық қызмет (жеке практика) жүргізуге;
3) бес жылда кемінде бір рет мемлекеттік бюджеттің немесе денсаулық сақтау саласының мемлекеттік емес секторы ұйымының қызметкерлері болса, жұмыс берушінің қаражаты есебінен өзінің біліктілік деңгейін көтеруге;
4) штат санының қысқаруына немесе денсаулық сақтау ұйымдарының таратылуына байланысты қызметкерлер босап қалған жағдайда, бюджет немесе жұмыс берушінің қаражаты есебінен қайта даярлықтан өтуге;
5) еңбек міндеттерін атқару кезінде өздерінің денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды өтетуге;
6) азаматтың өміріне қауіп төнген жағдайда ұйымдардың немесе азаматтардың меншігіндегі байланыс құралдарын, сондай-ақ қолда бар көліктің кез келген түрін азаматты таяу жердегі медициналық ұйымға жеткізу үшін кедергісіз және тегін пайдалануға;
7) қызметтік тұрғын үй берілуге;
8) жүріп-түру сипатындағы қызметіне байланысты көлік шығыстарын өтетуге;
9) кәсіби міндеттерін жоғары сапалы деңгейде орындағаны үшін көтермеленуге;
10) өзінің кәсіби ар-ожданы мен абыройын қорғауға;
11) медицина қызметкері тарабынан салақ немесе қырсыз көзқарас болмаған кезде азаматтың денсаулығына келтірілген зиян үшін кәсіби жауапкершілікті сақтандыруға құқылы.
2. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының ғылыми-педагог кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау бюджет қаражаты, жұмыс берушінің қаражаты, өз қаражаты есебінен, сондай-ак Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа көздер есебінен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде және қала үлгісіндегі кенттерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне мынадай әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылады:
1) жергілікті өкілді органдар айқындайтын мөлшерде лауазымдық жалақыға үстеме:
2) коммуналдық қызметтерге және отынға арналған шығыстарды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары белгілеген мөлшерде бюджет қаражаты есебінен өтеу;
3) жеке меншігінде малы барлар жергілікті өкілді және атқарушы органдардың шешімі бойынша жем-шөппен, мал жайылатын және шөп шабылатын жер учаскелерімен қамтамасыз етіледі;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеңілдіктерден басқа, денсаулық сақтау қызметкерлеріне жергілікті бюджеттер есебінен жергілікті өкілді органдар қосымша жеңілдіктер белгілеуі мүмкін.
4. Өздерінің қызметтік және кәсіби міндеттерін атқару кезінде АҚТҚ жұқтырылған материалмен жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің АҚТҚ жұқтыруы кәсіптік ауруға жатады. Осы адамдарға кәсіптік ауруына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы кезінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
Қызметтік міндеттерін атқаруы ЖҚТБ -мен кәсіптік ауруына әкеп соғуы ықтимал медицина қызметкерлері және басқа да қызметкерлер міндетті түрде мемлекеттік сақтандырылуға жатады.
АҚТҚ/ЖҚТБ-мен байланысты профилактикалық, емдеу-диагностикалық және ғылыми-зерттеу жұмысындағы медицина қызметкерлері, қызметшілер және техникалық қызметкерлер алты сағатқа қысқартылған жұмыс күніне, ұзақтығы жиырма төрт күнтізбелік күн қосымша ақылы демалысқа, белгіленген жалақының 60 пайызы мөлшерінде кәсіби зиян тигені үшін қосымша еңбекақыға құқылы.
5. Медицина және фармацевтика қызметкерлері:
1) өздерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындауға, пациенттерге құрметпен әрі ізгілікпен қарауға, медициналық этика және деонтология принциптерін басшылыққа алуға;
2) аурулардың профилактикасына және азаматтардың денсаулығын нығайтуға жәрдемдесуге, медициналық көмек көрсетуге;
3) аса шұғыл жағдайларда халыққа кешеуілдетуге болмайтын медициналық көмек көрсетуге;
4) халық арасында медициналық білімді және салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмысты жүргізуге;
5) медицина қызметкерінің ар-ождан кодексін сақтауға, дәрігерлік құпияны сақтауға, азаматтардың аурулары, ішкі және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;
6) өзінің кәсіби деңгейін үнемі арттырып отыруға;
7) қажет болған жағдайларда консультация алу үшін басқа бейіндегі немесе неғұрлым білігі жоғары мамандарды тартуға міндетті.
6. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, сондай-ақ азаматтардың медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуына тыйым салынады.
7. Медицина және фармацевтика қызметкерлері өздерінің кәсіптік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

Наши рекомендации