Антисептикалық таңба қоюға арналған препараттар
Бұлардың құрамына төмендегі препараттар кіреді: R4, Хлоргексидин биглюконаты, ENDOTINE, құрамына метакрезол ацетаты, парахлорфенол, тимол, эксципиент кірелді. CRESOPһENE, құрамына дексаметазон, формалин, фенол, тимол, эксципиент кіреді, ROCKLES- 8, құрамына дексаметазон, формалин, фенол, гвоякол кіреді. MEPACYL, құрамына дексаметазон, метакрезил, парахлорофенол, камфора кіреді. OSOMOL 4, құрамына гваякол, формальдегид кіреді. ENDOSEPT, құрамына парахлорфенол, камфора, тимол, гидрокортизон, эвгенол кіреді. IODO-GLYCERIN, CAMPҺOR-PҺENOL, CAMPҺOR-PҺENOL-MENTOL-TҺIMOL, құрамына аталған антисептиктер кіреді, Жидкость для антисептической обработки каналов, құрамына тимол, камфора, этанол, дексаметазон кіреді. Крезодент-жидкость, құрамына камфора, тимол кіреді.
Периодонттың жедел қабынуын жалқықтану сатысын емдеу. Қатты ауыру сезімі болатындықтан, емдеу шараларын сырқат тіс аймағын уақытша жансыздандырудан бастайды. Осыдан кейін тісті аса қозғалмас үшін сол қолдың екі саусағымен мықтап қысып ұстай отырып, тісжегі қуысын мүмкіндігінше егеп-тазалап, сауыт қуысын ашады. Тіс ертеректе пломбыланған болса, тұрақты пломбыны алады. Осы шаралардың бәрін турбиналық ұштықпен жүргізген тиімді. Түбір өзегін ыдырандылардан тазалаған соң, антисептиктермен жуып-өңдейді.
Қабыну үрдісінің немесе жалқықтың бет-жақ аймағының басқа бөлімдеріне ауыспауы үшін түбір инесінің немесе өткіш бұрғының (дрильбор) көмегімен түбір ұшы тесігін кеңейтіп, өзекке шыққан жалқықты құрғақ біліктермен сорып алады ( жалқық периодонт саңылауынан сүйек қабы астына ауыса бастаса, өзекке жалқық шықпауы да да мүмкін). Түбір өзегін жақсылап антисептиктер және ферменттер ертінділерімен жуып тазалаған соң, тіс қуысын ашық қалдырады және мүмкіндігі болса ас қабылдаған кезде мақта анжымен жауып қою туралы кеңес береді (ас түйірлері түсіп, өзек сағасын бітеп қалмау үшін).
Периодонттың жедел қабынуының сүйек қабының (периостың) қабынуымен асқыну белгісі байқалған кезде және түбір өзегінен жалқық шықпаған жағдайда уақытша жансыздандыру әдісінің бірін қолданып (егер тісті егеп-тазалау кезінде жансыздандыру әдісі қолданылмаған болса) сырқат тіс тұсындағы ауыспалы қатпарға ұзындығы 2см-ден кем емес сүйек қабы абсцессі немесе инфильтраты үстінен сүйек тініне жеткізе көлденең тілік жасайды. Бұл кезде тіліктен сарысулы немесе іріңді жалқық шығуы мүмкін. Сонымен қатар сульфаниламидты, десенсибилизациялаушы дәрілер, анальгетиктер, иммундық реактивтілікті жоғарылату үшін витаминдер мен минералдар жиынтығын (поливитамины) тағайындайды. Анаэробты микрофлораға әсер ету үшін бактрим, бисептол, метронидазол тағайындайды.
Егерде организмнің уыттану (интоксикация) белгілері анықталған болса (бас ауруы, дымкәстік, дене қызуының көтерілуі, қан құрамының өзгеруі және б.) антибиотиктермен (метициллин, оксациллин, линкомицин, эритромицин) емдеу курсын тағайындауға болады.
Бұл кезеңде физиотерапиялық емдеу шараларын: ультра жоғары жиілікті (УЖЖ) айнымалы токты (УВЧ), электрмагнитті өрісті, өте жоғары жиілікті айнымалы токты (ӨЖЖ-СВЧ) немесе микротолқынды және б. қолдануға да болады (емдеу курсы 3-5 сеанс). Периодонттың жедел қабынуының уыттану сатысын емдеуді бір түбірлі тістерде 2-3 күннен кейін, жалқықтану сатысын 5-7 күннен кейін екінші қабылдауда аяқтайды. Ешқандай ауыру сезімі мазаламаса, өзекте жалқық болмаған жағдайда, қағып тексергенде тіс ауырмаса, тіс төңірегіндегі қызылиек қалыпты түсті,сипап байқағанда ауырмайтын болса, уақытша пломбы алынған соң екі жағдайда да түбір өзегін ұсақ аспаптармен және дәрілермен өңдейді. Кептірілген түбір өзегін қатаятын немесе қатты пломбылық материалдармен өзектің физиологиялық тесігі деңгейіне дейін, ары кетсе түбірұшы тесігіне дейін пломбылайды және тіске тұрақты пломбы қояды.
Егер түбір өзегін пломбылағаннан кейін ауыру сезімі мазалайтын болса, физиотерапиялық емдеу шараларын (УЖЖ, ЖЖЖ айнымалы ток, флюктуоризациялау, лазер сәулесі) қолданады, қажет болса ауыспалы қатпарға кең және терең тілік жасайды.
Мүмкін болатын асқынудың алдын алу үшін кейде ауыспалы қатпарға емделген тіс түбір ұшы проекциясы деңгейіне гидрокортизон (0,2-0,5 мл) енгізуге болады.
Көптүбірлі тістердегі периодонттың жедел қабынуын емдеу кезіндегі қабылдау саны түбір өзектерін өту мүмкіндігіне байланысты. Егер жедел қабыну белгілері басылғаннан кейін 2-3 қабылдауда барлық түбір өзектері жақсы өтілген және өңделген жағдайда, сырқат тіс соңғы қабылдауда пломбыланады. Егер кейбір өзектерді кеңейту және өту мүмкіндігі болмаса, өтетін өзектерді пломбылағаннан кейін өтпейтін өзектерде электрофорездеу немесе депофорездеу әдістерін жүргізеді. Қажет болса, кешенді емдеу немесе консервативтік-хирургиялық әдістерді (түбірді ампутациялау, гемисекциялау) қолдануға да болады.