Жалпы Әдістемелік нҰсҚаулар

КІРІСПЕ

Бұл жұмыста бес зертханалық жұмысты жүргізуге нұсқаулар берілген. Зертханалық жұмыстардың көмегімен студенттердің теориялық білімдерін тереңдете түсуге, тәжірибелік жолмен теориялық негіздерді тексеруге, тәжірибелік қондырғылармен және өлшеу аспаптармен танысуға, практика кезінде зерттеу тәсілдерін меңгеруге, алған білімдерін одан ары жетілдіруге болады. Келтірілген зертханалық жұмыстарды орындау студенттерге пәннің техникалық термодинамика мен жылу алмастыру бөлімдері бойынша алған теориялық білімдерін тереңдетіп, заттың термодинамикалық қасиеттерін, күй параметрлерін және жылу берілістің көрсеткіштерін зерттеу бойынша тәжірибе негіздерін үйретеді. Тәжірибелік құралдар мен аппараттарды тиімді пайдалану, болашақ мамандардан келешектегі жұмыстарында кездесетін жылу процестері бойынша терең және тұжырымды білім алуын талап етеді.

Сондықтан да зертханалық сабаққа ғылыми қызығушылық пен қарап, оқу графигін сақтай отырып, алдарына ізденіс сұрақтарын қою керек.

Әр зертханалық жұмысты орындауда оған дайындық пен бақылау қарастырылған. Осыған орай студент ұсынылған оқу құралдары [1-11] және әдістемелік нұсқаулардың мазмұнымен танысуы керек.

Зертханалық жұмыстарды орындаудағы бұл әдістемелік нұсқаулар бірыңғай сұлбабойынша құрастырылған және олардың құрамында: жұмыстың мақсаты; тапсырма; қысқаша теориялық бөлім; жұмысты істеу әдістемесі және тәжірибелік қондырғыларды бейнелеу; тәжірибені жүргізу тәртібі мен өлшенген нәтижелерді өңдеу; өлшенген шамалардың қателіктерін анықтау және бақылау сұрақтары келтірілген.

Бұл методикалық нұсқауды профессор Қ.Т. Төлеуов пен доцент С.А. Әбдікәрімовтар қайта өңдеп толықтырып жасады.

ЖАЛПЫ ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛАР

Бірінші зертханалық сабақта студенттер зертханалық жұмысымен түгел танысып, тәжірибелік қондырғыларды пайдалану тәртібін оқып үйренеді және техника қауіпсіздік туралы нұсқаулар алуы тиіс. Студенттер зертханадағы ішкі тәртіп пен техникалық ережелерді қатал сақтауы керек. Зертханалық жұмыстар жасау алдын-ала дайындықты қажет етеді. Оқытушыдан зертханалық жұмысты орындауға тапсырма алған соң, әрбір студент осы әдістемелік нұсқауда жазылған жұмыстың түсініктемесімен танысуы керек. Ол үшін әрбір студент зертханалық жұмысты бастағанға дейін 10-15 минут аралығында жұмыстың мақсатын, тапсырманы, теориялық түсініктемелердегі теориялық негіздерді есептеуге қажетті формулаларды, қондырғының сұлбасын, жұмыстың әдістемесі мен тәжірибе нәтижесін өңдеу тәсілін біліп, коллоквиум тапсыру қажет. Сонымен қатар, ұсынылған оқу әдебиеттерін [1-11] окып, осы жинақ бойынша зертханалық жұмысты жасау әдістемесін меңгеруі керек; істелетін жұмыс бойынша керекті кесте материалдарын дайындау керек. Берілген аудиториялық уақыт ішінде студент жұмысты жүргізуге рұқсат алып, тәжірибе жасап және оның нәтижесін оқытушымен бірге қорытындылап, істелген зертханалық жұмысты жазбаша түрде дайындап (хаттама түрінде безендіріп) оны келесі жасалатын жұмысқа дейін қорғайды. Жазбаша түрде қағаздың бір бетіне пішімі А4 (210х297) бойынша даярлайды және бірінші (титулдық) беті СТ ЖМК 38944979-09-2009 бойынша (қосымша В). Есептелінген жұмыстың қорытындысына мыналар кіреді:

1) зертханалық жұмыстың мақсаты мен тапсырмасы;

2) теория мен тәжірибені ескере отырып, жұмыстың қысқаша теориялық түсініктемелерін беру;

3) оқытушының қолы қойылған тәжірибе хаттамасы;

4) жұмыстың кестелік, графикалық және сандық көрсеткіштері;

5) тәжірибелік қондырғының принципиялдық сұлбасы пайдаланылған өлшеуші жабдықтардың сипаттамаларын көрсету;

6) анықталған мәндердің қатесі және қорытындысы;

7) пайдаланылған әдебиет тізімі.

Есептелген нәтижелердің өңделген мәндері, СИ жүйесі түрінде болуы қажет.

Зертханалық жұмысты қорғауға негізгі теориялық жағдайлар, әдістеме, тәжірибелік зерттеудің тәртібі, нәтижелері және жұмыс бойынша қорытынды сұрақтар қарастырылған. Сонымен бірге, әрбір студент зертханалық жұмыстарды қорғаған кезде келтірілген барлық бақылау сұрақтарына жауап беруі қажет. Зертханалық жұмыстар, графиктер, кестелер, суреттер, диаграммалар, т.б. мемлекеттік стандарт немесе мекеменің ҚазҰТУ-дың СТ ЖМК 38944979-09-2009 стандарты бойынша безендіріледі.

Стандарт бойынша және нәтижелері дұрыс жасалмаған зертханалық жұмыстарды оқытушы есепке алмайды, онда студент кезектен тыс уақытта келіп жұмысты қайта жасауға, қорғауға болады.

Емтиханға осы оқылатын пән бойынша керекті өткен жұмыстарды толық және қорғаған студенттер ғана жіберіледі.

Наши рекомендации