Хх ҒасырдаҒы ҚазаҚ эстетикасындаҒы Үрдістер
ХХ ғасырда қазақ көркемөнер мәдениеті өз өрістеуінде номадтық негізде дамыған өнер түрлерінен қазіргі постмодерндік көркемдік тәсілдің көптеген түрлеріне ауыса алды. Соңғы жылдары бүкіл әлемді қамтып алған жаһанданудың «тегістеуші» үрдістеріне қарамай, қазақ көркемөнері өзінің дәстүрлі әсемдік формаларынан ажырап қалмады. Осының бір себебі көшпелілік өмір салтында қалыптасқан дәстүрлі қазақ өнерінің эстетикалық қуаттылығында тұр...
Еуразияның ең орталығын тұрғындаған, көшпелілер, ол сол уақытта Шығыс пен Батыстың мәдени формаларының синтезі болып табылатын, айрықша өмір салты мен дүниені игерудің көркем тәсілдерін қалыптастырды. Қазақ халқының ұлттық ділі мен дүние түйсінуі адам және әлем тұтастығымен, қоршаған ортаға үйлесімді болумен және сол мезгілде оған рационалды қатынаста басқа мәдениеттер мен этностарға төзімділік танытуымен ерекшеленеді.
Нағыз көшпелінің ұрпағы, О. Сүлейменов үшін «Шығыс та жоқ, Батыс та жоқ, тек Күннің атуы мен батуы бар» Жер бетінде көшпелі өзін тәуелсіз және шексіз құдіретті сезінді:
Бұлұт болған айды ашқан
Мұнар болған күнді ашқан
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып дінді ашқан
Сүйініш ұлы Қазтуған!!![333]
Қазақ көркем мәдениетінің бастауларын және құндылық негіздерін мыңжылдықтар қойнауынан іздеу керек. Басқа да алғашқы мәдениеттердегі сияқты көшпелілердің эстетикалық сезімдері табиғат арасында қалыптасты және өздерінің өмір с лтына тәуелді құндылық бағдарларымен синкреттік бірлікте болды. Философ С. Ақатай атап өткендей, көшпелінің еңбекке эстетикалық қатынасы оның әрекет өнімдерінде, жасалған нәрселердің әсемдігінде бекітіліп отырды, осының күшімен олар тек материалды мұқтаждықтарды өтеп қоймай, адамға қуаныш, эстетикалық сүйсіну әкелді. Заттардың әдемілігі оның адамдық өлшеміне айналып, еңбектің өзінде ләззат табуға болатын еді[334].
Сол немесе басқа құбылыстың, нәрсенің, заттың эстетикалық құндылығы олардың утилитарлық-практикалық маңыздылығымен тарихи себептелген. Көшпелі сарайларды салған жоқ, бірақ ол киіз үйді ойлап тапты. Ол сәулетімен де, инженерлік құрастырылуы, тұтынушылық қасиеттері жағынан да әбден жетілген. Өз кезегінде киіз үйді пайдалану қой жүнінен жасалған сырмақ, алаша сияқты бұйымдарды дүниеге әкелді. Олар терең эстетикалық сезімдерді туындатты...
Қазақ адамы отбасымен, румен, тайпамен тығыз байланыста болды. Бүкіл мейрамдар ортақ болды және барлық адамдардың көз алдында өтті. Осындай бірлесудің айшықты көріністеріне «Наурыз», «Шілдехана», «Той», «Тұсау кесу», «Ас» және т.б. жатады. «Жалғыздың шаңы шықпас» деген мақалдағыдай, бірліктің маңыздылығы ерекше аталып өтті. Қазақ эстетикасы қазақ этикасымен тұтасып келеді.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі әлемдік рәміздер дәстүрлі дүниетанымдағы құндылықтарға иек артады. Қазақтың ауызекі көркем мәдениеті түрлі көркем формаларға және өзінің бай тарихына ие. О. Сүлейменов осы жөнінде мынадай ойын ұсынады: «Өткен және болашақ қарсы айна тәрізді бірі-бірінен тәуелді. Тамырсыз ағаш – оған қатты сөйлегіштер не жарық таратушылар іліп қоюға ғана болатын, кепкен діңгек пен ондағы жемістер сияқты. Оны отынға кесе салуға да болады. Ешқандай өкінішсіз, кел келген халықты өткенің жоқ деп сендіре сал - сосын отынға жібер. Қаншама тамырлары кеуіп қалған ағаштарды біз өзіміздің сиреуші орманымызда көре аламыз»[335].
Қазақтың көркем мәдениеті құндылықтары сөз өнерінде сақталады және өркендейді. Дәстүрлі мәдениеттегі қазақ үшін ең құндысы – бұл сөз әсемдігі. Сөз мағынасы қашанда қазақтарды баурап алады, олар оның күшіне сенеді, оның айқын дәлеліне мынадай мақалдар жатады: «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Сай сүйегімді сырқыратып, сөз айттың». Өйткені сөз адам жанының ең тылсым қабаттарына жетеді, оның барлық пернелерін тербелтеді. «Мен барған сайын, - дейді О. Сүлейменов, - егер тірі материяда өлмейтін бірдеме бір болса, онда оның адам сөзі екендігіне сенімді бола беремін. Ол шаңырақ сияқты түсіп қалмайды және қайта жаңғырмайды. Ал жай ғана өмір сүреді, қартаяды, ескіленеді, біз әзірше тірі болғанша, мәңгі өмір сүреді»[336].
Өмір салты ерекшелігімен сол ауызекі халық поэзиясында қалыптасқан, қоршаған дүниені қабылдау және түсіндіру дәстүрінде табиғат құбылыстарын, адамның жай-күйін, өмірлік коллизияларын суреттеудің айрықша көрсеткіштері әрекет етеді. Бұл – түстің, дыбыстың, өсімдіктер мен жануарлардың, адамдардың белгілі бір рәміздік әлемі, яғни ол тек бұл халыққа тән, оның «сәбилік шағынан» ілесіп келе жатқан, көркем шығармалыққа келе туындаған, «поэтикалық әлем». Мысалы, «дархан дала», «кең дала», «сарыарқа» сияқты эпитеттер тек шектелмеген, мұхит сияқты көкжиексіз кеңістікте өмір сүретін халықтарда пайда бола алады. Қазақ поэзиясында даланың кеңдігі, таулардың биіктігі, өзендердің шуы, күн сәулесі, арғымақтардың шабысы, қойшының әні, яғни бүкіл атамекені суреттеледі. Тіпті адамның өзін бейнелеуде табиғаттан алынған суреттемелер қолданылады: «аққудай, айдын шалқар көлдей, тал шыбықтай, сүйріктей, нар бурадай, жібектей, еліктің лағындай, ботадай» және т.б.
Егер орыстың «ақ қайыңдайы» - пәктікті, нәзіктіктікті т.т. рәміздесе, онда қазақтарда осындай функцияны «тал шыбықтайы» атқарады. Тіпті қалада тұратын қазақ «нар жігіт» дегенде тек дене күшін емес, ол бірінші кезекте рухтың қуаттылығы, батырлық, кез келген жағдайда арқа сүйеуге болатын адам туралы айтылып тұрғанын сезеді.
Қазақтардың түсінігінде «ботакөз» - сұлулықтың, тазалықтың, мейірімділіктің рәмізі. Отырықшы кейбір халықтар бұл метафораның мәнісін түсінбей, өзіне тек үлкен, дөңгелек, қара, бірақ әдемі емес көзді елестетеді. Егер «қасқыр-жігіт» дегенде әлдекімдер қанішерлік, зұлымдық, қатігездік сияқты теріс бағалауларға барса, онда қазақта – бұл ерліктің, тәуекелшіліктің, жанқиярлықтың, табандылықтың рәмізі.
Оған биік ақыл, ізгі жүрек, пәк-тазалық, қайтпайтын қайрат, елжандылық тән адам бейнесі «намыс» ұғымының төңірегінде түйінделеді, адамға абырой әкеледі және қазақ эстетикасында орталық орын алады. Мұны мына мақалдар дәлелдей түседі: «екі жақсы қосылса, айрылуға қиыспайды, екі жаман қосылса, кең дүниеге сиыспайды», «Жақсының жүрген жері кент, жаманның жүрген жері өрт», «Жорға жүрісімен пұл болады, жаман жүрісімен құл болады».
Көшпелі қазақтың санасында «күн» атқа табынумен бірегейленеді, оның басты белгілеріне «сәуледей тез таралу» және «ұшқыр жылдамдық» жатады.
Күн – тұлға, оның үстіне қатардағы емес тұлға. Оның қызуы мол және жылдам қозғалады. Ең жүйрік тұлпар аяғын көтергенше, сол сәтте күн айлық жолдан өтіп кетеді. Қазақ жазушысы О. Бөкеев жазғандай: «Таңертең күлімсіреп келген күн, кешке таман ұяла қызарып кетеді. Ол өз жарығын кім жақсы, кім жаманға қарамай, дарқан төгеді. Оның жанының мырзалығы тап осындай еді»[337]. Ал Мағжан Жұмабаевтың бақытсыз кейіпкері – Шолпан да күнмен бірге кетеді. «Күнмен таласа Шолпан да өмірмен қоштасты»[338].
Қазақтың арғы тегі, көшпелінің эстетикалық құндылықтары адам аттарында жиі білдіреледі. Олардың арасында «ай» және «гүл» тіркестері жиі кездеседі. Ай көшпелінің тұрақты серігі, оның түнгі қозғалыстарындағы бағдары болды, эстетикалық мағыналылықты иеленді. Ай әсемдіктің, сұлулықтың, пәктіктің, нәзіктіктің рәмізі болып табылады. «Жалғыз қызы Гүлбаршын – он бес күндік айдай», - делінеді «Алпамыс» эпосында. «Жаңа туған айдай, сымбатымен теңселіп келеді», - деп «Қыз Жібекте» айтылады. Ай басқа халықтарда да эстетикалық объектіге айналады.
Дәстүрлі қазақ мәдениетінде негізгі эстетикалық нысандар мал шаруашылығынан алынғаны түсінікті. Өйткені мал әрі байлық, әрі қорек, әрі киім, қысқаша айтқанда, бүкіл көшпелі әлемнің орталық діңгегі.
Қазақтар тек үй жануарларын ғана емес, сонымен бірге барыс, жолбарыс, арыстан, лашын, бүркіт сияқты тағы жануарларды да эстетикалық құндылықтар тұрғысынан бағалады. Тіпті қазірдің өзінде елтаңбадағы пырақ, жалаудағы бүркіт немесе ұлттық идеядағы барыс рәміздері осының айғағына жатады...
Қазақтың көркемөнер мәдениеті, жалпытүркілік мәдениеттен бөлініп шыға отырып, сол ортақ тамырға өзінше нәр бере білді. Оның өкілдері халық даналығын ғылыми гинотезалар, теориялар мен қатаң анықтамалар тілінде емес, ал поэтикалық толғаулар, нақыл сөздер, шешендік үлгілер, сазды күйлер мен ою-өрнектер тілінде білдіре алды. Бұл жалаң пайымдаулар мен тым абстрактылы қалыптардан аулақ болуға жеткізеді, бұл ежелгі грек калокагатиясындағы сияқты әсемдік пен ізгіліктің айрықша үйлесуіне мүмкіндік берді. Басқаша айтқанда, қазақ көркем мәдениетінде эстетикалық пен этикалық ажырамас бірлікте болды.
Фольклорда толғаулар, нақылдық сентенциялар, әдептілік, отбасы, әйелге қатынас, балалар мәселелері басымдық танытады. Әділеттік пен әділетсіздік, жақсылық пен жамандық, намыс, абырой және т.б. кісілік қасиеттер көркем суреттелген типтік бейнеде беріледі. Қазақ эстетикасында уақыт өзінің тұтастығымен, адам мен қазіргінің синтезімен түйінделеді. Әруақтар, бұрын өмір сүрген тарихи тұлғалар мен мифтік кейіпкерлер бүгінгі тіршілікке араласып кетеді.
ХХ ғасырдан бастап қазақ мәдениетінде, соның ішінде көркемсөз саласында түбегейлі өзгерістердің болғаны белгілі. Бір ғасырдың ішінде соншама эстетикалық құндылықтар жүйесінің түбегейлі өзгеруін басынан өткізген этномәдениет тым көп кездеспейді. Өмір салтының бірнеше рет өзгеруі (көшпеліліктен социалистік коллективизмге, одан нарық қоғамына) халықтың дүниені көркеми түйсінуі үшін үлкен сын болды, эстетикалық құндылықтар сыни қайта қаралуға ұшырай берді.
Қазақ көркемөнер мәдениетіндегі осындай өзгерістер туралы, М.О. Әуезов қазақ әдебиетіндегі инновациялық үрдістер мысалында, мынадай ойларын алға тартады. «Бүгін, дейді ол, жаңа дәуір, жаңа үлгінің туатын кезі жеткендей. Жазба әдебиеттің жаңадан түбір тауып, ауданын кеңейтіп, келесі өрнекті дәуірге қарай аяқ басуы осы белгілерден басталса керек».
Қазақ әдебиетінің бұл дәуірі буыны бекіп, қатарға кірерлік әдебиет болғандығын көрсететін сыршылдық-романтизм дәуірі болады.
Бұл арада біздің әдебиеттің өткен күні туралы айтылатын бір сөз: Абайдан бергі дәуірді орыстың реализм дәуіріндей толық реализм дәуірі деп айтпаймыз. Ол уақыт қазақ әдебиетінің аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан кезі болғандықтан, толық реализм шартын көрсеткен жоқ.
Бұл мақалада ол дәуірде реализм болды деген сөз болса, ол өзге күйдің ішіндегі күштірек болған сарын, сол деп айтылған. Әйтпесе әр нәрсеге арналып айтқан ұсақ өлеңдерден белгілі бір дәуірді туғызатын ұзақ күй шығады деуге болмайды.
Қазақ әдебиетінің тарихы, бағыты жағынан айтылған осы сияқты азын-аулақ мағлұматқа қарап, барлық жазба әдебиеттің салмағын өлшегенде, қазіргі қалпын бағалағанда, айтатын сөз: біздің әдебиет әлі жас, әлі бойы өсіп жетілген жоқ. Өткен күніне қарап, келешегі зор десек, біздің әдебиет келесі күнде шығатын талай тұрғыларының біреуіне ғана жаңа-жаңа тырмысып келеді. Біздің ескі әдебиеттен қалған көп сарын, кең ауданның бәрі де жазба әдебиетке келіп, тарылып азайып отыр. Жазба әдебиет бір беткейліктен арылса жаңа арылайын деп, жаңа ғана қайтадан тарауланып ауданын кеңейтейін деп отыр.
Қазақ әдебиетінің ішіне қазақ өмірін түгел суретімен алып кіру - әдебиеттің ендігі міндеті. Бұл күнге шейін біз саяз жүзіп жүрміз. Қазақ әдебиеті қазақ өмірінің бетіндегі қаймағын жалап жүр. Бұрынғы әдебиеттің ішіне тазша бала мен жалшы, сақау қатын да кірген болса, бүгінгі әдебиетке қалпақ киген оқығаннан бастап, қой жайып жүрген қойшыға шейін кіруге тиіс. Әдебиет сол күнде ғана өмір айнасы, өмір тезі болуға мүмкін»[339].
Қазақ көркемөнер мәдениетін тұтас алғанда, ХХ ғасырда тек эстетикалық құндылықтар ғана өзгеріп қоймай, эстетикалық стильдер мен тәсілдер де түбегейлі өзгеріп кетті. Белгілі мәдениеттанушы Ю.Лотманның пікірінше, жазбасыз естің әлемі рәміздерге мейілінше қанық. «Жазудың пайда болуы мәдениеттің семиотикалық құрылымын күрделендірмей, керісінше қарапайым күйге түсіруі одағай көрінуі әбден мүмкін. Алайдща материалдық заттарға негізделген мнемоникалық-киелі рәміздер жазба тектің емес, салттық мәтіннің құрамдас бөлігі болып қалады. Оның үстіне, олар бұл өздерінің байланыссыз белгілі дербестігін сақтайды, яғни олар өздерінің материалдық заттар ретіндегі қасиеттерін әдет-ғұрыптан тыс жағдайда да толық сақтайды, бірақ осы заттардың әр түрлі әдет-ғұрыптар, киелі орындармен біртұтастық күйде болуы оларға саналуан мән береді.
Ою-өрнектің дамуы, мүсін мен сәулет өнерлері ескерткіштерінде жазудың болмауы ауызша мәдениеттің өзіндік сипаттары болып табылады. Иероглиф, жазылған сөз, әріп және белгілі бір мағына жағынан пұт, қорған, киелі орындар сияқты мнемоникалық рәміздерге қайшы кереғар құбылыстар. Алғашқылары мән-мағынаның белгілері болса, соңғылары осы мән-мағынаның куәгер-естелігі еспеттес. Алғашқылары мәтін болуы, немесе, осы мәтіннің құрамдас бөлігі, мәтін болғанда бірыңғай семиотикалық сипаттағы мәтіннің бөлігі болуы мүмкін. Соңғылары салттың синкреттік мәтіннің құрамдас бөлігі әрі белгілі бір киелі орындармен және белгілі бір уақытқа бағышталған ауызша мәтіндермен мнемоникалық байланыста болады».
Ю.Лотманның ойын ары қарай жалғастырсақ, эстетикалық жағынан жазба мәдениет ауызшадан жоғары тұрады. Жазба мәдениет Құдай немесе Табиғат жасаған дүниені Мәтін ретінде қарастыруға, әрі ондағы мәліметті оқуға тырысушылыққа бейім. Сондықтан да басты мән-мағына Мәтіннен (киеленген немесе ғылыми) ізделінеді және алынған модель табиғи-тарихи ландшафты зердеудің логикалық қалыбына айналады. Осы тұрғыдан келгенде Табиғаттың мәнін тек «жазба» адамы ғана таниды. Ол адам Табиғаттан мәнді белгілердің рәміздері ырымдарды емес, заңдылықтарды іздейді. Ырымдарға жүгінушілік соқыр сенім ретінде қарастырылып, болашақты көріпкелдік пен болжаупаздықтан емес, өткендегілер арқылы анықтауға тырысады[340].
Бірақ осыдан келіп, жазусыз мәдениет құнсызданады деген пікір тумауы керек. Оған мәдени мұра ретінде қараған дұрыс. Орыс ақыны Е. Баратынский осы жөнінде мынадай жолдарын қалдырған:
Байырғы сенім
Асылдан қалған сынықтай
Күйреді-ау зәулім
Шындықтан көне сол сарай
Амал не,
Қалдықтың тілін
Сөйлетер ұрпақ жоқ бүгін[341].
ХХ ғасырдағы қазақ эсетикасы негізінен тоталитарлық қоғам ұстындары қысымында әрекет етті. Соған дейін басымдылық танытып келген романтикалық стиль «социалистік реализм» деп аталғанмен ауыстырыла бастады. Қазақ мәдениеті қатты идеологияландыруға ұшырады (мазмұны бойынша социалистік, формасы бойынша ұлттық). Бірақ ұлттық форманың өзі де орыс-кеңестік мәдениетпен ассимиляцияға ұшырай бастады, ұлттық архетиптер шайқалып кетті.
Алайда көркемөнер құралдарымен бұрынғы эпикалық ұстанымдарды жалғастыру тіпті тоталитарлық мәдениеттің үстемдік еткен жағдайының өзінде этникалық бірегейлік пен тұтастықты сақтап қалуға қызмет етті. Осы сипатта қазақ ақын-жазушыларымен өздерінің көптеген туындыларында пайдаланатын, «кездесу хронотопы» мен «жол хронотопы» маңызды рөл атқарады. Төлтума эстетикалық құндылықтарды Жаңа заман талаптарына сай, үйлесімді дамыта білген М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Б. Майлин, Ә. Әлімжанов, О. Сүлейменов сияқты майталмандар қазақтың адамгершілік-эстетикалық мұраттарын тереңдетуде үлкен рөл атқарды.
Сан алуан эстетикалық құндылықтардың арасында түрлі дәуірлерде әрқилы баяндалған, бірақ өзінің ең жоғары адамгершілік тұғырынан түспеген ол адамға ләззат, жанқиярлық, тыныштық алып келетін, махаббат тақырыбы қазақ көркемөнер мәдениетінде терең бейнеленген. Махаббат адамды қоршаған ортадан бөліп ерекшелейді, оның арқасында барлық адамдық сапалар адамгершілік өлшемдеріне ие болады, сұлулық пен асқақтық сезімі адамды баурап алады. Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан – оның аты» романының басты кейіпкері айрықша туған, бақытқа ұмтылатын, сүйгені үшін жанқиярлыққа дайын, терең сезімді қазақ әйелінің бейне-рәмізі болып табылады. Барлық дәуірлерде қазақ қыздары таза махаббат үшін күресіп келген. «Қозы Көрпеш және Баян Сұлу», «Қыз Жібек» сияқты лирикалық-эпикалық поэмалар мен ақын-жыраулар толғауларындағы әйел бейнелері тап осындай. Олардың көпшілігі өмірдің қатал сынына түсті, драмалығымен ерекшеленді және трагизмге толы болды. Бірақ ақылы, өжеттілігі, қайраттылығы және шынайы сезімінің қуатымен әлеуметтік тығырықтан шыға білген қыздар да болды. Ұлпан – солардың бірі.
Ұлпан мен жасы келіп қалған Есенейдің некесі – жас алшақтығына қарамай, өз тағдырын, өз өмірін қоса бірген, екі жан, махаббат жарығымен оларды қоршаған надандықты, қатыгездікті, кертартпалықты жеңе білді, әділеттілікке жету жолын көрсетті. Ұлпанның Есенейге деген сезімі еркекке деген құштарлықтан анағұрлым кең – бұл жарының жігері мен қылықтарын ізгілендіруге бағытталған, әрекетшіл махаббат.
ХХ ғасырдың 60-ы жылдарынан басталған, қазақ ақын-жазушыларының жаңа толқынында дәстүршілдік пен жаңашылдық өз үйлесіміне ие болады. Олар ұлттық, мемлекеттік эстетикалық құндылықтармен ғана шектелмей, жалпыпланеталық деңгейге көтеріле бастайды. Ұлттық көркем дәстүр, дүниежүзілік мәдениет үлгілерін игеру арқылы, өзекті бола бастайды.
Бұл мысалы, О. Сүлейменовтың шығармашылығында айшықты көрініс табады.
Айналшы, айналайын, Жерім менің!
Сені мен бүгін
Ешкімдей түсінемін
Сырқаттарыңның бәрін сенің
Өзім қабылдаймын
Жолдармен айналшықтап
Мен көшудемін.[342]
Тура мағынасында «сені айналып жүрмін» дегенді білдіретін «айналайын» сөзін ақын жаңа кең мәтінде жаңғыртады, ол енді «менің сүйіктіме» айналады. Тәуіптік ем жасап жатқан ежелгі бақсылар, сырқаттан «кесірлерді» аластағанда, сиқырлы «айналайынды» қайталай берген.
Қазақ көркемөнер қайраткерлері көркем сөздің күнделікті, «кеңселік» тілден айырмашылығын жақсы түсінді. Осы жөнінде О.Сүлейменов былай дейді: «Бейнелі айтқанда кез келген тарих жер шарының формасын қайталайды – қиылысқан байлықтар мен ұзақтықтардың тап осындай болып маған хат өмірбаяны – адамзат ойының тарихы сияқты көрінеді. Уақыт семсерлерімен кескіленген, кабинет қаракүйелерімен желініп тасталған, «уақыттардағы байланыстырушы түйіндерді» қалпына келтіру үшін, бұл жұмысты көзсіз бастап, өлі түйіндер ретінде байланғандарды тарқатып жіберу керек»[343].
Көркемдік әлемінде метафоралар және рәміздер ерекше рөл атқарады. Қалай І. Ерғалиев дұрыс атап өтетіндей, «Рәміз бен метафораны танымның төменгі сатысы деп менсінбеу ақиқат емес. Рәміз, ол мағыналық өлшемде тұратын, мәдени феномендердің формаларын туындата беретін, мағына тудыратын акт. Рәміз адам шығармашылық қуатының өшіп бара жатқан актісі емес. Рәміз әзірше бар болғанда, құпия да бар, құпия бар жерде, ізденіс те бар»[344]. Адамның рухани шығармашылығы мәдениеттің тылсым өлшемділігімен бірге, оны адам өзінің бүкіл өмір бойында іздестіретін, көпмағыналы және шексіз құпияға жақындауына мүмкіндік береді. Әмбебап мағыналар, рәміздер әр ретте құндылық бағдарларынан, әлеуметтік, ментальдық типтерден шыға отырып, жаңаша шешіледі. Жалпы метафоралық бейнелілік қазақ көркем мәдениетінің ерекшелігіне жатады. Әлемді көркем игерудегі фольклорлық, эпикалық, мифтік сәттердің өзара қарым-қатынасын диахроникалық қатарда да қарастыруға болады: өткеннің көркем бейнелері сонда рационалды және эстетикалық қайта өнделетін, жаңа мәдени кең мәтінге ендірілу ретінде алға шығады .
Мүлдем басқа әлеуметтік-мәдени ортаға енгізілген көркем құбылыстар көбінесе өз қасиеттерін түбегейлі өзгертеді. Бұл жағдайда бейне көптеген қырларынан айырылады, көркем абстракцияға, рәмізге айналады. Ол мәдени-тарихи кеңістікте еркін қозғала алады. Солай, қазақ жазушылары аңыз-ертегілерді өздерінің әдеби шығармашылығында жан-жақты пайдаланды. С. Мұқанов үшін олар тарих және этнографиямен танысу құралына айналды. М. Әуезов аңыздардың көмегімен Абай туралы роман-эпопеяның тарихи көкжиегін кеңейтті. Ә. Нұрпейісов мифтік Көкбөріні зұлымдықтың рәмізіне айналдырды. Ә. Кекілбаев, жаулап алушы соғыстардың қатігездігін суреттей келе, мәңгүрт туралы аңызды пайдаланады. Ш. Айтматов бұл аңызда тарихи жадыдан айырылудың қауіптілігін ескерте отырып, философиялық миф ретінде оны реконструкциялайды.
Ақпараттық қоғам жағдайында мәдениет тек тікелей шығармашылық шеңберіне ғана емес, сонымен бірге өндіріс, тұрмыс, адам болмысының өзіне ене бастайды. Қазіргі жағдайда әлеуметтік стереотиптердің (кодтардың) дәстүрлі моральдық қылық негіздері жеткіліксіз болып шығады және адамгершілік пен ар-ұятқа сүйене отырып, әр жағдайда жаңа моральдық таңдауды қажет етеді. Оның үстіне, бұл жағдаят бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде жүріп жатқан бір құндылық парадигмасының басқасымен ауысуы процесімен ғана емес (тоталитарлықтың либералдықпен), бірақ жаһандану нәтижесіндегі Батыс өркениетінің бұрмаланған құндылықтарының экспансиясымен де анықталады.
Қазіргі көркем мәдениет өкілдері бүгінгі өркениеттің тығырықтарынан шығу жолдарын іздеуді өздеріне мақсат етіп қояды. Өзінің «Төрт Ана» деген өлеңінде М.Шаханов, онда отанына, туған тіліне, өз халқының дәстүрі мен тарихына деген сөнбейтін махаббат алаулаған, тұлға мұратын эстетикалық құндылық ретінде ұсынады. Өйткені тек өзінің ұлттық мәдениетін сүйетін және білетін тұлға ғана, өзімен қалай жеке ұлттық болсын, солай дүниежүзілік мәдениет болсын, гүлденуді әкелетін, мәдениетттер сұхбатының құндылығын түсінуге қабілетті. Соңғы бес ғасырларда қазақ жерінде, ол өзінің адамгершілік мұраттары мен абыройын қорғаудың, тәуелсіздік үшін күрестің, «Төрт Ананы» құтқарудың соңғы жаңғырығы болған, үш жүзден артық ұлт-азаттық соғыстар болды.
Бұқаралық қоғамның көркем мәдениеті үш деңгейге ажыратылады: «ақсүйектік» немесе таңдаулы, «орташа» немесе стандартталған, «тұрпайы» немесе төмен. Бұл бөлінудің түбінде жоғарыда аталған қоғамдағы жіктелу, ымырасыздық пен келіспеушіліктің артуы жатуы әбден ықтимал[345]. Қазір Қазақстанда да нышан беріп келе жатқан «жоғары» мәдениеттің феномендеріне, қайтадан ренессанстық кейіпке еніп келе жатқан көркемөнер туындылары (театр, роман, мюзклдер, детектив, теледидар т.т.), философиялық, діни, ғылыми еңбектер, этикет, сәулет, комъпютерлік ойындар т.б. жатады. Орташа мәдениетте шығармашыық элементтер аз кездеседі, ол репродукциялық сипатта, жалпы тұтынушыға ұсынылған формаларда болады. “Жоғары” және “орташа” мәдениеттердің және «төменгі» мәдениеттің арасындағы айырмашылық шартты болып келеді. Мысалы, романдар философиялық толғамдарға толы, жоғары эстетикалық деңгейде немесе адамның тек нәпсіқұмарлығын қоздыратын сипатта бола алады. Төменгі мәдениетке тек өнер туындылары ғана емес, сонымен бірге бокс, бәйге сияқты көңіл көтеру формалары да жата алады. Басты критерийге адам болмысына енудегі тереңдік пен нәзіктік емес, ал тұрпайы гедонистік сезімдер осындай «бұқаралық» мәдениетте алға шығады.
Төмендетілген мәдениет жеке тұтыну мотивтерінің таза еліктеушілік табиғатына сүйенеді. Кез келген зат, темекі маркаларынан бастап қымбат автокөліктерге дейін, жеке адамның әлеуметтік беделінің рәмізіне айналады. Француз социологі Г. Лебонның пікірінше, тұтынушы адамда интеллектуалдық қабілеттіліктің орнына, еліктеу мен бейімделу инстинктері жетекші қызмет атқарады. Мемлекет, дейді ол, осы бұқара инстинктерін өз мақсаттарына пайдаланады[346].
Соңғы онжылдықтарда "тұлғалық нарық" деп аталатын бағдар қалыптасты. Ондағы және тауар нарығындағы бағалаулардың принциптері бірдей: біріншісінде тұлға сатуға ұсынылса, екіншісінде – тауар. Табыс көбіне адамның өзін нарықта қаншалықты жақсы сата алуына, оның "қорабының" қаншалықты тартымдылығына, оның қаншалықты сергек, берік, жіті және сенімділігіне, оның отбасылық жағдайына, қандай клубқа жататындығына, керек адамдармен таныстылығына байланысты. Адам өзінің өмірі мен бақыты туралы ойланбайды, қалай өтімді тауарға айналуын ойлайды. Ұтымды тауар сияқты адам да тұлға нарығында сәнді болуы тиіс, ал сәнді болу үшін тұлғаның қандай түрінің сұранысқа ие екендігін білуі тиіс. Мұндай үлгілердің картинасын жарнама, газеттер, журналдар, кино, теледидар, радио береді.
Қазіргі адам өзін базардағы сатушы ретінде де, тауар ретінде де қабылдағандықтан, оның өзін-өзі бағалауы өзінен тыс жағдайларға бағынышты. Егер ол үлгеріп отырса - құны бар, ал олай болмаса – ол құнынан айырылады. Ол өзінің күш-жігерімен біртұтас емес, өйткені оны қолдану процесіндегі өзін көрсету емес, оларды сату процесіндегі оның табысы маңыздырақ[347]
Қазіргі технологияларды қолдану дәстүрлі қоғамның иерархиялық құрылымын шайқалтып жіберді. Мысалы австралиялық аборигендерде тас балтаны жасау еркектердің үлесінде болған, кейін миссионерлер тас балталарды үлкен көлемде әйелдер мен балаларға таратқаннан кейін, еркектердің әлеуметтік статусы біршама төмендеп кетіп, дәстүрлі құндылықтарды шайқалтып жіберді. «Теледидарлық балта»[348], дейді М. Маклюэн, бүкіл Шығыстың дәстүрлі өнерінің тамырын шапты, «ыстық» джаз, тыныштық пен табиғатқа еліктеуге негізделген Шығыс өнерін өртегендей болды. Теледидар батыстық ықпал кең мәтінінде адамның парасатына емес, ал оның сезімдік-тылсымдық қатпарларына бағытталған және сол арқылы түрлі дәстүрлі мәдениеттерді өз мақсаттарына сай өзгертуге болады. Бекерден бекер батыстандыру үрдістерінде неше түрлі шоу, комикс, детектив, триллерлер жетекші рөл атқармайды. М. Маклюэн өзінің «Механикалық қалыңдық» деген кітабында эротиканы мифологияландыру арқылы, соны жарнамамен күшейту нәтижесінде бизнесмендер автокөлікті сатуды кең жолға қоя білді дейді. «Жарнама, - дейді ол, - ХХ ғасырдың үңгірлік өнері. Үңгірдегі тасқа салынған суреттер сияқты, ол адам миының терең қатпарларында өшпес ізін қалдыруға ұмтылады. Бұл - жаңа трайбалист, корпоративтік адам жігерінің құйыны. Жаңа ақпараттық ортада бизнес пен мәдениет ажырамас күшке айналды»[349]. Осының көрінісіне, мысалы, Қазақстандағы алып корпорациялардағы бизнес этикасы туралы кодекстері жатады. Олар тура әлемдік ұйымдардан көшіріліп алынғандай.
Батыстандырудың көптеген ерекшеліктерін, мәнері М.Маклюэннен бөлектеу, Дэниел Белл өзінің «Постиндустриялық қоғамның жақындауы» деген еңбегінде көрсетеді және оның біршама қағидалары қазіргі қазақстандық қоғамды түсіну үшін де маңызды. Оның пікірінше, табыс пен пайдаға негізделген Батыс қоғамының анық байқалып тұрған қайшылықтары протестанттық этика және Батыс пен Шығыстың рухани дамуының түйіні ретінде алынған жаңа рухани мәдениет арқылы шешіледі. Мәдениет түрлі конвенциялар жасап шығарудың құралына айналады. Осындай мәдениетті, ірі корпорациялар жалдап алған, маман теоретиктер жасап шығарады, сосын олар Голливуд сахналарынан өткізіліп, кейін тұтынушыға жеткізіледі. Әр жыл сайын кемінде 40 млн. комикс кітапшалары сатылады, 70 млн. адамнан артық комиксстрипс деп аталатын газеттерді оқиды. Егер бұрын әдеби қаһармандар ретінде түрлі әскери, саяси мәдени қайраткерлер ұсынылса, қазір олардың орнын неше түрлі құбыжықтар мен «суперадамдар» алып кетті. М. Вебер ұсынған «әмбебап рационалдықтың» орнына постмодернизмдегі симулакрумдар (елестің елесі) келе жатыр. Жер бетіндегі «алтын миллиардтан» (батыс адамы) басқасы қарапайым тұтынушы мен шикізат өндіруші болып қалуы керек.
Қазақстанда және басқа да ТМД елдерінде, адамдар бұрын партиялық беделдің басқаны құрметтемеген жағдайында, батыстық құндылықтар бұқаралық мәдениет барынша дәріптейтін «имидж» (тұлға бейнесі) және «престиж» (бедел, артықшылық) түсініктерімен таралады, солар бойынша неше түрлі социологиялық зерттеулер мен «рейтингтер» жүргізіліп отырылады. Әдетте бұл дайын үлгі-модельдердің түбінде американдық мұраттар мен құндылықтар тұрады.
Батыстандыру үрдістері, қазіргі батыс идеологиясы да, философиясы да, ұстанымы да – постмодернизм жариялағандай, бейрационалдық, плюралистік, реалистік, орталықсыздандырылған, жаһанданған әдіснама негізінде жүргізіледі. Француз ғалымы Жан Эллюль атап өткендей, батыстандыру қазіргі кезде ұрандар мен теориялар арқылы емес, ал байқатпай өмір шындығына еніп кету арқылы жүргізіледі, ол адамға оның күнделікті әдеттері, мінез-құлық стереотиптері, салт-ғұрыптары арқылы енгізіледі; бұл - иландырудың жаңа формасы; адам жаңа құндылықтарды өз еркімен таңдағандай болып тұрады. Бірақ, шын мәнісінде, ол жаңа ұжымдық сана - бұқаралық мәдениеттің көзсіз орындаушысына айналып кеткен.
Батыстандыру қазіргі заманда бұрынғыдай тек қару күші немесе миссионерлік әрекеттен гөрі, өзіне тиімді жаңа мифологиялық тарату арқылы жүзеге асырылады. Осы мәнісінде бұқаралық ақпарат құралдарымен кең насихатталып жүрген жаңа мифтердің кейбіреуін сараптайық.
Қазіргі мифтер – бұлар ерекше тектегі елестер мен жалған бейнелер, «муляждар». Егер ертедегі миф қауымдық адамның білім жоқ жағдайында қоршаған дүниені сол қалпында қабылдауына негізделсе, қазіргі миф ерекше технологиямен жасалған, шындық онда арнаулы рәміздермен бұрмаланған, форма болып табылады. Қазіргі миф таным формасы емес, ал әлеуметтік басқару және көпшілікті манипуляциялаудың құралына жатады. Ол дүниені түсіндірмейді, керісінше, сана немесе бейсана фантомдарын құрастырып, «ерекше тектегі» симулакрумдарға сүйенеді.
Қазіргі батыстық мифтердің арасында «табысқа жету туралы миф» ерекше орын алады. Атақты «американдық арман» деген сана артефактысынан бастау алатын, бұл мифте батыс демократиясында кез келген адамның бақытқа деген құқы өзінше көрсетіледі. «Өзінді өзін жасай аласың» дейді бұл миф қолдаушылары. Бұл мифтің балама формаларына «Золушка» (жетім қыз) туралы ертегінің бұл заманға үйлестірілген формалары, «Қарапайым Мариялар» т.б. жатады.
Осыны ХХ ғасырдың басында байқалған көркемдік дағдарыстарға байланысты деп айтуға болады. Сондықтан өнер құндылығы, жалпы алғанда уақыт талаптары қойып отырған позициялық критерийлерге байланысты бағаланады. Сөйтіп, өнер бұрынғы реалистік формаларын жоғалтады. Оның орнына таза бояу таңбалары, оның кенеп бетіндегі шашырандылары, геометриялық формалар үйлесімділігінде құралған композициялар келді. Ол ол ма? ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдықтарында күнделікті қолданылатын тұрмыстық заттардан бастап жыртылған, өртенген кенептер, кейінірек сыраның, пепси-коланың банкілері, көптеген шегелер тізбегі қағылған орындықтар мен музыкалық аспаптар, адамның муляж көшірімдері тағы басқа кездейсоқ немесе көрмеге әдейі дайындалған нәрселер әкеліне бастады. Одан кейін бейнелеу өнері ашық табиғат аясына шықты. Суретшіге кей жағдайда кәсіби машықтылығын жетілдірудің өзі қажет болмай қалды. Себебі өнер қатты индивидуальды сипатқа ие болып, кәсіби машықтылықтың орнына, кей жағдайда, интеллектуализм жетекші орын алды. Бұлардың бәрі ХХ ғасырға тән көркем құбылыстар еді.
Осындай мәдени процестердің алдын алу үшін, бұқаралық мәдениеттің теріс әсерлерін кеміту мақсатында Қазақстан Республикасында көптеген шараларды жүзеге асырған жөн. Еліміздегі Мәдениеттану және өнертану ғылыми зерттеу институты (жетекшсі - Ә. Қодар) осы мәселеге қатысты мәдени дамудың арнаулы тұжырымдамасын қабылдады. Оның кейбір қағидаларына назар аударайық.
Классикалық маңызы төмен, ұлттық болмыс пен психикаға кері әсерін тигізетін өнер мен музыкадағы өнімдер ағымына бақылау қою, оны жүзеге асыру аппараттарын жұмылдыру. Атап айтқанда:
- қала мен республикалық маңызы бар және облыстардағы атқарушы орган мен мәдениет институттарының бақылауын күшейту;
- сараптама және ақпараттар жинақтау бөлімін жетілдіру;
- ұлттық психология мен сана-сезімге кері факторларды болдырмаудың әкімшілік бөлімдерін жұмылдыру т.б.
Халықтың рухани және физиологиялық тұрғысынан дамуының бірден-бір мүмкіндігі өмір болмысын халық тағдырын бейнелейтін мәдени ошақтардың басты саласының бірі, театр мен кино өзінің бүгінгі қоғам өміріндегі орнынан қазіргі заман талабына сай ұлттық психология, тәрбие беру, эстетикалық құндылық сапаларын төмендетіп алды. Оған басты себеп:
- шетелдік немесе батыстық кино мәдениеті: ашық порноөнімдер, афро-американдық поп музыкалар, эротикфильмдер, сана-сезім, мінез құлыққа кері әсер ететін қатігез киноөнімдер мен сериалдар;
- Қазақстандық театр және кино мекемелерінің халық назарын өзіне тартып аларлық туындыларының әлсіздігі;
- әртүрлі жат мәдениет үрдістерін насихаттайтын бейне таспалардың шектеусіз сауда рыногында таралуы;
- кино мәдени ошақтары – кинотеатрларда шетелдік фильмдерді жарнамалау мен жаппай көрсетулер[350].
Бүгінгі таңдағы кітап дүкендері мен кітап сауда орталықтарындағы сатылымдағы кітап қорының 90 пайызы шетелдік кітаптарды құрайды. Музей кешендерінде экспозициялар мен ұлттық тарихи мұраларды сақтау мен дамыту әлі күнге дейін кеңестік идеология шеңберінде құрылған өлкетанушылық бағыттан әрі аса қойған жоқ. Осы факторларға сәйкес кітапхана мен музей ісіндегі қордаланып қалған мәселелерге мыналар жатады:
- ұлттық әдеби-мәдени көркем туындылар дағдарысы;
- қазақ тіліндегі қоғамдық ғылымдар әдебиетінің жеткіліксіздігі;
- кітапхана қызметіндегі ақпараттық және интернеттік каталогтар жүйесінің дамымауы;
- ғылыми сапасы төмен кітаптар қорының көбеюі;
- кітапханалардағы ұлттық кітап қор жинақтарының тапшылығы және қаржылай қолдаудың жеткіліксіздігі т.б.;
- музей мекемелерінде білікті ғылыми мамандардың аздығы;
- осыдан келіп, мұражай ісі мен мұражайтану ғылыми-әдістемелік орталықтарының жоқтығы;
- мұражайлық жәдігерлерді, өнер туындыларын жинақтайтын қаржының таршылығы және т.б.[351].
Мәдениет негізі мен этностық жады арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Бүгінгі таңда, БАҚ арқылы жарияланатын материалдар мен ақпараттар батысшылдық сипатқа ие болып отыр. БАҚ халықты, әсіресе жастарды мәдени-рухани басқа арнаға түсіруге себепші болып отыр. Ақпарат жүйесі бойынша басқа елдермен салыстырғанда Қазақстан сияқты телеарна хабарларының 60 пайызы жат тілде берілетін бірде-бір ел жоқ. (Қазақ елі. 1999, 19 – наурыз). Қазақстандағы БАҚ жүйесіндегі телеарнаның үлесі – 90-95 пайыз. Ал мәдени-рухани институттары дамығын елдерде БАҚ-тың соның ішінде телерадионың үлес салмағы – 40-45 пайызды құрайды. Мәселен, Францияда француз тіліне аударылғанына қарамастан шетелдік материалдардың 15-20 пайыздан аспауы заң жүзінде белгіленген.
Қандай да бір ұлт мәдениетінің түп-тамыры тіл екенін ескерсек жоғарыда аталған және төменде аталмақ мәселелердің барлығында да тіл мәселесі кезек күттірмес өзектілігімен айқындалады.
БАҚ саласындағы және жарнама мен телекоммуникация саласындағы негізгі мәселер:
- баспа телерадио ақпарттары бойынша ашық түрде эротикалық суреттер «бәсекелері», қатыгездік және қыру-жою сияқты психикаға кері әсер беретін фильмдер, поп музыкаларының таралуы;
- қазақ тіліндегі басылымдардан орыс және басқа тілдердегі басылымдардың көптігі. Егер қазақ халқының ұлттық болмысының, тілінің басқа жерде қалыптаспайтындығын ескерсек, бұл процесті де тілдегі экспансия деп бағалауға болады.
- Қазақстанда БАҚ және интернеттік жүйеде, мәдени-руханият саласында өзімшілдік, жауапсыздық, талғамсыздық таралуда;
- жарнамалардағы қазақша мәтіндердің дұрыс жазылуы ескерілмеген, қала безендіру мәселесінде ұлттық нақыш пен қазақ тілінің халі мүшкіл;
- теле және коммуникация жүйесінде қазақ тілін қолданудың заңдық нормасы сақталынбаған (телефон байланысы, әуе, теміржол, авто бекеттерінде) т.б., ұлттық парк, демалыс орындары, қонақ үйлер қызметтері қазақы болмыс-бітімнен ада дерлік;
- мемлекеттік ұжымдардың іс қағаз және құжаттарды ресімдеулері қазақ тілінде толықтай жүзеге асырылмаған (Әділет министрлігі, ІІМ, Сыртқы ІМ, қорғаныс саласы т.б.).
Батыстық рухани экспанцияға төтеп берудегі маңызды мәселеге «орыстілді қазақтарға» ұлттық рухты сіңіру жатады. Бұл топ қазақтың қалада өскен, өзінің ұлттық бастауларынан тыс қалған, қазақ тілін білмейтін не нашар білетіндер тобы. Олар қазақтың тілін ғана түсінбейді емес, сондай-ақ қазақтың табиғатын да, ұлттық таным-түсінігін де білмейді. Жалпы оларға қазақ стихиясы жат. Ал түсінбейтін нәрсе әрқашан қорқынышты, құбыжық болып көрінеді. Ауыл қазақтарын олар «артта қалған, ескішіл» деп түсінеді.
Осы топ, яғни ана тілін білмейтін қазақтар тобы бизнесте де біраз табыстарға жетті, мемлекет басқару ісінде де лауазымды орындарға қолы жетті. Оған себеп олардың халықтың басқа топтарына қарағанда нарық экономикасын терең түсінуі, арнайы білімдерінің жоғары болуы, әрі біздің елімізде мемлекетті басқарудың, іс қағаздарының, өндірістің орыс тілінде жүргізілуінен болып отыр. Әліге дейін жоғары оқу орындарында дәріс берудің 70 пайызы орыс тілінде. Арнайы оқулықтар да сол тілде. Бұның өзі қазақтың экономикалық, техникалық ойын қатты тежеп отыр.
Ал іс қағаздарының мемлекеттік тілге көшірілуі осы қазақша білмейтін қазақтардың экономикадан және мемлекет басқарудан шеттелуіне алып келуі мүмкін деген пікір бар. Міне, олардың қостілдік, қазақ мемлекеттілігінің ұлттық сипатын жою үшін жанталаса күресуінің негізгі себебі де осы – қара бастың, топтық мүдденің қамы ғана.
Осындай топтық мүдде үшін қазақ халқының ұлттық мақсат-мүддесі, ары мен ұяты, болашағы саудаға салынып отыр. Осы ұлтсызданған қазақтар тобының кейбір өкілдері өздерін «прогресшіл, ойы озық жаңашыл, нарық экономикасын қолдаушы, реформаторлар» деп біледі. Ал ауылдан шыққан қазақтарды «артта қалған ескішіл, ұлтшыл, коммунистер, экономикада бұрынғы іске аспай қалған жоспарлы, әкімшілдік әдісті қолдаушылыр» деп есептейді. Дегенмен қазақ тілінің экономикалық, техникалық мемлекет басқару аспектілерін барынша тез дамыту, ұлттық қаны бар басқарушы элитаны тәрбиелеу қажеттігі айдан анық. Өткенге жармаса беруіміз жетер. Бүкіл ақыл-ойды, парасат пен білімді келешекке бағыттайық.
Аталмыш топ аз да емес. Халқымыздың 25 пайыздайы ана тілін нашар біледі не тіпті түсінбейді деген дерек бар. Оның үстіне, әліге дейін 400 мыңдай мектеп оқушылары өзге тілде оқиды. Жоғары оқу орындары студенттерінің 50 пайызы ғана қазақша оқиды. Демек, бұл топтың саяси өмірге ықпалы алдағы уақытта да үлкен болмақ. Өз мәңгүрттеріміз үшін орыс тілін екінші мемлекеттік тіл қылып, масқара болып жүрмейік[352].
Дегенмен, қазақша білмейтін қазақтың бәрі ұлтсызданған деуден аулақпыз. Олардың негізгі бөлігі саяси жағдайды дұрыс ұғынып, қазақ мемлекетінің бекуі, нығаюы үшін адал қызмет етуде. Осы бір ұлт тағдыры үшін өте күрделі мәселенің екінші қырынан қарайықшы. Қалың көпшіліктің миына кез келген идеологияны сіңіруге болады. Тарихты алып қарасаңыз, миллиондардың миына кезінде коммунистік, фашистік, христиандық, либерал-демократиялық идеялар сіңірілді. Миллиондар осы идеяларға кезінде жан-тәнімен сенді, соған қызмет етті. Ал қазақша білмейтін қазақтардың санасына біздер қандай ой-пікірлерді құя алдық? Олар қазақша газет оқымайды. Қазақтың ұлттық идеологиясын білмейді. Қазақ өмірін қараңғы әрі қауіпті құбылыс, түсініксіз стихия ретінде ғана қабылдайды. Ал оларға өзіміздің ұлттық мүдде-мақсатымызды, қазақ мемлекеттілігінің, тілінің, мәдениетінің маңызын ұқтыру үшін не істедік? «Қазақтың ұлттық ой-арманын, мақсат-мүддесін орыстілділерге жеткізетін газет керек. Қазақ басылымдарындағы мақалаларды орысша аударып басу керек» деген идеяны бүгінде Президент Н. Назарбаев та қолдап отыр. Лайым да сол ұсыныс іске асып, мәңгүрттерімізді қайта тәрбиелейтін, бауырымызға қайта тартатын, түсінбегендерін түсіндіріп, мәселенің мән-жайына көзін жеткізетін заман туса дейміз.
Кезінде ақпарат кеңістігін басқару, саяси процестерді бағыттап отыру туралы қадау-қадау идеялар ұсынылды. Оған құлақ түрген жан шамалы. Мемлекетті ой-пікір, идея басқарады. Қажетті идея заңға немесе жарлыққа айналып, миллиондардың тағдырына әсер етеді. Ал сонда айтылған тың ой-пікір, идеялар босқа қала берсе, біз саяси процесті басқарып емес, оны стихияның еркіне беріп, соңына ілесіп қана жүре бермекпіз бе? Және бұл біздің көп ұлтты еліміз үшін қаншалықты қауіпті[353].
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – мәңгі өнеге айдыны,
Жан байлығы, салт-дәстүрі – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы[354].
Ақын М.Шаханов, олар тарихтың жол қиылысуында тұрып қалған, қазақтардың рухани пақырлануына қатты күйзеледі. Жат, бөтен сыртқы ықпалдардың әсерімен, қазақ қоғамы түрлі қиындықтарды басынан өткізуде. Әдепке үйлестірілмеген нарықтық қатынастар ғасырлық берік моральдық қазықтарды шайқалтады, адамгершілік ұстындарының тамырына балта шабады және жастарға теріс ықпалын тигізеді. Билік жылдам баюға мүмкіндік береді және осыған тез жетемін деген сезім кейбіреулерді азғындық жолына салады. М. Шахановтың мына жолдары өзекті:
Байлығы озса мысықтар да жолбарысша көсілмек,
Бес жүз қабат үй салу да емес бүгін боз елес.
Ақшаң болса «маймылды» да бастық сайлау сөз емес.
Адамзаттың бар тағдырын енді ақша шеше ме?
Қарындарды – тек өз қамын ойлаған,
Залымдарды – қан төгуге тоймаған,
Ұрпақтарды үлгі тұтып, орнатуда кесене.
Әділдікке деген сенім бірте-бірте өше ме?
Жол бар ма екен аман өтер пенде мүдде-орманнан,
Адамдықтың салтын қайттік, даңқын қайттік қорланған?[355].
Ақын қазіргі қоғамның, дәстүрлі моральдық негіздердің әдептік құлдырауын, қайда пысықтар мен арамзалар салтанат құратын, сенімділік пен тазалықтың құнсыздануын сынайды және олардан арылуға шақырады. Бұл үшін қазақ мәдениеті әдептік өлшемдерін жаңа заманға сай қайта құру қажет. Адамгершілік мұраттарының жоқтығы және моральдық нормалардың тұлғасыздануы халықтың рухани күйін күйзелтіп жібереді.
Ұлттық өзіндік сананы оятуды ақын елдің болашағы, жастарды тәрбиелеуден бастау керек дейді. Төлтума рухани мәдениетті жоғалтып алмау үшін өзінің ана тілін, тарихын, тәуелсіздігін баянды ету үшін ұлттық идеяға жүгіну қажет.
Көркем дүние түйсінудегі негізгі адамгершілік құндылықтары халық намысы ұғымында түйінделген. Ар-ұят пен намыс қазылығынан адам үшін жоғары сот жоқ. Ар жазасы мен тәубеге келуден жоғары тазару жоқ. Бүкіл еуразиялық кеңістік осының куәгері. Нағыз ақын халықтың ар-ұяты ретінде өзін паш етеді.
М.Шаханов өз поэмасы Қайрат Рысқұлбековтың бейнесін поэтикалық түрде сомдап шығарады. Қайрат өз әкесінің, оған жала жабылған жиналыста үндемей қалған досымен айырылысып кеткенін еске алады. Қайрат әкесінен ол досымен неге щұғыл ажырасты дегенде, ол былай жауап берді:
Кім тыныш уақытта тығылып қалса,
Сол міндетті түрде
Шешуші кезде сатып кетеді,
Есіңде осыны сақта, балам[356].
Тағдыр тәлкегі бойынша, әкесі қауіптенген нәрсе Қайрат үшін трагедия болып оралды. Оны, ол өзі жасамаған, кісі өлтірдің деп айыптады. Осыны оның досы бекерге шығара алатын еді. бірақ досы үндемей қалды және кінәсіз адам өлім жазасына кесілді.
Намыс туы желбіреген өрінде,
Дүниеге келтірген сан алыпты.
Отырарда,
Менің туған жерімде
Мынадай бір асқақ аңыз қалыпты.
Жігерімен жіберердей тасты үгіп,
Өнер, ой тармақты,
Адал, жайсақ жас жігіт
Ел ырысын шашып өткен
Тосын келген қасіреттен
Жанын салып туған жерін қорғапты[357].