Азіргі әлемдік саясат және жаһандық мәселелер

Әлемдік тәртіптерге жаһандық экологиялық өзгерістер, соғыстар қаупі, ядролық қауіпсіздік, азық-түлік тапшылығы, әлемдік ортақ ақпараттану, түрлі індет аурулары, индустриалдық-техникалық ортақтану, техногендік катастрофалар, халықаралық терроризм, наркотрафик, халықаралық заңсыз қару сату, халықаралық қылмыскерлік, адамдарды құлдыққа сату, діни экстримизм т.б. әлемдік қауіптер мен қайшылықтар үздіксіз өз ықпалдарын тигізіп отырды.

Ашық, ақпараттық, технологиялық қоғамдар құру жағдайында аталған қауіптер әрбір халыққа, әрбір мемлекетке және олардың азаматтарына өздерінің әсерін тікелей, немесе жанама түрде тигізеді. Әлемдік қауіптердің шиеленісуі әлемдік экономикалық, қаржылық дағдарыстарға себеп болуда. Жаһандық дағдарыстардан әрбір мемлекет зардап шегеді. Сондықтан әрбір мемлекет әлемдік дамудың ортақ мәселелерін шешуге мүдделі. Бірақта, қандай қуатты болмасын жеке бір мемлекет әлемдік мәселелерді шешуге қауқарсыз. Жаһандық қауіптер мен қайшылықтарға қарсы барлық мемлекеттердің бірлескен әрекеттері мен ортақ шаралары қажет. Әлемдік саясат мәні осындай зәруліктен туындайды. Әлемдік саясат-халықаралық қатынастар субъектілерінің, саяси акторлардың әлемдік мәселелерді, қауіптерді және қайшылықтарды бірлесіп шешуін ұйымдастырудың жолдары, бағыттары және әдістері болып табылады. Әлемдік саясат жаһандық мазмұндағы саясат. Себебі ол барлық халықтар мен мемлекеттерге ортақ саяси шындыққа тікелей қатысты.

Әлемдік саясат көпқабатты және көпжақты құбылыс. Себебі оның қызметі жаһандық өзгерістердің және жаңа құбылыстардың тууына байланысты. Мысалы, ғаламшардың жаһандық жылынуы әлем халықтарына түрлі табиғи апаттар әкелуде. Сондықтан өндірістің зиянды қалдықтарын азайтуға әрбір мемлекет мүдделі деп есептеледі. Алайда көпшілік мемлекетер өздерінің, капитал мүдделеріне әлі де болса басымдылық беруде. Өндіріс дамуда, зиянды қалдықтар өсе түсуде. Ал, әлемдік саясат адамзатты сақтау үшін әр ел өзінің эгоистік, ұлттық мүдделеріне тиым салу қажеттілігін талап етуде.

Әлемдік саясат мақсаты мемлекеттерді ғаламшарлық ортақ мәселелерді ұжымдық шешуге ұйымдастыру, олардың арасында бейбітшілік пен татулықты сақтау. Басым державалардың және трансұлттық компаниялардың ғаламдық мәселелерді шешуге бағытталған іс-әрекеттерін ортақ арнаға бұру. Әлемдік саясаттың түпкілікті, көкейтесті міндеті-адамзаттың өмір сүруіне жағдай жасау арқылы, оның тіршілігін қамтамасыз ету. Қазіргі кезеңде әлемдік басым державалардың саяси элиталары әлемдік саясат міндеттерін шешпейінше ешбір мемлекетте келешек болмайтындығын түсінуде.

Демек саясат мәнін ұғыну үшін халықаралық саясат бағыттарын, оның қалыптасуы мен дамуының заңдылықтарын білу маңызды. Сондықтан саясаттану пәні студенттердің әлемдік саясат туралы кең көлемде түсінігін қалыптастыру зәрулік деп біледі. Себебі, халықтар мен мемлекеттердің тарихи тағдырлары бір-біріне байланысты және тәуелді. Олардың өзара қатынастары мемлекетаралық деңгейде, халықаралық ұйымдар арқылы, трансұлттық корпорациялар, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар т.б. әлемдік саяси процесс субъектілері арқылы өтеді. Әлемдік саясат акторлары қызметтері адамзаттың сақталуы мен өмір сүруін қамтамасыз етуді көздейді.

Әсіресе ядролық және жаппай қыру қаруларының басқа түрлерін қолдануға, сынауға тиым салу, оларды таратпау, сатпау мәселесін әлем мемлекеттері бірлесіп шешу қажеттілігін түсініп, ортақ шаралар жасай бастады. Әлемдік саясат соғыс қаупіне қарсы халықтардың және мемлекеттердің бірлесіп күресуі қажеттілігін сезінуден басталады десек қателеспейміз. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап әлемдік жақындасу, бірлесу, ортақтасу, мүдделердің тәуелділігі сияқты үдерістердің күшеюі тереңдей берді. Ортақ экономикалық, сауда, транспорт пен коммуникация ғылым мен ақпарат байланыстары халықтар мен мемлекеттерді өзара тәуелді ете түсті. Өзара келісіп, ортақ мәселелерді бірлесіп шешу міндеттері зәрулікке айналды. Әлемдік жаһандану үдерісі тек объетивті ғана емес, түрлі субъективті факторлар ықпалымен жылдамдай берді. Әлемдік деңгейдегі ортақ мәселелер жүйесінің қалыптасуы ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында нақты нәтижелерін беріп жаһандық жаңа тәртіптер қалыптасты. Адамзат өркениетті бір сапалық деңгейден, екінші мүлдем жаңа сапалық деңгейге ауысты. Жаһандану үдерісі ХХІ ғасырдың бастапқы кезеңінде бұрынғыдан да әлеуетті бола түсті. Жер шары халқының саны 2010 жылғы 6,8 миллиард болса 2025 жылы 11 млрд. адамға өсуі болжануда. Өкініштісі халық өсуі тіршілік ортаның ластануымен қатарласа жүруде. Адамзаттың осылайша өсуі міндетті түрде экологиялық катастрофаға әкеледі деп есептейді сарапшылар.

Адамзаттың дамуы демографиялық дағдарыс, экологиялық қыспақ, азық-түлік тапшылығы сияқты дәстүрлі қауіптер мен қайшылықтарға қосарласқан жаңа қауіптерге душар болуда. Олар ядролық қарулардың және басқа да жаппай қыру қаруларының бақылаусыз таралуы, халықаралық терроризм, түрлі індет ауруларының жаңа түрлерінің қауіптері, адамдарды құлдыққа сату, жасырын миграция, аштық (әлем халқының 1 млрд. адамы қазір ашығуда), экстремизм, наркотрафик т.б. қауіптер мен қайшылықтар. Әлемдегі бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуына зардаптарын тигізетін осы қауіп-қатерлерден келетін шығындарды азайтуға бағытталған тиімді де күшті саясатты басқа мемлекеттермен үйлестіре отырып жүргізуге әлемнің әрбір мемлекеті мүдделі.

Қазақстан өзінің географиялық орыналасуы жағынан әлемдік мүдделердің тоқайласқан аумағында тұр. Әлемге наша, наркотик өнімдерінің қомақты бөлігін шығарушы Ауғанстанның наркотрафигінің «солтүстік» бағытындағы Қазақстан жері арқылы ауған наркотиктері Ресей мен Батыс Европа елдеріне жол тартуда. Қазақстан әлемдік ВИЧ-СПИД індетінен тыс қала алмады. Егер 1987 жылы елде алғашқы ВИЧ - инфекциясы тіркелсе, 1996 жылы оның саны 46-ға жетті. 2009 жылдан бастап 2000-нан астам қазақстандықтар ВИЧ - инфекциясын жұқтыруда. Көршілес Өзбекстанда 2009 жылы 4016 адам, Қырғызстанда 687 адам ВИЧ-инфекциясын жұқтырған. Орта Азия мемлекеттерінде ВИЧ көбінесе инъекция жасалу кезінде таралатыны мәлім болып отыр /1/.

Соңғы 2009-2010 жылдарда бес жасқа дейінгі балалардың полимелит ауруының асқынуы байқалуда. Орта Азия халықтары үшін полимелит эпидемиясының ошағы Тәжікстан Республикасы болып отыр. Құс тұмауы, Шошқа тұмауы сияқты жаңа індеттер түрлері де шекараларды жоққа шығаруда.

Әлемдік тәртіптер мен мемлекетаралық қатынастардың өзара тәуелділік пен ортақтасу принципіне бейімделе түскендігі нақты байқалады. Әлем халықтары мен мемлекеттері жаһандық қауіптер мен мәселелерді бірлескен күшпен өзара келісім саясатымен ғана шешуге болатындығын ұғнып отыр. Әлем мемлекеттерінің жаһандық мәселелерді шешуге қатынасуы жолдары БҰҰ, ЕЫҚҰ, ШЫҰ, БСҰ сияқты халықаралық ұйымдар арқылы жүргізілсе, әлем халықтары жаһандық қауіптерге қарсы халықаралық азаматтық ұйымдар Гринпис, Халықаралық Қызыл Крест, Шекарасыз дәрігерлер, феминистік, гендерлік ұйымдар қызметтері арқылы жүргізілуде.

Мемлекеттер мен халықтар жаһандық мәселелерді бірлесіп шешу мақсатында әлемдік қауымдастық құрып отыр. «Әлемдік қауымдастығы» ұғымын алғаш рет ресми түрде 1969 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде АҚШ Президенті Ричард Никсон қолдаған. Ол,- «Бүкіл тарихи ғұмырымызды біз бірінші рет әлемдік қауымдастық болып отырмыз»,- деп көрсетті /2/. Әлемдік қауымдастықтың мақсаты-әлемдік тәртіптерге әсер ете отыра әлемдік бейбітшілік пен адамзатты сақтау болып табылады. Негізгі мақсатты орындау үшін барлық мемлекеттер әлемдік қауымдастықты нығайта беруге мүдделі болуға тиісті. Бұл ретте әлемдік және аймақтық басым державалардың бейбітшілік пен татулық үлгілерінің маңызы үлкен. АҚШ, Қытай, Ресей, Индия, Бразилия, Жапония, Германия, Ұлыбритания, Пәкістан сияқты қуатты мемлекеттердің агрессияға бармауы, әлемдік тәртіптерде бейбітшілік пен қауымдастығының жаһандық мәселелері мен қауіптерді тиімді шешу саясатын жүргізуге жағдай туғызатыны анық. Әлемдік тәртіптерде, әлемдік геосаяси құрылымда бейбітшілік әлемінің басым болуына жағдай жасайтын мемлекеттерді нағыз бейбітшілікті сүйетін мемлекеттер ретінде бағалауға болады.

Қазіргі әлемдік саясатқа қатынасатын негізгі акторлар: егеменді мемлекеттер, мемлекетаралық ұйымдар, халықаралық үкіметтік, немесе үкіметтік емес ұйымдар болып табылады. Сонымен қатар қазіргі халықаралық қатынастардың белсенді акторлары, яғни қатысушылары түрлі мемлекеттер блоктары (НАТО, ОДКБ, СЕАТО, СЕНТО, АНЗЮС), интеграциялық топтар (ЕО, ТМД) мемлекетаралық бірлестіктер (ШЫҰ, БРИК) т.б. халықаралық ұйымдар өздерінің мақсаттары мен тәуелсіздіктерін сақтай отырып әлемдік саясатқа қатысады және жаһандық мәселердің шешілуіне ат салысады.

Мемлекеттің шеңберінен тыс мәселелерді сол елдің сыртқы саясаты шешеді, айналысады. Қазіргі өзара байланыстағы дүниеде ұлттық мемлекеттер әлемдік қатынастарда өздерінің мүдделерін қорғау мақсатында басқа мемлекеттермен тығыз қарым-қатынастар жасау саясатын жзүргізеді. Ол саясат арқылы экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, ақпарат т.б. салалардағы байланыстар жүреді. Сонымен бірге, әлемдік қатынастарды реттеп отыратын бір жеке орталық жоқ. Барлық мемлекеттерді байланыстыратын әлемдік саясатты жасаушыда орталық жоқ. Әлемдік саясат мемлекеттердің өзара қарым-қатынастарынан стихиялы түрде қалыптасқан құбылыс. Әлемдік саясат принциптерін негізінен тең құқықтағы мемлекеттер өзара қарым-қатынастары барысында жасайды. Бірақта, мемлекеттердің қатынастары әр-түрлі. Елдің ішкі жағдайындағы сияқты әлемдік саясатқа мүдделер мен күштердің қайшылықтары ерекше ықпал жасайды. Әлемдік тәртіптер мемлекеттердің ғана емес жеке адамдардың өмірі мен тағдырына өзінің әсерін тигізіп отырады. Жеке адам әлемдік қауіптердің құрбаны болуы ықтимал. Сонымен қатар ол әлемдік ақпараттық жүйелердің өнімдерін міндетті түрде пайдаланып отырады. Демек әлемдік саясат пен әлемдік тәртіптер жеке тұлғаның өмірінде белгілі дәрежедегі ықпалға ие.

Қазіргі әлемдік саясаттың түрлі деңгейлері макро, мего, микро деңгейлері өзара байланысып біріне – бірі күшті ықпал жасап отырды.

Ұлттық мемлекеттер шеңберінен тысқары жүргізілетін, әлемдік мәселелерді реттеуге, немесе оларға ықпал етуді мақсат тұтатын саясат келесідей категориялардан тұрады.

1. Сыртқы саясат – мемлекеттің, немесе жеке халықтың сыртқы саладағы қызметі. Бұл саясат мемлекеттің басқа мемлекеттермен байланыс жасау, немесе жасамау деңгейін сипаттайды. Сыртқы саясат мемлекеттің өмір сүруіне қолайлы сыртқы жағдайларды жасауды көздейді. Әлемдік қауымдастықтан ұлттық мемлекеттің орнын табуына ықпал етеді.

2. Халықаралық саясат – мемлекеттердің халықаралық аренада бірлескен қызметі болып табылады. Саясаттың бұл саласы мемлекеттерді оларға ортақ мәселелерді бірлесіп, келісімдер арқылы шешу жолдарын көрсетеді. Халықаралық саясаттың елдер мен халықтар арсындағы өзара тәуелділіктің, шешімін табу үшін халықаралық әріптестікті талап ететін мәселелердің көбеюіне байланысты маңызды арта түседі.

3. Мемлекетаралық саясат – жекелеген мемлекеттердің арасындағы қатынастар жүйесін белгілейді. Бұл саясат мемлекеттердің органдарының, қызметтерінің және өкілдерінің (президент, парламент, үкімет, сыртқы істер министрілігі, кеден т.б.) екі мемлекетке ортақ мәселелерін өзара келісіп шешулерінің жолдарын анықтайды.

4. Ұлттық мемлекет үстіндегі саясат (наднациональная политика) – жекелеген мемлекеттердің өздерінің кейбір егеменді құқықтарын өз еріктерімен халықаралық ұйымдарға беруімен сипатталады. Мысалы, мұнай бағасын халықаралық нарықта реттеу құқығы. Сыртқы, әлемдік саясаттың бұл бағыты Қазақстандық саясаттану ғылымында әлі зерттелген жоқ

5. Мультиұлттық саясат- бірнеше, немесе одан көп мемлекеттерден құралған біріккен саясат субъектілерлінің халықаралық қатынастарға ықпал етуі (ЕЫҚҰ, ЕО, ШЫҰ, БРИК). Бұл саясаттың субъектілері ұлттық мемлекеттер болып табылады.

6. Трансұлттық саясат – мемлекеттік емес саясат акторлары мен субъектілерінің: партиялар, кәсіподақтар, әлемдік діндердің ұйымдары, халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, трансұлттық корпорациялардың т.б. халықаралық аренада қызмет етуі.

Аталған категориялардың барлығы әлемдік, немесе халықаралық саясат ұғымының түрлі аспектілерін, қырларын көрсетеді. Ал, әлемдік, халықаралық саясат ұғымына келетін болсақ бұл ұғым халықаралық құқық суъектілерінің (мемлекеттер, мемлекетаралық және мемлекеттік емес ұйымдар, одақтар, діни ұйымдар, трансұлттық ұйымдар мен корпорациялар т.б.) соғыс және бейбітшілік, адамзаттың сақталуы, жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қарусыздану, ұлттық, аймақтық, жаһандық қайшылықтардың алдын алу және реттеу, қоршаған ортаны сақтау, аштық пен ауруларды азайту және басқа да әлемдік қайшылықтарды шеше отырып адамзат үшін әлемде неғұрлым әділетті тәртіптер орнатуға бағытталған мақсатты қызметін көрсетеді.

Әлемдік, немесе халықаралық саясат – халықаралық қатынастардың негізгі субъектілерінің бірлескен саяси қызметі болып табылады. Әлемдік саясат мәні мен мазмұны БҰҰ, ЕО, ЕЫҚҰ, АМҰ (американ мемлекеттерінің ұйымы), АМҰ (африкандық мемлекеттер ұйымы) Социалистік интернационал, Гринпис т.с.с. ұйымдардың қызметтерімен анықталады. Сонымен қатар әлемдік қауымдастық бірігіп жасаған заңды органдар мен ұйымдардың қызметтері арқылы әлемдік саясат іске асады. Әлем мемлекеттерінің өзара қарым-қатынастар жасаудың принциптері мен жолдарын анықтайтын әлемдік саясат халықаралық қатынастарды реттеудегі шешуші фактор болып табылады.

Әлемдік саясат әлем халықтарының гуманитарлық, ізгілікті ойлауының ортақ жетістігі болып табылады. Техногендік, экологиялық мазмұндағы әлемдік қауіптер ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана маңызды болды. Ал, одан бұрын ХІХ ғасырдың аяқ кезі мен ХХІ ғасырдың басында негізгі жаһандық қауіп әлемдік соғыстар қаупі болатын. Мемлекеттер өзара қайшылықтарын түрлі соғыстармен шешіп келді. Әлем тарихында мыңдаған соғыстар белгілі. Соның ең ауыры 1914-1918 жылдардағы бірінші, және 1939-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстар болатын. Екі дүниежүзілік соғыста ғана 100 миллионан астам адам қырылған болатын. Сондықтан әлем халықтары мемлекеттер арасында бейбітшілікті сақтау қажеттілігін алдымен сезінді. Әлемдік саясат соғыс және бейбітшілік мәселесін әлем мемлекеттерінің ортақтасып шешуімен басталады деп есептеуге болады.

Әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін дамыған мемлекеттер адамды және оның құқықтарын қорғауды міндет деп таниды. Осы негізінде әлем мемлекеттерінің озық елдері өздерінде құқықтық мемлекет және қоғамдық өмірді демократияландыру үдерісін бастады. Адам мәселесі өркениетті мемлекеттерді бір ортаға жинақтайтын, өзара консенсусқа, түсіністікке жетелейтін фундаменталды, өзекті мәселеге айналды. Өркениетті мемлекеттердің ықпалымен әлем халықтары адам құқықтарын қорғайтын саяси билік жүйелерін қалыптастыра бастады. Әлемдік ортақ мәселелерді шешу ғасырларға созылған әлемдік ізгілікті, әділетті тәртіптер орнатуға деген әлем халықтарының құлшынысының негізінде қалыптасады. Ал, әр елдегі адам мәселесін шешу және оның құқықтарын қорғау үшін жаһандық мәселелерді шешу және жаһандық қауіптермен күресу қажет болды.

Әлем халықтары мен мемлекеттерінің демократиялық құндылықтар негізінде топтасуына XVIII ғасырдың соңында болған Ұлы Француз революциясының 1789 жылғы «Адам және азамат құқықтарының Декларациясы», БҰҰ 1948 жылы қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясы», 1966 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған «Экономикалық, әлеуметтік жәнемәдени құқықтар туралы халықаралық пакт», 1975 жылы Хельсинкиде қабылдаған «Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Кеңесінің Қортынды актісі» т.б. құжаттар көмектесті. Қазақстанның әлемдік мәселелерге үлесін ЕҚЫҰ VII Астана саммитінде қабылдаған Декларациясынан байқаймыз.

Аталмыш құжаттарды әлем халықтары мен мемлекеттерінің адамзатты сақтау үшін бейбітшілік пен соғыс мәселесін шешу жолындағы тәжрибесі синтезделді. Адам құқықтарын қорғау, демократия мен бейбітшілік үшін күрес ғаламдық саясат принциптерін айқындап берді. Адамзаттық тағдыр ортақтастығы мәселесі барлық халықтар мойындайтын бірінші басымдылыққа айналды. Әлем мемлекеттері ортақ азаматтық мәселелерді бірлескен күшпен шешпейінше тұрақты даму болмайтындығын түсінетін дәрежеге жетті. ХХІ ғасырда жаһандық мәселелердің күрделене түсуі әлем мемлекеттерінің әлемдік саясатпен айналысуға деген зәрулігін тіптен күшейтіп жіберді.

Әлемдік саясат халықаралық экономикалық, саяси, мәдени-ақпараттық, технологиялық байланыстардың жаңа деңгейге трансформациялануының нәтижесінен туды. Жаһандық мәселелер ұлттық мемлекеттік шекара көлемінде мүлдем шешілмейді. Көптеген күрделі мәселелер барлық мемлекеттерге ортақ жаһандық жүйеге айналып, жалпы әлемдік сипат алуда. Әлемдік мәселелерді шешу үшін әлемдік саясат мемлекеттердің шаруашылықтарының даму динамикасына, интеграциялық үдерістерді нығайтуға ықпал етуге тырысады. Осы арқылы әлемдік шаруашылық пен әлемдік нарықта мемлекеттердің өзара тәуелді байланысы күшейді. Бұл жағдай саяси қатынастардың бейбітшілік жолымен дамуына экономикалық тірек болады.

Әлемдік саясат, жеке мемлекеттердің саясатының жәй ғана жиынтығы емес. Ол жекелеген халықаралық қатынастар субъектісінің де саясатына сыймайды. Сонымен қатар әлемдік саясат халықтар мен мемлекеттердің ортақ, жалпы мақсат-мүдделерін тоқайластырып, түйістіріп халықаралық қатынастардың барлық элементтеріне өзінше жеке әсер етеді. Жаһандық саясаттың барлық элементтері бірімен-бірі байланысты, өзара тәуелді бола отыра біртұтас құбылыстың жеке бөлшектері ретінде қызмет істейді. Әлемдік саясаттың тиімділігі оны жасайтын мемлекеттердің ортақ қауіптерді түсіну дәрежесіне, жағдайды түзетуге бағытталған белсенді саясат ұстануына байланысты. Мемлекеттің сытқы саясаты әлемдегі болып жатқан өзгерістерге жауап бере алуының маңызы зор. Әлемдік шындықтарға нақты, әділетті бағасын беру арқылы мемлекеттер өздерінің қызметтерін үйлестіруге мүмкіндік алады. Жаһандық қауіптер мен қайшылықтарды бағалауда ортақ мәселеге келу арқылы мемлекеттер олардың бетін қайтарудың біріккен шараларын жасау саясатын күн тәртібіне қояды.

Әлемдік саясатты ішкі саясат сияқты орталықтанған билік басқармайды.. Сондықтан әлемдік саясатқа қатысушы акторлар әлемдік шындықтарға сәйкес өз беттерінше қызмет етеді. Сондықтан әлемдік саясаттың тәуекелі көп. Әлемдік саясаттың бір субъектісі екінші субъектісінің не істеп жатқандығын да біле бермеуі мүмкін. Әр мемлекеттің сыртқы саясаты сол елдің ұлттық мүдделерінен туындайтын нақты және анық міндеттер болса әлемдік саясат субъектілерінің қызметі стихиялы жүреді. Оның бағыт-бағдарын анықтап, әрбір субъектінің шешетін мәселелерін белгілеп отыратын әлемдік саясаттың орталығы жоқ. Әлемдік саясат-әлем мемлекеттерінің жаһандық қауіптерімен мәселелерді бірлескен күшпен шешу қажеттілігін түсіну құбылысы. Әр мемлекет өзінің қуатына және мақсаттарына қарай әлемдік тәртіптерге ықпал етуді көздейді. Адамзаттың тағдырының ортақтастығын түсіну, әлемдік қатынастарды бейбіт жолмен реттеуге құлшынысты тудырады. Өзара жауласу, теке-тірес, күш көрсету, басқа әлсіз мемлекеттерге зорлық жасау әлемдік тәртіптерге қауіпті екендігі халықтар түсіне бастады.

Сол себепті әлемдік саясат жаһандық тәртіптерді реттеуші ерекше саясат түрі болып табылады. Әлемдік саясат принциптерінің жалпылық сипаты бар дедік. Бірақта оларды орындауға әрбір мемлекет міндетті емес. Халықаралық нормалар мен құқықтары белгілейтін құжаттарға қол қойған мемлекеттер ғана өз міндеттерін әлемдік қауымдастық алдында орындап отыруға міндеттеме алады.

Әлемдік саясаттың күнделікті мақсаты - әлемдік тәртіпте бейбітшілікті, тұрақтылықты, демократияны сақтау. Сонымен қатар оның көздегені әлемдік саясатқа қатысушы субъектілердің барлығының мүдделі тоғысатын халықаралық орта жасау. Мүдделердің ортақтастығы, адамзатты сақтауға деген зәрулік көптеген мемлекетердің жалпыадамзаттық мүдделердің басымдылығын мойындауына әкеліп отыр.

Сонымен қатар әлемдік саясатты әлемдік билік үшін күресетін, әлемдік тартыстардан, әрбір елдің өздеріне тән геосаяси күрестерінен, түрлі бәсекелестіктер мен мүдделер қайшылығынан тысқары алып қарасыруға болмайды. Әлемдік саясатта АҚШ, Қытай, ЕО, Ресей сияқты алпауыт мемлекеттердің үстемдігі байқалады. ХХ ғасырдың 50-90-шы жылдары мысалы, әлемдік саясатта екі басым полюс АҚШ пен Кеңес Одағы болды. Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі ХХ ғасыр аяғы мен ХХІ басы бір полюстік әлемдік саясат болды. Ол АҚШ-тың басым болуымен сипатталады. Ал, 2005-2010 жыдардан бастап әлемдік саясатта көпполюстік қатынастар басым болуда. әлемдік қатынастарды айқындаушы күштер қатарына жоғарғы аталған мемлекеттермен қоса Үндістан, Жапония, Бразилия сияқты жылдам дамушы елдер ықпалы арта түсуде. Әлемдегі өзгерістер үздіксіз процесс. Онда ұдайы жаңа, табиғаты күрделі құбылыстар пайда болуы заңдылық. Әлемдік саясат субъектілері осы әлемдік өзгерістерді, мәселелерді, қайшылықтарды танып білуге және оларды шешу ісіне, немесе қауіптерді азайту шараларына әлем мемлекеттерін жұмылдырып отыруға міндетті.

Әлемдік тәртіптерді реттеп отыратын Әлемдік Үкімет құру жоспары әзірше футурологтардың ғана ойларында. Бірақта, әлемдік мәселелер мен тәртіптердің өзгеруіне әлемдік қауымдастықты дайындайтын БҰҰ, ЕЫҚҰ, АЕО, Ислам конференциясы сияқты халықаралық ұйымдар бар. Олар әлемдік саясаттың негізгі принциптері мен бағыттарын әлем мемлекеттеріне танытуға және мойындатуға ат салысып келеді. Бірақта, әзірше бірде бір халықаралық ұйым әлем мемлекетеріне міндетті шараларды іске асыруға мәжбүрлей алып отырған жоқ. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен болатын санкциялардың өзінің орындалуы ойдағыдай емес. Әлемде әділетті тәртіптер орнады деп айтуға ертерек.

Елеулі кемшіліктерге қарамастан әлемдік саясат өркениетті адамзат пен дамыған мемлекеттер ықпалымен біртіндеп ізгіленіп, гуманизацияланып келеді. Ол адамдарды ұлттық, нәсілдік, мемлекеттік, әлеуметтік-таптық тегіне қарамастан жаһандық мәселелерді бірігіп шешуге бастап келеді. Адамдардың бостандығы мен теңдігіне негізделген әлемдік саясаттың қазіргі мақсаттары: халықаралық қауіпсіздік жүйесін жасау, мемлекетаралық қатынастарда күш көрсету, зорлыққа жол бермеу, халықтар арасындағы сенім мен бейбітшілікке бастайтын қатынастарды қалыптастыру, жаппай қырып жоятын және ядролық қарулардың таралуына жол бермеу, әлемдегі қорқыныш пен үрейді, өзара жауласуды тоқтату сияқты жеке адамдар мен халықтардың бейбіт және тыныш өмір сүруін қамтамасыз ету. Ең бастысы әлемдік саясат жаһандық бейбітшілікті қамтамасыз етуге тиісті. Әлемдік басым державалардың әлсіз мемлекеттерге қарсы зорлыққа бармауының, ұлттық мүдделерін адамзаттың мүдделерге бағындыруының маңызы арта түсуде. Ол үшін әлем халықтарының, әлем азаматтарының бейбітшілік пен адам құқығы идеяларының платформасында топтасу қажет. Әлемдік саясат әлемдік қатынастар сияқты аса күрделі құбылыс. Оның ойдағыдай шешімін табуы тіптен қиын. Сондықтан әлем мемлекеттері мен халықтары жаһандық мәселелер мен қауіптерге қарсы әлемдік саясаттың тиімділігін арттыра беруге мүдделі. Онсыз әлемдік тыныштықты сақтау мүмкін емес.

Наши рекомендации