Дәріс. Қылмыстардың көптігі бойынша саралау

Жоспары:

1. Жекелеген қылмыстармен көптік қылмыстардың арақатынасы.

2.Қылмыстардың көптігі бойынша саралау.

3.Бірнеше рет жасалған қылмыстарды саралау.

4. Қылмыстардың қайталануы бойынша саралау.

Негізгі ұғымдар: қылмыстардың бір мәрте жасалуы, қылмыстардың қайталануы, көп қылмыстар

Қылмыстық-құқықтық нормалардың бәсекелестігі дегеніміз, бір қылмыс жасалған жағдайда (қылмыстардың жиынтықтылығынан, қайталаудан және рецидивтен айырмашылығы) оның екі немесе одан да көп қылмыстық-құқықтық нормаларға қатысты болатын жағдай. Бұл жағдайда көрсетілген нормалардың қайсысын қолдану қажет деген сұрақ туындайды. Құқықтық нормалардың логикалық табиғатына қатысты белгілеріне байланысты нормалар бәсекелестігінің екі түрі бар.

Бәсекелестіктің бірінші түріне нормалардың көлемі бойынша өзара әртүрлілігі тән. Бір норма әрекеттердің біршама кең ауқымын қамтыса, екіншісі олардың бір бөлігін ғана қарастырады. Бұл бәсекелестікті жалпылама және арнайы нормалардың бәсекелестігі деп атайды. Жалпылама және арнайы норма өзара логикалық бағыныстылық қатынасында болады.

Бәсекелестіктің екінші түріне нормалардың мазмұны бойынша әртүрлілігі тән. Бұған мысал ретінде шабуыл жасап тонау мен дене жарақаттарын салу туралы баптардың бәсекелестігін айтуға болады. Шабуыл жасап тонау туралы норма өз мазмұны бойынша әлдеқайда толығырақ және дене жарақаттарын салудың және басқа да әрекеттердің белгілерін қамтиды. Сол себепті бұл жағдайды біртұтас ұғым мен оның бір бөлігінің бәсекелестігі деп қарастыруға болады.

Мұндай бәсекелестік жағдайында да нормалардың өзара сәйкес келуі ішінара құбылыс болады. Дене жарақаттарын салу әрекеті кей жағдайларда шабуыл жасап тонаудың белгілері болып табылуы мүмкін.

Жоғарыда айтылғандай, арнайы нормалардың бөлектенуі қылмыстық заңнама дамуына тән белгі. Егер жалпылама нормаларды қабылдаудағы мақсат заңнаманы әмбебаптандыру (унификация) және тергеушілер мен судьялардың жұмысын оңайлату болса, арнайы нормаларды бөлектендіру жауапкершілікті дифференциялауға, нақты қылмыс түріне байланысты оның шектерін белгілеуге және оның қоғамға қауіптілік дәрежесі мен сипатын көрнекі түрде анықтауға көмектеседі.

Бір адамның бір (жеке) немесе бірнеше қылмыс істеуі мүмкін. Жеке қылмыс деп қылмыстық заңда көрсетілген бір әрекеттен, зардаптан, кінәнің нысанынан құралатын бір құрамды білдіретін және Ерекше бөлімнің бір бабымен ғана сараланатын қылмысты айтамыз1.

Тұлғаның қылмыстық жауапқа тартылуының ескіру мерзімі өтпеген немесе соттылығы жойылмаған не алынып тасталмаған немесе қылмыстық жауапқа тартылу заңға сәйкес тоқтатылмаған екі не одан да көп қылмыс жасауы қылмыстық құқықта қылмыстардың көптігі деп танылады. Қазіргі қылмыстық заңдар бойынша қылмыстардың көптігінің төмендегідей түрлері айқындалып, ажыратылады:

1) қылмыстың бірнеше мәрте жасалуы;

2) қылмыстардың жиынтығы;

3) қылмыстың қайталануы.

Қылмыстардың көптігінің өзіне тән белгісі — бір тұлғаның кемінде екі қылмыс, яғни қылмыстардың дербес құрамдарының белгілері бар әрекеттер (немесе жиынтықталған бір әрекет) жасауы. Кейбір жағдайларда бір адам бірнеше қылмысты істеуі мүмкін, мұндай жағдайда олардың іс-әрекетін дұрыс саралау үшін қылмыстардың көптігінің түсінігін дұрыс анықтау керек. Қылмыстық жауапқа тартудың мерзімі ескірмеген немесе сотталғандықтан арылмаған немесе сотталғандығы жойылмаған жағдайда бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстарды істеуін қылмыстар көптігі деп айтамыз. Қылмыстардың көптігінің өзіндік белгілері: бір адамның екі немесе одан да көп әрқайсысы жеке-жеке құрам болып табылатын қылмысты істеуі болып табылады. Сондықтан әкімшілік құқық бұзушылық іс-әрекеті қылмыстар көптігіне жатпайды.

Қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі өтіп кеткен немесе соттылығы жойылған (алынып тасталған) заң бұзушылықтар да қылмыстың көптігіне жатпайды. Бұл туралы қылмыстың бірнеше мәрте жасалуына қатысты ҚК-тің 11-бабының үшінші бөлігінде анық айтылған2.

Сонымен қатар, қылмыстық-құқықтық салдар жоққа шығарылған әрекеттер де қылмыстардың көптігіне жатпайды. Ол жағдайлар, атап айтқанда мыналар: шын өкінуіне (ҚК-тің 65-бабы), қажетті қорғанудың шегінен асуына (ҚК-тің 66-бабы), жәбірленушімен татуласуына (ҚК-тің 67 бабы) байланысты немесе рақымшылық жасау актісі негізінде (ҚК-тің 76-бабының екінші бөлігі) немесе ҚК-тің Ерекше бөлімінде көрсетілген жағдайларға орай (125, 165, 231, 233, 312 және басқа баптарда кездесетін ескертулер) қылмыс жасаған тұлғаның қылмыстық жауаптылықтан босатылуы немесе босатылуға тиістілігі3.

Қылмыстардың көптігін жеке қылмыстардан ажырата білген жөн. Егер де жасалған қылмыс қарапайым құрамның белгілерінен тұратын қылмысты қылықтың бір ғана көрінісі болса, әрине, жекелеген қылмыс түрін қылмыстардың көптігінен ажыратып алу, әдетте, қиынға соқпайды.

Алайда, сот тәжірибесінде сырттай қарағанда жекелеген қылмыстардың қылмыстың көптігіне өте ұқсас болып келетін жағдайлары да ұшырасады. Бұл күрделі (құрамдас), созылмалы, жалғаспалы қылмыстар жасағанда орын алады.

Жеке қылмыстар мен қылмыстардың көптігін ажырату, тергеу, сот қызметінде аса маңызды роль атқарады. Кейбір жағдайларда оны ажырату белгілі бір тұрғыда қиындық та туғызады. Өйткені, жеке қылмыстардың өзі жай, күрделі құрамға, созылмалы, жалғасқан қылмыстар болып және басқа да түрлерге бөлінеді. Жай (бір) құрамда, бір объектіге, бір әрекет арқылы кінәнің бір нысанымен зиян келтіру арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, 175-баптың 1-бөлігі бөтеннің мүлкін жасырын түрде ұрлау4. Бұл жерде бір объектіге (біреудің меншігіне) бір әрекет (жасырын ұрлау) арқылы бір кінә нысанымен (қасақаналықпен) жәбірленушіге зиян келтіріліп отыр.

Күрделі құрам деп екі немесе одан да көп іс-әрекеттерден құралатын, оның әрқайсысының бірінен-бірін бөліп қарағанда жай түрдегі қылмыс құрамына жататын, бірақ ішкі бірлігі бойынша бір қылмысты құрайтын қылмыстардың жиынтығын айтамыз. Мысалы, қарақшылықтың құрамын алайық. Мұнда бөтен біреудің мүлкіне иелік ету жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш жұмсау арқылы жүзеге асырылады (179-бап). Бұл жағдайда және әр түрлі қылмыстық әрекеттер (жәбірленушінің) өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсету және мүлікті иемдену немесе иемденуге оқталу) бір күрделі қылмыс құрамын қарақшылықты құрайды, бірақ осы әрекет ішкі бірлігіне байланысты бір қылмыс құрамын құрап тұр. Жеке, күрделі құрамның бір түрі — балама әрекетті қылмыс болып табылады. Оның ерекшелігі сол қылмыстық заңда көрсетілген әрбір әрекет немесе әрекетсіздік біткен қылмыс құрамын көрсетеді. Мысалы, 165-бапта бір қылмыс құрамы мемлекетке опасыздық туралы жауаптылық көрсетілген, осы қылмыстың объективтік жағының әр түрлі мынадай балама әрекеттерінің әрқайсысы жеке-жеке біткен қылмысты білдіреді: жау жағына шығып кету; шпиондық жасау; мемлекеттік құпияны жатқа беру; Қазақстан Республикасына дұшпандық әрекет жүргізу; шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға және олардың өкілдеріне өзге де көмек көрсету. Қылмыстық кодекстің 223-бабында да бірнеше балама әрекеттердің жиынтығынан тұратын бір қылмыс құрамы туралы сөз болады, мұнда тұтынушыларды кем өлшеу, кем тарту, кем санау немесе тұтынушыларды өзгедей алдау әрекеттерінің әрқайсысы жекеленген қылмыс құрамының біткен түрін білдіреді, осы әрекеттердің біреуін немесе бірнешеуін істегенде де бір ғана қылмыс істелді деп есептеледі5.

Созылмалы қылмыс деп кінәлінің өзіне қылмыстық заң жазамен қорқытып жүктеген міндеттемелерін ұзақ мерзімге орындамай әрекет немесе әрекетсіздік арқылы белгілі бір қылмыс құрамын үзіліссіз, белгілі бір уақыт аралығында жүзеге асыруы болып табылады.

Айталық П. өзінің ұлын асырауға қажетті, сот шешімі арқылы белгіленген қаржыны төлеуден бір жарым жыл бойы қасақана бас тартты. Бұл уақыт аралығында ол өзінің жүмыс орнын сегіз рет өзгертіп, бір қаладан екінші қалаға көшумен болды. Қылмысты қылығының осыншама уақытқа созылғанына қарамастан, П-ның ісі қылмыстың көптігіне жатпайды, ол созылмалы жалғыз ғана қылмыс болып табылады.

Мұндай созылмалы қылмыстардың қатарына бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету (441-бап), балаларын немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын бағуға арналған қаражатты төлеуден әдейі бұлтару (139-бап), қаруды, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды заңсыз алып жүру, сақтау, алу, жасау және өткізу (287-бап); қашқындық (ҚК-тің 442-бабы), ұлттық және шетел валютасындағы қаражатты шетелден қайтармау (ҚК-тің 235-бабы), қылмыс туралы хабарламау (434-бап) және басқалары жатады. Мұндай жағдайларда қылмысты әрекет кінәлінің кінәсін өзі мойындап келген уақытына немесе оның өкімет органы арқылы ұсталуына байланысты жағдайларда ғана үзіледі. Оған дейін істеген іс-әрекет бір (жеке) созылмалы қылмыс ретінде қарастырылады.

Жалғасқан қылмыс деп ортақ мақсатқа жетуге бағытталған ұқсас (бірдей) қылмысты әрекеттерден құралатын, жиынтығында бір қылмыс болып табылатын қылмыстарды айтамыз.

12 дәріс.Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың құқықтық сипаттамасы

Жоспары:

1. Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың түсінігі

2. Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың түрлері бойынша саралау

Негізгі ұғымдар: адам өлтіру,ұрып-соғу,қинау, қорқыту және т.б.

ҚР Конституциясының 1 бабында айтылғандай, адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары қоғамның ең басты құндылықтары болып табылады.

Жаңа ҚР Қылмыстық Кодексінің ерекше бөлімі «Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар» атты тараудан басталады.

Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар дегеніміз, адамның өмірі мен денсаулығына, жыныстық қол сұғылмаушылығына, бостандығы мен қадір-қасиетіне қарсы бағытталатын қоғамға қауіпті әрекеттер. Мұндай қылмысты жасау нәтижесінде адамға елеулі зардап келтіріледі немесе өмірге, денсаулыққа, заңды құқықтар мен бостандықтарға сондай зардап келу қаупі төнеді. Мұндай қылмыстардың тектік объектісі жеке тұлға, ал тікелей объектілері адамның өмірі, денсаулығы, бостандығы ар-абыройы мен қадір қасиеті. Мұндай қылмыстар тікелей объектісінің түріне байланысты төмендегідей топтарға бөлінеді:

1. Жеке өмірге қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (ҚК 99-105 бб.).

2. Денсаулыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (ҚК 106-111, 114-119 бб.).

3. Жыныстық еркіндік пен жыныстық қол сұғылмаушылыққа

қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (ҚК 120-124 бб.).

4. Бостандыққа қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (ҚК 125-129 бб.).

5. Ар-намыс пен қадір-қасиетке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (ҚК 130, 131 бб.).

13 дәріс. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау

Жоспары:

1. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаттамасы

2. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау негіздері

Негізгі ұғымдары: отбасы, неке, кәмелетке , интеллектуалдық, рухани және т.б.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында: Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады (1); Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу — ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы (2); Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті (3) —делінген. Бұл көрсетілген қағидалар халықаралық құқықтың осы мәселелер жөніндегі негізгі ережелеріне сәйкестендірілген.

Адам құқығы жөніндегі 1948 жылғы Жалпыға бірдей Декларацияда, Азаматтық және саяси қққықтар туралы 1966 жылғы Халықаралық пактіде отбасы қоғамның табиғи негізгі ұясы және ол мемлекет пен қоғам тарапынан қорғау құқығына ие деп белгіленген. 1989 жылы 20 карашада қабылданған "Бала құқықтары жөніндегі" Конвенцияда да балалардың азаматтық және саяси-әлеуметтік құқықтарының қорғалуына ерекше мән берілген. Қазақстан Республикасы да отбасы және кәмелетке толмағандар жөніндегі халықаралық құқық нормаларын қастерлей отырып, осы мәселелерге байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастарды қылмыстық-құқықтық жолмен қорғауға ерекше мән береді.

Бұл тарауда осы тұрғыдағы қылмыстарға арналған нақты қылмыстардың мынадай түрлері көрсетілген: кәмелетке толмаған адамды қылмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту (132-бап); кәмелетке толмаған адамды қоғамға жат әрекеттертер жасауға тарту (133-бап); кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту (134-бап); кәмелетке толмағандар саудасы (135-бап); баланы ауыстыру (136-бап); бала асырап алу жөніндегі заңсыз әрекеттер (137-бап); бала асырап алу құпиясын жария ету (138-бап); балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару (139-бап); кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау (140-бап); балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (141-бап); қамқоршы немесе қорғаншы құқықтарын теріс пайдалану (142-бап); кәмелетке толмаған адамды Қазастан Республикасының шегінен тысқары жерге заңсыз әкету (143-бап) кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнімдерді жасауға тарту (144-бап). Осы топқа жататын қылмыстардың объектісі ата-аналар мен балалардың арасындағы отбасылық қатынастар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың дене бітімі, интеллектуалдық, рухани, адамгершілік тұрғысынан дұрыс дамып, қалыптасу жағдайлары болып табылады. Енді осы топқа енген қылмыс құрамдарының әркайсысына жеке-жеке талдау жасап өтейік.

2. Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың жеке құрамдары:

Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға тарту (132-бап). Кәмелетке толмаған адамды 18 жасқа толған адамның қыл­мыстық іске тартуы жеке қылмыс құрамы ретінде қарастырылады.

Қылмыстың тікелей объектісі — кәмелетке толмағандардың бірқалыпты дамуы және оларға дұрыс тәрбие беру шарттары болып табылады.

Қылмыстың жәбірленушісі — 18-ге толмаған адам, яғни кәмелетке толмағандар.

Қылмыс объективтік жағынан алғанда әр түрлі әдістер (тәсілдер) қолдана отырып кәмелетке толмаған адамды қыл­мыстық іске тарту арқылы жүзеге асырылады.

Кәмелетке толмаған адамды қылмыстық іске тарту деп 18-ге толмағандарды қылмыстың тікелей орындаушысы неме­се өзге де көмектесушісі болуға жігерлендіруге, ынтасын, шешімін қоздыруға бағытталған іс-әрекеттерді айтамыз. Қыл­мыстық іске тартудың әдісі заңда тікелей көрсетілмеген, бірақ ол әртүрлі жолмен жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл әрекет көбінесе психикалық әдістерді қолдану арқылы (қорқыту, уәде беру, алдау) немесе басқа да тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған адамдарды үрейлендіру немесе оларды басқа бір қолайсыз жағдайларға қалдыратын әрекеттер жасаймын деген әрекеттер арқылы, олардың психи­калық санасына әсер етулер қорқыту деп табылады. Қорқыту ауызша, жазбаша, телефон арқылы, дене қимылын көрсету арқылы жүзеге асырылуы мүмкін және мұндай қорқытулар жәбірленушінің тікелей өзіне немесе оның таныс адамдарына білдірілуі хақ.

Субъектінің болашақта кәмелетке толмағандарға белгілі бір жәрдем көрсетуге (оқуға түсіруге, жұмысқа тұрғызуға немесе оларға басқадай игіліктер жасауға міндеттемелер алуы) уәде беру деп танылады.

Кәмелетке толмағандар үшін мәні бар мәліметтерді немесе мән-жайларды қасақана айтпау немесе олар жөнінде үн қатпау арқылы оларды жаңылыстырып қоғамға қауіпті іс-әрекетті істеуге тартуды алдау деп түсінген жөн. Мысалы, ересек адам кәмелетке толмаған адамға көрші үйден өзіне тиісті жүкті жол бойына жеткізуді өтінеді, нәтижесінде ол бөтеннің мүлкін ұрлауға көмектескенін бірақ біледі. Кәмелетке толмаған адам­ды басқа да тәсілдермен қылмыс жасауға тартуға, оларды иландыру, сатып алу, оларды зұлымдық, қараниетті іс-әрекеттерді істеуге жігерлендіру, бопсалау, материалдық тәуелділік жағдайын пайдаланып қалу т.с.с. әрекеттер жатады.

Жоғарыда көрсетілген тәсілдерді қолданғанымен кәмелетке толмағандар қылмыстық іс-әрекетке баруға қарсылық білдірсе, онда кінәлының іс-әрекеті кәмелетке толмаған адам­ды қылмыстық іске тартуға оқталғандық ретінде сараланады.

Қылмыс формальдық құрамға жатады. Және ол кәмелетке толмағандарды қылмысқа тартқан уақыттан (яғни 18-ге толма­ған адамның оған келіскен сәтінен бастап) аяқталған деп та­былады. Қылмыстық кодекстің 132-бабының 1-тармағы бо­йынша онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстарды істеуге кәмелетке толмағандарды тартқаны үшін ғана жауаптылық көзделген.

Дәріс 14. Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау

Жоспары:

1. Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаттамасы

2. Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтарды дұрыс саралаудың маңызы

Негізгі ұғымдар: денсаулық, науқасқа көмек көрсетпеу, дәрігерлік құпияны жария ету.

Медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтарға заңсыз түсік жасау, науқасқа көмек көрсетпеу, дәрігерлік құпияны жария ету, заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет және есірткі немесе психроптық заттарды алуға құқық беретін рецептілерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау баптарымен көрініс табады.

Келтірілген зиянның ауырлығын бағалау критерийлерін бірыңғайландыру бағытында ҚР білім, мәдениет және денсаулық сақтау Министрлігі 1998 жылы 4 мамырда қабылдаған «Денсаулыққа келтірілген зиянды сот-медициналық бағалау ережелері» елеулі маңызға ие. Осы Ережелерге сәйкес денсаулыққа келтірілген зиян ауырлығы бойынша үш дәрежеге бөлінеді: ауыр, орташа ауыр және жеңіл.

Денсаулыққа келтірілген зиянды бұлай топтарға бөлуде ескерілетін ең басты критерий – келтірілген зиянның өмірге қауіпті болуы немесе болмауы, келтірілген зиянның салдары. Жалпы және кәсіптік еңбек қабілетінің кему, сақталу дәрежесі де елеулі маңызға ие болады. Адам бетінің сұрықсыздануынан көрінетін ауыр дене жарақаттарын анықтау кезінде эстетикалық критерий қолданылады.

Адамның өз денсаулығына қол сұғуы өз бетінше қылмыстық жауаптылыққа тартылатын әрекет болып табылмайды. Кей жағдайда, кінәлі тұлға өз денсаулығына зардап келтіру арқылы басқа объектіге қол сұқса ол әрекеттер қылмыс құрамының белгісі деп танылады.

Жәбірленушінің өз денсаулығына зардап келтіруге келісім беруі жалпы тәртіп бойынша әрекеттің қылмыстылығын жоятын мән-жай болып табылмайды. Алайда, кейбір емдеу әрекеттерін қолдану кезінде денсаулыққа төнуі мүмкін қауіпке ерікті түрде келісім беру сол келісімді берген тұлғаның денсаулығына келтірілген зиянның құқыққа қайшылығын жоққа шығарады.

Бұл қылмыстардың объектісі адамның денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған қоғамдық қатынастар, яғни басқа тұлға ағзасының белгілі бір физиологиялық жағдайы. Қылмыстық Кодекс кез келген адамның денсаулығын жасына, денсаулық жағдайына қарамастан дүниеге келген кезден бастап, өмір аяқталғанға дейін қорғайды.

Қылмыстың объективтік жағы әрекет немесе әрекетсіздік арқылы басқа адамның денсаулығына құқыққа қайшы түрде зиян келтіру. Міндетті белгі кінәлі тұлғаның әрекеттері мен денсаулыққа келген зардап түріндегі салдардың арасындағы себепті байланыс. Денсаулыққа зардап келтіретін әрекеттер құқыққа қайшы болса және қылмыстық заңнамада көрсетілген болса қылмыс деп танылады.

Кінәлі тұлғаның әрекеттері адамның денсаулығына механикалық, физикалық, химиялық, термиялық немесе т.б. түрде әсер ету түрінде болады. Адамның денсаулығына әрекетсіздік арқылы да зардап келтірілуі мүмкін. Бұл қарастырылып отырған қылмыс құрамдары материалдық, басқаша айтқанда аяқталған қылмыстарға қатысты.

Денсаулыққа зиян келтіру – бұл кінәлі, құқыққа қайшы түрде басқа адамның денсаулығына зиян келтіру, оның денесінің анатомиялық біртұтастығын бұзу, жекелеген органдардың немесе бүкіл ағзаның қызметін бұзу.

15 дәріс.Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау

Жоспары:

1. Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаттамасы

2.Қылмысты дұрыс саралаудың маңызы

Негізгі ұғымдар: сыбайлас жемқорлық, пара, қызметтік жалғандық жасау, салғырттық.

Оның кауіптілігі сол, лауазымды тұлға өзінің қызметтік өкілетін қызметтік мүддеге карама-қайшы қылмыстық жолмен пайдалана отырып азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтіреді.

Мемлекеттік аппараттың қалыпты, занды қызметіне қол сұғу осы қылмыстың объектісі болып табылады. Осыған байланысты, егер кызметтік өкілетті теріс пайдалануды мемлекеттік органда, жергілікті өзін-өзі басқару органында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскер құрамдарында және әскери құрамдарда лауазымға ие адамдар жасаған жағдайларда ғана қылмыс және 15-тарауда көзделген өзге де қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік туындайды. Мемлекеттік немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып табылмай коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызметтік өкілетті теріс пайдаланған тұлғалар ҚК-тің 228-бабы бойынша осындай іс-әрекеттері үшін қылмыстық қудалау тәртібі туралы осы бапқа ескертпелерді ескере отырып жауап беруге жатады.

Қызметтік өкілетті теріс пайдаланудың объективті жақтарының міндетті белгілері мыналар болып табылады лауазымды адамның өзінің қызметтік өкілетін пайдалануы; лауазымды идамның қызмет мүдделеріне қайшы келетін белгілі бір іс-әрекет жасауы; егер осы іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен занды мүдделеріне, не қоғамдық немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде нұқсан келтірсе.

Мынадай іс-әрекеттер лауазымды адамның өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалануы деп түсініледі, егер ол іс-әрекет оның қызметтік өкілетінен туындайтын болса және осы лауазымды адам атқарып отырған қызметінің аркасында берілген құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға байланысты болса онда (ҚК-тің 361-бабы) кызметтік өкілетті пайдалану туралы айтылған. Осыған орай бұл қылмыстар негізінен әрекет жасау жолымен жасалады немесе әрекетсіздік жолымен де жасалуы мүмкін.

Лауазымды адамдардың құзыреті тиісті лауазымды адамдардың қызметі жөніндегі құқықтар мен міндеттердің шегін айқындайтын заңдармен, ережелермен, жарғылармен немесе нұсқаулықтармен не болмаса басқа да нормативтік актілермен реттеледі. :

Лауазымды адамның әрекеті деп лауазымды адам оның атқаратын кызмет жағдайының арқасында ғана жасай алатын әрекетін айтуға болады.

Қолданылатын әдебиеттер мен нормативтік актілер тізімі:

1. ҚР Қылмыстық құқығы (ерекше бөлім), Алматы, 2000ж.

2. Научные основы квалификации преступлений, Москва, 1984г.

3. Квалификация преступлений, Москва, 1974г.

4. Б.Х. Толеубекова. Уголовно-процессуальное право. Часть общая. Алматы, «Жеті Жарғы».2000г.

5. Уголовно-процессуальный кодекс РК Алматы, 2001 г. Уголовный процесс. Досубедное производство. Астана. 2001 г.

6. Комментарий к УПК РК «Жеті Жарғы». 2000 г.

7. Производство дознанания по УПК РК Караганда. 1998г.

8. Уголовный процесс Москва. 1995 г.

9. Следователь в уголовном процессе Москва. 1981 г.

10. Уголовное право РК (особенная часть)., Каиржанов Е., Алматы -2000г.

11. Научные основы квалификации преступлений. Куринов Б.А., Москва -1984г.

12. Квалификация преступлений., Гаухман Л.Д.

13. Вина и квалификация преступлений. А.И. Рарог., Москва – 1982 г.

14. Комментарий к УК РК., Караганда – 1999г.

15. Фемида Республикалық заң журналы (№3.,1997ж)

16. Қазақстан Заңдары журналы (№6.,1998ж.)

17. ҚР. Қылмыстық Кодексіне ТүсінікАлматы 2004г.

18. ҚР. Қылмыстық іс жүргізу Кодексі.,1998ж.

19. Фемида журналы (№ 4.,2000ж.)

20. Заң газеті (№11.,2002ж.)

21. Қазақстан Заңдары журналы (№6,1999ж.)

22. Заң газеті. 27 наурыз, 2002 жыл

23. Коробеев А.И., Усс А.В., Голик Ю.В.,Уголовно правовая политика: тенденции и переспективы. Изд-во Краснояр. Ун-та. 1991г.

24. Уголовное право. Общая часть. Москва: Издат. Группа ИНФРАМ-НОРМА 1997г.

25. Уголовное право Казахстана. Общая часть.Учебник для ВУЗов под.ред. д.ю.н., прфессора И.И. Рогова и к.ю.н., профессора С.М. Рахметова-Алматы, ТОО «Баспа», 2001г.

26. Беляев Н.А. Уголовно-правовая политикаи пути ее реализации.Ленинград. 1986г.

27. Уголовное право Казахстана . Ч.1-2. Под ред. И.Ш.Борчашвили, С.М. Рахметова. Алматы. 1999-2000г.г.

28. Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінің Жаршысы, 1993ж, №1, 1-құжат;

29. Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінің Жаршысы, 1993ж, №14, 275-құжат;

30. Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінің Жаршысы, 1993ж, №2.

31. Каиржанов Е.И. Уголовное право. РК (Общая часть). Алматы, 1998г.

32. .Наумов А.В. Уголовное право. Общая часть. Курс лекций. Изд-во БЕК. Москва. 1996г.

33. Уголовное право Росии. Общая часть. Т.1.Москва., 1994г.

34. Уголовное право Российской Федерации (отв. ред. Б.В. Здравомыслов) М., 1996г.

35. Комментарий к Уголовному кодексу Российской Федерации ( под. ред. А.В. Наумова). М., 1996г.

36. Комментарий к Уголовному кодексу Российской Федерации ( под. ред. Ю.И. Скуратова и О.М. Лебедева). М., 1996г.

37. Комментарий к Уголовному кодексу Российской Федерации ( под. ред. В. И. Радченко). М., 1996г.

38. ҚР Қылмыстық құқық. Жалпы бөлім. Ағыбаев А.Н. Алматы ., «Жеті Жарғы», 1998ж.

39. ҚР Қылмыстық құқық. Жалпы бөлім. Алауханов Е.О. Алматы ., «Жеті Жарғы»,2001ж.

40. Советтік қылмыстық право. А.М. Мамытов. Алматы., 1970ж.

41. Советский уголовный закон. Н.Д. Дурманов. М., 1967г.

Наши рекомендации