Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ.

Мен неге қазақтықтан сақтанамын!

Міржақып Дулатов.

Ата-баба аңсаған ұлы мұрат жолы, яғни осынау «тәуелсіздік» деген асыл ұғымның жолында талай жан құрбан болды. Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»,–деп текке айтпаған іспетті. Қазақ аштықты да, жоқтықты да, небір сұрапыл дүниені де көрді, бірақ өмірге деген құштарлық пен азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды. Кешегі Абылай,Тәуке хандарымыз, одан бері Махамбет, Кенесары батыр бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке жеткенімізге міне 23 жылдың жүзі болды. 23 жылда жеткен жетістіктеріміз бізді дамушы елдердің алдыңғы қатарына шығарды. Қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда еліміздің өркендеуі қарқынды түрде жүріп жатыр. Біздің осылай бақытты, тәуелсіз болып отыратынымызға кім сенген?! Олай болса, мен де болашаққа көз салып көрейін. Алдымыздағы асулардың әр жағындағы Қазақстанды мен қалай елестетемін?

Бүгінде Қазақстан жаһанға аты әйгілі елдердің қатарында. Мұндай елдер қатарына қосылу жолында Елбасымыздың атқарған үлесі мол. Барлығы да еліміздің ертеңі мен бүгініне арналған. Жұдырықтай жұмылған ел сенімін арқалаған көшбасшы бірлік пен татулықты, намыс пен мақсатты пір тұтты. Дәл осындай қарқынмен еліміз «Қазақстан –2030» стратегиялық бағытын жүзеге асырып, дамыған 50 елдің қатарына кірді. Өркениетті ұлтымыз үшін, еліміздің дамуын тежемей, керісінше, дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатында Елбасымыздың қолдауымен «Қазақстан–2050» стратегиялық бағдарламасын қабылдадық. Осы стратегия қабылданғалы еліміздің болашаққа деген сенімі арта түсті. Менің ойымша, 2050 жылы Қазақстан Еуропа елдерінен асып түсетіндей дәрежеге жетеді. Сонымен қатар адами құндылықтар артып, біз ойлағаннан да ерекше сәулетпен гүлденері сөзсіз.

2050 жыл... Қөз алдыма небір адам қолынан келмейтін ғимараттар, сонымен қатар халық саны едәуір артқан, уайым-қайғысыз ата-аналар мен бақытты балалар келеді. Сәулеті мен дәулеті келіскен қазақ елінің бағы үстем. Елбасы салып берген дара жолдан жаңылмай, жас ұрпақ та биік белестерге жете берері сөзсіз. Мен Қазақстанның болашағын ғажайып арманмен елестетемін. Батысымыз мұнайланып, жаңа зауыттар мен машина құрастырушы зауыттың түр-түрі, Оңтүстігімде «Оксфорд», «Гарвард» сияқты университеттер мен жаңа ірі оқу орындары, Шығысымда - роботтар құрастырушы зауыттар мен «Бренд тауарлар» орталықтары, Солтүстігімде «Ақпарат таратушы құралдар» орталығы, ал Орталығымда зәулім ғимараттар мен бизнес орталықтары іске қосылса.

Қасиетті Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау басқа да шұрайлы аймақтарда шипажайлар бой көтеріп, нағыз туристік орталыққа айналсақ! Шетелдегі бауырлардың бәрі оралған. Қаламыз толы қаракөз қазақтар. Санымыз 25 миллионнан асады. Керемет жетістік!

Мұнай өндіруден үшінші орын. Білім сапасы жоғары. Адам саны жетерлік. Көлік жасаудан да қалыспаппыз. Жаһандық даму деп осыны айт. «Құралай» мен «Әдемі-ай» бренд тауарларын шетелдік туристер іздеп келіп алып жатыр. Сауда қарқыны керемет!

Шіркін армандар! Еңбектенсе, орындалмайтын арман болмайды екен. Асқақ арманға жету үшін ертеңгі күннің жұмысын бүгіннен бастайық.

Қорыта айтқанда, мен 2050 жылы Қазақстанды әлемдегі ең бақытты, дамыған, үздік мемлекет етіп елестетемін. Қазақ халқы тек экономикалық жағынан емес, мәдениеті, салт-дәстүрімен де көшбасшы болып тұрады. Қазіргі кездегідей орысша сөйлегенді мақтан тұтпай, бір-бірімен қазақша сөйлесіп, теледидардың барлығы мемлекеттік тілде сайрап тұратындай деңгейге жетеміз.

Мен сенемін,сену керек арманға,

Бұл арманым орындалса таңданба!

Барлық халық тек қазақша сайрасын,

Күнтізбеміз 2050 болғанда!

Мемлекеттік тіл–менің тілім

Жоспар:

І Кіріспе

Туған тілге құрмет

ІІ Негізгі бөлім

1) Ана тілдің қасиеті

2) Қазақ тілі – қазақстандықтарды біріктіруші фактор

ІІІ Қорытынды

Тілімізді сақтаудың тиімді жолы

«Ана тілі- бәріміздің анамыз,

өйткені ол – ұлтымыздың анасы»

Н.Ә.Назарбаев

Тіл қай елде, қай ұлтта болсын -қастерлі, қасиетті, құдіретті ұғым. Тіл әрбір адамға ана сүтімен беріледі. Ана сүтімен бойға сіңген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас та туған тіліңді білуден басталады.Тіл – халықтың рухани, мәдени байлығының дамуының құралы.

Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Адамның қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл – тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» - деген. Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Бүкіл әлемге белгілі Шекспир шығармашылық өмірінде он үш мың сөз қолданған болса, ал өзіміздің қазақ халқының жазушысы ұлы Мұхтар Әуезов бір ғана «Абай жолы» романында он алты мың сөзді керек еткен. Міне, осыдан қазақ тілінің қасиетті де қастерлі, асыл тіл екенін ұғамыз. Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев: «Ал екінші бақытым – тілім менің, Тас жүректі тіліммен тілімдедім. Кей-кейде дүниеден түңілсем де, Қасиетті тілімнен түңілмедім,»-деп жырласа, Мағжан Жұмабаев: «Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың, Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың. Алтын күннен бағасыз бір белгі боп, Нұрлы жұлдыз, бабам тілі сен қалдың», - деп толғанады. Осы екі ақын да сол кездері тек тілдеріне ғана үміт артқан еді. Сол үміттің ар жағында бізге деген сенім де жатыр.

Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз. Басқа халықты айтпағанда, өз ішіміздегі шала қазақтарды таза қазақ қылатын кез болды. Бүгінде кейбіреулердің қазақ тілін білмеуі, білсе де сөйлемеуі қазақ тілін жақсартып, биік белестерге көтермеуіміздің қатерлі дерті болып табылады.Туған тілден безінген азаматтарды көргенде Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам жәндік», - деп ашына айтқаны ойға оралады. Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағына қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Өкінішке қарай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Ата-ананы қадірлеу қалай керек болса, өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей. Әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтап, ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.

Бүгінгі қазақ тілінің тағдыры мен болашағы Елбасын да аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегені. Ал кейінгі «Қазақстан 2050» жолдауында айтылған «Біз барша қазақстандықтарды біріктіруші басты факторлардың бірі – еліміздің мемлекеттік тілін, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деген уәжінде қазақ тілінің Қазақстан халықтарының басын біріктіруші ұйытқы болуын көздеп отыр. Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр.Солардың бірі ана тіліміздің аударма тілі болып отырғандығы мені қатты алаңдатады. Қазақ тілінің жанашыры болған сатирик ақын Ш. Смаханұлының бір шумақ өлеңінде осындай жағдайды сипаттайды: Қазіргінің баласы, Көп білем деп көкиді. Әкесінің жазғанын, Аудармадан оқиды. Қазіргі шындық – осы.

Қорыта айтқанда, тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егемен ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түпқазығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті. Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш-ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз. Қазақстан - әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуі үшін азаматтарымыз қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек дегім келеді.

Денсаулық – зор байлық

Жоспар:

І Кіріспе

Денсаулықсыз өмір қызықсыз.

ІІ Негізгі бөлім

Салауатты өмір салтын ұстану.

ІІІ Қорытынды

Денсаулықты сақтау – өз қолымызда

Дені саудың жаны сау.

халық мақалы

Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болу үшін уақытты да, күш-жігерді де, еңбекті де, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Денсаулықсыз мына өмір қызықсыз деп білемін.

Өмірдің шаттығы мен қызығы денсаулыққа байланысты. Адам бақыты – денсаулық. «Денсаулық – зор байлық» деп халқымыз тегін айтпаған. Денсаулыққа немқұрайлы қарау дұрыс емес. Оған пассивті түрде емес, активті түрде қарау керек. Денсаулықты сақтаудың жолын үйрену – әрбір адамның басты міндеті.

Күнделікті жұмыста жүргенде, деніміз сау болғанда, денсаулықтың қадірін біле бермейміз. Аздап ауырсақ, өзіміз білетін дәрі-дәрмектерді ішіп жазылып кетуге тырысамыз. Дәрігерге бара қоймаймыз. Шын мәнінде, кез келген аурудың алдын алуға болады. Ол үшін не істеу керек?

Ең алдымен, спирттік ішімдіктер мен темекі шегудің зиянын білген дұрыс. Темекі түтінінің құрамында 30-дан астам зиянды заттар бар. Әсіресе, жас балалар мен қарттарға темекі тартуға болмайды. Бұл заттар – қатерлі ісіктің пайда болуына тікелей себепкер. Ішімдікке салынып кетуге болмайды. Ішімдікті жақсы көретін адамнан бақытсыздықтан басқа ештеңе күтуге болмайды. Лев Толстой: «Спиртті ішімдік адамның денсаулығын құртады, ең қорқыныштысы адамның рухы мен ұрпағын жояды», -деген болатын.

Аурудың алдын алуға болады. Ол үшін дұрыс тамақтануға, уақытында демалуға, дене қимылымен айналысуға көп көңіл бөлу қажет. Әсіресе, жасы ұлғайған адамдарға майлы тамақтарды көп жеуге болмайды. Оның орнына сүт, көкөніс тамақтарын пайдаланған дұрыс. Денсаулық сақтауда дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Ал спортпен айналысу денсаулықты жақсартады. Спорттың ең қарапайым түрі – жүгіру. Күн сайын таңертең үйдің маңайында, саябақта жарты сағаттай жүгіруе болады. Егер жүгіруге дәрігер рұқсат етпесе, таңғы таза ауада серуендеп,әртүрлі жаттығулар жасауға болады.

Қорыта айтқанда, денсаулықты сақтау – өз қолымызда, яғни өз еншімізде. Қазіргі таңда аурудың түрі көбейіп барады. «Тірі адам түбінде бір ауырмай тұрмайды» деп данышпан Ж.Баласағұнның айтқан сөзі рас сияқты, өйткені әрбір адам басында өзіне белгілі бір аурулары бар,бірақ біз сол аурулардың шарықтауына жол бермей, оны емдеуіміз қажет. Яғни «Ауруын жасырған өледі» деген сөзді есте ұстап, адам өз бойындағы сырқаты бойынша дәрігерлерден кеңес алып, білгендерден сұрап отыруы қажет. Денсаулық адам өміріндегі ең жоғары бағалы дүние болғандықтан, әр адам баласы өз денсаулығына көңіл бөлуі тиіс.

Достық

Сыр сандықты ашып қара,

Ашып қара, сырласым.

Сым пернені басып қара,

Басып қара, жырласын!

С.Сейфуллин

Жоспар

І Кіріспе

Достық – асыл қазына.

ІІ Негізгі бөлім

«Досы жақсының өзі жақсы»

ІІІ Қорытынды

Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиеті. Достық –өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге көмектеседі. Дос-жарандардың мінездері әртүрлі болып келуі мүмкін. Мысалы, біреуінде қызбалық не шабандық, екіншісінде тұйықтық не жігерсіздік байқалса да, бұлар достыққа кедергі бола алмайды, қайта нағыз достық осындай кемшіліктерден арылуға көмектеседі. Сатқындық, екіжүзділік, өтірік айту, өзімшілдік достықпен сыйыспайды.

Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде достыққа үлкен көңіл бөлінеді. Халық арасында достық туралы мақал-мәтелдер жеткілікті: «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады», «Досы жақсының өзі де жақсы», «Дүниеде адамның жалғыз қалғаны – өлгені, қайғының бәрі соның басында». Достыққа қарама-қарсы ұғым – қастық пен күншілдік. Мұндай сезімге ерік алдырғандар басқаның қуаныш-қызығын, ырыс-бағын көре алмайды, достық дегеннің не екендігін білмейді. Дұрыс дос таңдай білу – өмірлік мақсаттардың бірі.

Саясаттанудағы достық ұғымы мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени мүдде тұрғысынан ынтымақтастық орнату шараларын бейнелеу үшін қолданылып жүр. Қазір бізге достық бұрынғыдан бетер қажет. Достық – бұл өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Дос табу оңай, ал оны сақтау одан қиын. Достық қатынасқа нәзіктікпен қарап, берік сақтау керек, өйткені ол да баптауды қажет ететін нәзік өсімдік сияқты. Біздер достықты сақтау үшін жан-тәнімізбен еңбектенуіміз керек. Қайтарымын қажет етпей, берудің жолдарын үйрену керек. Сенім мен жарқын көңіл достықты берік ететін тірек саналады. Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады және жер бетінде өзін жалғыз сезінбейді.

Наши рекомендации