Еңбек құқығының ұғымы және қолданылу кеңістігі
Л-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу-әдістемелік кешені
Мамандығы: Құқықтану
Шифр: 5В030100
Пән: Еңбек құқығы
ДӘРІС ТЕЗИСТЕРІ
Еңбек құқығының ұғымы және қолданылу кеңістігі
(пәні, әдісі және жүйесі)
Еңбек құқығы, құқық саласы ретінде, белгіленген тәртіпте – жұмыс беруші мен жұмыскер (тараптар) арасында және басқа да еңбек құқығы субъектілерінің қатысуымен туындайтын қоғамдық, құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған нормалар жиынтығы ретінде айқындалады. Еңбек құқығының негізгі мақсаты, 1) біріншіден, әркімнің жұмыспен қамтылуына және, 2) екіншіден, өндірістік ортада қауіпсіздік талаптарына сай еңбек жағдайымен қамтамасыз етілуге деген құқығының іске асырылу механизмдерін айқындау болып табылады. Еңбек кодексінің құрылымы (институттары) осы екі мақсатты іске асыруға бағытталған. Әркімнің әлеуметтік-экономикалық, олардың қатарында, халықты жұмыспен қамту саласына қатысты әркімнің құқықтары мен бостандықтары, заңды мүдделері Конституцияның 24 және 28 баптарында көзделген. Еңбек қатынастары, әр кезеңде, тараптар және басқа да субъектілердің арасында қандай да бір қоғамдық қатынастардың пайда болуы, өзгеруі не жойылуына (тоқтатылуына) байланысты туындайды: еңбек шартын жасау, оған өзгерістер енгізу және оны бұзу (тоқтату); еңбек уақытын – өлшемін айқындау; күнделікті, ауысым аралық, апталық, жылдық және басқа да демалыс уақыттарын айқындау; жалақы төлеу; еңбек жағдайын біржақты не тараптардың келісіммен өзгерту; еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету; жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау; жұмыскерлердің денсаулығын сақтау және келтірілген зиянды өндіру; материалдық және тәртіптік жауапкершілікке жұмыс берушімен қатар жұмыскерлерді тарту; әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттің, жұмыс берушілердің және жұмыскерлердің (әлеуметтік әріптестердің) қатысуымен және басқа да әлеуметтік-экономикалық сипаттағы қатынастардың пайда болуларына байланысты. ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 21) тармақшасына сәйкес, еңбек қатынастары – еңбек заңнамасымен, келісімдермен, еңбек және ұжымдық шарттарымен, сонымен қатар, жұмыс берушінің актілерімен айқындалған құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру кезінде тараптар арасында туындайтын қатынастар ретінде айқындалған. Еңбек құқығы, Еңбек кодексінен бөлек, басқа да заңнамалық актілерді қамтиды: мемлекеттік қызмет; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; құқық қорғау қызметі; мемлекеттік мүлік; міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы және басқа да заңнамалық актілерде еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған нормалар қамтылған. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 19-бабының 2-тармағына сәйкес,мемлекеттік әкімшілік қызметке қабылданатын азаматтар арнайы тексерудің нәтижелері алынған күнге дейiн мемлекеттік әкiмшiлiк лауазым бойынша көзделген мiндеттердi уақытша атқарады. Олардың қатысуымен туындайтын, еңбек қатынастары еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi. Арнайы тексеруді жүргізу кезеңінде аталмыш азаматтарға мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауаптылығы (мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер бөлігінде), мемлекеттік қызметі туралы заңнаманың ережелері толық көлемде қолданылады. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметтік жағдайлары, құқықтары мен міндеттері еңбек шартымен айқындалуға тиіс.Еңбек заңнамасы болып еңбек (қызмет) туралы нормаларды қамтитын барлық заңнмалық акітелер танылады, еңбек заңнамасының ұғымы ҚР ЕК-нің 2-бабында берілген. Еңбек құқығы азаматтық құқықпен тікелей байланысты, оған себеп, қандай да бір тараптың өзіне жүктелген міндеттері іске асырылмай не сол тараптың іс-қимылымен (әрекетсіздігімен) басқа тарапқа, сонымен қатар – үшінші тұлғаға зиян келтірілген жағдайда еңбек құқығы субъектілерінің арасында туындайтын қатынастар еңбек заңнамасымен қатар азаматтық заңнамаға сәйкес реттеледі.
ҚР ЕК-нің 10, 11 және 12 баптарына негіз жұмыс берушінің актілерінің ұғымы, олардың маңызы және қабылдану тәртібі айқындалған. Аталмыш актілер еңбек қатынастарын реттеуде күнделікті дайындалады және белгіленген тәртіпте рәсімделеді, олар заңнамаға сәйкес болуға және заңнаманы іске асыруға бағытталуға тиіс. ҚР ЕК-нің 8-бабының 3-тармағына сәйкес, жұмыскерлердің жекелеген санаттарының қатысуымен туындайтын еңбек қатынастары осы Кодекспен қатар өзге де заңдармен реттеледі. Еңбек заңнамасымен еңбек және еңбекпен тікелей байланысты қатынастар реттеледі. Еңбекпен тікелей байланысты қатынастардың ұғымы ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 22) тармақшасында, 8-баптың 1-тармағының 2) тармақшасында, 10-баптың 1-тармағында берілген. Жұмыс берушінің актілері болып, ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 41) тармақшасына сәйкес, бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, Ережелер, ауысым кестесі, вахта кестесі табылады. Ерекше тәртіпте реттелетін қызметтік қатынастардың бірі ретінде мемлекеттік қызметшілердің және әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдарында қызмет атқаратын лауазымды тұлғалардың қатысуымен туындайтын қатынастар танылады.
Еңбек құқығының ауқымдылығы және басқа да құқық салаларымен тығыз байланыстылығы еңбек құқығының пәндік ерекшелігімен және жұмыскердің кең көлемді әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етумен түсіндіріледі. ҚР ЕК, басқа да заңнамалық актілермен қатар, өндірістік, экономикалық, ұйымдастырушылық қатынастарды реттеу, оларды айқындау, еңбек құқығы субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін, жауапкершілігін белгілеу тәртібінде мемлекеттің индустриялық, инновациялық дамуы бағытындағы әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске асыру механизмдерінің бірі болып танылады. ҚР Еңбек кодексі 2015 жылдың 23 қарашасында қабылданды, осы Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 14) тармақшасында «еңбектің» ұғымы айқындалған: еңбек – адам мен қоғамның өміріне және қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті материалдық, рухани және басқа да құндылықтарды жасауға бағытталған адамның қызметі. Еңбек қатынастары – еңбек заңнамасымен, еңбек және ұжымдық шартпен, басқа да келісімдермен айқындалған құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру барысында жұмыскер мен жұмыс берушінің және басқа да еңбек құқығы субъектілерінің қатысуымен туындайтын қатынастар.
Еңбек міндеттері, ҚР ЕК-нің 1-бабы 1-тармағының 28) тармақшасына сәйкес, жұмыскер мен жұмыс берушінің нормативтік құқықтық актілерімен, жұмыс берушінің актілерімен, еңбек және ұжымдық шартпен айқындалады.
Еңбек құқығының пәнін –– жұмыскердің еңбегін пайдаланумен байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар құрайды. «Еңбекті пайдалану» ұғымы, ұйым деңгейінде еңбек үдерісін дұрыс ұйымдастыру, басқару, еңбек заңнамасын іске асыру үшін бағытталған ішкі нормативтік актілерді қабылдау арқылы (меншік нысанына және атқарылатын қызмет түріне қарамастан барлық ұйымдарда) қандай да бір шешімнің жұмыс берушімен қабылдау үдерісін қамтиды. Өз кезегінде жұмыскер – оған жүктелген еңбек функциясына сәйкес, яғни, еңбек шартымен және лауазымына қатысты жұмыс берушімен бекітілетін лауазымдық нұсқаулықта айқындалған лауазымдық міндеттерін ішкі еңбек тәртібі ережесін сақтай отырып атқаруға міндетті. Өз кезегінде, жұмыс беруші орындалған жұмыстың, атқарылған қызметтің көлеміне байланысты жұмыскерге жалақы төлеуге, өндірістік ортада қауіпсіздік талаптарына сай келетін еңбек жағдайымен қамтамасыз етуге міндетті.
Еңбек қатынастарын реттеуде қолданылатын әдіс-тәсілдер:
1) Мемлекеттік – орталықтандырылған тәртіпте еңбек қатынастарын реттеу әдісі (еңбек қатынастары қандай да бір мәселелерге қатысты мемлекеттің қатысуымен реттелетіндігі осы Кодекстің 2-тарауында қарастырылған);
2) Шартты (келісімді) түрде еңбек қатынастарын реттеу әдісі;
3) Кәсіпорын, ұйым деңгейінде жұмыс берішінің актілері не басқадай локалдық актілерді қабылдау тәртібінде еңбек қатынастарын реттеу әдісі (локалдық әдіс).
Еңбек құқығының қағидаттары (принциптері), еңбек құқығының мақсатымен міндеттерін іске асыру мәселелері бойынша, Конституциямен, еңбек заңнамасымен айқындалған негізгі бастамалар мәтінінде түсіндіріледі. Еңбек құқығының негізгі қағидаты Конституцияның 24-бабының 1-тармағымен бекітілген: «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар».
Еңбек ету бостандығы, құқықтық қағидат ретінде,әркімнің еңбек ету қабілеттілігіне қарай мамандық пен кәсіп түрін еркін таңдау мүмкіндігі мәтінінде түсіндіріледі. ҚР ЕК-де (4-бабында) келесідей қағидаттар айқындалған:
1) адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу;
2) еңбек бостандығы;
3) еңбек саласындағы кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке және балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу;
4) қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқықты қамтамасыз ету;
5) жұмыскердің өмірі мен денсаулығының басымдығы;
6) еңбегі үшін жалақының ең төмен мөлшерінен кем емес сыйақы құқығын қамтамасыз ету;
7) тынығу құқығын қамтамасыз ету;
8) жұмыскерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі;
9) жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бірігу құқығын қамтамасыз ету;
10) әлеуметтік әріптестікті нығайтуда және дамытуда мемлекеттің ықпалы;
11) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу болып табылады.
Еңбек құқығының басқа да қағидаттары басқа заңнамалық актілерде айқындалған.
Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі 2015 жылдың 23 қарашасында қабылданды, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.Еңбек кодексі 5 бөлімді, 23 тарауды және 204-бапты қамтиды. Салыстармалы түрде ескі 2007 жылдың 15 мамырында қабылданған Еңбек кодексі 6 бөлімді, 40 тарауды және 341 бапты қамтыған болатын.
Еңбек құқығының қайнар көздері – мемлекеттік уәкілетті органдармен белгіленген тәртіпте қабылданған еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілердің жиынтығы. Еңбек құқығының бастапқы қайнар көзі болып Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда қабылдаған Қазақстан Республикасының Конституциясы табылады, еңбек заңнамасы Конституцияға негізделеді.
Еңбек қатынастарын реттеу ерекшелігі ескеріліп және нормативтік құқықтық актілердің қолданылу күшін (үстемдігін) айқындау мәселесіне қатысты, Конституцияның 4-бабына сәйкес, еңбек заңнамасының келесідей құрылымын төмендегіше айқындаймыз:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;
2) Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, құқық қорғау қызметі, мемлекеттік мүлік және басқа да заңдары;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтары;
5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары;
6) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары;
7) Қазақстан Республикасымен бекітілген халықаралық шарттар;
8) Өзге де нормативтік – құқықтық актілер.
«Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамы» атты Елбасы – Н.Назарбаевтың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, бүгінгі күнге дейін, қысқа мерзімде, 59 нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау, азаматтық қоғам институттарын дамыту мақсатында келесідей заңнамалық актілер қабылданды:1. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашаның №414-V «Еңбек кодексі»;2. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V «Азаматтық процестік кодексі»;3. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V «Кәсіпкерлік Кодексі»;
4. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы;
5. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы»Заңы;
6. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы № 383-V «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы;
7. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы;
8. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 402-V«Қайырымдылық туралы» Заңы;
9. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 19 мамырдағы № 314-V«Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы»Заңы;
10. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы № 285-V «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Заңы;
11. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңы;12. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V «Ақпараттандыру туралы» Заңы;13. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 27 маусымдағы № 211-V «Кәсiптiк одақтар туралы» Заңы.
Жұмыс берушілердің кәсіпкерлік қызметі, олардың тауарға, атқарылатын жұмыстар мен көрсетілген қызмет түрлеріне баға, тарифтер белгілеу мүмкіндіктері, олардың қызметінің мемлекеттік бақылау мен қадағалауда болу мәселелері. ҚР Кәсіпкерлік кодексімен айқындалады. Осы кодекстің қабылдануына байланысты 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастапкелесі нормативтік құқықтық актілер өз күшін жойды: 1) Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 31 наурыздағы «Шаруа немесе фермер қожалығы туралы»; 2) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 қаңтардағы «Инвестициялар туралы» Заңы; 3) Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы «Жеке кәсiпкерлiк туралы» Заңы; 4) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 25 желтоқсандағы «Бәсекелестік туралы» Заңы; 5) Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңы; 6) Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңы.1 дәріс тақырыбына байланысты қосымша бақылау сұрақтары:
- әркімнің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қалай түсінесіз?
- жаңа Еңбек кодексінің қабылдануына байланысты, еңбек заңнамасына қандай жаңа ұғымдар (терминдер) енгізілді?
- мелекеттік бағдарламалар не мақсатпен қабылданады, заңдылық күші қандай?
- ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында берілген «сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер» деген ұғымды қалай түсінесіз?- осы аталған шектеулер кімдерге таралады және не себепті айқындалған?