Мұғалімдер үшін маңызы. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен оқу туралы ең маңызды ақпарат оқудың

Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен оқу туралы ең маңызды ақпарат оқудың танымдық теориясымен анықталуы мүмкін. Маргарет Дональдсон сияқты көптеген психологтар мен педагогтер Пиаженің дамыту мен оқудағы «кезеңдік тәсіліне» күмән тудырды, өйткені 1950-ші жылдары Пиаже идеясы әлі кеңінен таралмаған болатын. Неврология саласындағы соңғы зерттеулер көрсеткендей, балалар да ересектер сияқты сондай неврологиялық құрылымдарға ие болатыны дәлелденген (Goswami and Bryant, 2010). Госвами мен Брайант ересектер мен балалардың ойлауы арасындағы айырмашылықтар олардағы нейрофизиологиялық өзгерістер тұрғысынан емес, олардың тәжірибесінен болатын алшақтықта екенін түсіндіруге болады деп есептейді. Осы арқылы проблеманы шешу үшін әзірше оқушылар оқуға «дайын» болғанша күте тұру керек деген қалыптасқан пікірге деген сенімді шайқалтты.

Заманауи ойлау біздің оқушылардың оқу тәжірибесін болжаулы даму кезеңдері аясында шектемеуіміз керек деп санайды. Оның орнына біз барлық жастағы оқушыларды бай эксперименталдық және әлеуметтік ортамен қамтамасыз етуге тиістіміз. Оқушылар мұғалімдермен және басқа оқушылармен өзара әрекеттестікте жиі болатын орта олардың ЖАДА-сына сәйкес оқуды қолдауға мүмкіндік береді. Оқудың танымдық теориясы балаларды – оқу үдерісінің белсенді қатысушылары, сонымен қатар оқу мен дамытуға арналған іс-шаралардың негізгі бөлігіне кішкентай балалар бастама жасауға тиісті деп санайды. Осы теорияны ұстанатын мектептер сыныпта ерте жастан тиісті жеке орта мен оқу бағдарламаларын құрады. Мұғалімдер мен ересектер балалармен еркін сөйлеседі, ал оқу бағдарламасына балалардың тәжірибесін енгізу арқылы оқу сабақтарына маңыз беріледі.

Выготский танымдық қабілетті дамытудағы әлеуметтік өзара әрекеттестіктің маңызын бәрінен бірінші етіп қояды. Зерттеуші Хоу мен Мерсер (2010) бірлескен іс-шаралар ақыл-ой дамуы мен оқуды, сондай-ақ қарым-қатынас жасау дағдыларын арттыратынын көрсетті. Пиаженің танымдық өзгерістер балалар ересектердің емес, өздерінің құрбы-құдастарының идеяларымен және көзқарастарымен қарсы келіп қалған жағдайда орын алады деген болжамы бұл құбылыстың бірнеше түсініктемесін ұсынады. Аралас жастағы топтар оқушыларға анағұрлым дамыған және кемірек дамыған құрдастарымен өзара әрекет жасау үшін кең мүмкіндік береді, бұл олардың танымдық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға көмектеседі. Хоу мен Мерсер сыныптағы қарым-қатынас сипаты мен онда болып жатқан әлеуметтік үдерістер жетістіктерге себепші болады: мұғалім сыныптағы жалғыз білім көзі ретінде емес, көмектесуші адам ретінде барлық оқушылардың дамуын қолдайды.

АҚШ-та жүргізілген әртүрлі жастағы сыныптарды оқыту саласындағы зерттеулер мұғалімдерге жас ерекшеліктеріне қарай оқыту мен оқу проблемаларын шешудің жекелеген тәсілдерін ұсынады. Авторлардың пікірі бойынша, бұл мұғалім үшін оқушылар жеке тұлға болып табылатын сыныптарда және мұғалімнің кәсіби ойы оқу бағдарламасына емес, оқушыларды оқыту үдерісіне бағытталған сыныптарда табысты шешімін табуға тиіс. Бұл жағдайда мұғалім әрбір оқушыны оқу континуумы деп санайды және бұл кезде бар уақытын белгілі жастағы балалар үшін қандай бағдарламаның қолайлы екендігіне жұмсамай, осы континуум бойынша қозғалу кезінде оларды қолдауға тырысады. Аралас жастағы оқуды зерттеу әртүрлі жастағы оқушылардың сұраныстарын қанағаттандыруда үдерістік тәсілдің қолайлы екендігін көрсетеді. Бұл олардың даму деңгейіне сәйкес барлық балалар бірге қатыса алатын ашық тапсырма, тәжірибе мен жобаны қамтамасыз ететін мұғалімдерді қамтиды. Әртүрлі жастағы табысты сыныптарда мұғалім оқыту жөніндегі фасилитатордың рөлін атқарады және «білім беруші» субъекті ретінде әрекет етпейді, қайта оқу үдерісін бағыттайды, толықтырады және қолдайды. Әрбір оқушының білім алуына көмек көрсету үшін олар оқушылардың жеке сұраныстарын, дамуы мен мүдделерін білуге тиіс. Яғни оқыту үшін бағалау әртүрлі жастағыларды табысты оқытудың маңызды құралы болып табылады.

Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту мен оқуға арналған зерттеулердің негізгі ерекшеліктері олардың оқу сабақтарын балалар үшін қызықты, тартымды және маңызды етуге бағытталуы болып табылады. Мұғалім оқушылардың не білетінін және қандай жаңа ақпарат қосу керектігін анықтаған жағдайда төменгі жастағы балалардың назарын аударуға болатынын атап өткен жөн.

Метасананы оқыту жолдарының бірі – ойлау тілін анық етіп жасау, оны сабақ жоспарына және сыныпта талқылауға қосу болып табылады. Міндет – лексиканы қалыптастыру, оны біз «Бүгін біз… туралы ойлаймыз», «Бұл сабақ… туралы», «Не туралы ойладық?» деген сауалдарды ойбағдар ретінде ұсына отырып, біздің сабақ беруіміздің сипатын аша түсіп, балаларымыздың өзіндік ойлауы мен түсінігінің кемелденуіне пайдалы болса дейміз. Пайдаланылған терминдерді түсіндіру қажеттігімен бірге балаларға сол терминдерге өз сөздерімен анықтама беру міндетін де жүктеу керек.

Бастауыш мектеп жасындағы балалар үшін креативтілік идеяларды жинақтау үдерісінде шоғырланады. Ересектердің көптеген идеяларды бағалай алмауының өзі балаларға көп идеялар өндіруге және өзін-өзі бағалаудың келесі кезеңіне ауысуына сеп болады. Идеяларды өндіру сапасы мәселесінің маңыздылығы балаларда өзін-өзі бағалау қабілеті дамыған сайын өрістей береді. Бұл жаста өзін-өзі бағалауға ерекше назар аудару қажет, сол үшін балалар өздерінің болжамдарын өндіру мен зерделеу, сондай-ақ осындай бағалау негізінде өз идеяларын қайта қарау мүмкіндіктерін зерттейді.

7-дәріс. Оқытуды басқару және көшбасшылық

Заманауи түсінік

Англия мектептерінде жүргізілген Ұлттық көшбасшылық колледжінің зерттеулері (2004) тиімділігі жоғары және үнемі жетілдіріліп отыратын мектептерде оқушыны оқыту мен оқуының сапасын арттыруға бағытталған көшбасшылық қолданылатындығымен ерекшеленетінін көрсетті. Оқушыларының білім алуына басты назар аударуды басымдық ететін көшбасшы мұғалімдер өзінің әріптестері мен басқа қызметкерлерге үлгі бола алады. Элмор (2006) жауапкершілік саясаты мықты мектеп жүйесінде көшбасшылық – тәжірибені жетілдіру құралы болып табылады деп есептейді. Ал оқуға бағытталған көшбасшылық дәл осындай болып табылады.

Оқуға бағытталған көшбасшылық жоғары сапалы білім берілуіне қол жеткізу мақсатында оқу үдерісіне және оқушылардың, сондай-ақ мұғалімдердің, қызметкерлердің нәтижелеріне бағдарланған. Көшбасшы-мұғалімдер оқыту мен оқу үдерісін бақылау, нәтижелерді пайдалану, мұғалімдердің мықты жақтарын анықтап, олардың қажеттіліктерін білу, оқушылар топтары мен мектептің құрылымдық бөлімшелері үшін басымдықтарды белгілеу арқыты сыныптардың және бүкіл мектептің ішінде не болып жатқанын біліп отырады. Бқндай көшбасшылық барлық деңгейлерде қажет, себебі мектептегі көшбасшылық идеясын іске асыру маңызды екенін естен шығармай, оқуға бағытталған көшбасшылықты тарату және дамытуға басымдық беру қажет.

МакБет және басқалардың (2004) зерттеуі көшбасшылықтың табысты болуының алты факторын қарастырады:

Жай бөлініс: персоналдың олар үшін белгіленген рөлдер/лауазымдық нұсқаулар шегінде жұмыс істеуінен күтілетін нәтижені меңзейді. Жай бөлініс үдерісінің барлық қызметкерлер үшін жоғары дәрежелі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде артықшылығы мол. Маңайдағылар өздерінің қайда екенін біледі. Жай бөлініс батыл, түбегейлі өзгеріс енгізу үшін қажетті талап болуы мүмкін.

Прагматикалық бөлініс: Бұл тәсіл болып жатқан оқиғаларға сәйкес әрекет етуді білдіреді және де мектепке сырттан жасалатын, күн сайын күшейіп жатқан қысымға байланысты өзгеріп тұратын жұмыс жүктемесін қамтиды.

Стратегиялық бөлініс: Мектепті жетілдіруге бағытталған нақты мақсатқа бағыттылушылық – стратегиялық бөліністің өзіндік ерекшелігі болып табылады. Бұл бөліністі біз, мысалы, мұқият ойластырылған кадрлық тағайындаулардан көре аламыз, ол жағдайда олар жеке дара шеберлігі тұрғысынан емес, негізінен олардың мектептегі көшбасшылықты дамытуға қосқан үлесі тұрғысынан қарастырылады.

Кезеңдік бөлініс: Бұл тәсіл прагматикалық жағдаяттық сипатпен қоса, басым бөлігінде кәсіби дамуға бағдарланған стратегиялық сипатқа да ие. Себебі өздеріне көшбасшылық тән екендігін көрсете алған мұғалімдерге жауапкершілік те көп жүктеледі. Мұғалімдер өздерінің көшбасшылыққа қабілетті екендігін қаншалықты дәлелдей алса, оларға жүктелетін жауапкершіліктің мөлшері де соншалықты арта бермек.

Бастамашылық бөлініс:Бұндай бөлініс кезінде көшбасшылық мұғалімдерге бөлініп берілмейді, керісінше ол мұғалімдерді өзі қамтиды, яғни оны тағайындамайды, ал мұғалімдер өздері қабылдайды, сондықтан оны жоспарланған тәсілден гөрі, ерікті деп санауға толық негіз бар. Көшбасшылық қабілеттері бар мұғалімдер өз еріктерімен белгілі бір үдерісті жүргізу жауапкершілігін өз мойындарына алып, өздері ықпал ететін аймақ ауқымын кеңейтеді, кейде бұл үдеріс басшылықтың қатысуынсыз да болып жатады.

Бөлініс мәдениеті: Бұл жағдайда «кім» дегеннен гөрі, «не» дегенде баса назар аударылады. Көшбасшылық нақты қызмет саласында және жекелеген адамдардың бастамасы бойынша жүргізіледі. Мұғалімдер әріптестерімен бірлесе отырып, бастама білдіреді, оларда ешқандай басшы, жетекші деген болмайды. Бұл адам рухының, қайратының көрінісі, мектептің орныққан дәстүрлері, оның жалпы мәдениетінің көрсеткіші десе де болады. Көшбасшылықты бөлудің бұл түрі өзара қарым-қатынастардың төрт түріне байланысты.

Құрметтеу (басқаның пікірін тыңдау және бағалау).

Жеке қарым-қатынас (кәсіби өзара қарым-қатынасты қолдайтын орнықты жеке қарым-қатынас).

Құзыреттілік (басқалармен өзара қарым-қатынас барысында күтілетін нәтижеге қол жеткізе білу).

Адалдық (сенімді және шынайы өзара қарым-қатынас).

Осы Бағдарламада негізінен «көшбасшылықты тарату мәдениетіне» артықшылық беріледі. Мұғалімнің көшбасшылығын дамыту жұмысы (МКДЖ) жетекшіліктің бұл түрінің кең тарағаны болып табылады. Ол жауапты қызметі бар немесе жоқ мұғалімдер:

• іс-тәжірибені жетілдіруге бастама жасау және ол үшін өзіне жауапкершілік алу;

• оқыту мен оқу тәжірибесіне өзгерістер енгізу үшін әріптестерімен стратегиялық шешімдер таңдау;

• бірігіп жұмыс істеуде фактілерді жинау және қолдану;

• кәсіби білімді құруға және таратуға атсалысу үшін көшбасшылықты нығайтудың ерекше тәсілі болып табылады.

Дамыту жұмыстарын зерттеумен шатастыруға болмайды. МКДЖ бағдарламасы «мұғалім – зерттеуші» түсінігіне емес, «мұғалім – оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдіру жұмысының көшбасшысы» түсінігіне негізделе құрылған. Біз «академиялық империализм» деп аталатын мақсаттан – мектептерде оқыту мен оқуды жақсарту мақсатынан алшақтамауымызды қадағалап отыруымыз керек (Elliot, 1991). Дамыту бойынша жұмыс белгілі бір құбылыстардың пайда болу себептерін анықтау немесе тәжірибені талқылаудан тұрмайды. Шын мәнісінде ол мұғалім, ата-ана, оқушылар, жалпы мектеп өз тәжірибелерін жетілдіру үшін қатысатын үдерісті басқару мен басшылық етуден тұрады.

Жымдық іс-әрекет

Бір қарағанда мұғалімнің көшбасшылыққа оның «дауысын» күшейту мен жеке басының жетекшілік мүмкіндіктерін жеке де, ұжымда да кеңейту арқылы жететіндігі оғаш болып көрінуі мүмкін. Ұстаздардың жетекші топтарындағы және желілік қоғамдастық шеңберінде өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін мұғалімдер бірлесе жұмыс істеулері қажет. Мұндай бірлескен жұмыс өз мектептерінде тәжірибені таратуға ғана емес, сонымен бірге басқа мұғалімдерді иландыра алатын кәсіби білімнің негізін құрастыруға көмектеседі. Білімнің бұл негіздері – зерттеулерге негізделген білім емес, бұл басқаларға дем беретін және ары қарай іс-әрекет жасау үшін оларды қажетті бағытпен қамтамасыз ететін инновацияға негізделген жанды диалогтік үдеріс.

Жоғарыда айтылғанның барлығы: адамдар тек білім арқылы ізгілікті бола алады; білім беру – адамдардың зерделеп үйренуіне қажет көмектердің жиынтығы; жалпы алғанда, тек мұғалімдер ғана педагогикалық тәжірибені жақсарту жөніндегі шараларды қабылдай алады деген дәлелдерге келіп саяды. Қалған қоғамдық институттар (саясаткерлер, зерттеушілер, мемлекеттік емес ұйымдар және халықаралық органдар, яғни Бүкіләлемдік банк және ОЭСЗ) қолдау мен жаңа идеяларды ұсына алады. Бұл, әрине, оптимистік көзқарас, бірақ оптимизмге ынталандыру – мұғалім көшбасшылығының міндетті қыры болып табылады.

Наши рекомендации