Тпаның сүннеттері
1 -Құтпаны бастар алдында имам немесе құтпа айтушы мінбеге көтеріліп отырады. Екінші азан шақырылғанда ол құтпа айтуға тұрады. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان النبي صلى اللّه عليه وسلم يخطب خطبتين. كان يجلس إذا صعد المنبر حتى يفرغ المؤذن، ثم يقوم فيخطب، ثم يجلس فلا يتكلم، ثم يقوم فيخطب)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) екі құтпа айтатын. Азаншы азан айтып болғанша мінбеде отыратын. Кейін тұрып, құтпа айтатын. Сосын сөйлемей сәл отыратын. Сосын тұрып, құтпа айтатын»[676].
2 -Құтпаны тұрып айту. Жәбир ибн Сумра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان يخطب قائماً، ثم يجلس، ثم يقوم فيخطب قائماً)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) құтпаны тұрып айтатын. Сосын отыратын. Сосын қайта тұрып құтпа айтатын»[677].
3 -Дәретті болу және әуреттің жабық болуы. Құтпа айтушының дәреті бұзылса, құтпаны жалғастыруына болады. Өйткені құтпа - намаз емес. Мәлики және ханбали мәзһаптарында да осылай.
4 -Мінбенің үстінен айтылуы. Мінбе михраптың оң жағында бір не екі шынтақ қашықтықта болуы сүннет. Пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) мінбесінде отыратын жерінен бөлек үш баспалдағы болатын.
5 - Жамағат назарының құтпа айтушыға бағытталуы. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) мінбеге көтерілгенде адамдар жүздерін оған қарататын[678].
6 - Жамағатқа сәлем айту. Алайда, имам Әбу Ханифаның көзқарасында адамдардың ойын басқа әңгімеге бұрмау үшін, сәлем айтылмай, бірден құтпадан бастаған абзал.
7 - Құтпа Аллаһ тағаланың даңқын көтеруші мадақтау сөздермен, куәлік сөздерінің айтылуымен және пайғамбарымызға (саллаллаһу алайһи уа саллам) салауат тілеумен басталады. Кейін ескерту мен еске түсіру, қуандыру мен қорқыту мағыналарын қамтыған уағызбен жалғасып, өсиетпен аяқталады.
8 - Екі құтпа айту. Екінші құтпа да Аллаһ тағаланың даңқын көтеруші мақтау сөздермен, куәлік сөздерінің айтылуымен және пайғамбарымызға (саллаллаһу алайһи уа саллам) салауат тілеумен басталады. Тек уағыздың орнына мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге, жалпы мұсылман үмметіне дұға жасалады.
9 - Екі құтпа арасында отырыс жасау. Жәбир ибн Сумра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كانت للنبي صلى اللّه عليه وسلم خطبتان يجلس بينهما يقرأ القرآن ويذكر الناس)
«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) екі құтпа айтатын. Ол екеуінің арасында отырыс жасайтын. Екі құтпада Құран аяттарын оқып, адамдарды уағыздайтын»[679].
10 - Құтпаны жамағатқа жақсы естірту үшін дауыстың көтеріңкі болуы. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول الله صلى الله عليه وسلم إذا خطب احمرت عيناه وعلا صوته واشتد غضبه حتى كأنه منذر جيش)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) құтпа айтқанда әскерге ескерту жасағандай көздері қызарып кететін, даусы көтеріліп, ашуы күшейетін...»[680].
11 - Екі құтпаның жеңіл айтылуы және екінші құтпаның біріншіден қысқарақ болуы сүннет. Аммар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(إن طول صلاة الرجل، وقصر خطبته، مَئِنّةً من فقهه. فأطيلوا الصلاة واقصروا الخطبة. وإن من البيان سحراً)
«Адам намазын ұзақ, құтпасын қысқа қылуы - істің ретін білуінен. Намазды ұзақ, құтпаны қысқа қылыңдар! Расында, сөзде де сиқыр бар»[681].
12 - Ханафи және мәлики мәзһаптарында имам мінбеге көтерілгенде жамағат тарапынан намаз да оқылмайды, сөз де айтылмайды. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(من اغتسل يوم الجمعة غسل الجنابة ثم راح فكأنما قرب بدنة و من راح في الساعة الثانية فكأنما قرب بقرة و من راح في الساعة الثالثة فكأنما قرب كبشا أقرن و من راح في الساعة الرابعة فكأنما قرب دجاجة و من راح في الساعة الخامسة فكأنما قرب بيضة فإذا خرج الإمام حضرت الملائكة يستمعون الذكر)
«Кім жұма күні жүніптен тазарғандай ғұсыл құйынып, намазға шықса, бір түйені құрбан шалғандай болады. Кім екінші сағатта шықса, бір сиырды құрбан шалғандай болады. Кім үшінші сағатта шықса, мүйізді бір қошқарды құрбан шалғандай болады. Кім төртінші сағатта шықса, бір тауықты құрбан шалғандай болады. Кім бесінші сағатта шықса, бір жұмыртқаны құрбандық еткендей болады. Имам құтпа айту үшін мінбеге шыққанда періштелер құтпа тыңдауға кіріседі»[682].
13 -Жамағат тыныш отырады. Салман Ал-Фариси, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(ما من رجل يتطهر يوم الجمعة كما أمر ثم يخرج من بيته حتى يأتي الجمعة و ينصت حتى تقضى صلاته إلا كان كفارة لما قبله من الجمعة)
«Кім өзіне бұйырылғандай тазарып, үйінен шыққан бетте жұмаға келсе, сосын намаз аяқталғанша тыныш отырса, жұмаға дейінгі күнәсінің түгел жуылмауы мүлде мүмкін емес»[683].
14 - Кәпірлермен күресу нәтижесінде ислам жеңіспен кірген елде имам құтпаны қылышқа немесе аса таяққа сүйеніп айтуы. Бітіммен кірген елде құтпаны ешнәрсеге сүйенбей айту. Негізінде, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) мінбе болмағанға дейін құтпа айтқанда қылышты, не садақты, не аса таяқты сүйеніп тұру үшін пайдаланатын. Хакам ибн Хазан, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(وفدت على النبي صلى الله عليه وسلم فشهدنا معه الجمعة فقام متوكئا على سيف أو قوس أو عصا مختصرا)
«Пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) делегация болып келген кездері жұма намаздарына қатысатынбыз. Ол қылышқа, не садаққа, не аса таяққа сүйеніп тұратын»[684]. Бұл мінбе қолданбағанға дейін болған іс. Алайда, пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) құтпаны мінбе үстінен айта бастаған кезде мінбеден басқа нәрсеге сүйеніп тұрғандығы жайлы мәлімет жоқ.
Тпаның құрылымы
- Аллаһ тағаланы мақтау.
- Аллаһтан басқа тәңір жоқтығы мен Мұхаммед Оның елшісі екенін баяндайтын куәлік сөздерін айту.
- Пайғамбарға, әулетіне және сахабаларына салауат тілеу.
- Өзекті тақырыпқа кірісу: Құран аяттары мен хадистерді келтіріп, ескерту мен еске түсіру, қуандыру мен қорқыту мағыналарын қамтыған уағыз айту.
- Тақырыпқа қатысты амал істеулерін өсиет ету.
- Отырыс.
- Екінші құтпаны айту. Екінші құтпа да Аллаһ тағаланың даңқын көтеруші мақтау сөздермен, куәлік сөздерінің айтылуымен және пайғамбарымызға (саллаллаһу алайһи уа саллам) салауат тілеумен басталады. Тек уағыздың орнына мүмін ерлер мен мүмін әйелдерге, жалпы мұсылман үмметіне дұға жасалады.
- Мінбеден қамат айтылып жатқанда түсу.
Тпаның мәкрүһтері
1 -Құтпаның ұзақ болуы. Жәбир ибн Сумра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم لا يطيل الموعظة يوم الجمعة، إنما هنّ كلمات يسيرات)
«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жұма күні құтпаны ұзақ айтпайтын. Құтпасы жеңіл сөздерден құралатын»[685].
2 -Құтпа сүннеттерін атқарусыз қалдыру.
3 -Құтпа айтушының жан-жаққа жалтақтауы.
4 -Имамның жамағатқа сәлем беруі.