Тауафтың сүннеттері

1 -Тауафқа ниет жасаларда қара тастың қасына келу. Оны қолмен ұстау және сүю. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم لما قدم مكة أتى الحجر فاستلمه)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Меккеге келгенде қара тасқа таяп, оны сүйді..»[1153].

2 -Қара тасты қолмен ұстау, сүю және оған маңдайын тигізу. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(رأيت عمر بن الخطاب رضي اللّه عنه قبله وسجد عليه ثم قال: رأيت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم فعل هكذا ففعلت)

«Хаттаб ұлы Омардың қара тасты сүйгенін және оған маңдайын тигізгенін көрдім және былай дегенін естідім: «Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) осылай істегенін көрдім және солай істедім»[1154].

Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(قَبَّل عمر بن الخطاب الحجر ثم قال: أما واللّه لقد علمت أنك حجر، ولولا أني رأيت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يقبلك ما قبلتك)

«Хаттаб ұлы Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, қара тасты сүйіп былай деді: «Аллаһпен ант етемін, сенің тас қана екеніңді білемін. Сені Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) сүйгенін көрмегенімде сені мүлде сүймес едім[1155]. Сүннет бойынша қара тас әр айналымның басында және тауафтың соңында ұсталады және сүйіледі.

Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان رسول اللّه لا يدع أن يستلم الركن اليماني والحجر في كل طوفة)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Қағбаның йемендік қабырғасы мен қара тасты ұстауын ешбір тауафында тастамаған[1156].

Бұл хадистің негізінде сүннет бойынша әр айналымның соңында Қағбаның йемендік қырын ұстауға болады. Бірақ сүюге және маңдайын тигізуге болмайды.

Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أنه صلى الله عليه وسلم كان لا يستلم إلا الحجر والركن اليماني)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Қағбаның тек қана қара тасы мен йемендік қабырғасын ұстайтын»[1157].

Ескерту:Бұл сүннетті атқару ісі адам саны аз болса ғана оңай түседі. Адамдардың көптігінен қыспақ болғанда қара тасты ұстау үшін айналасындағы адамдарды итеріп кіруге болмайды. Өйткені бұл адамдарға зиян тигізуге жатады. Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған былай дегенін айтты:

(يا عمر, إنك رجل قوي لا تزاحم على الحجر فتؤذي الضعيف إن وجدت خلوة وإلا فهلل وكبر)

«Әй, Омар! Сен - күшті адамсың. Тасты ұстау үшін қыспақ жасама! Әйтпесе, әлсіз кісіге зиян тигізесің. Бос орын тапсаң (тасты ұста). Әйтпесе «Лә иләһа илләллаһу» мен тәкбір айтуың да жеткілікті»[1158].

Адамдарды итеріп, оларға зиян тигізіп, күшпен өтудің нәтижесінде қара тасты сүю күнә саналады. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إذا أمرتكم بأمر فأتوا منه ما استطعتم)

«Сендерге бұйырған нәрселерімнен шамаларың келетінін істеңдер»[1159].

Қара тасқа жақындауға шамасы келмеген кісі қара тасқа қолын немесе қолындағы нәрсесін сілтесе де болады. Әбу ат-Туфайл, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(رأيت رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يطوف بالبيت، ويستلم الركن بمحجن معه ويقبل المحجن)

«Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) Қағбаны айналғанын және қара тасқа аса таяғын тигізіп, аса таяғын сүйгенін көрдім[1160].

3 -Дұға жасау. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) қара тасты ұстағанда: «Аллаһым, Өзіңе деген иманмен, кітабыңды растаушы сеніммен, Өзіңе берген сертімді орындауыммен, сондай-ақ пайғамбарың Мұхаммедтің сүннетіне еруіммен»-дейтін.

Бұл дұға әр айналымның басында айтылуы сүннет. Бұл дұғаның арапша мәтіні:

"اللّهم إيماناً بك، وتصديقاً بكتابك، ووفاء بعهدك، واتباعاً لسنة نبيك محمد صلى اللّه عليه وسلم "

Қағбаның есігіне қарама-қарсы тұрғанда мына дұғаның айтылады:

"اللّهم إن البيت بيتك، والحرم حرمك، والأمن أمنك، وهذا مقام العائذ بك من النار"

«Аллаһым! Расында, Қағба да - Сенікі, Ал-Харам да - Сенікі, қауіпсіздік те - Сенікі. Сондай-ақ бұл жер - отқа қарсы Сенен пана тілеушінің тұрған орны».

Қағбаның йемендік қабырғасына қарама-қатар болғанда мына дұға айтылады:

"ربنا آتنا في الدنيا حسنة وفي الآخرة حسنة وقنا عذاب النار" , " رب قنعني بما رزقتني وبارك لي فيه، واخلف عليّ كل غائبة لي بخير"

«Раббымыз, дүниеде жақсылық бер және ақиретте жақсылық бер және от азабынан сақтай гөр», «Раббым, берген нәсібіңе қанағатты қыл және оны маған берекелі ете гөр. Сондай-ақ қандай бір нәрседен айрылған болсам, оны артынан маған жақсылық бере гөр».

Қағбаның йемендік қырының қасында мына дұға жасалады:

"اللّهم اجعله حجاً مبروراً وسعياً مشكوراً وعملاً مقبولاً وتجارة لن تبور، يا عزيز، يا غفور"

«Аллаһым, мұнымды игі, әрі кең, әрі мақтарлық қажылық ете гөр. Сондай-ақ оны қабыл етілуші амал және пайдасы таусылмайтын сауда ете гөр, әй, Үстем, әй, Кешірімді (Аллаһым)».

Жалпы тауафтың кезінде жасалатын дұға:

"اللّهم إني أعوذ بك من الشِّرك والشك والنفاق والشِّقاق وسوء الأخلاق وسوء المنقلب في الأهل والمال والولد"

«Аллаһым, расында, ширктен, күмән келтіруден, нифақтан, қарсы келуден, жаман мінезден, сондай-ақ отбасыма, мал-мүлкіде және балама қатысты жаман өзгеріске ұшыраудан Саған сиынамын».

Дұға жасау осы дұғалармен ғана шектелмейді. Сонымен қатар қажы кісі Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам) жеткен дұғалардан жадында жаттағаны болса, нұр үстіне нұр. Ал жаттаған дұғалары болмаса, Құран оқыса болады. Өйткені Құран оқу - зікірлердің ең абзалы. Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) құдси хадистерінің бірінде Аллаһ тағала былай дейді:

(من شغله ذكري عن مسألتي أعطيته أفضل ما أعطي السائلين وفضل كلام الله تعالى على سائر الكلام كفضل الله تعالى على سائر خلقه)

«Менен сұрай берудің орнына Мені еске алумен шұғылданған құлыма сұраушыларға беретінімнен де абзалырағын беремін. Аллаһ тағаланың қадір-қасиеті бүкіл жаратылған нәрселерден қаншалықты артық болса, Аллаһ тағаланың сөзінің де қадір-қасиеті бүкіл сөздерден соншалықты артық тұрады»[1161].

4 -Ер адамдардың алғашқы үш айналымды тез жүрулері, ал қалған төртеуін кәдімгі жүріспен жүрулері сүннет. Әйел кісілер жеті айналымды да кәдімгі жүріспен жүреді. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) мен сахабалары Меккеге келгенде Мәдинаның ыстығынан әбден әлсіреп қалған болатын. Олардың келе жатқанын естіген мүшріктер: «Ертең сендерге Мәдинаның ыстығынан әлі кетіп, әбден болдырған адамдар келеді»-деп, оларды мазақ қылу үшін «Хижр» дуалына қарама-қарсы отырады. Мүшріктер мұсылмандардың төзімділігін көрулері үшін, пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) сахабаларына алғашқы үш айналымды тез жүрулерін...бұйырады. Сонда мүшріктер бір-бірлеріне: «Ыстықтан әлсіреді,-деп пайымдаған кісілерің мыналар ма? Мыналарың пәленшеден де, пәленшеден де төзімдірек қой»-дейді[1162].

5 -Ер адам алғашқы үш айналымның кезінде оң иығын ашық ұстауы сүннет. Бұл үшін үстіндегі ридәнің оң жағын оң қолының астынан өткізіп, сол иығының үстіне тастайды. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم وأصحابه اعتمروا من الجعرانة فرملوا بالبيت وجعلوا أرديتهم تحت آباطهم ثم قذفوها على عواتقهم اليسرى)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) мен сахабалары Жиъранадан умра жасағанда Қағбаның айналып тез жүреді және ридаларын қолтықтарынан өткізіп, сол иықтарының үстілеріне тастады»[1163].

6 -Айналымдар арасында себепсіз үзіліс жасамау сүннет. Тауафты парыз намазы үшін, немесе жаназа намазы үшін, немесе дәрет алу үшін үзуге болады. Кейін үзген жерінен жалғастырады.

7 -Ер адамның, әрине, егер мүмкін болса, Қағбаға жақын жүруі. Бұл қара тасты ұстауы мен сүюіне оңайлық тудырады. Алайда бұл үшін итерісіп, қыспақ тудыруына мүлде болмайды.

8 -Тауаф пен (Мақам артында оқылатын) екі рәкат намаз арасында үзілістің болмауы. Екі рәкат намазды кешіктіру мәкрүһ танзиһан.

9 -Зікір мен дұғадан басқа сөздің айтылмауы. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من طاف بالبيت سبعاً، ولا يتكلم إلا بسبحان اللّه والحمد للّه ولا إله إلا اللّه واللّه أكبر ولا حول ولا قوة إلا باللّه، محيت عنه عشر سيئات وكتبت له عشر حسنات، ورفع له بها عشرة درجات)

«Кім Қағбаны жеті мәрте айналса және «Субханаллаһи, әл-хамду лиллаһи, лә иләһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Лә хаула уа лә қууата илла билләһи»-ден басқа сөз сөйлемесе, оның он жамандығы өшіріліп, оған он жақсылық жазылады. Сондай-ақ он дәрежеге көтеріледі»[1164].

Наши рекомендации