Тас лақтырудың сүннеттері

1 -Тастың көлемі атбас бұршақтай болуы. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(قال لي رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم غداة العقبة وهو على راحلته: (هات اُلقط لي، فلقطت له حصيات هن حصى الخَذْف فلما وضعتهن في يده قال: بأمثال هؤلاء وإياكم والغُلُوَّ في الدين، فإنما أهلك من كان قبلكم الغلو في الدين)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Ақаба күнінің таңында түйесінің үстінде отырып маған: «Маған жерден тас теріп берші»-деді. Мен оған екі саусақпен лақтыруға ыңғайлы ұсақ тастан теріп, оны алақанына салдым. Ол: «Лақтыратын тастарың осы секілді болсын. Дінде шектен шығудан сақ болыңдар! Сендерден бұрынғыларды дінде шектен шығулары ғана құртқан еді»-деді»[1185].

2 -Тастарды саусақ ұштарымен лақтыру. Тас оң қолдың бас бармағы мен сұқ саусағы арасына қыстырылып ұсталады.

3 -Тас лақтырушы мен жамараттың арасы екі зираъ[1186] не одан көбірек болуы.

4 -Ақаба жамратына тас лақтырғанда сайдың ортасына кіруге тырысу және Мекке сол жақта, Мина оң жақта, ал Ақаба алдында болатындай бағытта тұру. Абдулламен бірге қажылық жасаған Абдрахман ибн Язид былай деді:

(فرمى الجمرة بسبع حصيات وجعل البيت عن يساره ومنى عن يمينه وقال: هذا مقام الذي أنزلت عليه سورة البقرة)

«Жамаратқа жеті тас лақтырғанда Қағба сол жағында, ал Мина оң жағында болатындай етіп тұрды. Сосын: «Бұл - «Бақара» сүресі түскен орын»-деді[1187]. Ақаба жамратына тас лақтырған соң ол жерде дұға айту үшін тұрмай, кетіп қалу сүннет.

5 -Бірінші тасты лақтырарда тәлбия айтуды тоқтату. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, өзіне Фадылдың, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай дегенін айтты:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم لم يزل يلبي حتى رمى جمرة العقبة)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) Ақаба жамратына тас лақтырғанша тәлбия айтуын тоқтатпады»[1188].

6 -Әр тасты лақтырғанда тәкбір айту. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم (كان يرمي الجمرة إذا زالت الشمس، كل جمرة بسبع حصيات، يكبر مع كل حصاة)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) күн тал түстен шалқайғанда әр жамаратқа жеті тастан лақтырды және әр тасты лақтырғанда тәкбір айтты...»[1189].

Ибн Масъуд пен Ибн Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, тас лақтырғанда: «Аллаһым, мұнымды игі қажылық, әрі кешірілген күнә және шүкірлі амал ете гөр»-деп айтатын[1190]. Бұл дұғаның арапша мәтіні:

"اللّهم اجعله حجاً مبروراً و ذنبا مغفورا و عملا مشكوراً"

7 -Жеті тасты арасын үзбей кезек-кезек лақтыру.

8 -Терілген тастардың тазалығында күмән болса, оларды жуу. Ибн Омардың, Аллаһ тағала оған разы болсын, тастарының жуғаны жайында хабар бар[1191].

9 -Кіші жамарат пен Орта жамаратқа тас лақтырғанда екеуінің әрқайсысына тас лақтырып болған соң Аллаһты зікір етіп, дұға жасау сүннет. Ал Ақаба жамратына тас лақтырған соң зікір мен дұға жасау үшін тұрмау сүннет. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم (كان يرمي الجمرة إذا زالت الشمس، كل جمرة بسبع حصيات، يكبر مع كل حصاة، ويقف عند الأولى والثانية فيطيل القيام ويتضرع، ويرمي الثالثة ولا يقف عندها)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) күн тал түстен шалқайғанда әр жамаратқа жеті тастан лақтырды және әр тасты лақтырғанда тәкбір айтты. Бірінші мен екінші жамараттан кейін түрегеп тұрды. Аллаһ тағалаға жалынып ұзақ тұрды. Ал үшінші жамараттан кейін оның қасында мүлде тұрмады»[1192].

10 -Жамараттарға, әсіресе, Кіші жамарат пен Орта жамаратқа жаяу барып, жаяу қайту. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, құрбан шалынатын күннен кейін ташриқ күндерінің үшеуінде де жамараттарға жаяу барып, олардан жаяу оралатын. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) осылай істеген деп хабарлайтын[1193].

Минада қону

Зүлхижжаның сегізінші күніне қараған түні Минада қону сүннет. Сонымен қатар Минада зүлхижжаның он бірінші мен он екінші күндеріне қараған түндері қону үкімі де сүннет. Кім бұл сүннетті толық атқарса, жақсы істеген болды. Ал атқарусыз қалдырса, күнә емес.

Тас лақтырудың мәкрүһтәрі

1 -Ақаба жамратына тасты сайдың үстінен лақтыру.

2 -Тасты лақтырылған жерден теру. Өйткені ол тастар қажылығы қабыл етілмеген кісілердікі. Әбу Саъид ал-Худри, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің былай дегенін айтты:

(ما تقبل منها يرفع ولولا ذلك لرأيتها مثل الجبال)

«Тастардың қабыл етілгені көтеріледі. Әйтпесе, оларды тау болып үйілгенін көрер едің»[1194].

Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(وكل به ملك ما تقبل منه رفع، وما لم يتقبل ترك)

«Бұл іске жауапты періште бекітілген. Қабыл етілгені көтеріледі. Ал қабыл етілмегені орнында қалады»[1195].

3 -Ұсақ тас жасау үшін, үлкен тасты алып сындыру.

4 -Лақтыруға нәжістенген тасты пайдалану.

Тас лақтыруды біреуге тапсырудың үкімі

Кім тас лақтыруға шамасы келмейтіндей ауырса, орнына басқа адамның тас лақтыруына болады. Біреудің орнына тас лақтырушы кісі, алдымен, үш жамаратқа өзінің тастарын лақтырған болуы шарт. Ал, енді себепсіз, біреуге тапсыруға мүлде болмайды. Кім мұны себепсіз істесе, қой шалуы уәжіп болады.

Наши рекомендации