Арафада тұрғанда жасалатын сүннеттер

1 -Ғұсыл құйыну. Абдрахман ибн Язид былай деді:

(اغتسلت مع ابن مسعود يوم عرفة تحت الأراك)

«Арафа күні Ибн Масъудпен бірге Арак ағашының[1132] астында ғұсыл құйындым»[1133].

2 -Құрбан шалынатын күні күн шыққан соң Жамрат ал-Ақабаны атқарғанша тәлбия айтуды тоқтатпау. Фадл ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم لبّى حتى رمى جمرة العقبة)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Жамрат ал-Ақабаға тас лақтырғанша тәлбия айтуын тоқтатпады»[1134].

3 -Беріліп дұға жасау. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(أفضل الدعاء يوم عرفة، وأفضل ما قلت أنا والنبيون من قبلي: لا إله إلا اللّه وحده لا شريك له)

«Ең абзал дұға - Арафа күні. Сондай-ақ мен және менен бұрынғы пайғамбарлар айтқан сөздердің ең абзалы - Лә иләһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһу»[1135].

Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أكثر ما دعا به النبي صلى الله عليه وسلم يوم عرفة في الوقوف: "اللهم لك الحمد كالذي نقول وخيرا مما نقول, اللهم لك صلاتي ونسكي ومحياي ومماتي وإليك مآبي ولك ربي تراثي")

Пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) Арафа күні ең көп жасаған дұғасы: «Аллаһым, Саған біз айтқан секілді мақтаулар болсын, сондай-ақ біз айтқаннан да жақсырағы болсын! Аллаһым, менің намазым, құрбаным, өмірім және өлімім Саған арналады. Сондай-ақ Саған ораламын және мұрам да - Сенікі»[1136].

4 -Қажы кісінің ораза ұстамауы, ал басқалардың ораза ұстауы сүннет. Үмму Фадл, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(شك الناس يوم عرفة في صوم النبي صلى اللّه عليه وسلم فبعثت إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم بشراب فشربه)

«Арафа күні адамдардың ойында пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) ораза ұстағаны, ұстамағаны күмәнді болды. Сонда мен пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) сусын жіберген едім. Ол оны ішіп алды»[1137].

5 -Күн аспан биігінен шалқайған соң Намира мешітіне бесін намазын оқуға түсу. Намаз алдында имам сүннет бойынша жұманыкі секілді екі құтпа айтады. Бұл құтпада имам қажыларға қажылық рәсімдерін хабарлайды. Жәбирден жеткен хадисте пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) Намирада жиналған жұртқа құтпа айтқандығы айтылады:

(إن دماءكم وأموالكم حرام عليكم كحرمة يومكم هذا في شهركم هذا في بلدكم هذا, ألا كل شيء من أمر الجاهلية تحت قدمي موضوع..)

«Расында, қандарың мен мал-мүліктерің осы қаланың, осы айдың, осы күннің қасиеттілігіндей сендерге қол сұғылмайтындай арам етілді. Біліңдер, жәһилият істерінің барлығы аяқтарымның астына түсіп жойылды...»[1138].

6 -Бесін намазы мен екінді намазын бір азанмен және екі қаматпен жинап оқу. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(ثم أذن، ثم أقام فصلى الظهر، ثم أقام فصلى العصر ولم يصل بينهما شيئاً)

«..Сосын азан айтты. Сосын қамат айтып, бесінді оқыды. Сосын қамат айтып, екіндіні оқыды. Сондай-ақ ол екеуінің арасында ешнәрсе оқымады..»[1139].

Имам жолаушы болса, бесін мен екіндіні екі рәкәт етіп оқиды. Имам Әбу Ханифаның көзқарасында қажы кісіге екі намазды қосып оқу үшін төрт шарт қажет. Олар: 1)ихрамға кіруі; 2)Арафада тұрғанда; 3)намаз жамағатпен оқылатын болса; 4) намазды бас имам не орынбасары жүргізуі.

7 -Жабал ар-Рахманың етегіндегі үлкен тастардың қасында түрегеп тұрып дұға жасау. Дұғаны тек тәлбия үшін үзу сүннет. Сондай-ақ тәлбиядан кейін қайта дұға жасауға берілу. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(ثم ركب حتى أتى الموقف فجعل بطن ناقته القصواء إلى الصخرات وجعل منها حبل المشاة بين يديه واستقبل القبلة, فلم يزل واقفا حتى غربت الشمسه وذهبت الصفرة قليلا حتى غاب القرص)

«..Сосын түйесіне мініп, тұратын орынға келді. Қасуа атты түйесін үлкен тастардың қасына шөктірді. Ізімен келе жатқан қажылардың сабы оның алдыңғы жағынан көрінді және өзі құбылаға қараған қалыпта тоқтады. Содан күн батып, сарғыштығы сәл тарағанша және күн шарасы батқанша түрегеп тұрды...»[1140].

Пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) бұл амалға рухтандыратын хадисін Айша анамыздан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Мүслім жеткізді:

(ما من يوم أكثر من أن يعتق اللّه عبداً فيه من النار من يوم عرفة، وإنه ليدنو ثم يباهي بهم الملائكة فيقول ما أراد هؤلاء؟)

«Аллаһ басқа күндердің ешбіреуінде Арафа күніндегідей етіп, құлдарын оттан құтқармайды. Расында, Аллаһ (Арафада тұрған) құлдары жөнінде: «Мыналар не қалауда?»-деп, оларды періштелерге мақтан етеді». Тағы бір хадисінде Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді: «Арафа күнгі оразамен Аллаһтан тілейтін сауабым - өткен жыл мен келер жылды (күнәні) жууы»[1141].

Күн батуға таяғанда келесі дұғаны жасау мустахап:

"اللّهم لا تجعله آخر العهد بهذا الموقف، وارزقنيه ما أبقيتني، واجعلني اليوم مُفلحاً مرحوماً مستجاباً دعائي، مغفورة ذنوبي، يا أرحم الراحمين"

«Аллаһым, бұл жерде тұрған тұрысымды соңғы қылмашы және тірі болғанымша тағы келуімді нәсіп ет. Сондай-ақ мені бүгін азаптан құтылушы, рахымыңа бөленуші, дұғасы қабыл етуші және күнәсі кешірілуші құлың ете гөр. Әй, рақымдылардың ең рақымдысы».

8 -Арафадан имаммен бірге күн батқанда кету. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(فلم يزل واقفا حتى غربت الشمسه, وذهبت الصفرة قليلا حتى غاب القرص وأردف أسامة خلفه ودفع رسول الله صلى اللّه عليه وسلم وقد شنق للقصواء الزمام)

«...Содан күн батып, сарғыштығы сәл тарағанша және күн шарасы батқанша түрегеп тұрды. Усама пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) түйесіне мінгесті. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) түйесінің тізгінін тартып, Арафадан Муздалифаға қозғалды...»[1142]. Арафадан имамнан бұрын кетуге болмайды.

9 -Арафадан кетіп бара жатқанда көп истиғфар[1143] айту.

10 -Ақырын жүру және тыныштық сақтау. Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) Арафадан Муздалифаға жылжығанда жұртқа былай дегенін айтты:

(يا أيها الناس عليكم السكينة)

«Әй, адамдар, тыныштық сақтаңдар!»[1144].

11 -Пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) салауат айту.

Наши рекомендации