Бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат беру жөніндегі міндеті
1. Тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат міндетті түрде мыналарды:
1) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауын;
2) ұсынылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) түрлері мен ерекшеліктерін;
3) егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) техникалық регламенттерде, стандарттарда және өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестікті растау рәсіміне жататын жағдайда сәйкестік белгісін;
4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, азық-түліктің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтерді, сондай-ақ кейбір аурулар мен сырқаттану кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен оларды қолдануға болмайтындығы туралы мәліметтерді;
4-1) егер өнім Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес органикалық өнім болып табылса, оған жатқызу туралы мәліметтерді;
5) тауардың құрамын, тамақ өнімдеріне қатысты – олардың құрамы, оның ішінде тамақ қоспаларының, азықтардың және азық қоспаларының, тамаққа биологиялық активті қоспалардың болуы және олардың мөлшері туралы мәліметтерді;
6) егер мұндай компоненттегі генетикалық түрлендірілген организмдер құрамы 0,9 және одан да көп процентті құрайтын болса, тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген организмдерден тұратын немесе соларды қолдана отырып алынған компоненттердің болуы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс. Бұл ретте, оралған өнімдерде – заттаңбада, оралмаған өнімдерде – өнім туралы нұсқамаларда «Осы өнімнің құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер бар» деген сөздер жеке сөйлем ретінде көрсетілуге тиіс;
7) дайындаушының тауарлық белгісін;
8) тауарды шығарған елді;
9) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құны мен шарттарын;
10) кепілді мерзімнің болуын немесе болмауын;
11) егер бұл тауарлардың ерекшелігіне байланысты талап етілсе, тамақ өнімдерін дайындау жөніндегі ұсынымдарды;
12) тауардың дайындалған күні мен орнын, қызмет ету мерзімін және (немесе) жарамдылық мерзімін және (немесе) сақтау мерзімін, егер тауарды сақтаудың талаптары тиісті тауарды сақтаудың әдеттегідей жағдайларынан ерекшеленетін не арнайы сақтау талаптарын қажет ететін болса, оларды сақтау талаптарын көрсетуді, сондай-ақ, егер тауар көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндіретін болса немесе мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болса, көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының қажетті іс-әрекеттері және мұндай іс-әрекеттерді орындамаған кездегі ықтимал салдарлар туралы мәліметтерді;
13) сатушының (дайындаушының, орындаушының) атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын), сатушы (дайындаушы) тұтынушыдан қойылған кінәларды қабылдауға уәкілеттік берген және тауарды жөндейтін әрі оған техникалық қызмет көрсететін дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің) орналасқан жерін;
14) егер мұның жұмыс (көрсетілетін қызмет) сипатымен байланысты мәні болса, жұмысты орындайтын (қызмет көрсететін) нақты тұлғаны көрсетуді және ол туралы ақпаратты;
15) музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсетуі кезінде фонограммаларды, дыбыс-бейне жазбаны пайдалануын көрсетуді;
16) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) массасының шамасын (нетто), көлемін, санын және (немесе) жиынтықталымын;
17) тауардың мақсаты туралы және тиімді әрі қауіпсіз қолданылу жағдайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұтынушыға ұсынылуы міндетті болып табылатын не тұтынушы мен сатушы (дайындаушы, орындаушы) арасында жасалған шартта көзделген өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
Егер тұтынушы иеленетін тауар пайдалануда болса немесе ондағы кемшілік жойылған болса, тұтынушыға ол жөнінде ақпарат берілуге тиіс. Мұндай тауарды иеленген жағдайда кемшіліктің болуы туралы мәліметтер иелену фактісін растайтын құжатта көрсетілуге тиіс.
2. Сатушы (дайындаушы) осы Заңның 30-бабының 1-тармағына сәйкес айырбастауға немесе қайтарып беруге жатпайтын тиісті сападағы азық-түлікке жатпайтын тауар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілетін құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен тұтынушының назарына қазақ және орыс тілдерінде жеткізіледі.
Электрондық сауда жолымен өткізілетін тауар туралы ақпарат тұтынушыға ақпараттық технологиялар арқылы жеткізіледі.
4. Дайындалған жерінен басқа жерде тұтыну ыдысына бөлшектеп салынған және оралған азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларда осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа, бөлшектеп салушы және ораушы (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда), сондай-ақ бөлшектеп салынған және оралған күні мен уақыты туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
5. Сатушы дайындаушыдан тауар туралы тиісті ақпаратты алмаған жағдайда жауаптылықтан босатылмайды.
6. Тұтынушыға сәйкестіктің тиісті сертификаттары немесе сәйкестік туралы декларация, оның ішінде сәйкестігі міндетті расталуға жататын импорттық тауарға берілуге тиіс.
7. Бір тілде не шет тілінде берілген ақпарат берілмеген болып есептеледі.
Ескерту. 25-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.04.2016 № 504-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.11.2015 № 424-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соңқолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.