Тапсырма. Төменде берілген сұхбатты тыңдаңыздар. Рөлдерге бөліп оқып, мазмұнын айтыңыздар.
– «Жері байдың – елі бай» дейді халқымыз. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемдегі мемлекеттер арасында тоғызыншы орын алатынын қазір екінің бірі біледі. Ал көзден таса жатқан жер қойнауындағы табиғи байлығымыз жайлы көпшілік біле бермейтіні анық. Сол туралы не айтар едіңіз?
– Қазақ жерінің алып жатқан аумағы 2,7 млн-нан астам шаршы шақырым. Жер байлығы – ел байлығы емес пе, жеріміз қаншалықты кең болса, оның қойнауы да әртүрлі асыл қазынаға соншалықты мол. Менделеев кестесіндегі келтірілген химиялық элементтердің қазіргі таңда қазақ жерінде кездеспейтіндері кемде-кем.
– Осындай аумақты жерде шамамен қанша кен орындары бар?
– Тарихи деректерде XX ғасырдың басына дейін қазақ жеріндегі ашылған кен орындарының жалпы саны 857-ге жетіпті. Ал геологтердің деректеріне сүйенсек, өткен ғасырдың екінші жартысында республика жеріндегі өндірістік әртүрлі пайдалы қазылым кен орындарының саны екі мыңнан астам екен. Тау-кен өнеркәсібінің ол кездегі дәуірлеген жерлері, әсіресе, Алтай өңірі мен Орталық Қазақстан болса керек. Мұның өзі қазақ жеріндегі қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған тау-кен ісімен байланысты ірі-ірі өнеркәсіптердің тез арада бой көтеріп іске қосылуына оң ықпал тигізгені анық. Ғасырлар бойы мүлгіп жатқан жер қойнауындағы пайдалы қазбалар соңғы екі ғасырдың аясында адамзаттың тіршілігіне, әлеуметтік дамуына үлкен әсерін тигізіп, бір кездегі елеусіз қазақ елін әлемге паш ете бастады.
– Еліміздің қай жерінде кен орындары көп кездеседі?
– Ересен байлығымен қиялыңды қайран қалдыратын Кенді Алтай, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Торғай, Қостанай обылыстарын мақтанышпен атауға болады. Кенді Алтайдың сирек және шашыранды элементтері орналасқан бірнеше жүздеген мыс, қорғасын, мырыш, алтын, күміс кен орындары белгілі. Кеңес Одағының тұсында «Қазақстан – түсті металлургия қоймасы» деген атаққа тегін ие болған жоқ. Қазақстан тек қана түсті металдарға ғана бай емес, оның байтақ қойнауында халық шаруашылығының қай саласына болмасын қажетті пайдалы қазбалардың басқа түрлері де жеткілікті. Мысалы, көмір, мұнай, шымтезек, газ, жаңғыш тақта тастарға өте бай. Сол сияқты біздің республика ванадий, хром, никель, кобальт және басқа да металдар кен орындарының қорлары жағынан жетекші орындарға ие деп айтуға болады.
(i-news.kz/.../5936444-adilgazy_bektibaev_t_g_d_zher_koinauynda.html)
Тапсырма. Сұхбат мәтіні бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер.
1. Қазақ жерінің алып жатқан аумағы қанша шақырымды құрайды?
2. «Менделеев кестесіндегі келтірілген химиялық элементтердің қазіргі таңда қазақ жерінде кездеспейтіндері кемде-кем» – деген оймен келісесіз бе?
3. Тарихи деректер бойынша XX ғасырдың басына дейін қазақ жеріндегі ашылған кен орындарының жалпы саны қанша?
4. Кен орындары көп орналасқан жерлерді атаңыз.
5. Кеңес Одағының тұсында «Қазақстан – түсті металлургия қоймасы» деген атаққа ие болған. Сіз қалай ойлайсыз?
Тапсырма. Сұхбат мәтініне ат қойыңыздар.
Тапсырма. Сұхбатты монологке айналдырып, әңгімелеп беріңіздер.
Грамматика: Үстеу, оның түрлері Үстеулер қимылдың, iс-әрекеттiң әртүрлi белгiсiн, атап айтқанда, мезгiлiн, мекенiн, мөлшерiн, себебiн, мақсатын т.б сипаттарын бiлдiредi. Үстеулер мағынасына қарай бiрнеше түрге бөлiнедi. 1. Мезгiл үстеу . Сұрағы: қашан? қашаннан? Мезгiл үстеулерi: кеше, бүгiн, ертең, қазiр, таңертең, күндiз, кешке, қыстыгүнi, жаздыгүнi, биыл, былтыр, анда-санда т.б. 2. Мекен үстеу. Сұрағы: қайда ? қалай? қайдан? Мекен үстеулерi: әрi, берi, жоғары, төмен, алға, артта, iлгерi, мұнда т.б. 3. Мөлшер үстеу. Сұрағы: қанша? қаншама? қаншалық? Мөлшер үстулерi: сонша, онша, осынша, оншалық, мұншама,мұнша, бiрен-саран, бiраз, бiрталай, азды-көптi, бiршама т.б. 4. Сын-қимыл үстеуi. Сұрағы: қалай? қалайша? қайтiп? Сын-қимыл үстеулерi: әрең, әзер, тез, ақырын, шапшаң,бiрден, кенеттен, бостан-бос, зорға, т.б 5. Күшейткiш үстеу. Сұрағы: қалай? Күшейткiш үстеулерi: аса, нағыз, өте, тым, әбден, орасан, нағыз, кiлең, мүлдем т.б. 6. Мақсат үстеуі. Сұрағы: қалай? не мақсатпен? Мақсат үстеулерi: әдейі, қасақана, жорта т.б. 7. Себеп-салдар үстеуі. Сұрағы:неге? не себепті? неліктен? Себеп-салдар үстеулерi: амалсыздан, лажсыздан, босқа, бекерге т.б. |
Тапсырма. Мәтіннен үстеулерді тауып, оларды түрлеріне қарай ажыратыңыздар.