Параграф 10. Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау
104. Аталған қадағалау саласында тұрақты түрде:
1)Қазақстан Республикасының аумағында экстремистік және террористік ұйымдардың (топтардың) қызметтерін осындай ұйымдарды (топтарды) экстремистік немесе террористік деп тану жолымен және олардың қызметіне сот тәртібінде тыйым салу;
2)экстремизм мен терроризмді насихаттауға және ақтауға, соның ішінде сот тәртібінде Қазақстан Республикасы аумағында бұқаралық ақпарат құралдары мен өзге де ақпараттық материалдардың мазмұндарында экстремизм мен терроризмнің белгілері бар өнімдерді таратуға (әкелуге, өндіруге, сақтауға) тыйым салу;
3)заңсыз діни қызметтің жолын кесу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылсын.
105.Аталған қадағалау шеңберінде аясында тұрақты түрде:
1)қоғамда экстремизм мен терроризмнің идеологиясын қабылдамау сезімін қалыптастыру мақсатында түрлі тұрғындар топтарының арасында түсіндіру (профилактика), соның ішінде оқу орындарында дәрістер оқу, қоғамдық іс-шараларға қатысу (дөңгелек үстелдер, семинарлар), бұқаралық ақпарат құралдарында тиісті мақалалар жариялау арқылы жұмыстар жүргізілсін;
2)бұқаралық ақпарат құралдарын және өзге де электрондық коммуникация құралдарын пайдалану арқылы экстремизм немесе терроризм көріністерімен байланысты резонанстық оқиғалар туралы тұрғындарға дер кезінде шынайы және нақты ақпарат жеткізілсін (брифинг өткізу, өтініштер мен баспасөз ақпараттарын орналастыру);
3)уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың діни қызмет, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру туралы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету бойынша функцияларын жүзеге асыру тәжірибесі, оның жеткіліктілігі, тиімділігі және нәтижелілігі, соның ішінде, терроризмге қарсы операциялар жүргізу; экстремистік немесе террористік қызметті қаржыландырылуды анықтау мен жолын кесу; терроризмге қатысты осал объектілердің терроризмге қарсы қорғауын қамтамасыз ету және осы бағыттағы бақылауды ұйымдастыру; қару, оқ-дәрі, жарылғыш құралдары мен жарылғыш материалдардың айналымына бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қолдан жасалған жарылғыш заттарды дайындаудың жолын кесуге бағытталған шаралар қолдану; экстремизм мен терроризмнің алдын алуды жүзеге асыру; терроризм актісі туралы жалған хабарлама бергені үшін кінәлі деп танылған тұлғалардан құқық қорғау және төтенше қызметтердің келуіне байланысты мемлекетке келтірілген материалдық залалды сот тәртібінде өндіру; қоғамдағы ұлтаралық және дінаралық келісімнің тұрақтылығын күшейту; ғибадат үйлерін (ғимаратын) салуға жер телімдерінің бөлінуінің, сондай-ақ діни білім беру ұйымдары қызметтерінің заңдылығы талдансын.
Қарастырылып отырған мәселелер бойынша діни бірлестіктер мен олардың мүшелеріне, сондай-ақ экстремизммен және террористік қызметпен байланысты тұлғаларға қатысты шығарылған сот актілері (қаулылар, шешімдер, үкімдер) туралы мәліметтері болсын.
Жоғарыда көрсетілген бағыттар бойынша қадағалаудың аталған саласындағы жұмыстардың нәтижелерін кемінде жарты жылда бір рет жинақтау қажет.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының прокуратуралары және оларға теңестірілген прокуратуралар жинақтап қорыту нәтижелері, оның ішінде сот-тергеу, прокурорлық практика нәтижелерін, заңнаманы жетілдіру бойынша дәлелді ұсыныстар келтірумен, Бас прокуратураға жыл сайын 25 маусымға және 25 желтоқсанға дейін жолдасын.
Параграф 11. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнаманың қолданылуын қадағалау
106. Мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдарда жүргізілетін тексеру тақырыптамасына қарамай, сыбайлас жемқорлық пен оған жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және алдын-алу прокуратура органдарының басты міндеттерінің бірі деп белгіленсін.
107.Бұл бағыттағы жұмыс қадағаланатын мемлекеттік органдарда заңдылық пен мемлекеттік тәртіптің жай-күйі, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша шараларының тиімділігін зерделеу, құқық қорғау органдарымен мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлерінің заңдарды орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы туралы ақпарат пен материалдар, соның ішінде жедел сипаттағы мәліметтер алмасу негізінде жүргізілсін.
108.Бейүкіметтік, оның ішінде шетелдік ұйымдардың сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша тәуелсіз зерттеулерінің нәтижелеріне баса назар аударып, олар сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша шаралар қабылдаған кезде ескерілсін.
Жүргізілетін зерттеулердің объективтілігі мен растығын қамтамасыз ету үшін оның бағалау өлшемдерінің мазмұнын, зерттеу әдістемесін зерттеп, ауқымдылығы мен сапасына, қадағаланатын аумақ пен тұтастай алғандағы мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық ерекшеліктеріне байланысты қолдану мүмкіндігіне назар аударылсын.
Зерттеу нәтижелерінің бейобъективтілігіне ықпал ететін факторлар анықталған жағдайда, ол туралы Бас прокуратураға хабарлансын.
109.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу бойынша прокурорлардың алдында тұрған мақсатқа жету үшін мемлекеттік органдар қызметіне қатысты қылмыстық және азаматтық істер бойынша сот-тергеу тәжірибесі үнемі талданып, құқықтық статистика органдарының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық субъектілері туралы мәліметтер банкісі пайдаланылсын.
110.Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық туралы хабарлары дереу қаралсын, мұндай мәліметтерді алу үшін азаматтарды қабылдау және тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып отырсын, әрбір прокуратурада байланыс телефондары орнатылып, ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мезгіл сайын халыққа хабарлансын.
111.Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол бергені туралы бұқаралық ақпарат құралдарында нақты мәліметтер жарияланса, олар тексеріліп, тиісті шаралар қолданылсын.
Тексеру нәтижесі бойынша заңдылықты қалпына келтіру мен кінәлі адамдарды жауапкершілікке тартуға қолданылған шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, Бас прокуратураға ақпарат жолдансын.
112.Мемлекеттік органдарды тексеру кезінде олардың кадр қызметі және қызметкерлерімен мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамада белгіленген арнайы талаптардың және қаржы бақылау шараларының орындалуына назар аударылсын.
113.Прокурорлық қадағалау шаралары арқылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасаған мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының заң актілерінде көрсетілген жазаға бұлтартпай тартылуына қол жеткізілсін.
Егер мемлекеттік органдардың басшылары өз өкілеттіктері шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қолданбаса, олардың заңнамада көрсетілген жауапкершілігі жайында мәселе көтерілсін.
114.Мемлекеттік органдардың облыстық деңгейдегі басшыларының заңнаманы елеулі бұзу фактілері анықталса, кінәлі адамдарды жауапқа тарту, тіпті қызметінен босату туралы Қазақстан Республикасы Президентінің және орталық мемлекеттік органдар басшыларына берілетін ұсыныстың жобасы мен тексеру материалдары Бас прокуратураға жолдансын.
115.Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың салдарын жоюға, соның ішінде заңсыз алынған мүліктерді қайтаруға, шарттарды жарамсыз деп тануға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық нәтижесінде қабылданған актілерді жоюға түбегейлі шаралар қабылдансын.
116.Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қабылдаған кезде заңдылықтың қатаң сақталуы қамтамасыз етілсін.