Жер мәселесі және земство
Әлихан Бөкейхан «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» атты мақаласында былай дейді: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді!».[1] Міне, содан Әлихан Бөкейхан Кадет партиясынан оның жер басқару жүйесі және Ұлт аутономиясына қарсы болғаны үшін шыққанын біле аламыз. Оның себебі кезінде Еуразияда дүркіреген даңқы шыққан ғұндардың басшысы Мөденің «Жер – мемелкеттің тірегі. Оны қалай береміз» деген сөзіне саяды. Елдің жерінің тартып алынуына, адам құқықтарының ашықтан ашық тапталып, қазақтың жерінің мұжықтың қолында кетіп бара жатқанына ұлт зиялылары бейтарап қарай алмады. Қазақ жеріне бекіністер салынып, бағындырыла бастауынан бастап, шаруларды қоныс аударту, қазақытың шаруашылықпен айналысатын аймақтарынының тарылуы – бәрі де осы бастаманы тудырып отырған факторлар. Автономия құрмақ болған елдің ең бірінші де, ең үлкен мәселесі – осы жер мәселесі:
«Учредительное собрание негізгі закон жасағанда жер сыбағасы алдымен жергілікті жұртқа берілсін деу» [2] - міне, бүгінгі күні қарастыруды талап ететін жол. Яғни, бұл жоба ең алдымен қазақтың жерінің өзіне тиесілігін, ең бірінші қазақтың игілігіне жұмсалуын көздеген.
«Қазақ жер сыбағасын отырған жерлерден алып орнасқанша, қазақ жеріне ауған мұжық келмеу; бұрын алынған жерлердің мұжық отырмағандары қазаққа қайту» - қазақтың өз жеріне өзі би, өзі қожа болуын талап ететін жоба. Сол бір ғасыр бұрынғы қазақ халқының занды құқығына мүлде назар аударылмағанының бір белгісі қоныс аударушы шаруалар санының одан әрі көбейе түсуі болды. Бұл орайда жергілікті жұрттың өкілдерімен алдын ала кеңесу, ақылдасу деген атымен болған жоқ. 1906 жылы Ресей Министрлер Кеңесінің төрағасы П.А. Столыпин шаруаларды Ресейдің азиялық бөлігіне жаппай қоныс аудару туралы ұйғарым жасады. Столыпиннің аграрлық реформасы деп аталған реформа шаруаларды ыдыратып, Қазақстанға көшіруді ұйымдастырды. Жергілікті қоныс аудару мекемелері шаруаларға хутор салу үшін 45 десятинадан, егін егуге 15 десятинадан жер бөліп беруге міндеттелінді. Жер бөлумен айналысатын мекемелерге жергілікті халықтың жерін тартып алып, олардың жеріне келімсек шаруаларды орналастыруына рұқсат етілді. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қазақтардың егін суару құрылыстары да тартып алынды.1917 жылға қарай жергілікті байырғы халықтың пайдалануындағы 45 миллион десятина жер тартып алынды. Бұл кезде Қазақстанға қоныс аударған шаруалардың жалпы саны 1,5 миллионда болып қалған болатын.[3]
«Қазаққа тиетін жер сыбағасын жергілікті комитеттер кесу; сыбаға өлшеу-норма жердің топырағы мен шаруалық түріне қарай жасалу; сыбағадан артылған жер земство қолында болу; артық тұрған жерден ел өскеңде ауық-ауық сыбаға кесіліп берілу; Түркістанда жермен бірге су сыбағасы да кесілу; жерді қазақ үй басына иеленбей, ауыл-аймақ, туысқан табына меншіктеп алу; өзара әділдік жолмен пайдалану» - земство жер басқару жүйесінің негізгі талаптары. Қазақ жерінде земство мекемелері патша өкіметі құлағаннан кейін, Уақытша үкіметтің 1917 жылы 17 маусымдағы “Ақмола, Семей, Жетісу, Торғай және Орал облыстарында земство мекемелерін ашу туралы” қаулысына сәйкес құрылды. Осыған орай Бірінші жалпықазақ съезі земство мәселесін күн тәртібіне қойып, қазақтардың земство мекемелерін құруға белсенді түрде ат салысуына ерекше мән берді. Қазақ к-ттері земствоның тек қазаққа ғана емес, өлкедегі орыстарға да ортақ екенін ескеріп, әрі олардың қазақтың жайбасарлығын пайдаланып кетпес үшін земство басқармаларына мүшелікке кімді сайлау керектігі жөнінде нұсқау беріп отырды.[4] Қазақ жерінде алғашқы земство мекемесі 1917 жылы 16 қазанда Торғай уезінде ашылды. Оның басқармасының төрағасы болып А.Бірімжанов сайланды. Облыс деңгейдегі земство басқармалары Қазақстанда 1918 жылы қаңтардан бастап құрылды. 1918 жылы 17 қаңтарда ашылған Семей облыстық земство басқармасының төрағасы Р.Мәрсеков болды. Орал облыстық земство басқармасының төрағасы болып Х.Досмұхамедов сайланды. Қазақ жерінде облыстық және уездік деңгейде ашылған земство мекемелері халықтың шаруашылығын реттеуде, оқу ісін жолға қоюда елеулі жұмыстар атқарды. Мұғалімдер даярлайтын курстар, бастауыш мектептер ашты, оқушы жастарға стипендия тағайындады. Семей облыстық земство басқармасы тағайындаған стипендияны сол кезде Семей мұғалімдер семинариясында оқыған Ж.Аймауытов пен М.Әуезов те алып тұрған. 1918 жылы Семей облыстық земство басқармасы оқушы қазақ жастарына 110 стипендия тағайындап, оған 25 300 сом қаржы бөлген. Қазақ жерінде енді қанат жайып, күш ала бастаған земство мекемелерінің күш алуына большевиктердің өкімет басына келуі мүмкіндік бермеді. Мысалы, Торғай облысының Шаруа, жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі 1918 жылдың қаңтарында земство басқармалары жойылсын деп жариялады. Бірақ земство мекемелері Азамат соғысы жағдайында саяси күштердің өзгеруіне байланысты бірде жабылып, қайта ашылып жүріп, 1919 жылдың соңына дейін қызметін жалғастырды.[5] Осылайша, қазақ жеріндегі земство жер басқару жүйесінің тарихы ұзаққа созылмады. Земство міндеттеріне «жұрттың көзі, жанашыры, күзетшісі, қамқоры, қорғаушысы болу, билемейтін ісі болмау, қойма-склад жасау, жұртқа арзан егін оратын, пішен шабатын сайман алып беру, сот та қолында болу, судьяны да, милицияны да жалдау, жол түзеп, көпір салып, арық қаздыру, су басқан пішендікті құрғату, егінді, малды страхование қылу» да жатады. Бүгінгі күні де әлеуметке керек бар саланы өзі басқарып отыратын земство биілігі аса керек.
Қазіргі күнмен байланыстыратын болсақ, ауыл маңындағы мал жайылымына қажетті жерлер сатылмай, ауылдың барлық адамдарына тиесілі болу керек. Ауылдардың маңындағы жайылымдық жерлердi жеке меншiкке сатуға да, жалға беруге де қатаң тыйым салу қарастырылатын болады. Сонымен қоса, осыған дейін жалға берiлiп, сатылып кеткен жайылымдық жерлер керi қайтарылуы мүмкiн. Бұл – Қызылорда облысы Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында өткен Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында айтылған сөз. «Қазiргi жағдайда елдi мекендер шегiндегi жайылымдық жерлерді жалға беруге тыйым салынбаған, мұндай жерлер жеке меншiкке де берiледi. Ал ауыл тұрғындарының малдары үшін жайылымдар жеткiлiксiз. Сондықтан елдi мекен шегiнен тыс жерлердегi радиусты, халықтың қажеттiлiгiне орай жайылымдық жерлердi анықтау керек. Осы елдi мекендер маңынан берiлген жайылымдарға талдау жасап, оларды керi қайтаруды қарастыру және мұндай жерлердiң жеке меншiкке де, жалға да берiлуiне қатаң тыйым салуды ескерген жөн», - деді Е.Нысанбаев. [6] Ал заң бойынша:
24-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы
1. Мемлекеттік меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi осы Кодексте белгiленген тәртiппен және шарттарда Қазақстан Республикасының азаматтарына және заңды тұлғаларына жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін мемлекеттік заттай гранттар ретінде жеке меншікке беруге жол берілмейді.
3. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады.
«Жер законінде жер сату деген болмау, әркім өзі пайдалану. Пайдасынан артық жер сатылмай, земствоға алыну. Жердің кені, астығы, байлығы қазынанікі болып, билігі земство қолында болу». Қазақы менталитет пен мінез-құлыққа лайықтап, земство басқару жүйесін дұрыс деп шешті. Ал біздің «Жер туралы кодексімізде» « Жер учаскесіне жеке меншік құқығы - азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өздеріне тиесілі жер учаскесін осы Кодексте белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде иелену, пайдалану және оларға билік ету құқығы» деп айтылады. Және жердің жеке меншікке берілуіне де, жалға берілуіне де мүмкіндіктер қарастырылған. Мына баптарға назар салсаңыз Жер кодексінің негізгі талаптары мен принцптеріне көзіңізді жеткізесіз: