Тақырып. Қазақстандағы сталиндік-голщекиндік геноцид
1. Дәстүрлі мал шаруашылығының күйреуі.
2. Аштыққа қарсы күрес және Қазақстандағы жаппай босқыншылықты тоқтатуға тағытталған шаралар.
3. Қазақстадағы демографиялық апат.
1920-жылдардың ІІ жартысында да қазақ халқының негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болып қала берді. Аталған шаруашылықпен республика халқының 66,6 пайызы айналысты, оның тауарлы өнімінің 70,5 пайызын беретін болды. Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдерін Мәскеу, Ленинград қалалары, Орта Азияның мақта өсіруші аудандары тұтынды және өнімнің бір бөлігі Қиыр Шығысқа жөнелтілді. Қазақстан үшін мал шаруашылығының аса маңызды екендігін түсінген ғалымдар оның болашағы қандай болу керек осы мәселені зерттеуге күш салды. Партия ұстанып отырған ауыл шаруашылық саясатын қолдаушылар елдегі аграрлық реформаларды жеделдете, шапшаңдата жүргізуді ұсынса, С.Сәдуақасов, С.Швецов, Ж.Сұлтанбеков, М.Сириус, Е.Тимофеев және басқалар дамудың капиталистік сатысынан өтпеген аймақтар мен халықтардың социализмге жедел өту мәселесіне балама пікірлер ұсынды. Қалыптасып келе жатқан әкімшіл -әміршіл жүйе партия бағытынан өзгеше ойлауға түбегейлі қарсы болғандықтан, олар «ұлтшыл», «жікшіл», «оппортунист», «зиянкес», «кондратьевшіл» т.б. басқа ағымдарға айыпталды.
Жалпы есептеулер бойынша, 1941 жылы мал басының барлық түрінде айтарлықтай өсу байқалуы тиіс еді. Мәселен, шошқа 200 пайызға жуық мүйізді қара 120 пайыз, қой мен ешкі 100 пайыз және жылқы 15 пайыз көбейеді деп болжанды. Партияның бірінші бесжылдыққа арнаған жоспарында да 1927-1928 және 1928-1929 жылдарындағы мал басының 14,4 пайызға өсуі болжанды. Тәжірибе жүзінде мал басының 1929 жылға қарай тежеле бастағаны байқалды.
Оның мынадай негізгі себептері болды:
1927-1928 жылдардағы құрғақшылық және жұт;
Кулакқа және байға шабуыл жасауға байланысты шаруалардың барысында белең алған қазақтар шаруашылықтарының ұсақталып кету процесі;
1928-1929 жылдардағы «Сібір әдісімен» жүргізілген астық және ет дайындау науқандары.
Ал 1930 жылдың басынан шұғыл түрде басталған көшпелі және жартылай көшпелі қазақтар қожалықтарын жоспарлы түрде жаппай отырықшыландыру және бай-кулактарды тап ретінде жою науқандары мал басының өсу процесін тоқтатып қана қойған жоқ, оның күрт құлдырауына әкелді. Архив құжаттарына сүйенсек, Қазақстанда 1933 жылы малдың саны 1929 жылғымен салыстырғанда 16 есе кеміп кеткен, яғни қолда бар 39 млн. 294 мың малдан 2 млн. 428 мыңы қалған. Төрт жылдың ішінде 37 млн-дай мал жоқ болған. Мемлекеттің жоспарлау комитетінің мәліметі бойынша: 1930 жылы -121000 адам, 1931 жылы 1млн. 74 мың адам өз мекендерінен ауып кетті. 1931-1932 жылдарда оба мен аштықтан 1 млн 700 мың адам қазақ құрбандыққа ұшырады. Ашаршылық жылдары Қазақстан шекарасынан шығып, босқыншылыққа ұшыраған шаруалар саны – 1 млн. 31 мың. Олардың 165 мыңы бұрынғы Кеңестер Одағының шекарасынан әрі өтіп, Қытайға, Монғолоияға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға өтіп кеткен. Ресейге қоныс аударып кеткендері – 450 мыңдай.
Ашаршылық салдарынан қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырауы Қазақстандық партия басшыларын жай қалдырмады. 1932 жылы 31 наурызда Өлкелік партия комитетінің бюросы «Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын орналастыруды ұйымдастыру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Аштыққа қарсы күрес және босқыншылықты тоқтату мақсатында Мемлекеттік комиссия құрылды. Олар облыстарда жұмыс атқарды Олардың негізгі мақсаты Қазақстаннан көрші аймақтарға босып кеткен кедейлер мен орташаларды ерекше уәкілдер арқылы сәуір-мамыр айларының ішінде елге қайтару, орналастыру болды.
1932 жылы 9 қыркүйекте Ф.Голощекин БК(б)П Орталық Комитетіне арнайы хат жолдап көмек сұрады. Ол Қазақстанның 25-30 ауданында 150 мыңдай босқын қазақ шаруаларының қожалығы бар екенін, бұлардың 50 мыңдайы кезінде басқа жаққа ауа көшіп, кейіннен қайта оралғандар екендігін, әсіресе осы қожалықтардың жағдайы ауырлығын ашық айтты. Бұл хаттан кейін БК(б)П Орталық Комитеті 1932 жылдың 17 қыркүйегінде, КСРО Халкомы осы жылдың 5 қазанында Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы туралы арнайы қаулы қабылдады. 1933 жылдың қаңтар айында Ф.Голощекин қызметінен босатылып, оның орнына Л.Мирзоян келді.
Л.Мирзоян келсімен Өлкелік партия комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесін босқындарды орналастыру мәселесімен нақты айналысуға жұмылдырды. 1934 жылы Қазақстанда босқындарды орналастыру ісі негізінен аяқталды.
1931-1933 жылдардағы шығын халқымыз үшін мұның алдында болған 1916-1921 жылдардағы күйзеліс кезіндегі шығындардан үш есеге дерлік, ал 1945 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тура және жанама шығынынан алты еседен астам көп болды. Адамдар тағдарына мұндай немкетті қараушылық – тоталитарлық жүйенің бюрократиялық-деспоттық басқару әдісінен туындаған еді. Егер 1932 жылғы ойран болмағанда бүгінгі таңда қазақ халқының өсімі 32 млн. асып түсуі күмансыз еді.
Негізгі әдебиет: [2, 5, 7, 9].
Қосымша әдебиет: [ 17, 20, 22, 24, 30, 31].