Және рухани мәдениет.

Жоспар: 1. Қалалардың дамуы.

2. Қолөнер мен сауданың дамуы.

3. Дін, ғылым және әдебиет.


Қалалардың дамуы. ІХ ғ. 2-жартысы – ХІІІ ғ. басында Сырдарияның төменгі ағысы мен Қаратудың теріскей беткейлерінде қалалардың қалыптасу үрдісі жеделдеп, олардың аумағы ұлғайды. Нақты деректерге сүйене отырып, Оңтүстік Қазақстан мен Солтүстік-Шығыс Жетісудағы қала мәдениеті ескерткіштерін бірнеше түрге бөліп қарастыруға болады: 1) Көлемі 30 га-дан асатын қала жұрттары. Бұл қалалар аймақтардың, жеке иеліктердің орталықтары немесе жай ірі қалалар болған. 2) Көлемі 15-30 га-ға дейінгі орташа қалалар. Орта ғасырлар авторларының бұл қалалар туралы сипаттамалары үстірт болып келгенімен, оларда мешіттер мен базарлардың болуы атап өтіледі. 3) Шағын қалалардың, қалашықтар мен керуен-сарайлардың қалдықтары. Бұл кезеңде қалалардың құрылысында жаңа элементтер – мешіттер мен қоғамдық моншалар пайда болып, рабадтар қалыптасты және махаллалардың көлемі ұлғайды.

Қолөнер мен сауданың дамуы. Қалалардың көбеюі және аумағының кеңеюі қолөнер мен сауданың дамуына игі әсерін тигізді. Қолөнерде кең тараған қыш-құмыра кәсіпшілігі туралы Құйрықтөбе, Тараз қалаларынан табылған пештер мен шеберханаларды зерттеу барысында білуге болады. ІХ-Х ғғ. керамика ісінде жапсырып жасау тәсілі азайып, жылтыратылған құйма керамика кең тарады. Әр түрлі шыны бұйымдарының кездесуі орта ғасырлардағы қалаларда шыны өндірісінің жоғары деңгейге жеткенін дәлелдейді. Кең таралған кәсіптердің қатарына темір, мыс және қола бұйымдарын жасау, зергерлік кәсіп, сүйек пен тас өңдеу кәсіптері жатқызылады. ІХ-ХІІ ғғ. сауда бұрынғысынша Ұлы Жібек жолы мен оның тармақтарының бойында қызу жүргізілді. Қазақстанның оңтүстігінде Испиджаб, Кедер, Отырар, Жанкент, Тараз және Баласағұн, Солтүстік-Шығыс Жетісуда Талғар мен Қаялық ең ірі сауда орталықтары болды. Тауар-ақша қатынастары өсіп, қарахандар мен хорезмшахтар кезінде Испиджаб, Отырар қалаларында теңге сарайлары жұмыс істеді.

Дін, ғылым және әдебиет. Қарахан әулетінің билігі тұсында мемлекеттік дін ретінде жарияланған ислам қала мәдениетінің дамуында маңызды рөл атқарды. Археологиялық зерттеулер барысында Құйрықтөбе, Баласағұн, Тараз қала жұрттарынан мұсылман сәулет өнерінің құрылыстары табылды. Мешіт пен мұнара билік басындағылардың дінге адалдығының нышанын білдірді. Исламның таралуымен қатар, Жетісуда зороастризм, несториандық ілім, көшпелілер арасында ертедегі түріктердің діни дәстүрлері сақталып қалды. Исламның таралуына байланысты араб тілі мен жазуы кең өріс алды. ХІ-ХІІ ғғ. тарихи-әдеби шығармалардың ең маңыздылары – Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу білік», Махмұд Қашғаридың «Диуан лұғат ат-түрк», Ахмет Йассауидың «Диуан-и Хикмет» еңбектері.
ОБСӨЖ тапсырмалары.

1-тапсырма. Негізгі ұғымдарға түсініктеме беру.

Материалдық мәдениет, рухани мәдениет, суфизм, миссионер, хисар, цитадель, шахристан, рабад, кесене.


2-тапсырма. Талқылауға арналған сұрақтар:

1. Х-ХІІ ғғ. қалалар санының өсуіне қандай жағдайлар себебін тигізді?

2. Көлемі жағынан ортағасырлық Қазақстан жеріндегі қалаларды қандай топтарға бөліп қарастыруға болады ?

3. Х-ХІІ ғғ. қалалардың құрылысында қандай жаңа ғимараттар пайда болды ?

4. Бабаджа-хатун, Айша бибі және Қарахан кесенелеріне сипаттама беру.

5. Дамыған орта ғасырларда қолөнердің қандай түрлері кең таралды?

6. Х-ХІІ ғғ. бастап қала тұрғындарының арасында ислам дінінің кеңінен тарала бастағанын қандай деректер дәлелдейді ?

7. Дамыған орта ғасырларда ғылым салаларының дамуына қандай себептер болды ?


3-тапсырма. Кестені толтыру.

ІХ-ХІІ ғасырлардағы түркі ғалымдары мен ойшылдары.
Ғалымдар өмір сүрген уақыты шығарма-лары Не туралы жазды
1. Әбу Насыр әл-Фараби
2. Жүсіп Баласағұни
3. Махмұд Қашғари
4. Ахмет Йассауи
5. Сүлеймен Бақырғани

4-тапсырма. Рефераттар мен баяндамалар жазу.

1. Ахмет Йассауи – сопылық поэзияның көрнекті өкілі.

2. «Құтадғу білік» – даналық сөз, ғибрат.

3. «Диуани лұғат ат-түрік» – түркі халықтарының құнды мұрасы.


Әдебиеттер:

Абусеитова М.Х. и др. История Казахстана и Центральной Азии. А., 2001.

Байпаков К. М., Нұржанов А. Ұлы Жібек жолы және ортағасырлық Қазақстан. А., 1992.

Наши рекомендации