Азақ Алтайындағы Берел қорымы 2 страница

Тоң қабатында адам мен жануарлардың қалдықтары, органикалық материалдардан жасалған заттар жақсы сақталған. Молада 35-40 жастар шамасындағы ер адам мен одан егделеу әйел жерленген. Екеуі де осы өңірде мөлшермен 2 400 жыл бұрын өмір сүрген халықтардың ең мәртебелі кісілері болған. Ер адам мен әйел; жер үстінен төрт метр тереңдіктегі кең көлемді қабірдің түбіне орнатылған қима-таған ішіне орналастырылған көп ғасырлық самырсын ағашынан ойылған астау-табыт ішіне, бастарын күншығыс жаққа қаратып, ер адамды шалқасынан, әйелді аяғын бүгіп жатқызған. Ер адамның қос бұрымдап өрген шашы мен мұрты, сондай-ақ асыл тастармен және алтынмен әшекейленген былғары тонының жұрнақтары сақталған. Қайтыс болған патшаның о дүниелік жанына арнап қосып көмген 13 жирен аттарының мүрдесі тоңның астында бүкіл әбзел-әшекейлерімен сақталған.Қима-таған үстін бір-біріне тығыз қиюластырып қойған сырықтармен, бірнеше қабат қайыңтозбен және соның арасын толтырған қарта жоңышқа бұтасымен (Dazifora fruticoza) жапқан. Ботаник мамандар бұл өсімдіктің де іріп-шіруге қарсы қолданатын ерекше қасиеті бар дейді. Қима-тағанның солтүстік жағында екі қабат етіп қойылған он үш аттың қаңқалары да осындай қайыңтоз қабықтармен бірге жабылған.

Қабірдегі қима-таған, оның ішіндегі ағаш саркофагтан басқа осылардың барлығын үстінен жауып тұратын ағаш конструкция болған сияқты, бірақ, өкінішке орай тонаушылар оны түгелімен бұзып жан-жаққа лақтырып тастағандықтан нақтылы кейпін қалпына келтіру мәселесі де әзірше өз шешімін таппай отыр.

Астау-табыттың бетін самырсыннан қашаған қақпақпен жапқан, оның мықтылығын арттыру үшін арнайы бір қоспамен, болжам бойынша, жылқының майымен қанықтырған.

Табыт қақпағының бұрыштарын жұқа алтынмен қаптаған қоладан құйылған төртқиял-ғажайып самұрықтарды (олар грифон емес) орнатқан; екеуі ұшуға қанаттанған, басқа екеуі қонуға ыңғайланған сәттерде бейнеленген. Бұл, әрине, кездейсоқ емес. Көне діни сенімдерде құс адамның көкке ұшқан жанының өзі немесе символы, ол ұшып кетіп, мәйіт жатқан жерге анда-санда қайта оралады. Басқа мифологиялық жүйе бойынша самұрық құстар дүниенің төрт бұрышының қорғанышы, сақшысы және тірегі немесе төрт бұрышты дүниеде, жер мен көкте не болып жатқанын патшаға жеткізіп отыратын жаршы болып есептеледі. Бұл құстар көк тәңірімен байланыстыратын медиативтік функцияларды атқаратын жануарлар санына кіреді.

Ер адамның басы ағаштан жасалған арнаулы жастықта жатты. Берел материалдарын сұрыптауға ат салысып жүрген генетика саласының ғалымдарының болжауына сенсек, әйелдің денесі ер адамға қарағанда ертерек (бір болжамдарда, керісінше кейінірек) қойылғанға ұқсайды. Шынында да ағаш табыт алғашында бір адамға арналып ойылған, ол айқын.

Ағаш табыттың ішіндегі патша мен әйел адамнің мүрделері толық тонауға ұшыраған, киімдерінің бәрін сыпырып алған, тек сүйектері ғана анатомиялық пошымын сақтап қалған.

Ал, басқа тізбектегі обалардың ішкі құрылымдарына келетін болсақ, оларда біраз айырмашылықтар бар. Мысалы, №16-шы обада адам мен екі қабаттап қойылған бірнеше жылқы малының ортасына тастан қалқа немесе тасалау қабырғасы қаланған. Дәл осыған ұқсас қалқа №18-ші обада тақтаймен жасалғанға ұқсайды, бірақол бірнеше рет тоналғандықтан жерлеу рәсімі мен құрылымдарын толық қалпына келтіру қиын.

Ерекше құрылым мен жерлеу рәсімі №36-шы обада тіркеліп отыр. Онда адам жерленген қима таған мен ағаш табыттың (қалдықтарына қарағанда үсті, кейбір пазырық обаларындағыдай кілеммен жабылған тәрізді) сыртынан текшетас қоршаумен (циста тәрізді) қаланған да оның үсті көлемді текше және сопақ, салмағы ондаған, тіпті жүздеген килограм тас блоктармен ұзынынан және көлденеңінен аса мұқият қаланып жабылған. Бірақ, осы шаралар да тонаушылардан құтқармапты, олар көрдің бүйірінен тура адам жататын тұсынан тесіп кіргенде түк қалтырмай барлық заттарын алып мәйітті лақтырып кеткен. Адаммен бірге көмілетін тиесілі жылқы малы да ерекше түрде, тас қоршаудың ту сыртында, көрдің қабырғасы мен тас қоршаудың арасына аяқтарын бауырына бүгіп, басын тас төсеммен біраз жоғары көтеріп қойған да, үстін түгел кесек тастармен тығыздап бітеп тастаған.

Бірақ, осыған ұқсас әдіс басқа тізбектегі №9-шы обада тіркелген. Онда бірге жерленген бес ат жатқан көрдің солтүстік-батыс бөлігіолардың үстінен бірнеше қабат тас плиталармен қапталған. Бұл обадағы тағы бір маңызды сәт, олаттардың аяқ жағына бақан (стела) тастың тігінен қойылуы. Бәлкім, бұл ат байлайтын кіндік қазық идеясымен үйлесіп жатқан ұғымға сәйкес жасалған шара болуы да мүмкін.

Табылған олжалардың сақталуы сақ тайпаларының материалдық және рухани мәдениетінің бір қатар аспектілерін, атап айтқанда жерлеу ғұрыптарының ерекшеліктерін, көшпелілердің діни-мифологиялық түсініктерін жаңғырту және Алтайдың ежелгі көшпелілер мәдениетінің дамуының хронологиялық аясын айқындау сияқты жалпы мәселелерді шешуге кең мүмкіндіктер туғызып отыр.

Тоң басқан обадан пелеогенетика мәселелерін және көне генетикалық кодтың (ДНК) кейінгі ұрпақтарға ауысуының табиғатын зеттеуге мүмкіндік беретін материалдар алынды [59, 27 б]. Он жылдам аса уақыттың ішінде Берел қорымдарынан біраз құнды антропологиялық материалдар жинақталып қалды, бірақ медициналық-биологиялық және молекулярлық-генетикалық (мтДНК) зерттеулердің түбегейлі қортындыларын шығару әлі алда [37, 25 б].

Патшаның сүйектері жақсы сақталған, ал әйел адамның бас сүйегі кейін антропологиялық қалпына келтіруге де жарамсыз болып шықты. Патшаның шашы деп жорамалдап жүргеніміз, бір жағынан бірнеше өрілген бұрымдары бар, бірақ малдың қылы мен басқа органикалық материалдар және қара түсті минерал қосып бекітілген жасанды күрделі бас киім – парикке де ұқсайды. Басқа тұрғыдан қарасақ кісінің шашы қысқа кесілгенге де ұқсайды, бірақ желке тұсында кішігірім айдар қалдырылған, оған жылқы қылынан өрілген бұрым ширатыла жалғанған. Дегенмен, бұл заттың анық-қанығына әлі жете қойғамыз жоқ.

Бас сүйегінің төбе тұсындағы аяқталмай қалған трепанация іздері туралы әзірше екі түрлі түсіндірмесі бар: бұл не бальзамдау кезіндегі өліктің мыйын алу үшін жасалған, бірақ аяқталмай қалған дәстүрлі айла-шара, не болмаса ұрыс кезінде алған қатты соққыдан болған жарақаттан сүйек сынықтары мен ұйыған қаннан тазартпақ ниетпен жасалған, патшаның операция кезінде қайтыс болуына байланысты тоқтатылған медициналық көмек әрекеті болуы да мүмкін. Екінші болжам шындыққа жақындау сияқты. Қабырғасы мен омыртқа сүйектерінде тіршілігінің әр кезеңдерінде шор болып біткен көптеген сынық орындары байқалады.

Мәйіттің денесінде бальзамдау немесе басқа да айла-шарғылардың іздерінің бар-жоғын зерттеп шығу алғаш рет жүзеге асты. Ер адамның бас сүйегіндегі трепанациялау ойығы осы секілді амал-шараның айқын көрінісі. Осылардың бір дәлелі – е радамның сүйегінде өткір пышақтың іздері көптеп сақталынып қалған. Ол адамның жасын антропологтар мен генетиктер 30-35, әрі кеткенде 40 жас аралығы деп анықтаған. Сол заман үшін бұл аз жасемес.

Марқұмның антропологиялық типі – анық монголоидтық белгілері бар аралас еуропеоидтық түрге жататынын палеогенетикалық зерттеулер де және Ресей Ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы антропология және этнология Институтының маманының бас сүйек негізінде жасаған қалпына келтіруінен де көругеболады.

Сөз жоқ, бұл адам тірісінде тайпалық одақ немесе ертеде құрылған мемлекетті басқарған көсемге лайық өте ержүрек, тәжірибелі жауынгер және қайраткер болған.

Берелдегі бір обада (№9) ежелгі көшпелілердің ақсүйегінің табытының қасына жерленген әйел адамның жілігі кесіліп ашылған түрде жатты. Мұны адамның жілігін майдан тазартып алу үшін жасалған медициналық әрекет пен немесе рәсімдік шараның салдары болу мүмкіндігін де жоққа шығара алмай, әзірше екі ойлы болып, әртүрлі болжам жасап отырмыз [37, 26 б].

Жалпы антропологиялық материалдарға келетін болсақ, өткен он жылдам астам уақыт ішінде Берел обаларынан құнды информация жиналды, олардың біразын мамандар зерттеу үстінде. Мысалы, №11 обадағы көсемнің көзі тірісіндегі кейбір сырқаттарының белгілері табылды. Ол адамның денесіндегі паразиттер (тоғышарлар) фаунасын зерттегенде олардың көптегентүрлері (Ancylostoma duodenale, Trichocephalus trichiurus, Strongyloides stercoralis, Enterobius vermicularis, Ascaris lumbricoides) анықталды[114, 49-51 б].

Үлкен Берел қорғаны. Қазақ Алтайы Берел жазығындағы ең ірі қорғанға 1865 жылы академик, ол кездегі Барнаул аймақтық училищесінің оқытушысы В.В. Радлов қазба жұмыстарын жүргізді. 1866 жылы ескерткіштің орналасқан жері, жерлеу барысы жөнінде қысқаша мәліметтен тұратын есеп жарық көрді. 1928 жылы В.В. Радловтың бұл есебін толықтырып Сібір ескерткіштерімен салыстырып жазған А. Захаровтың еңбегінен соң Берел материалдары зерттеушілерді қызықтыра түседі.

ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Берел материалдарымен Пазырық қорғандарын зерттеуші М.П. Грязнов айнылысады. 1959 жылы С.И. Руденконың ұйымдастыруымен Үлкен Берел қорғанын зерттеуді жалғастыру мақсатында археологиялық экспедиция құрылады. 1865 және 1959 жж. жұмыстар барысында Үлкен Берел қорғаны толық зерттеледі [31, 227 б].

Аталған ескерткіш теңіз деңгейінен 1120 м биіктікте, Берел жазығының үшінші террасасында орналасқан. Таулы Алтайдың басқа да ескерткіштері сияқты сыртқы тас қабатының қалануынан ішіндегі заттарды қойылған кейпінде сақтап қалған жасанды тоң қабаты пайда болған.

Бұл қорған осы қорымдағы ең ірі құрылыс. Тас қабатының биіктігі 5 м, диаметрі 30 м. Тас қабаттарының арасынан темір ауыздықты және темір үзеңгілі ат сүйегі табылған. Қабір шұңқұры 7 м, солтүстік бөлігі 5,5-5,7 м тереңдікте. Қабір шұңқырында қарағайлы ағаш бөренерден жасалған қима. Шұңқыр қабырғалары бұрыштарына тегіс, биік тастардан тіреулер қойылған. Тіреулердің үсті қайың қабығымен жабылған. Жерлеу камерасында диаметрі 1 м тұтас қарағайды үңгіп жасаған саркофаг-астау. Саркофаг сырты қалың қайың қабығымен жабылған. Ал оның қақпағына қоладан жасалған фантастикалық құстардың бейнесіндегі төрт шеге қағылған. Астау жанында жерленген адамның сүйектері жатты. Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінде жерленген жылқылар сүйектері орын алған. Аттардың саны – 16, төрт қатарға төрт аттан жатқызылған, барлығының басы шығысқа қаратылған. Алғашқы екі қатарға қойылған аттардан темір ауыздықтар табылған. Бұл сегіз ат ағаштан жасалып, алтын пластиналармен қапталған әшекейлермен жабуланған. Аттардың үстінде ертоқымдардың қалдықтары сақталған. Аттардың үстіне қайың қабығының қалың қабаты жабылған [60, 230 б].

Жерленген жылқылардың жанынан көптеген алтын және қайың қабығынан жасалған әшекейлер табылған. Олар сол аймақта кездесетін аңдар (тау ешкі, мысық тұқымдастар, архар, бұғы) және оюлармен көркемделген. Зерттеушілер Берел ескерткішін Пазырық мәдениетіне жатқызу заңды деген шешімге келді.

№ 11 оба. Берелдегі негізгі зерттеулердің нысаны болған үлкен обада (диаметрі 30 м астам, бастапқы биіктігі 2 м асады) жоғарғы әлеуметтік мәртебеге ие кісі жерленген. Ол жоғарғы жікті көшпелілер қоғамының ақсүйектерінің өкілі екені күмәнсіз, бәлкім патшасы да болуы мүмкін. Қазылған оба аса күрделі архитектуралық құрылыс, оның әрбір құрылымдық элементінің өзінше атқаратын қатаң белгіленген функциясы болған. Обаның алып үйіндісі тастардың жай-әншейін ретсіз лақтыра салған жиындысы емес, керісінше әр түрлі көлемдегі арнайы талданып алынған тақта, домалақ және малта тастардан жүйелі түрде қаланған бірнеше қабаттардан тұрады. Жерлеу құрылысының жер үсті бөлігін ғана тұрғызу үшін де қыруар күш жұмсалғаны сөзсіз. Оның көлемінің осыншама үлкендігі марқұмның әлеуметтік мәртебелігін көрсетсе, енді бір қырынан оның тайпаластары мен қол астындағы халқының санының қанша екенін де болжауға болады. Сонымен бірге элитарлы обалардың құрылысы қауымдастықтағы иерахия мен әлеуметтік ұйымшылдықтың жоғары дәрежелі көрсеткішінің дәлелі болып та табылады. Оба құрылысына қажетті мөлшердегі тастарды өзен аңғарының биік жарқабақты және төңіректегі тау жоталарының тік беткейлерінен тасымалдап жеткізу үшін де орасан зор еңбек жұмсалғаны белгілі [61, 168 б].

Оба үйіндісінің тағаны ірі және жалпақ тастардан тиянақты төселіп жасалған, етегі ірі тақта тастармен дөңгелек қоршау етіп тігінен қаланған; оның тек практикалық функциясы ғана емес, ерекше семантикалық мәні де болған. Оба – мифологиялық санада ғарыштың, яғни қоршаған кеңістіктің әмбебап моделінің баламасы [61, 88 б].

Оба астындағы қабірдің үсті бөрене-сырықтармен жабылған, ал көрдің түбіне қалың да жалпақ етіп самырсыннан шабылған тақтайлардың бастарын өзара қиюластыра отырып үш қатар етіліп ұзыншақ тік төртбұрышты қима таған орнатылған. Көрдің оң жағындағы орынды иеленген қима тағанның көлемі 3,43х1,85х1,26 м. Дендрохронологтардың тұжырымы бойынша осында пайдаланылған бөренелер мен тақтайлардың кейбірі ертеректе алдын-ала дайындалған, ал кейбірі жерлеуге дейін тұрмыста ұзақ уақыт пайдаланылған. Қима тағанның ішіне жасыл алевролит тастар төселіп, оның үстіне астау табыт қойылған. Ол көп жылдық жуан самырсыннан тұтас күйінде ойылып жасалған, үстіңгі жағы мұқият тегістеліп өңделген. Астау табыттың төрт бұрышында оны қабірге көтеріп түсіруге оңай болу үшін құлақ тұтқалар ойылып жасалған, беті қақпақпен жабылған. Қақпақтың төрт бұрышында қолдан құйылып, сыртына алтын жалатылған төрт құстың мүсіндері орнатылған. Олар символикалық түрде марқұмның әруағын қорғаушы періштелер қызметін атқарады деген нанымға сәйкестендірілген [62, 223 б].

Астау табытқа жасы шамамен 35-40 жастардағы ер адам қойылған, кейінірек оның жанына әйел жерленген. Антропологтардың алғашқы тұжырымы бойынша әйелдің жасы ер адамға қарағанда біршама егделеу. Мәйіттердің басына ағаш жастық жасталған. Көсемнің өрген сәнді қос бұрымды шашы жақсы сақталған. Оның тірі кезінде мұрт қойып жүргені де анықталды. Еркектің бас сүйегінің төбе тұсы кезінде шайқаста, шамасы шоқпар тиіп опырылған болса керек. Аяқталмаған трепанация іздеріне қарағанда жарақат орнындағы сүйек сынықтары мен ұйыған қанды алу мақсатымен жауынгер-көсемге медициналық көмек көрсетуге талпыныс болған сияқты. Қалай дегенмен де бұл кісі өзінің ерлігі мен мәрттігінің арқасында Алтай тайпалары одағының патшасы дәрежесіне көтерілген. Оның шайқастағы батырлығына өмірінің әр кезінде сынып қосыла біткен қабырғалары мен зақымдалған омыртқасы куә болады [63, 88 б].

Жоғарыда атап өтілгендей, ежелгі көшпелілердің жерлеу тәжірибесінде аса күрделі ғұрыптар қалыптасқан, атап айтқанда, марқұмның денесін оны қашан жерлегенге дейін ешқандай бұзылмаған күйінде сақтауға тырысқан. Мұның өзі діни-мифологиялық ұғымнан туындаған. Бұл мақсатты орындау үшін арнаулы шөп-дәрілер мен жұпар иісті заттардың көмегімен ерекше маңызды тұлғалардың денесін бальзамдап арулайтын болған. Марқұм төтенше сән-салтанатпен кебінделген, оның бір айғағы көгілдір ақық моншақтармен, жұқа алтын жапырақшалармен ғажайып композиция құрай отырып әшекейленген киімнің бір жұрнағы. Өлгеннен кейін сақталған байлығы мен киімінің сән-салтанаттығы марқұмның жоғары әлеуметтік мәрттілігін айқындайды.

Қима тағанның ішіне, астау-табыттың бас жақ жанына ағаштан жасалған үстел-табақ қойылған және екі қыш ыдыс пен бір мүйізден жасалған құтыға марқұмның ас-суы құйылған [59, 188 б].

Берел обаларының заттық кешенінің құрамы мен мазмұны. Жоғарыда аталғандай Берел обаларының барлығы ерте кезде, содан кейінгі замандарда бірнеше рет тоналып, адамдардың киім-кешектері және олармен бірге қойылған аса құнды заттары жоқ болып, қалғандары қатты бүлініске ұшыраған. Сондықтанда күні-бүгін осында табылған жәдігерліктердің басым көпшілігі – ат-әбзелдері. Тонаушыларды алтыны аз, ағаштан ойылып жасаған ер-тоқымның әшекейлері аса көп қызықтыра қоймаған сияқты, тек бірен-саран салпыншақтардың үстіне жапсырған жұқа сары металды сыпырып алып өздерін лақтыра салған.

Дегенмен, табылған заттарды бірнеше топтарға бөліп қарастырайық. Олар – киім-кешектер, ыдыс-аяқ пен басқа тұрмыстық заттар, ат әбзелдері және ғұрыптық бұйымдар. Ең соңғысынан бастайық.

Ғұрыптық бұйымдар. Штандарт. Құс басты, жыртқыш денелі, қос мүйізді және қос қанатты синкретикалық грифон образында бал қарағайдан ойылып жасалған көлемді скульптура, біздің қазіргі пайымдауымызша көне грек жазбаларында аталатын «алтын қорыған грифтер» деген айдар тағылған тайпалардың бірінің көсемінің (патшасының) билік белгісі – асатаяқ (штандарт) болуы мүмкін. Бірақ, алғашында, пазырық мәдениетініңэлитарлық обаларында бірең-сараң кездесіп қалатын жылқының басына кигізетін маскалардың арнаулы элементі болуы мүмкін деген болжау жасалған. Сондықтан да, бұл жәдігердің нағыз функциясы мен статусы бойынша әлі нақтылы тоқтамға келген жоқ деп айтуға болады.

Бұл затқа типологиялық сәйкестіктер қарастыратын болсақ, Таулы Алтайдағы 5-ші пазырық обасына қойылған күймеге қатысы бар киізден жасаған аққудың скульптураларын атауға болады.

Қалай болғанда да бұл жәдігер діни-ғұрыптық сферамен байланысты, ал оның мазмұны туралы мәселені кейініректе талқылаймыз.

Киім-кешектер. Толық формасы сақталған киімнің нұсқасы жоқ деп айтуға да болады. Қазба барысында №11 обадағы қима тағанның түкпірлерінде әртүрлі киімнің жыртылып немесе шіріген қалдықтары кездесті. Солардың ішінде кестелі оюлары бар, бағалы аң терілерінен, киізден тігілгендері немесе боялған жүн жіптерден тоқылғандары да бар.

Бір обада (№31) ер адамның алтын жапсырмалармен әдемі безендірілген шошақбас киімінің жұрнағы сақталған, бірақ ол жаңғыртуға келмеді. Ең үлкен №11 обада бірнеше аяқтарын бүккен сфинкс бейнелі шағын алтынмен қапталған ағаш скульптуралар табылды.

Бұларға образдық және семантикалық тұрғыда жақындау шағын тік аяқтарында тұрған имек құйрықты алтынмен қапталған ағаш сфинкстардың басқа скульптуралары №9-шы обадан табылған. Бұл шағын скульптуралар шапанның немесе бас киімнің ілініп тұратын салпыншақтары, ал осы екі обада әйел адамдардың мәйіті табылғанын ескерсек, әсілі солардың киімдерінің элементтері болуы әбден мүмкін.

Тағы бір олжа көлемді, мойыны мен басын тік көтеріп көлденеңінен жатқан бұғының скульптурасы (иығы мен жамбасында архардың басы ойылып салынған, ал мүйізі мен құлақтары теріден жасалып, арнаулы тесікке кигізілген). Бұл зат пазырық мәдениетінде кеңінен белгілі стандарт: әулетті адамдардың киізден жасайтын шошақ бас киімінің екі жағына орналастыратын скульптуралардың біреуінің қалдығы. Мұндай бас киім элементі Таулы Алтайда, Моңғол Алтайында толығымен кездеседі [37, 28 б].

Сондай-ақ арқардың жиырылған бейнесі ойылып салынған киімнің ағаш түймелері де кездесіп қалады.

Әшекей бұйымдарының арасында мәртебелі тұлғаларға лайықты алтын сырғалар, тас моншақтар, сақиналар, қола айна, т.б. бағалы бұйымдар баршылық. Жалпы, пазырық мәдениетін жасап қалыптастырған халықтардың киім үлгілері жақсы сақталған, олардың ішінде ішкі киім, сырт киім, қысқы және жазғы киімдер, сондай-ақ, көшпелілер элитасы мен «сарай» қызметіндегілері де киетін нұсқалар бар (мысалы, Қатандыдағы тері шапан, фрак, жүнін сыртына қаратып тіккен құйрықты тондар, әйел адамның көйлектері, ер адамның кенеп шалбарлары, киіз бас киімдер, т.б. ). Осылардың негізінде, мәдениет тұтастығын ескере отырып, Берелден табылған нұсқалар бойынша кез келген киім үлгісін жасап шығаруға болады.

Берел патшасының басындағы парикті де сол кездегі костюмнің бір құрамдас бөлігі деп қарауға болады.

Ыдыс-аяқтар мен басқа тұрмыстық заттар. Ең көп табылатын ыдыс – қыш құмыралар. Көлемі, формалары, ою-өрнектері әртүрлі. Араларында көшпелілердің теріден жасайтын ыдыстарының түріне еліктеп жасаған құмыра және сыртында қысқа саусақ немесе малдың емшегі тәрізді өскіндерден тұратын бірнеше жолақтармен безендірілген.

Наши рекомендации