Тақырып 11. Қылмыстық құқық негіздері.
Қылмыстылықты және іс-әрекеттердің жазалылығын, қылмыстық жауапкершілік негіздерін, жаза жүйесін, оны тағайындау тәртібі мен шарттарын, сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілік пен жазадан босату негіздерін анықтайтын, мемлекеттік жоғары органдарымен бекітілген заңдық нормалар жинағы қылмыстық құқық деп аталады.
Қылмыстық құқық пәніне қылмыстың жасалуымен байланысты туатын қоғамдық қатынастар жатады. Қылмыстық құқықтың реттеу әдісі қылмыстылықты, қылмыстың жасалуына заңдық тиым салу мен олардың жазалылығын анықтаудан тұрады.
Қылмыстық құқық жүйесі жалпы және ерекше бөлімнен тұрады.
Жалпы бөлім – бұл қылмыстық заңдылық пен оның қағидалары, қылмыстық жауапкершілік негіздері, қылмыстық заңның кеңістіктегі, уақыттағы, тұлғалар шеңберіндегі әрекетін анықтайтын, қылмыс түсінігі мен категорияларын, кінә нысанын, қылмыстық құқықтық жас мөлшерін, қылмысты жоққа шығаратын мән – жайларды, қылмысқа қатысуды, жаза мақсаттары мен түрлерін, олардың тағайындалу тәртібі мен мазмұнын, жауапкершіліктен босату негіздерін, сонымен қатар, кәмелетке толмағандар жазасының ерекшеліктерін көрсететін бөлім.
Ерекше бөлімде нақты қылмыс түрлері мен олардың жазалары, істеуші тұлғалар көрсетілген.
Қылмыстық құқық мынадай қағидаларға сүйенеді: заңдылық, азаматтардың заң алдында теңдігі, кінә үшін жауаптылық, әділеттік пен гуманизм.
Қылмыстық құқықтың негізгі қайнар көзі болып қылмыстық заң табылады. Тек қана қылмыстық заң қоғамға қауіпті іс - әрекеттердің қылмыстылығын және жазалануын тағайындайды. ҚР – да қылмыстық заңды ҚР қылмыстық Кодексі құрайды. Жаңа қылмыстық заңдар қылмыстық Кодекске қосылуға жатады.
Қылмыс дегеніміз жазалаумен ескертілген, ҚР ҚК – мен тиым салынған, қоғамға аса қауіпті іс - әрекет. Іс - әрекетті қылмыс деп тану үшін оның мынадай белгілері болуы қажет:
а) қоғамға аса қауіптілігі;
ә) қылмыстың құқыққа қайшылығы;
б) кінәлілік;
в) жазалауға жататындығы.
Қылмыстар әртүрлі ерекшеліктеріне байланысты сарапталады. Қылмыстарды сараптау – бұл қоғамға аса қауіпті іс - әрекеттерді олардың мәнді белгілеріне байланысты өзара байланысқан топтарға бөлу. Ол қоғамға аса қауіптііс - әрекеттердің қоғамға қауіптілік сипаты мен деңгейіне байланысты бөлінеді.
Қоғамға қауіптілік сипаты – бұл іс - әрекет қол сұғатын қоғамдық қатынастың маңыздылығы мен қылмысты жасау әдісі бойынша анықталатын қылмыстың әлеуметтік қасиеті.
Қоғамға қауіптілік деңгейі – бұл жауапкершілікті ауырлататын және жеңілдететін мән – жайларды есепке ала отырып анықталатын қылмыстың әлеуметтік қасиеті.
Бұларға байланысты қылмыстар төрт категорияға бөлінеді:
1) жеңіл қылмыстар – қасақана жасалған жағдайда 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылатын қылмыстар;
2) орташа ауырлықтағы қылмыстар – 2 - 5 жыл;
3) ауыр қылмыстар – 5 – 12 жылға дейін;
4) аса ауыр қылмыстар – 12 жылдан көп және өлім жазасы қарастырылған қылмыстар.
Осында көрсетілген алғашқы үш категорияда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, соңғысында 14 жастан бастап қарастырылған.
Тәлімгерлер ҚР қылмыстық заңдылығы ережелері туралы толық мәліметті 1998 жылдың 1- қаңтарынан бастап күшіне енген ҚР қылмыстық кодексінен және «Қылмыстық құқық » курсы бойынша арнайы әдебиеттерден таныса алады.
Негізгі әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының заңы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Алматы, 1998.
2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. Алматы, 2000.
3. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу кодексі. Алматы, 1998.
4. Қазақстан Республикасының қылмыстық - атқару кодексі. Алматы, 1998.
Қосымша әдебиеттер:
- Алауов Е. Қылмысқа тосқауыл. Алматы, 1997.
- Ағыбаев А.Н. Қылмыстық құқық: жалпы бөлімі. Алматы, 1999.
- Ағыбаев А.Н. Қылмыстық құқық: ерекше бөлім. Алматы, 2000.
- Алауханов Е. Қылмыстық құқық. Ерекше бөлімі. Алматы, 2001.
- Биебаева А.Ә. Әрекеттің мән-жайларын жоятын кейбір түрлері. Қарағанды, 2003.
- Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы. Алматы, 2001.
- Қазақстан Республикасының қылмыстық атқару құқығы. Алматы: Жеті Жарғы, 2002.
- Наумов А.В. Қылмыстық құқығы. Астана, 2001.
- Рахметов С.М., Бапанов Т.А. Қылмыс құрамы. Алматы: Баспа, 1998.
- Төлеубекова Б.К. Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу құқығы. Алматы: Жеті Жарғы, 2000.
Семинарлық сабақтар жоспарлары
Тақырып 1. Мемлекет туралы негізгі түсініктер
Сұрақнама:
- Мемлекеттің пайда болу заңдылықтары.
- Мемлекеттің, өкіметтің, құқықтың пайда болуын қарастыратын теорияларға сипаттама.
- Мемлекеттің түсінігі және негізгі белгілері.
- Мемлекет мәні, қызметі және типтері.
- Мемлекет нысаны: басқару нысаны, мемлекеттік құрылым нысаны, саяси режим.
- Мемлекеттік аппарат түсінігі, құрылу және әрекет ету қағидалары.
- Мемлекет органдары: түсінігі, түрлері.
- Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны мен ролі.
- Құқықтық мемлекет түсінігі және белгілері. Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет қалыптастырудың теориясы мен практикасы.
Тапсырмалар:
- Қазақстан Республикасының басқару нысанын, мемлекеттік құрылым нысанын және саяси-құқықтық режимін теориялық негіздерге және заңнамаға сүйене отырып өз бетінше анықтау.
- Семинар сұрақтары бойынша лекциялық материалдарды, оқулықтарды және өзге әдебиеттерді пайдалана отырып дайындалу.
Негізгі әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.
2. Қазақ КСР-ның мемлекеттік егеменділік туралы Декларациясы // Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы. 1990.№44.
3. Қазақстан Республикасы конституциялық заңы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» // Жаршы. 1991.№51.
4. Қазақстан Республикасы заңы «Дін тұтыну бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 15 қаңтар 1992 // Жаршы, 1992. №4.
5. Қазақстан Республикасы заңы «Саяси партиялар туралы» 2002 // Парламент Жаршысы, 2002, №11-12.
6. Қазақстан Республикасы заңы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» 31 мамыр 1996 // Парламент Жаршысы, 1996. №8-9.
7. Қазақстан Республикасы заңы «Мемлекеттік қызмет туралы» 23 шілде 1999 // Егемен Қазақстан, 1999. 6 тамыз.
8. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан – 2030». Жеке басылым. Алматы: Жеті Жарғы, 1999.
9. Қазақстан Республикасы Президенті өкімі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік сәйкестілікті қалыптастыру тұғырнамасы» 23 мамыр 1996 // Саясат, 1996. №9.
Қосымша әдебиеттер:
1. Байжанова Г.Т., Әділбекова Қ.Қ. Мемлекет теориясы. Дәрістер жинағы. Қарағанды,2003.
2. Ибраева А.С., Сапарғалиев Ғ.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы,1998.
3. Мемлекет және құқық теориясы. Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәукелев А.Н. Алматы: ҚазМЗУ, 1999.
4. Сейтасқаров М.А. Қазақстанда саяси жүйенің жаңғыруы жағдайындағы саяси әлеуметтену ерекшеліктері. Алматы, 2000.
Әдістемелік нұсқаулар:
Семинар сабағына дайындалу барысында авторлардың өзіндік көзқарастарымен ерекшеленетін бірнеше еңбекті қатар қолданған жөн. Әр түрлі авторлардың анықтамаларын талдау негізінде мемлекеттің негізгі түсінігін шығару және оның негізгі белгілерін өз бетінше анықтау қажет. Мемлекетік өзге де құбылыстарға қатысты өзіндік ой қорытып тұжырымдау керек. Мемлекет мәні, маңызы, қызметі мәселелерін қарастырғанда басты назарды Қазақстан Республикасының ерекшеліктеріне аудару қажеттілігі бар.