Тақырып 4. Қазақстан Республикасының конституциялық құқық негіздері.

Тақырып 2. Құқық және құқықтық құбылыстар туралы негізгі түсініктер.

Құқық көп жақты, күрделі құбылыс. Сондықтан оған берілетін анықтамалар да сан қырлы. Құқық (жалпы әлеуметтік мағынада) тиісті мүмкіндіктердің заңда көрсетілген, көрсетілмегендігіне қарамастан адамгершілік, әдет-ғұрып тұрғысынан әрекеттің негізделуі мен еркіндік ретінде танылады. Құқықтың функционалдық анықтамасы – қазіргі кездегі экономикамен негізделген халықтың, көпшіліктің еркін білдіретін, нормативті анықталған және бұзылудан тәрбиелеу, сендіру және қажетті жағдайда мемлекеттік мәжбүр ету шараларымен қорғалатын, қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін атқаратын, құқықтық демократиялық мемлекет қалыптастыру мақсатында қоғамдық келісім құралы болатын нормалар жүйесі ретінде көрсетеді.

Құқыққа мынандай белгілер тән:

-еріктілік сипаты болады;

-жалпыға бірдей міндеттілік күші танылған;

-нормативтілік;

-мемлекетпен қалыптастырылады және қорғалады;

-жүйелілік;

-қоғамдық қатынастарды реттеу қызметін атқарады.

Құқық мәнін анықтау барысында екі түрлі көзқарасты ескеру қажет.

1.Таптық қөзқарас, онда құқық экономикалық үстем таптың заңдастырылған еркін білдіретін, мемлекетпен кепілдендірілген нормалар жүйесі ролін атқарады.

2.Жалпы әлеуметтік көзқарас бойынша құқық қоғамның әр түрлі топтарының, таптардың арасындағы келістіруші ролін атқарады.

Құқық типін анықтау қазіргі кезеңде екі түрлі нысанда жүзеге асырылады. Бірінші көзқарас бойынша құқық типі формациялық тұрғыдан анықталады. Оның басты өлшемі ретінде әлеуметтік-экономикалық белгілер алынады. Экономикалық базис типіне сай құл иеленуші, феодалдық, буржуазиялық және социалистік құқық типтері анықталған. Екінші көзқарас бойынша құқық нақты географиялық, ұлттық-тарихи, діни, арнаулы заңдық белгілеріне байланысты жіктеледі. Жалпы құқық, романо-германдық құқық, славяндық құқық, мұсылмандық құқық, индустық құқық және тағы басқалар.

Құқық нормасы – мемлекетпен танылатын және қамтамасыз етілетін қоғамдық қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін жалпыға бірдей міндетті әрекет тәртібі.

Гипотеза, диспозиция, санкция әрекет тәртібі ретіндегі заңдық норманың құрылымдық элементтері.

Құқық нормаларының тағайындалуына байланысты екіге бөлінеді:

1. реттеуші;

2. қорғаушы.

Әрбір норма адамның еркіне, санасына ықпал етеді, оның іс-әрекетін реттейді. Сондықтан реттеуші нормалар құқық тағайындаушы, онда қоғамдық қатынастарға қатысушыларға берілетін құқықтар мен міндеттерді жүктейтін нұсқаулар бар. Осыған байланысты олардың әрекеті тікелей реттеледі.

Қорғаушы нормалар құқықтық жауапкершілікті және басқа субъективті құқықтарды қорғайтын күштеу шараларын белгілейді. Бұл жерде адамдардың әрекетін реттеу жанама түрде асырылады.

Құқықшығармашылық - заңды актілерді жасау, жарыққа шығару не болмаса олардың заңды күшін жою, олардың алға қарай тиімділігін дамытуға бағытталған құқық қалыптастыру процессінің соңғы сатысы ретінде қоғамдағы объективті жағдаймен айқындалған мемлекет органдарының арнаулы қызметі. Субъектілерінің сипатына байланысты былай бөлінеді:

1. Халықтың тікелей құқықшығармашылығы. Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің маңызды мәселелері бойынша тікелей халықтық дауыс беру (референдум) жолымен заңдар қабылданады.

2. Мемлекеттік органдардың құқық шығармашылығы. Қазақстан Республикасында нормативті құқықтық актілерді қабылдау құқығына Қазақстан Республикасының Парламенті, Президенті, үкіметі ие.

3. Қоғамдық ұйымдардың құқықшығармашылығы немесе санкцияланған құқықшығармашылық. Мемлекет белгілі бір жағдайларда қоғамдық ұйымдардың актілерін немесе әдет-ғұрып нормаларын мемлекеттің рұқсат беру күшімен заңдастыруы мүмкін.

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы:Жеті Жарғы, 1998.

2. Қазақстан Республикасы заңы «Нормативті құқықтық актілер туралы» // Парламент Жаршысы, 1998. №2-3.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ағдарбеков Т. Құқық және мемлекет теориясы. Қарағанды, 2002.
  2. Мемлекет және құқық теориясы. Жоламан Қ.Д., Мұқтарова А.К., Тәукелев А.Н. Алматы: ҚазМЗУ, 1999.
  3. Сапарғалиев Ғ.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы,1998.
  4. Табанов С.А. Құқық теориясы мен сот жүйесінің конституциялық негіздері. Алматы, 2001.

Тақырып 3. Құқық қайнар көздері, құқық жүйесі және заңнама жүйесі туралы білімдер жүйесі.

Құқық нысаны – жалпыға бірдей міндетті, заңды маңызы бар, қоғамда орын алған құқық нормаларын ұйымдастыру тәсілі.

Құқық түп нұсқасы құқықтың пайда болуы мен әрекет етуін мүмкін ететін факторлар.

Құқық нысанының негізгі 4 түрі танылған: нормативті акт, сот прецеденті, әлет-ғұрыптық құқық, нормативті келісім.

Нормативті құқықтық акт – құқық нормаларын бекітуге, өзгертуге немесе жоюға бағытталған, айқындалған тәртіпте қабылданатын мемлекеттік органның актісі. үлкен екі топқа жіктеледі: заңдар және заңға бағынышты актілер.

Заң - мемлекеттің жоғарғы өкілді органы немесе тікелей халықтық дауыс беру (референдум) арқылы қабылданған, қоғамдық өмірдің маңызды мәселелерін реттейтін және жоғарғы заңдық күші болатын нормативті құқықтық акт. Оның белгілері.

- заң шығару билігі органдарымен немесе тікелей халықтың дауыс беруімен қабылданады;

- дайындау және қабылдау тәртібі Конституция мен парламент регламентімен анықталады;

- халықтың еркі мен мүддесін көздеуі қажет,

- жоғарғы заңдық күші болады;

- барынша маңызды қоғамдық қатынастарды реттейді.

Заңның өзі заңдық күшіне байланысты бөлінеді: Конституция, конституциялық заңдар, заңдар.

Заңға бағынышты акт дегеніміз заң негізінде және заңға сүйене отырып қабылданатын, қоғамдық қатынастардың заңмен реттелмеген бөлігін қамтитын, міндеттілік күш болатын нормативті-құқықтық актінің бір түрі. Оның түрлері:

- Президенттің жарлықтары мен өкімдері;

- үкіметтің қаулысы, Премьер-Министрдің өкімі;

- Министрліктер, ведомстволар мен мемлекеттік комитеттердің бұйрық, нұсқау, ережелері;

- Мемлекеттік биліктің жергілікті органдарының қаулылары мен шешімдері;

- Мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының шешім, өкім, қаулылары.

Сот прецеденті құзіретті мемлекеттік органның белгілі бір мәселе бойынша қабылдаған шешімі осыған ұқсас өзге істерді қарағанда міндетті түрде қолданылуы.

Әдет-ғұрып құқығы тарихи қалыптасқан ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрып, салт-дәстүр нормаларына мемлекеттік мәжбүр ету күші тағайындалатын құқық нысанының бір түрі.

Нормативті келісім – субъектілердің өзара мүддесін есепке алуды мүмкін ететін құқықтық қатынастар жүйесін жасайтын, әрі азаматтық қоғамның дұрыс өмір сүруін қамтамасыз ететін, оның субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін анықтайтын құқық нысаны.

Құқық жүйесі – құқықтың заңдық нормаларының ішкі өзара сәйкестігі мен бірлігін көрсететін және сонымен бірге оны объективті түрде салалар мен институттарға бөлетін, қоғамның экономикалық құрылысына негізделген құқықтың ішкі құрылымы. Құқық жүйесін анықтау құқықтық реттеу пәні мен әдістеріне негізделеді. Құқықтық реттеу пәні – заңдық нормалар арасында өзгешеліктеріне байланысты ерекше жүйе құрайтын қоғамдық қатынастар. Құқықтық реттеу әдістері – мемлекет тарапынан қоғамдық қатынастарға құқықтық әсер етудің тәсілдері мен әдістерінің жиынтығы.

Құқық саласы – біртектес қоғамдық қатынастарды ерекше тәсілмен реттейтін құқық жүйесінің жеке бөлігін құрайтын нормалар жиынтығы. Қазақстан Республикасында құқықтың мынандай салалары танылғаны:

- конституциялық құқық

- азаматтық құқық

- қылмыстық құқық

- отбасылық құқық

- әкімшілік құқығы

- еңбек құқығы

- экологиялық құқық және т.б.

Құқықтық институт деп құқық саласы тәртіпке салатын қоғамдық қатынастар ішінде ерекше жекеленген қатынастарды реттейтін құқықтық нормативтер жиынтығын айтамыз.

Заңдар жүйесі заң шығарушының және өзге де мемлекеттік органдардың қабылдаған құқықтық нормаларын топтастыру.

Негізгі әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.

Әдебиеттер:

1. Ағдарбеков Т. Құқық және мемлекет теориясы. Қарағанды, 2002.

2. Зивс С.Л. Источники права. Москва, 1981.

3. Табанов С.А. Құқық теориясы мен сот жүйесінің конституциялық негіздері. Алматы, 2001.

4. Тихомиров Ю.А. Публичное право. Москва, 1995.

Тақырып 4. Қазақстан Республикасының конституциялық құқық негіздері.

Құқық - өзінің кең мағынасында, адамдар арасындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін мемлекетпен бекітілген, жалпыға ортақ міндетті ережелер жүйесі әрі жиынтығы. Осындағы қоғамдық қатынастардың айырмашылықтары мен олардың өзара байланысына қарай, әртүрлі салаларға бөлінеді. Конституциялық құқық, қай мемлекетте болмасын, барлық құқық салаларының ішінде негізгі, бастаушы құқық саласы болып табылады. Оны оқып-білу маңыздылығы осында. Конституциялық құқық – жетекші құқық саласы. Сондықтан да оған басқа құқық салаларының (азаматтық, еңбек, отбасы, қылмыстық, іс жүргізу, экологиялық және т.б) ережелері қайшы келмеуі әрі оған негізделуі керек. Конституциялық құқық – мемлекет пен қоғам өмірінің негізгі бастауларын реттейтін ережелер жиынтығы(жүйесі).

Конституция, басқа заңдарға қарағанда, мемлекеттің негізгі заңы болып табылады. Онда қоғам мен мемлекет өмірінің барлық жағы бастапқы құқықтық нысанға ие болады. Осыған байланысты, өз мазмұны бойынша конституциялық нормалар жалпыланған ережелер болып табылады. Ал өмірде жүзеге асуында қоғамдық қатынастарды қамтуы бойынша және өкілетті міндетті субъектілер шеңберінің кеңдігіне байланысты әрекет етуінде бастапқы орынға ие. Бұл Конституция нормаларының басқа да заңшығармашылық салаларына норма – қағида ретінде ықпал ететінін көрсетеді, яғни ол құқықтық нақтылау базисі болып табылады.

Конституцияның заңдық қасиеттері, оның өзге нормативтік – құқықтық актілерден ерекшеліктері:

1) Контитуция мемлекет пен қоғам өмірінің ұйымдасу қағидаларын бекітіп, мемлекеттілікті жариялайды;

2) мемлекеттік билікті заңды түрде құжаттайды;

3) ол жоғарғы заңдық күшке ие;

4) Конституцияға басқа заңдар және заңға бағыну актілер қайшы келе алмайды. Біздің елде бұл жағдайдың сақталуына ҚР Конституциялық Кеңесі атты мемлекеттік орган ықпал етеді;

5) Конституция – тікелей әрекет ету актісі. Ол қоғамдық қатынастарды тікелей реттейді және толықтырма нормативтік актілерді қажет етпейді;

6) Конституция мемлекет территориясының барлық жерлеріне бірдей таралады;

7) ол құқық субъектілерінің барлығына бірдей міндетті;

8) Конституция ережелерін бұзушылар әртүрлі құқықтық жауапкершілік түріне тартылуы мүмкін;

9) Қазақстан Конституциясы тұрақтылығымен, өзгерістердің ерекше қатаң тәртіппен енгізілуімен ерекшеленеді.

Конституция түрлері:

1) толықтырулар мен түзетулер енгізу тәртібіне қарай – қатаң және икемді. Икемді Конституциялар жай заңдар сияқты заң шығарушы органмен қабылданып және онымен оңай өзгертіле алады. Ал қатаңдарын өзгерту үшін, мысалы, референдум сияқты кедергілер қойылған. ҚР Конституциясы – қатаң;

2) мемлекеттік ерікті сипаттау әдісі бойынша – жазылған және жазылмаған. Жазылғандары біртұтас нормативтік – құқықтық акт болып табылады (мысалы, ҚР Конституциясы 30 тамыз 1995 ж. ). Жазылмаған – Конституциялық сипаттағы Бірқатар жүйеленбеген актілердің, сот прецеденттері мен құқықтық әдет - ғұрыптардың жалпы сипаты (мысалы, Ұлыбританияда) ;

3) федерациялық мемлекеттерде екі түрлі Конституция болуы мүмкін – федералдық, яғни бүкіл федерация территориясына міндетті, негізгі Ата Заң және оған көбіне қайшы келмейтін федерация субъектісінің Конституциясы.

Осы пәнді оқу барысында тәлімгерлер «адам», «тұлға», «азамат» деген сөздерді кездестіреді. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты болса да, ұқсас емес ұғымдар. Бұл ұғымдардың заңдық мағнасын білу белгілі бір заң ережелерінің кімге бағытталғандығын анықтауға көмегін тигізеді. «Адам» түсінігі оны биологиялық түрдегі индивид ретінде көрсетеді. Адам туралы айта отырып, біз оның физиологиялық қасиеттерін сөз қыламыз. Бұл мәнінде, ол – тірі әлемнің өкілі ғана. «Азамат» - заңдық ұғым. Нақты адамның нақты бір мемлекетпен тұрақты саяси әрі құқықтық байланысын білдіреді. Осы ұғымға қатысты адамдар үш топқа бөлінеді:

1) өз азаматтары;

2) шетел азаматтары;

3) апатридтер(азаматтығы жоқтар).

Соңғы екеуінің кейбір саяси және әлеуметтік – экономикалық құқықтары шектелген. Мысалы, сайлау, сайлану, әлеуметтік қамсыздандырылу және т.б.

ҚР Конституциясы 30 тамызда 1995 жылы қабылданған, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Соның ішінде II бөлім «Адам және азамат» (10-39-б.б) деп аталады. Онда азаматтардың негізгі құқықтық жағдайы баян етілген. Мұндағы адам құқықтары мен бостандықтарын тәлімгерлерге білу шарт, оларды төмендегідей төрт топқа бөлеміз:

1) жеке бас бостандықтары мен құқықтары (өмір сүру, ар-намыс, бостандыққа және жеке басқа тиіспеу, жеке өмірге қол сұғылмау, ақпаратқа ие болу, тұрғын-жай, өз ұлтын анықтау, өз ана тілін қолдану, жүріп-тұру, мекен-жай таңдау құқықтары мен бостандықтары);

2) саяси құқықтары мен бостандықтары (сөз бостандығы, бірігу, манифестация, мемлекет ісіне араласу, сайлау, сайлану, петиция құқықтары);

3) әлеуметтік – экономикалық құқықтары мен бостандықтары (меншік құқығы, еңбек бостандығы, әлеуметтік қамтамасыз етілу, тұрғын – жай, денсаулық сақтау және медициналық көмекке құқықтар);

4) мәдени құқықтары мен бостандықтары (білім құқығы, әдеби, көркем өнер, ғылыми, техникалық және т.б. шығармашылықпен айналысу бостандықтары).

Сонымен қатар, Конституциямыздың 27,30,34-38 б.б. азаматтардың негізгі конституциялық міндеттері көрсетілген (балаларды қамқорлыққа алу, тәрбиелеу, еңбекке жарамсыз ата – анасына қамқорлық жасау, Конституцияны және заңдарды сақтау, басқа адамдардың құқықтарын, ар-намысын құрметтеу, салықтар мен алымдарды төлеу, отанды қорғау, әскери қызмет, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, табиғатты сақтау міндеттері).

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы Конституциясы. Алматы,1998.
  2. Қазақ КСР-ның мемлекеттік егеменділік туралы Декларациясы // Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы. 1990.№44.

3. Қазақстан Республикасы конституциялық заңы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» // Жаршы. 1991.№51.

  1. Қазақстан Республикасының заңы «Азаматтық туралы» 20 желтоқсан 1991 жыл // Егемен Қазақстан, 1992. 8 қаңтар.

5. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан – 2030». Жеке басылым. Алматы: Жеті Жарғы, 1999.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Амандықова С.К. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы. Астана: Фолиант, 2001.
  2. Кубеев Е.К. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымы. Қарағанды, Болашақ-баспа, 1998.
  3. Сапарғалиев Ғ.С. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.
  4. Қазақстан Республикасының Конституциясы: схемалы альбом / Құрастырғандар: В.В. Мамонов, С.А. Табанов. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.
  5. Қопабаев ө.Қ. Шетелдердің конституциялық құқығы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.
  6. Масатов Б. Құқықтық демократия әліппесі. Алматы:Жеті Жарғы, 2000.

Наши рекомендации