Азақ Алтайындағы Берел қорымы 1 страница
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министірлігі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының халықаралық экспедициясының Геокриологиялық тобы 1998 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Берел ауылына таяу орналасқан ерте темір дәуірінің қорғандарына арнаулы зерттеулер жүргізді. Ал 1999 жылы «Қазақ Алтайы» термині ғылыми айналымға археолог, ғалым Зайнолла Самашевтің ұсынысымен енгізілді [58, 15 б]. Зерттеу барысында Берел обалары орналасқан алқапта табиғи қолайлы мезгілде және ауаның жылдық межеден жоғары орташа температурасы жағдайында 0,5-2,5 м тереңдікте майда топырақты жер қабатында тек маусымдық тоңның қалыптасатыны анықталды.
Бірақ майда топырақсыз толықтырмалары болмайтын жайдайларда қалыптасқан кесек тас шоғырларындағы термикалық ахуалдарда күрт айырмашылықтар бар. Осындай кеуекті ортада табиғи суықтықты жиынтықтап және ауыспалы-маусымдық тоң шоңбалдарын қалыптастыруға әсер ететін конвективті-кондуктивті жылу алмасу жүреді. Оған Берел обалары маңындағы таудың солтүстік беткейіндегі қылқан жапырақты ормандағы мүк басқан кесек тас шоғырларындағы көп жылдық тоңның қалыптасуы дәлел.
Берелдегі оба асты, немесе “мәңгі оба тоңдары” деген атпен белгілі тоң шомбалдарының қалыптасуы және сақталуы осы іспеттес жолдармен жүзеге асырылады.
Берелде зерттелген № 11-ші обаның астында қабірді тұтастай қамтыған, аумағы 3 м-ге дейін жететін тоң қабаты қалыптасқан. Берел обалары орналасқан алқапта тоңның неше алуан (маусымдық, мәңгілік, ауыспалы-маусымдық) түрінің қалыптасуы мен сақталуының арнаулы үлгілері (моделі) есептеліп жасалды. Зерттеулерге қарағанда қабір астында тоңның қалыптасуы обаның жер үсті тас үйіндісінің аумақтылығымен қалыңдығына байланысты.
Тоң қабатында адам мен жануарлардың қалдықтары, органикалық материалдардан жасалған заттар жақсы сақталған. Молада 35-40 жастар шамасындағы ер адам мен одан егделеу әйел жерленген. Екеуі де осы өңірде мөлшермен 2 400 жыл бұрын өмір сүрген халықтардың ең мәртебелі кісілері болған. Ер адамның қос бұрымдап өрген шашы мен мұрты, сондай-ақ асыл тастармен және алтынмен әшекейленген былғары тонының жұрнақтары сақталған. Қайтыс болған патшаның о дүниелік жанына арнап қосып көмген 13 жирен аттарының мүрдесі тоңның астында бүкіл әбзел-әшекейлерімен сақталған. Табылған олжалардың сақталуы сақ тайпаларының материалдық және рухани мәдениетінің бір қатар аспектілерін, атап айтқанда жерлеу ғұрыптарының ерекшеліктерін, көшпелілердің діни-мифологиялық түсініктерін жаңғырту және Алтайдың ежелгі көшпелілер мәдениетінің дамуының хронологиялық аясын айқындау сияқты жалпы мәселелерді шешуге кең мүмкіндіктер туғызып отыр.
Тоң басқан обадан пелеогенетика мәселелерін және көне генетикалық кодтың (ДНК) кейінгі ұрпақтарға ауысуының табиғатын зетттеуге мүмкіндік беретін материалдар алынды.
Үлкен Берел қорғаны. Қазақ Алтайы Берел жазығындағы ең ірі қорғанға 1865 жылы академик, ол кездегі Барнаул аймақтық училищесінің оқытушысы В.В.Радлов қазба жұмыстарын жүргізді. 1866 жылы ескерткіштің орналасқан жері, жерлеу барысы жөнінде қысқаша мәліметтен тұратын есеп жарық көрді. 1928 жылы В.В.Радловтың бұл есебін толықтырып, Сібір ескерткіштерімен салыстырып жазған А.Захаровтың еңбегінен соң Берел материалдары зерттеушілерді қызықтыра түседі.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Берел материалдарымен Пазырық қорғандарын зерттеуші М.П.Грязнов айнылысады. 1959 жылы С.И.Руденконың ұйымдастыруымен үлкен Берел қорғанын зерттеуді жалғастыру мақсатында археологиялық экспедиция құрылады. 1865, 1959 жж. жұмыстар барысында үлкен Берел қорғаны толық зерттеледі.
Берел қорымы екі үлкен бөлікке жататын төрт обалар тобынан және тізбектерінен тұрады. Оның негізін СБ-ОШ бағытында созылған бірнеше қаз-қатар орналасқан обалар құрайды. Ең ірі тізбекте тұрпаты «ладья» немесе үстінен қарағанда эллипс тәріздес обалар болса, ал басқа тізбектегілер дөп-дөңгелек келген. Әрбір тізбекте доминат оба болады. Бұдан туындайтын ой – әрбір тізбек мүмкін осы кеңістікте бірін-бірі алмастырып билік жүргізген көшпелілер династияларының қөсемдері, олардың қандас туыстары және қоғамның бекзадалары жерленуі мүмкін.
Обаның жер үсті құрылымдарының көлемі, көрдің тереңдігі мен ішіндегі құрамдас бөліктерінің күрделілігі, жерленген адаммен қойылған мүліктердің, тағы басқалардың, мысалы, аттардың саны мен заттардың бағалылығы сияқты белгілеріне қарай отырып патшалық оба, билеуші әулеттің өкілдері, көшпелі қоғам ақсүйектері, қолбасшы-батырларға арналған, т.б. жерлеу орындары ерекшеленіп бөлініп шығады [111, 110-117 б]. Қазір осындай талдау жүйесін негізге ала отырып топтаумен сұрыптау жұмыстарын атқарып жатыр.
Осы орайда айта кететін бір жәйт ғылыми айналымда «патшалық қорым» деген терминді қолданудың артында үлкен жауапкершіліктің бар екендігін де естен шығармау керек. Мысалы, патшалық обаның болуы – ол мемлекеттіліктің және содан туындайтын жағдайлардың белгісі, одан әрі қарай бұл мәселені тереңдетіп өрбіте беруге болады.
Ежелгі көшпелілер өз көсемдерін жерлеуде Қазақ Алтайының табиғаты ғажап бұл өңірді тегіннен таңдамаған. Обалар орналасқан жазық жан-жағынан қалың орманмен көмкерілген, биік таулармен қоршалып, өзге жерлерден әлдеқайда асқақтап тұр. Байырғылардың мифологиялық түсініктері бойынша тауларға өте ерекше мән-мағына бөлген, себебі оның шынар басын Тәңірі мекендеген, жоғарғы әлемге ата-бабалар рухы аттанып отырған. Обаның мифологиялық санадағы жоғарғы және төменгі әлемдерді жалғастырып дәнекерлейтін тау мен тау өзені жағасында орналасуының философиялық мәні өте тереңде жатыр. Жазық және жерлеу құрылысы – оба ғибадатхана рөлін атқарған. Жазық территориясы кейінгі көшпелілер үшін де киелі болып қала берген: осы жерде ортағасырлардың да обалары орналасқан [37, 14-15 б].
Берел қорымы жан-жағын биік тау қоршаған тегіс және шағын алқапта орналасқан. Бұқтырма өзенінің жазығы, оған құятын Ақ Берел (Ақбұлғақ), Бұланты тау өзендерімен шектеледі. Ал шығысы мен батыс жағынан етегін аралас орман (ақ қайың, көк терек, бал қарағай, қарағай, шырша) мен шабындық шөп басқан таулармен тұйықталған. Обалар ораласқан жазықта бір кездері осы ағаштардың өскен іздері байқалады.
Зерттеу барысында Берел обалары орналасқан алқапта табиғи қолайлы мезгілде және ауаның жылдық межеден жоғары орташа температурасы жағдайында 0,5-2,5 м тереңдікте майда топырақты жер қабатында тек маусымдық тоңның қалыптасатыны анықталды.
Бірақ майда топырақсыз толықтырмалары болмайтын жайдайларда қалыптасқан кесек тас шоғырларындағы термикалық ахуалдарда күрт айырмашылықтар бар. Осындай кеуекті ортада табиғи суықтықты жиынтықтап және ауыспалы-маусымдық тоң шоңбалдарын қалыптастыруға әсер ететін конвективті-кондуктивті жылу алмасу жүреді. Оған Берел обалары маңындағы таудың солтүстік беткейіндегі қылқан жапырақты ормандағы мүк басқан кесек тас шоғырларындағы көп жылдық тоңның қалыптасуы дәлел.
Берелдегі оба асты, немесе «мәңгі оба тоңдары» деген атпен белгілі тоң шомбалдарының қалыптасуы және сақталуы осы іспеттес жолдармен жүзеге асырылады.
Бүгінгі күнге дейінгі Берелде қазылған обалардың ішіндегі ең көп ғылыми информация бергені және әлі де болса жан жақты зерттеліп жатқаны №11 нысана болғандықтан, біз кейбір өзекті ғылыми мәселелерді талдап, талқылау барысында оған көбірек көңіл бөлеміз. Басқаларының материалдарын керегінше пайдаланамыз.
Түпкілікті мақсат – Орталық Азия кеңісігіндегі маңызды аймақтардың бірі саналатын Алтай тау жүйесінде ерте темір дәуірінің әр тарихи кезеңдерінде етек алған тарихи-мәдени үдірістердің, қалыптасқан мәдени кешендердің табиғатын сабақтастық тұрғыдан зерттеп, зерделеу. Ол үшін тарихи дереккөздердің сан-алуан түрлерін мүмкіндігінше пайдалану керектігі де түсінікті.
Біздің заманымызға дейін өмір сүрген көшпелі және бақташы халықтардың дүниетанымының, болмысының, жалпы мәдени кешенінің негізгі компоненттерінің бірі жерлеу рәсімі болғандықтан, алдымен соған тоқталып өтуіміз керек. Өйткені, олардың көшпелі (мүмкін жартылай отырықшы) қоғамының саяси-экономикалық даму деңгейінің қаншама биік сатыға көтерілгені, әлеуметтік жіктерге бөліну процесінің қаншама тереңдегенін айқындаудың өзін былай қойғанда, ғылымдағы археологиялық мәдениеттерді, тарихи-мәдени тұтастықтар, этно-мәдени құбылыстар мен қарым-қатынастарды зерттеуде жерлеу рәсімін, обалардың табиғи кеңістікте орналасуын, құрылымы мен архитектурасын талдау, т.б. шешуші роль атқаратыны белгілі.
Обалардың жер үсті құрылымы. Берел тектес элитарлық ескерткіштердегі обалардың сыртқы және ішкі құрылымдарының конструкциялық және архитектуралық ерекшеліктерін жан-жақты талдау – оларда тоң қалыптасу мехнизмін анықтап зерттеу, этномәдени үдірістер және діни-ғұрыптық құбылыстардың басын ашу сияқты көптеген мәселелерді шешу қажеттігінен туындайды. Бұл обалардың қалануының жалпы принциптері бірдей болғанымен, әрбір нысана өзіндік техникалық ерекшеліктерімен сипатталады. Өңірдің ландшафтық ерекшеліктеріне байланысты Берелдегі тас қорғандардың конструкциясы мен жалпы әлпеті табиғи деформацияға аз ұшыраған, көп шашылмаған. Бүлінудің негізгі себебі – ерте замандағы тонаушылар мен кейінгі антропогендік және техногендік әсерлерде жатыр.
Сонымен, №11 нысана үш бұрышты болып келген террасаның солтүстік-батыс жағында, көлемі жағынан қорымдағы ең үлкен және обалар тізбегінің біреуінің басынан 300 метрдей солтүстікке қарай жекелеу, бірақ кейін қалыптасқан обалар тізбегінен ауытқымай бір бағытта түзу орналасқан. Бұл обаны көшпелілер қоғамының жаңа әулетінің бас өкілі жерленген жаңа қасиетті кеңістікті айқындайтын нысана ретінде қарап, оның басқаларынан алшақтау орналасуын, келешекте жерленетін оның жақын тумаларына орын бағыштап қою идеясынан туындауы мүмкін деген болжам жасауға болады.
Қорғанның диаметрі 31,4 х 28,6 м, қазіргі сақталған биіктігі 2 метрден астам. Бірақ, ондаған тоннаға жететін тас конструкция екі мың жылдан астам уақатта біраз шөгетінін ескерсек, оның биіктігі 3-4 м, тіпті одан да жоғары болуы ғажап емес. Оның батыс және шығыс жақтарында қосымша тас құрылымдар, үйінділер және тас жолақтар орналасқан, олар бүкіл кешенінің көп сатылы жерлеу рәсімін өткізу барысында пайдаланатын ғұрыптық құрамдас бөліктері болып есептеледі.
Оба оңтүстік батыстан солтүстік-шығысқа қарай созыла жайғасқан, ал оның абрисы, үстінен қарағанда эллипске (немесе, құс жұмыртқасынына) ұқсас. Бірақ архитектуралық зерттеу кезіндегі көңіл аударғанымыз оның пошымы он жеті түзу және қысқа жолақтардан құрылған көпбұрышты геометриялық фигура болып шықты. Бұл жағдайдың әртүрлі түсініктемесі бар: оба деген өлілердің үйі, сондықтан кейбір формалары ежелден келе жатқан көпбұрышты ағаш үйлерге (әсіресе, ағашы мол Алтай өңірін алсақ) еліктеуден туындауы мүмкін, ал таза технологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ кез-келген шеңбер көптеген түзу элементтер жиынтығынан тұрады. Сондай-ақ, обаның сыртқы қоршауы, фундаменті сияқты күрделі құрылымды таудың өте кесек тастарынан түп-түзу етіп қалаудың мүмкін еместігінен де болуы мүмкін. Қалай болғанда да бұл қоршау бүкіл құрылыстың тірегі болып саналады, оның негізгі функциясы (сыртқы бекіту қоршауымен бірге) жер үсті конструкциясын бүлініп шашырауға жол бермей ұстап тұру.
Енді, обаны салу және көтеру кезеңдеріне тоқталайық.
Алдымен жерлеу орынын таңдап анықтау рәсімін абыздар өткізуі мүмкін. Бұл жер шын мәнісінде зираттағы ең бір ыңғайлы ерекше орын. Егер, ең үлкен №1 оба үш бұрышты платформаның нағыз үшінде жекелене орналасса, №11-ші қорған тау етегіне жақын орналасқан, бірақ күн батарда жанындағы Кемпіртаудың көлеңкесі екеуіне де бір сәтте диагональ бойынша түсіп, күннің соңғы нұры екеуін де де бірге жабады. Абыздар осы жағдайды да байқап ескеруі мүмкін. Бірақ, мұнда ерекше астрономиялық бақылаулармен байланыстыратын басқа ештеңе жоқ сияқты.
Сосын адамның лауазымына сай тиісті көр қазылады, айналасы шыққан сары топырақпен және басқада әдістермен тегістеледі, себебі, бұл жер таудың бөктері болғандықтан қиғаштау; обаның бір шеті мен екінші басының арасындағы еңкіш тікбұрышының біраз айырмашылығы болғандықтан және де қазіргі таза-тақыр болып тұрған дала ертеде ойлы-шұңқырлы орманның орыны болғанға ұқсайды.
Ендігі кезекте осы көрдің айналасындағы тегістелген, семиотикалық статусы өзгерген қасиетті алаңды, жоғарыда айтылған эллипс тәрізді шарбақпен қоршайды. Қоршау аса көлемді, ұзынды-текшелі тас блоктардан, ал оның қуыстары ұсақ немесе малта тастармен мықтап қалап бекітіледі. Қоршаудың ішкі жағынан көлемді тегіс плиталарды тігінен орнатады. Олардың да өзіндік функциясы бар. Осы жерде айта кетейік, Берелдің кейбір қорғандарында осындай тігінен қойылған плиталар үстіңгі жақтан жылжыған панцирлық малта тастардың қысымына шыдамай сыртына қарай жантайып кеткен, сол себептен үстінен қарағанда гүлдің жапырағы сияқты болып көрінеді.
Сонымен, жоғарыда аталғандай осы тізбектегі барлық қорғандардың басқа тізбектегілерден мүлдем ерекше сопақша болып келеді. Оған басқа №10, 9, 8, 4 обалар жатады. Оның себебін архитектор мамандар терең сайды бойлай соғатын желдің бағытына сәйкес оларды әдейі осындай аэродинамикалық формада салған дейді [112, 30 б]. Шын мәнісінде жерлеу камерасының негізінен батыстан шығысқа қарай созыла қазылуына байланысты (адамдарды жерлеу рәсіміне сәйкес) туындаған жаңа династия өкілдерінің дәстүрге енгізген өзгерісі болуы мүмкін деп қарған дұрыс сияқты.
Соңғы шара, логикалық жүйе бойынша аса күрделі көп сатыдан тұратын адамды жерлеу рәсімі. Бірақ, оған біз кейінірек тоқтаймыз, себебі, бұл жерде әңгіме обаның құрылымы туралы.
Адам жерленгеннен кейін статусы күрт өзгерген қасиетті қабірдің дәл жабылған үстінен көбінесе жарты сфера немесе күмбез тәрізді (сопақша да болуы мүмкін), биіктігі бір метр шамасында құрылым жасалынады. Бұл пазырық мәдениетіндегі тек бекзадалардың тас обаларына тән аса маңызды элемент. Зерттеушілер осыған бұрын көп мән бере бермеген. Осы элементтің түбінде ерте сақтардың «патшалық» қорғандарының, көбінде жер үстіне орналасатын, жерлеу камерасының одан кейінгі трансформациясы жатуы әбден мүмкін.
Инженерлік тұрғыдан алсақ бұның ең негізгі прагматикалық функциясы (кейбір мамандардың айтуынша) – жерлеу камерасының үстіндегі ауыр тас конструкцияны төмен құлатпай ұстап тұруға себебін тигізетіндігі.
Келесі қадам – осы күмбеден бастап шетке қарай радиалды түрде, жоғарыда аталған моланың сыртындағы қоршаудың ішін тастармен толтыру. Ол ішке қарай қиғашталып қойылған кесек тастардан бір қабат етіп қаланатын платформа. Жол-жөнекей тағы бір ескерте кететін жәйт, осы құрылыс деңгейінде салынатын ерте сақ обаларына тән дромостар (Шілікті, Майемер, Желдіөзек, Бесоба т.б.), немесе сарматтардағыдай (Дікілтас, Меретсай, Түбежік) оның имитациясы, пазырық мәдениетінің тас қорғандарында болмайды.
Бүкіл қорғанның жер үсті конструкциясының негізі, барлық құрылымның салмағы мен формасын ұстап тұратын да осы платформа, сондықтан да оның тастарының сырттан ішке қарай қиғаш қойылуының да мәні осында.Оның деңгейі бірқалыпты болады, себебі обаның келесі тас қабаттары осы платформаның үстінен ортадан шетке қарай балықтың қабыршағы сияқты принципте қалана береді. Құрылым біраз биіктікке жеткенде жарты сфера пошымына өзінен-өзі келе бастайды. Әр қабаттардың қалыңдығы шамамен 50-60 см, ал саны жерленген адамның статусына қарай әртүрлі болады. Тас қабаттарды бекітіп ұстап тұрудың амалы осы, ешқандай байланыстырушы басқа материалдарды мұнда пайдаланбайды. Ең үстіңгі қабаттары аздап кішілеу тастардан салынады да, ең соңында бүкіл конструкция өзеннен әкелген ұсақ малта тастармен жабылады. Топырақтан салынатын үлкен обалардай бұлардың үсті шыммен жабылмайды, себебі ондай жағдайда жерлеу камерасында тоң қалыптаспайды.
Жоғарыда аталғандай Берел обаларының екінші тобы жер үсті құрылымдары өте ұқыпты жасалған дөңгелек тәрізді етіп жасалғандары. Бұлардың әсіресе, сыртқы қоршауы өте ірі тас блоктардан биік және бірнеше катар жасалынып, тегеурінді қысым мен салмақты ұстап тұрады. Олар некропольдың шығыс жағына орналасқан, ең көзге түсетіндері №16, 18. Олардың құрылымдары басқа тізбектердегі сияқты өте күрделі, бірнеше қабаттардан тұрады да, ең үстінде малта тастармен жабылады.
Осы екі обаның жер үсті құрылымдарының басқалардан ерекше бір ортақ элементі ол жерлеу камерасының айналасынан биіктігі бір метрдей шамалас дөңгелек қоршаудың қалануы. Осы қоршаудың ішінде, әсіресе, №18-ші обаның жерлеу камерасының үстіндегі жоғарыда аталған «кірпікшешен» тәрізді қүмбез – архитектуралық бірегей құбылыс, сондықтан оның функциясы мен шығу себептерін әлі де болса зерттеу қажет. Осындай элемент №16-шы обада да болған болуы керек, бірақ кейінгі тонаушылардың әрекетінен ол мүлдем бұзылып кеткен сияқты.
Осы екі топ обалардың арасында уақыты жағынан және этникалық атрибуциялау тұрғысынан алып қарағанда аса көп айырмашылық жоқ сияқты. Конструкциялық және этнографиялық ауытқулар да баршылық, ал оларды әзірше династиялық (әулеттік) ерекшеліктермен түсіндіруге болады.
Диаметрлері өте шағын бірнеше қазылған обалардың жер үсті құрылымдары қарапайымдау және оларда бірнеше тас қабаттары жоқ.
Таза техникалық тұрғыдан алып қарағанда ең соңғы шаралар, салып болған обаның айналасында әр түрлі құрбандық орындарды, әсіресе, тас жолақтарды орналастыру. Солардың ішіндегі ерекше көңіл аударатын элемент – обаның батыс және шығыс жақтарынан доғалау болып қазылған жән емалта және майдаланған тастар толтырылған екі ор. Бұл компоненттер Еуразия кеңістігіндегі барлық элитарлық обаларға тән құбылыс [113, 125 б], бірақ түрлері мен көлемі жағынан өзгешеліктері болады.
Берелде зерттелген № 11-ші обаның астында қабірді тұтастай қамтыған, аумағы 3 м-ге дейін жететін тоң қабаты қалыптасқан. Берел обалары орналасқан алқапта тоңның неше алуан (маусымдық, мәңгілік, ауыспалы-маусымдық) түрінің қалыптасуы мен сақталуының арнаулы үлгілері (моделі) есептеліп жасалды. Зерттеулерге қарағанда қабір астында тоңның қалыптасуы обаның жер үсті тас үйіндісінің аумақтылығы мен қалыңдығына байланысты.
Берел қорымының № 11 обасынан 1998-1999 жылдары табылған скиф-сібір аң стилі деп аталатын ежелгі көшпелілер өнеріне тән ерекше мәнерде орындалған жоғары сапалы ат әбзелдеріне қатысты көркем бұйымдар мен басқа да құндылықтардың арқасында әлемге танымал болды. Сол жылы Ғылым Академиясының Жағрафия Институтынан зертхана меңгерушісі Э.В. Северский арқылы бір тоң зерттеушіні шақыртып, оған осы қорғанның астындағы температураның қандай екенін тексерткен. Июль айында жерлеу камерасының ішінде екі метрдей тереңдікте ноль градус температураның болғаны зерттеушілерге біраз үміт туғызғандай болды.
«Мұнда ерекше бірдеңенің жатқанын, әрине, сездім, бірақта әлемге әйгілі болатын құндылықтардың ашылып, еліміздің ғылымындағы аса көрнекті жарқын беттерінің ашылатындығы туралы дәл сол сәтте ойлауға мұршам келмепеді» – деп З. Самашев өзінің Берел атты монографиясында айтады [37, 8б].
Берел жазығының ежелгі тұрғындары өз билеушілеріне арнап тұрғызған орасан зор қабірлерде бәлкім марқұмдардың денелерін шірітпей ұзақ уақытқа сақтамақ болған болса керек. Олар мәйітті бальзамдаудың құпия әдістерін білген, ал олардың тас құрылыстарды тұрғызу тәжірибесі обаның жерлеу камерасында маусымдық тоң қабатының қалыптасу мүмкіндігін есептей білген деген де болжам бар, себебі, табиғи тоң әдетте 2500-2700 м биіктіктерден бастап қалыптасады, ал Берел теңіз деңгейінен 1120м ғана биіктікте орналасқан. Бұл мақсатқа жету үшін жерлеу ғұрпына байланысты атқарылар шараның бәрі қатаң регламентке бағынған, марқұмды о дүниеге аттандыру тек жылдың белгілі бір мерзімінде ғана іске асқан деген болжам бар. Дегенмен, Үкектегі, Ақ Алаха, Моңғол Алтайындағы Олон Гуурийн гол қорымдарында жерленген адамдардың ішінде қысқы тон кигендер [37, 16 б], ал Турфан мен Таримдегілерде тоң мүлдем жоқ, соған қарағанда бұл адамдардың жерленген мерзімін анақтайтын басқа да дәлелдер керек. Қалай болғанда да қыстың қаҺарлы суық мезгілінде қайтыс болган адамдарды Алтай өңірінде тоңды қопарып жерлеу мүмкін емес, ол белгілі қағида. Сондықтан да қыста қайтыс болған адамның мүрдесін жаздың басына дейін, яғни көк шығып жер жылынғанға дейін сақтау қамына байланысты бұл халықтар мумиялау әдісін ойлап тауып, оны арнаулы бір жерде уақытша ұстаған деген болжамның жаны бар.