Леуметтік мәртебелер мен рөлдер 2 страница

Өз зерттеулерінде бұл проблематикаға соқпай өтпейтін әрбір әлеуметтанушы өзінің қоғамдық топтарға стратификациялайтын өзіндік белгілерін бөліп қараған, алайда барлық ғалымдар мұндай бөлінудің себебі әлеуметтік теңсіздікте деп есептеген. Стратификациялық белгілердің жинақталымы мен иерархиясы нақты бір қоғамның өз дамуының белгілі бір уақытындағы ерекше әлеуметтік, экономикалық, этникалық сипаттамаларына байланысты.

Әлеуметтанудағы әлеуметтік стратификацияның негізгі тұжырым-дама­ларын қарастырып көрелік. Энтони Гидденс “стратификация әр түрлі топтардың, адамдардың арасындағы құрылымдалған теңсіздік ретінде анықталуы мүмкін” деп есептейді. Американдық әлеуметтану сөздігінде мынадай анықтама берілген: “Адамдар теңсіздіктің қандай да бір өлшемімен иерархиялық ұйымдастырылған қатарға тізілгенде әлеуметтік жіктелу әлеуметтік стратификацияға айналады” [23]. Болгар социологы Чавдар Кюранов “Әлеуметтік стратификация тұтас қоғамдық құрылымдағы көлденең топтар жүйесін білдіреді” деп санайды. Нейл Смелзер “стратификация теңсіздіктің бір ұрпақтан бір ұрпаққа берілуіне көмектесетін тәсілдермен байланысты; бұл ретте қоғамның әр түрлі топтары пайда болады” деген ұйғарым жасайды [24].

“Әлеуметтік стратификация” ұғымының теориялық-әдістемелік негізін жасауға елеулі үлес қосқан М.Вебердің, К.Маркстің, П.Сорокиннің, У.Л.Уорнердің, Д.Дж.Трейманның, Б.Барбердің еңбектері, Т.Парсонстың функционалдық мектебіне жататын әлеуметтанушы ғалымдардың жұмыстары болып табылады [25]. Әлеуметтік теңсіздік проблемасын қақтығыстар теориясының өкілдері де назардан тыс қалдырмаған. П.Сорокиннің стратификация теориясы жалпы қоғамды әр түрлі әлеуметтік топтарға бөлу принциптерін сипаттайтын неғұрлым салмақты тұжырымдамалардың бірі болып табылады.

Әлеуметтік теңсіздік жөніндегі көптеген идеялар маркстік стратификация мен таптар теориясынан алынған, онда таптық құрылымның, таптар арасындағы қатынастың, тарихтың қозғаушы күші ретіндегі таптық күрестің жан-жақты тұжырымдамасы баяндалған.

Барлық әлеуметтік құбылыстардың дамуындағы экономиканың негіз қалаушы рөлі туралы өзінің негізгі тезисін ұстана отырып,Карл Маркс таптардың барлық негізгі сипаттамаларына сүйеніп, өзінің әлеуметтік қабаттану үлгісінің негізіне өндірістік қатынастарды алған. К.Маркс экономикалық ұйымның кез келген түрінде өндіріс құрал-жабдықтарына ие үстем тап және үстем тапқа қызмет ететін тап бар деп сендіреді. Ол сол сияқты люмпендердің - қоғамнан толық шығып қалған адамдардың болатынын да ескерген [26].

Әлеуметтік стратификация проблемасына қазіргі заманғы көзқарастың негізінМакс Вебер қалаған болатын, ол әлеуметтік құрылымды таптармен және оларды тудырушы меншік қатынастарымен қатар әлеуметтік мәртебе мен билік те маңызды орын алатын көп өлшемді жүйе ретінде қараған. М.Вебердің К.Маркстен айырмашылығы, ол экономиканы ұйымдастыруды стратификацияның негізі деп санамай, экономикалық сипаттамалардың бастапқылығы тезисінен бас тартты және “стратификацияның үш автономды өлшемдері” туралы өз ұғымын тұжырымдады [27].

Ол теңсіздіктің негізгі үш құрамдас бөлігін бөліп қарап, оларды өзара байланысты, бірақ сонымен бірге елеулі қатынастарда тәуелсіз деп есептеді: мүліктік теңсіздік, мәртебелік мерей және билік. Билік деп адамның (немесе адамдар тобының) жоспарларды іске асыру, іс-қимыл жасау немесе белгілі бір саясатты, тіпті басқа адамдар мен топтар тарапынан болған келіспеушілікке қарамастан, жүргізу қабілетін айтады.

Стратификацияның үш тобы да бір қоғамның ішінде, бір адам материалында болады, әр түрлі конфигурацияларда, бір қоғамнан бір қоғамға және бір тарихи кезеңнен басқа бір тарихи кезеңге көшіп жүре береді.

Қарама-қайшы көзқарас У.Уорнердің “бедел теориясында” баяндалған[28]. Ол американ қоғамындағы бөліп қаралған страталарды “әлеуметтік тап” деп атаған. Бірақ бұл біздің тарихи материализмнен білетін тап емес: маркстік тап меншікке қатысты берілген, ал Уорнер тапты әлеуметтік беделі бойынша, яғни осы қоғамдағы оның мүшелеріне қатысты бөледі. Алғашында ол қандай да бір тапқа көзқарас ең алдымен экономикалық өлшемдермен (өндіріс пен бөліністегі кірістер мен функциялар) анықталады деп ұйғарған, яғни, түптеп келгенде, маркстік негізгі тезистерді басшылыққа алған. Алайда, бірінші кезеңдегі зерттеу нәтижелері оның болжамдарын теріске шығарды. Ол шамамен бірдей табыс табатын бір кәсіптің өкілдері “әлеуметтік беделінің” сипаттамасы бойынша әр түрлі деңгейде болатынын аңғарған. Беделдің адамның қоғамдағы экономикалық өлшемдерге негізделген жағдайымен қандай да бір байланысы болғанымен, әлеуметтік бедел сонда да болса бәрінен де күшті адамның өндіріс пен игілік бөлінісіндегі орнымен емес, оның осы игілікті тұтыну құрылымымен, яғни өмір салтымен, мінез-құлқымен және, түптеп келгенде, оның ұстанымдарымен байланысты. “Өмір салтының негізінде жатқан мұндай тұрақты, қайталанатын мінез-құлықтың негізінде осы әлеуметтік жиынтықтың мәдениетінде немесе кіші мәдениетінде бекітілген үлгілер болатыны айқын”. Осылайша эмпирикалық материалдың көмегімен У.Л.Уорнер іс жүзінде Макс Вебердің “мәртебелік топ” деп сипаттаған стратасын ашты. Сол кезден бастап ғылыми терминологияда адамның қоғамдағы көзқарасымен өлшенетін орнын анықтайтын “әлеуметтік мәртебе” ұғымы берік қалыптасты, оның өлшемін өз кезегінде “әлеуметтік рөл” деп санау қалыптасты.

У.Л.Уорнер “тап” ұғымының анықтамасын береді: “Тап дегенді әлеуметтік жағынан неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен жағдайда болады деп ұйғарылатын және сол қоғамның мүшелері оларды тура осылай дәрежелейтін адамдардың екі немесе одан да көп жіктері деп түсінген жөн. Осы таптың мүшелері жұбайларын өз табының ішінен таңдауға тырысады, бірақ та қоғамның құндылықтары жоғары не төмен орналасқан топтан жұбай таңдауға жол береді. Сонымен таптық жүйе балалардың ата-аналары жеткен мәртебеге ие болатынына кепілдік береді. Таптық қоғам құқықтар мен артықшылықтарды, сондай-ақ борыштар мен міндеттерді неғұрлым жоғары және неғұрлым төмен жағдайларға қатысты бірқалыпты бөлмейді. Таптық жүйенің касталықтан айырмашылығы - ол әлеуметтік саты бойынша жоғары және төмен қозғалыстарды құндылық деп қарастырады.

У.Л. Уорнер өзінің әлеуметтік стратификация теориясының жалпы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, адамдардың қандай да бір таптық тектерін олардың мәртебелеріне қоғамның басқа мүшелері беретін бағаларын, яғни олардың беделін басшылыққа ала отырып анықтаған.

Талкотт Парсонс “Әлеуметтік стратификация теориясына талдамалы көзқарас” атты еңбегінде қоғам туралы функционалдық ұғымды теориялық тұрғыдан негіздей бастайды. Қоғамның стратификациялық жүйесі, бір жағынан, еңбек бөлінісіне және әр түрлі топтардың әлеуметтік жіктелуіне негізделген болса, екінші жағынан, ол қандай да бір қызметтің мәнін анықтайтын және марапаттар мен ынталандыруларды бірдей бөлмеуден пайда болатын қалыптасқан әлеуметтік теңсіздіктерді заңдастыратын қоғамдағы басым құндылықтар мен мәдени стандарттар жүйесінің іс-әрекетінің нәтижесі. Т.Парсонс өзінің әлеуметтік әрекет теориясында әлеуметтік стратификацияның әмбебап белгілерін ұсынған:

– “Сапа”, яғни жеке адамға белгілі бір сипаттаманы, позицияны таңу;

– “Атқару”, яғни жеке адамның қызметін басқа адамдардың қызметімен салыстыра отырып бағалау;

– Материалдық құндылықтарға, талантқа, шеберлікке, мәдени ресурстарға және т.б. “ие болу”. Бұл ретте Т.Парсонс осы үш әмбебап объектілерді бағалаудың қоғамдағы үстемдік етуші құндылықтар үлгісіне сәйкес жүзеге асырылатындығын атап көрсеткен.

Функционализм тұжырымдамасы К.Дэвис пен У.Мурдың “Стратификацияның кейбір принциптері” атты еңбегінде неғұрлым анық және толық түрде баяндалған. Функционалдық көзқарастың негізгі тезисі - “стратификацияның кез келген қоғамдағы функциясы (ал стратификация кез келген қоғамда болады) қоғамдағы қоғам үшін неғұрлым өмірлік маңызы бар жағдайды неғұрлым қабілетті және білікті адамдармен қамтамасыз ету болып табылады” [29].

Сөйтіп, У.Уорнердің эмпирикалық тәжірибелерінен, ал теорияда - Т.Парсонстың, Д. Мурдың және К.Дэвистің алғашқы мақалаларынан бастап “әлеуметтік рөлді” әлеуметтанушылар жеке адамның немесе топтың экономикалық жағдайының туындысы ретінде емес, дербес өмір сүретін өзгермелі сипаттама ретінде қарастырады.

Қақтығыстар теориясын жақтаушылар теңсіздікті қоғамның өзін-өзі сақтауын қамтамасыз етудің бірден-бір тәсілі деген ұғыммен келіспейді. Олар функционалистік көзқарастардың кемшіліктерін көрсетіп қана қоймай, функционализм статус-квоны ақтауға тырысудан басқа ештеңе де емес деп сендіреді. Олардың пікірінше, “теңсіздіктің мәні осында жатыр: ол қоғамдық құндылықтарды (бастылары байлық пен билік) бақылайтын адамдардың пайда көруіне мүмкіндік беретін осындай жағдайдың нәтижесі болып табылады”.

Р.Парк пен Э.Берджестіңәлеуметтік арақашықтық тұжырымдамасы – жоғарыда сипатталған теориялардың бәрінен мүлде өзгеше теория. Олардың түсініктері әлеуметтанудан гөрі психологияға жақын: бір-бірін жақсы көретін адамдар - әлеуметтік жағынан жақын адамдар; бір-бірін жек көретін адамдар - әлеуметтік жағынан алшақтаған адамдар. Бұл ғалымдардың теориясы әлеуметтанудан алшақ болғаны үшін сынға әділетті түрде ұшыраған - сынаушылар оны өте-мөте психологиялық және субъективті деп есептейді, өйткені авторлар әлеуметтік арақашықтықты “жақсы көру” мен “жек көру” сияқты субъективті сезімдер арқылы өлшейді [30].

Бернард Барбер мәселені ежелгі дүниеден біздің заманымызға дейінгі тарихи тұрғыдан қарай отырып, батыс қоғамы әлеуметтік стратификациясының әр түрлі алты өлшемін бөліп қараған [31]:

1. Кәсіп рөлі. Отағасы - барлық қоғамда да өзінің азды-көпті толық жұмыс уақытын арнайтын “өндіруші” рөлде қоғамға қосатын функционалдық үлесі тұрғысынан жіктеліп бағаланып келген. Осы сияқты рөлдер әрқашан олардың функционалдық үлесінің шамасы бойынша әр түрлі болады және тиісінше сараланып бағаланады, яғни әр түрлі беделге ие болады.

2. Билік пен күш-қуат деңгейі бойынша дәрежелеу. Билікті әлеуметтік жүйелерде мақсатқа жетудің заңды қабілеті деп, ал күш-қуатты оның заңсыз ұқсастығы деп анықтауға болады. Кез келген қоғамда кейбір рөлдер басқа рөлдерге қарағанда үлкен билік пен күш-қуатты қамтиды, нәтижесінде олардың құрылымдары осы өлшем бойынша стратификацияланады.

3. Кіріс немесе байлық. Қоғамдағы әр түрлі кәсіптік рөлдердің пайда табу мен байлық жинауға қабілеттері әр түрлі болады, отбасылық байланыстарға орай мұраға ие болу жолымен байлыққа ие болу мүмкіншіліктері де дәл осындай әр түрлі. Бұрын да, қазір де ақша бірқатар икемділік процестерінде үлкен орын алады. Бұл ретте М.Вебердің ізін ала Б.Барбер беделдің, биліктің және табыстың арасында сәйкессіздік болуы мүмкін екендігін айтады. Кейбір рөлдер (мысалы, Рим Папасы) жоғары бедел мен билікке ие, ал табысы - төмен, немесе, керісінше, әлеуметтік беделі онша жоғары емес. Бұл орайда табыс әрқашан да одан әрі дамудың және ақшамен жоғары бағаланатын рөлдерге қол жеткізу (мысалы, білімді, атақты сатып алу, неғұрлым жоғары саналатын әлеуметтік топтың өкіліне үйлену және т.б.) құралы болған.

4. Білім беру немесе білім алу. Адамдардың қоғамда оқу-білімге және білім алуға әрқашан қолдары бірдей жете бермейді, мұның олардың өздеріне туғаннан берілген әр түрлі рөлдерін атқаруы үшін ғана емес, бір рөлден екінші рөлге өту мүмкіншілігі үшін де маңызы зор.

5. Діни немесе салттық тазалық. Қандай да бір қоғамдағы үстемдік ететін функционалдық маңызды діни идеялар санатына адамдар азды-көпті дәрежеде жоғары бағаланатын діни немесе салттық тазалыққа ие болуы мүмкін.

6. Туыстық және этникалық топтар бойынша дәрежелеу.Туыстық және этникалық топтар барлық қоғам үшін және өздері өмір сүретін жергілікті қауымдастықтардағы өздерінің функцияларын қалай орындайтындықтары тұрғысында әр түрлі, атап айтқанда олардың кәсіптік беделінен, билік пен күш-қуаты дәрежесінен, табысы мен байлығы деңгейінен бөлек туыстық және этникалық топтар ретінде бағаланады.

Б.Барбер икемділікке қатысты қоғамда үстемдік ететін институцияланған нормалар жоғарыда тізбеленген алты мағынада стратификациялық құрылымның өздігінен тәуелсіз өлшемі бола алмайтындықтан, осы қоғамда жасалып жатқан икемділіктің көлемі мен дәрежесіне маңызды тәуелсіз ықпал ете алмады деп есептейді.

Б.Барбер теориясы әлеуметтік стратификацияны геометриялық фигуралар терминімен сипаттайды, бұл әлеуметтік икемділіктің өтіп жатқан процестерін көзге елестетуге және әлеуметтік стратификацияның қазіргі заманғы батыстық жүйесін түсінікті баяндауға мүмкіндік береді.

Иерархия факторын қарастырғанда стратификациялық дәрежелерді бөлген кезде пайда болатын негізгі екі фигура, Б.Барбердің ойынша, пирамида мен ромб болып табылады. Бұл екі фигура әрқашан төбесіне жақын дәрежелерді иеленетін азшылықтың - “элита” немесе “элиталар жиынтығы” болатынын көрсетеді, бұл төбені Б.Барбер осылай атайды. Пирамидалық фигурада, бұдан басқа, салыстырмалы түрде аздаған адамдар орта дәрежені иеленеді, ал бұқара халық төменгі дәрежеде болады. Мұның керісінше ромб тәріздес фигура адамдардың төменгі дәрежеге қарағанда орта дәрежеде бірдей мөлшерде көп шоғырлануымен сипатталады, әйтсе де фигураның төменгі бөлігін өткірлей түсу үшін едәуір адамдар қалып қояды.

Питирим Сорокин кез келген ұйымдасқан әлеуметтік топ әлеуметтік тұрғыдан әрқашан стратификацияланған деп есептейді. “Жазық” болатын және онда барлық мүшелері тең дәрежелі болатын бірде-бір тұрақты әлеуметтік топ болмаған және болмайды да. Жіктелмеген, мүшелері шынайы тең дәрежелі болатын қоғам - ол қиял, адамзат тарихында әлі болып көрмеген нәрсе”. Питирим Сорокиннің стратификациялық теориясының негізгі қағидасы әлеуметтік стратификациялардың нақты ипостастары көп және әр алуан болса да, олардың барлық санқырлылығы негізгі үш нысанға: экономикалық, саяси және кәсіптік стратификацияға келіп тірелуінде. Әдетте, бұл үш нысан тығыз байланысқан, жоғары топқа қандай да бір қатысы бар адамдар бұл қабатқа, әдетте, басқа өлшемдер бойынша да қатысты болады және керісінше.

Осыны басшылыққа ала отырып, П.Сорокин әлеуметтік стратификацияның әрбір нысанын жеке-жеке талдауды ұсынады және оларды былай анықтайды:

1. Егер де қандай да бір қоғам мүшелерінің экономикалық мәртебесі тең емес, олардың арасында байлығы барлар да, жоқтар да болатын болса, онда мұндай қоғам қандай принциптермен, коммунистік немесе капиталистік принциптермен құрылғанына қарамастан, экономикалық тұрғыдан жіктелуімен сипатталады.

Егер де қандай да бір топтың шегінде беделі мен рөлі, атағы мен мәртебесі мағынасында иерархиялық әр түрлі дәрежелер болатын болса, онда бұл осы топтың өзінің конституциясында немесе декларациясында жариялағанына тәуелсіз саяси жіктелгенін білдіреді.

Егер қандай да бір қоғамның мүшелері өз қызметінің, айналысатын шаруаларының түрі бойынша әр түрлі топтарға бөлінген болса, ал кейбір кәсіптер осы ретте басқалармен салыстырғанда неғұрлым беделді болып саналатын және қандай да бір кәсіби топтың мүшелері әр түрлі дәрежедегі жетекшілерге және бағыныштыларға бөлінетін болса, онда мұндай топ бастықтары сайланатынына немесе тағайындалатынына, оларға лауазымдар мұраға қалатынына немесе жеке қасиеттерімен келетініне қарамастан, кәсіби жіктеледі. П.Сорокин өзінің теориясының көмегімен мынадай сұрақтарға жауап табуға тырысады: “әлеуметтік ғимараттың биіктігі қандай”, “әлеуметтік конустың табанынан төбесіне дейінгі қашықтық қандай”, “оның беткейлері тік пе, көлбеу ме”. Бұл сұрақтардың жауаптары әлеуметтік стратификацияны сандық бағалауға - “әлеуметтік ғимараттың” сыртқы көрінісін бағалауға көмектеседі. Оның ішкі құрылымы, оның тұтастығы - сапалық талдау пәні, ол үшін “ғимараттың ішіне кіріп, оның ішкі құрылыстарын: қатардың сипаты мен орналасуын, бір қабаттан екінші қабатқа жеткізетін лифтілер мен баспалдақтарды және басқа да бір қабаттан бір қабатқа көтерілу және түсуге арналған құрылғыларды зерделеу қажет”. Басқаша айтқанда, әлеуметтік икемділік механизмдерін зерттеумен айналысу қажет [32].

Қазақстанда әлеуметтік стратификация проблемаларымен М.С. Әженов, Н.А. Аитов, М.М. Тәжин, Л.М. Елизова, А.В. Майсюк, Б.Ғ. Аяған, М.С. Садырова, Л.Т. Қожамқұлова, Е.Ю. Садовская, Д.Э. Бейсенбаев және т.б. сияқты ғалымдар айналысады [33].

Мысалы, М.С.Әженов, Д.Э.Бейсенбаевалардың “Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік стратификация” атты кітабында әлеуметтік стратификацияның әр түрлі теориялары қамтылады, кеңестік дәуірден кейінгі Қазақстандағы жіктелу мәселелері қарастырылады, рес­публи­­ка­да соңғы жылдарда жүріп жатқан стратификациялық процестер талданады.

“Қазіргі Қазақстандағы жүріп жатқан стратификациялық процесте қандай да бір этносқа жату ешқандай рөл атқармайды. Қазақстан қоғамында тереңдеп жатқан жіктелудің басты белгілері - бұл табыс пен билік. Білім беру, мәдениет, кәсіптерге келер болсақ, олар әзірше бұл стратификациялық процесте ерекше рөл атқармайды” [34].

Әлеуметтік стратификация процесі, әсіресе қазіргі біздің қоғамымыз бастан кешіріп отырған күрделі өзгерістер кезеңінде айрықша күрделі және сан қырлы; әлеуметтік құрылымның даму қарқыны кей кездері оны зерттеу қарқынынан озық келеді. Егер де біздің қоғамымыздың қазіргі жай-күйін және оның әлеуметтік стратификациясы жүйесі дамуының негізгі үрдістерін жалпы сипаттауға тырысар болсақ, онда оны былай көрсетуге болады: халықтың қарқынды жіктелуі мен реттелуі, жаппай төмендеп бара жатқан икемділік [35].

Тоталитарлық дәуірден кейінгі қоғамның әлеуметтік құрылымы әр түрлі әлеуметтік факторлардың ықпалымен қалыптасады: барлық әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени, білім беру инстиуттарының қоғамдық нысаны және де бірінші кезекте меншік пен билік институттары өзгереді.

Терең қоғамдық төңкеріс және әлеуметтік құрылымды жасақтайтын әлеуметтік негіздер мен реттеуіштердің түрлену процесі жүреді. Әлеуметтік құрылымның негізгі құрамдас бөліктері - топтар мен қауымдастықтардың табиғаты өзгереді, олар меншік пен билік субъектілері ретінде қайта қалпына келтіріледі.

Әлеуметтік страталарды толтыру механизмдерінің өзі өзгереді, ұрпақтар сабақтастығы немесе отбасылық-демографиялық факторлар негізінде қолданыста болатын бұрынғы әлеуметтік ұдайы өндіру механизмдерінің орнына ұлттық және оңтайлы экономикалардың өзгеру процестеріне “енгізілген”, атап айтқанда, кәсіпкерлік пен жалдау шарттарының өзгеруі механизмдері келеді.

Әлем қауымдастығы әлеуметтік құрылымның үш түрін біледі:

1. Орта таптың күшті топтары ұстап тұрған демократиялық нарықтық қоғам. Онда әлеуметтік топтардың бөлінісі орталық бөлігі дамыған (орта топтар), жоғары тап (бай элита) пен кедейлер тобы полюстері онша үлкен емес ромбты елестетеді.

2. Нашар дамыған, бірақ нарықтық экономикаға аяқ тіреген әлеуметтік құрылым үлгісі. Эйфель мұнарасын еске түсіретін пирамида түрінде (кедей топтар орналасқан кең ауқымды үлкен табан).

3. Бұрынғы социалистік елдердің жіктелу моделі табаны аса үлкен үшбұрышты еске түсіреді, оның көп ауданын “еңбекшілер” қабаты, ал төбесін - “билік адамдары” алып жатыр. Орта тап іс жүзінде жоқ.

Біздің бүгінгі қазақстандық қоғамымызға келер болсақ, оның стратификациялық жүйесі, көптеген ғалымдардың пікірі бойынша [36], екінші үлгі нысанына ие - бүйір жақтары ойыңқы пирамида. Бұл пирамиданың төбесінде негізінен ірі бизнесмендерден, сондай-ақ көрнекті саяси және мемлекет қайраткерлерінен тұратын жоғары тап орналасқан.

Кәсіпкерлік болса, қызметтің бір түрі ретінде - тек заңды ғана емес, аса жауапты шаруа ретінде өзін ақтап отыр. Бизнесмендер өз кәсіптерінің рейтингтері бойынша спортшылар мен эстрада артистерін едәуір артқа тастап, неғұрлым құрметті және танымал адамдарға айналуда. Бизнестің банктер, қаржы компаниялары, жарнама агенттіктері және т.б. сияқты түрлері көркейіп келеді.

Соңғы жылдары елімізде, әр түрлі сарапшылардың пікірі бойынша, жалпы халықтың 3%-дан 10%-ға дейін құрайтын меншік иелерінің жоғарғы тобы (әлеуметтік пирамиданың ұшы) қалыптасты. Қоғамда әлеуметтік түп те (пирамиданың табаны) пайда болды, олардың тіршілік деңгейі кедейліктен де төмен. Eнді ғана орнап келе жатқан нарықтық экономика үшін қалыпты жағдай болатын мүліктік теңсіздіктердің тереңдеуі, бағалардың босатылуы қоғамның едәуір бөлігінің кедейленуіне әкелді, экономистердің есептеулері бойынша халықтың 70%-дан 85%-ға дейінгі бөлігін кедейлік деңгейіне немесе ол деңгейден төмен қоюға болады.

Наши рекомендации