Леуметтік мәртебелер мен рөлдер 1 страница

Адам әлеуметтік тіршілік иесі болғандықтан, түрлі әлеуметтік топтармен қарым-қатынас жасайды. Ол белгілі бір топтың ғана мүшесі болатын жағдай іс жүзінде кездеспейтіндіктен, жеке адамның әр түрлі топтарға қатысты жағдайын, сондай-ақ оның әрбір топқа қатысты функционалдық мүмкіндіктерін талдау үшін әлеуметтануда әлеуметтік мәртебе мен әлеуметтік рөл ұғымдары пайдаланылады.

Әлеуметтік мәртебе деп адамның топтағы немесе қоғамдағы ұстанымын, жағдайын айтады. Әлеуметтік мәртебе жеке адамның жан-жақты және сонымен бірге жалпылама сипаттамасын: кәсібін, біліктілігін, атқаратын жұмысының сипатын, лауазымын, материалдық жағдайын, саяси ықпалын, іскерлік байланыстарын, ұлтын, дінін, жасын, отбасылық жағдайын, туыстық байланыстарын және т.б. қамтиды.

Барлық әлеуметтік мәртебелерді негізгі екі түрге бөлуге болады: белгіленген және қол жететін мәртебелер.

Тұлғаның күш-жігері мен сіңірген еңбегінен тыс қоғам тарапынан белгіленгенмәртебе этникалық шығу тегі, туған жері, отбасы, жынысы мен жасы т.б. факторлармен байланысты. Қол жеткен мәртебе адамның өзінің күш жұмсауымен анықталады (мысалы, жазушы, генерал, студент, директор және т.с.с.).

Адамның қандай да бір мәртебеге ие болғаны (кей кезде, тіпті, оның тұлғасының осы мәртебемен теңестірілуі) сәйкестендіру деп аталады. Жеке адам сәйкестендіруге туғаннан ие болғанына немесе күш-жігер жұмсауының нәтижесінде қол жеткізгеніне қарамастан, қалай болған күнде де сәйкестендіруді жеке адам өзінің айналасындағы басқа адамдармен қарым-қатынас жасау процесі арқылы меңгереді.

Мәселен, бір адам көптеген мәртебеге ие болады, осылайша көптеген топтар мен ұйымдарға қатысады. Ол - еркек, әке, ұл, бауыр, оқытушы, профессор, партия мүшесі және т.с.с. Бір адам иеленген барлық мәртебелер жиынтығы мәртебелік жиынтық деп аталады. Әдетте, адамды басқа адамдармен сәйкестендіретін немесе оның өзін-өзі сәйкестендіретін мәртебелерінің бірі – басты мәртебе, сол адамның өзіне тән болады. Басты мәртебе салыстырмалы түрде алынады – ол адамның жынысына, нәсіліне немесе кәсібіне байланысты емес. Өмірдің сәні мен салтын, адамның мінез-құлық үлгісін анықтайтын мәртебесі әрқашан басты мәртебе болып табылады. Мұндай мәртебе көбінесе негізгі жұмыс орнындағы лауазымына байланысты болады.

Бір адамда әлеуметтік мәртебе және жеке басының мәртебесі болатынын ажырата білген жөн. Жеке басының мәртебесі – адамның өз айналасында ие болған позициясы, оған туысқандарының, әріптестерінің, достарының берген бағасы. Бірдей мәртебеге ие болған адамдар әр түрлі әлеуметтік мәртебелерге де ие болуы мүмкін және керісінше. Мынадай айырмашылығын көрсетуге болар еді: жеке басының мәртебесі – адамның шағын (әдетте, бастауыш) топтардағы жағдайы, ал әлеуметтік мәртебесі – ауқымды әлеуметтік қауымдастықтағы позициясы. Әлеуметтік мәртебенің сипатты белгісі – оның жеке адамға қатысты болмайтындығы, ал жеке басының мәртебесі адамның жеке қасиетін білдіреді.

Әлеуметтік мәртебенің және адамның жеке басының мәртебесінің айырмашылығы адамның өзі қатысатын ресми немесе бейресми ұйымның құрылымында ие болатын беделі мен ықпалынан айқын көрінеді. Жеке басының мәртебесіне қол жеткізу әлеуметтік мәртебеге қарағанда әлдеқайда жеңіл.

Қоғамдық пікірде басқаларға қарағанда көбірек бағаланатын мәртебелер мен әлеуметтік топтардың иерархиясы жасалып, қолдау табады, бірақ ешбір құжатта белгіленбейді. Мұндай иерархиядағы орын дәреже деп аталады [16]. Жеке адам бір топта жоғары, ал екіншісінде төмен дәрежені иеленетін болса, не болмаса бір мәртебенің құқықтары мен міндеттері басқа мәртебенің құқықтары мен міндеттерін орындауға қайшы келетін немесе кедергі жасайтын болса, онда топтар арасында немесе топтар ішінде қарама-қайшылықтар туындауы мүмкін.

Қоғамның адамға қоятын талаптарының жиынтығы нақты әлеуметтік мәртебемен байланысты. Әлеуметтік жүйеде берілген мәртебені иеленетін адамның орындайтын іс-әрекеттерінің жиынтығы әлеуметтік рөлдің мазмұнын білдіреді. Әрбір мәртебе, әдетте, бірқатар әлеуметтік рөлдерді қамтиды. Осы мәртебеден шығатын рөлдердің жиынтығы рөлдік жиынтық деп аталады.

Әлеуметтік рөлдер теориясында екі негізгі көзқарас кеңінен көрсетілген. Рөл ұғымының өзін ең алғаш жүйелі түрде 1930 жылдардың бас кезінде символикалық интеракционизм теориясының негізін салушы Дж.Г.Мид қолданған. Ол рөлдерді адамдар арасындағы эксперименттік және сонымен қатар жасампаздық сипаты бар өзара қарым-қатынас нәтижесі деп сипаттаған. Мидтің әлеуметтік философиясы әуел бастан балалардың қоғамға қалай бейімделетініне және рөлдерді қабылдау жолымен, яғни өз қиялындағы басқалардың - әкелерінің, аналарының, мұғалімдерінің, дәрігерлердің рөлдерін салыстыра отырып, өзінің әлеуметтік мәнін қалай дамытатынына қызығушылық танытқан. Ересектер де өз мінез-құлықтарында өздерінің рөлдерін жасау үшін басқа адамдардың рөлдерін өз бойына “өлшеп көруді” пайдаланады. Символикалық интеракционизм теориясына сәйкес әрбір рөл өзіне басқа рөлдермен қарым-қатынасты қамтиды; мысалы, “мұғалім” рөлін “оқушы” рөлінсіз түсіну мүмкін емес және ол оқушының өзіне тән мінез-құлқы мен арақатынасы тәрбиешінің өзіне тән мінез-құлқы ретінде анықталуы мүмкін. Өзара қарым-қатынас процесі адамдардың өз рөлдерін атқара отырып, басқалардың рөлдеріне қатысты қалыптасқан азды-көпті тұтас ұғымды және басқалар рөлінде іс-әрекет жасайтын адамдардың шынайы жауап әрекеттерін әрқашан тексеретінін, ондай тұжырымдамаларды нығайтып немесе күмән туғызатынын білдіреді. Бұл өз кезегінде адамдарды өздерінің рөлдік мінез-құлықтарын сақтауына немесе өзгертуіне жетелейді.

Екінші көзқарас Р.Линтоннан бастау алады (1936). Кейіннен бұл көзқарас функционализмнің құрамдас бөлігіне - қазіргі заманғы әлеуметтанудың неғұрлым ықпалды мектептерінің біріне айналды. Функционализм рөлдерді маңызды белгіленген және статикалық (яғни өзгермейтін) нәрселер ретінде қарайды. Бұл ұғымдар қоғам өмірінде тамыр жаяды және мінез-құлықты рөлдер арнасына енгізетін әлеуметтік нормалардан көрініс табады. Жаңа көзқарас рөлдер басқа рөлдермен жиі байланыста анықталуы мүмкін екендігін мойындайды, алайда өзара қарым-қатынас процесінің өзі жаңа рөлдер туғызуы немесе барларын жаңғыртуы мүмкін деп есептемейді. Әрине, жеке адамдар басқа рөлдерді атқарушы адамдармен қарым-қатынас барысында өз рөлдерінің мазмұны туралы және олардың атқарылуы қаншалықты сәтті екендігі туралы ақпарат ала алады.

Әлеуметтік рөлді екі қырынан қарастырған жөн: рөлдік күту және рөлдік атқару. Осы екеуінің арасында толық дәлме-дәл келу ешқашан болмайды. Бірақ олардың әрқайсысының адамның мінез-құлқында үлкен маңызы бар. Біздің рөлдеріміз ең алдымен бізден басқалардың не күтетіндігімен анықталады. Бұл күтулер сол тұлға ие болатын мәртебемен тоғысады. Егер кімде-кім біздің күткенімізге сай келетіндей рөл атқармаса, онда қоғаммен белгілі бір қақтығысқа ұшырайды.

Рөлдік талаптар (ұйғарымдар, күтулер) әлеуметтік мәртебе төңірегінде топтасқан нақты әлеуметтік нормаларға айналады.

Рөлдің нормативтік құрылымында әдетте 4 элемент ерекшеленеді:

осы рөлге сәйкес келетін мінез-құлықтың түрін сипаттау;

осы мінез-құлықпен байланысты ұйғарымдар (талаптар);

ұйғарылған рөлдің орындалуын бағалау;

санкция - әлеуметтік жүйе талаптары шеңберіндегі қандай да бір әрекеттің әлеуметтік салдарлары.

Айта кететін бір жайт, кез келген рөл мінез-құлықтың таза моделі болып табылмайды. Жеке адамның мінезі рөлдік күтулер мен рөлдік мінез-құлықтар арасындағы басты байланыстырушы буын қызметін атқарады. Бұл нақты адамның мінез-құлқы таза схемаға сыймайды деген сөз. Ол бірегей, өзіне ғана тән рөлдерді өзінше түсіну және түсіндіру әдістерінің өнімі болып табылады.

Әлеуметтік орта адамдарды өз рөлдерін дұрыс орындауға қалайша мәжбүр етеді? Бұған санкциялар механизмі қызмет етеді. Белгілі бір мәртебеге ие болған адам өзін біз күткеннен бөлек ұстайтын болса, әрине, біз қандай да бір жолмен өзіміздің қанағаттанбайтынымызды, ашу-ызамызды білдіреміз; ал егер де, керісінше, адамдар өз рөлдерін өз деңгейінде атқарса, онда біз оларға өзіміздің құптайтынымызды, ынталандыратыны­мызды білдіреміз. Сол арқылы әлеумет адамдарды жалпы қоғам үшін ең болмағанда әлеуметтік жағынан жақын ортаға қолайлы арнаға бағыттайды.

Әлеуметтік рөлдерді қоғамдағы сан алуан түріне қарай қандай да бір тиімді зерделеу олардың кем дегенде жалпы жіктелуін талап етеді. Мұндай әрекетті Т.Парсонс жасап көрген. Ол негізгі бес өлшемді бөліп көрсеткен, олардың көмегімен кез келген рөлді сипаттауға болады.

1. Эмоционалдық деңгей. Барынша әділ мінез-құлық күтілетін рөлдер болады. Мысалы, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің рөлдері. Сонымен қатар, егер де әйелі өзін-өзі эмоционалды сабырлы ұстаса, онда күйеуі оған онша дұрыс қарай қоймауы мүмкін.

2. Алу тәсілі. Рөл дегеніміз белгілі бір мәртебе иесінен күтілетін мінез-құлық екенін ескере отырып, біз мәртебе сипатының рөлдің сипатына да ықпалын тигізетіндігін күтуге құқылымыз. Іс жүзінде кейбір рөлдердің бейнелері олардың мәртебелеріне қосып жазылған сипатымен негізделеді; басқа рөлдер ие болатын мәртебесімен қоса алынады (әрине, қандай да бір рөлдерді дұрыс атқару үшін оларды иеленушілердің “оқып-жаттығуына” тура келеді).

3. Көлем. Рөлдердің кейбіреулері өзара қарым-қатынастың белгілі бір қырларымен едәуір қатаң шектелген. Мысалы, егер де жоғары оқу орнының оқытушысы емтиханда студент білімінің деңгейін бағалауда студенттің өткен материалды қалай меңгергеніне қызығушылық танытып қана қоймай, оның діндарлық дәрежесін немесе саяси сенімін назарға алатын болса, онда бұл оның рөл шеңберінен шыққандығын, демек оны дұрыс орындамайтындығын білдіреді. Сонымен қатар, мысалы, әке рөлі мен бала рөлі арасындағы арақатынас шеңбері неғұрлым кең, өйткені әкесін бала өмірінің әр алуан жақтары алаңдатуға тиіс.

4. Ресмилендіру деңгейі. Көптеген рөлдердің атқарылуы ресмиленген, яғни оның өзіндік сипаты бар. Іс жүзінде формальды ұйымдардың көпшілігінде - әсіресе бюрократиялық, әскери және жартылай әскери ұйымдарда рөлдердің барлығы осындай. Бұл жерде мінез-құлық ережелері нақты шектелген, ал импровизация диапозоны онша үлкен емес (ұйымдар теориясы көрсеткеніндей толық алынып тасталмаған). Басқа бір шеті - әкенің немесе достың рөлі сияқты әлсіз шектелген рөлдер, мұнда жеке басқа тән сәттерді енгізетін диапазон ауқымы неғұрлым кең.

5. Уәждеу. Түрлі рөлдерді атқару әр түрлі уәждермен негізделген. Біз бизнесменнен өзінің ақшасын, уақыты мен қажыр-қайратын өз қауымдастығының гүлденуі немесе өзі жалдаған қызметкерлерінің баюы үшін жұмсауын күте қоймасымыз анық; оның негізгі мақсаты - барынша көп пайда табу (алдымен - одан да көп пайда табу үшін қаражатын іске жұмсау және т.с.с.). Саясаткер жеке билігінің ауқымын ұлғайтуды басшылыққа алады. Әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлері болса, клиенттерінің әл-ауқатын жақсартуды мақсат етеді. Бұл уәждердің барлығы, әрине, кей жерде өз бағыттылығы бойынша ішінара үйлесім тауып жатса, кей жерде бір-біріне қайшы келіп, күрделі әлеуметтік қарым-қатынастармен астарласып жатады. Рөлдерді жіктеудің барлық белгілерінің ішінде уәждеу белгісі тікелей есепке алу мен талдауға оңай көне қоймайды.

Әрбір адам көптеген әр түрлі жағдайларда бірнеше рөлдер атқаратын болғандықтан рөлдер арасында қақтығыс пайда болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, рөлдік қақтығыстардың екі түрін бөліп қарауға болады: рөлдер арасындағы және бір рөлдің шегіндегі. Қақтығыстар екі және одан да көп рөлдер көбіне тұлғаның бір-біріне сәйкес келмейтін, қарама-қайшы міндеттерін қамтиды. Мысалы, жұмыс істейтін әйел өзінің негізгі жұмысының талаптары оның үй шаруасындағы міндеттерін орындаумен қақтығысқа келеді деп есептейді. Мұндай қақтығыс рөлдер арасындағы қақтығысқа жатады.

Ішкі шиеленістер мен қақтығыстардан, мүдделер қақтығысы дейтіннен таза болатын рөлдер көп емес, Мысалы жеке адам жағдайдың әсерімен оның мүддесіне не болмаса оның ішкі ұстанымдарына жауап бермейтін рөлді атқарған кезді алайық. Егер де қақтығыс насырға шапса, онда ол рөлдік міндеттерді орындаудан бас тартуға, сол рөлден шығуға, ішкі жан күйзелісіне әкеп соғуы мүмкін.

Рөлдік шиеленістің төмендеуіне көмектесетін әрекеттердің бірнеше түрін бөліп қарауға болады. Рөлдерді оңтайландыру - тұлғаның қандай да бір жағдайды қиын қабылдауына қарсы оған әлеуметтік жағынан және жеке басына дұрыс болатын ұғымның көмегімен қорғанатын тәсілдердің бірі. Оңтайландыру рөлдік қақтығыс шындығын көңіл қалағанымен, қол жетпейтін рөлдің жағымсыз жақтарын санадан тыс іздеу арқылы жасырады.

Рөлдерді бөлу рөлдік шиеленісті рөлдердің бірін өмірден уақытша алып тастау және оны жеке адамның санасынан ажырату, бірақ сол рөлге тән рөлдік талаптар жүйесіне жауап ретінде әрекет етуін сақтап қалу жолымен төмендетеді.

Рөлдерді реттеу – ресми рәсім, оның көмегімен индивид қандай да бір рөлді орындау салдары үшін жеке жауапкершіліктен босатылады. Бұл ұйым мен қоғамдық қауымдастықтардың теріс қабылданатын немесе әлеуметтік жағынан мақұлданбайтын рөлдер үшін жауапкершіліктің басым бөлігін өз мойындарына алатынын білдіреді. Тәжірибеде бұл жеке адамның белгілі бір жолмен әрекет етуіне ұйымның ықпалы болғанына сілтеме жасағаны сияқты көрінеді [17].

Адам өзінің мәртебесіне және тиісті рөлдеріне өзін әр түрлі деңгейде теңестіреді. Рөлмен мейілінше үйлесуді рөлдік сәйкестендіру, ал орташа немесе ең аз үйлесуді - рөлден алшақтау деп атайды. Қоғам қандай да бір мәртебені қаншалықты жоғары бағаласа, сәйкестену дәрежесі де соншалықты күшті болады.

Леуметтік стратификация

Теңсіздіктер мен әлеуметтік стратификация проблемасы іс жүзінде әлеуметтік және философиялық теориялардың барлығының да басты назарында болады. Стратификация ұғымының қазіргі заманғы ғылыми ойлаудың санаттық аппаратындағы орнының маңызы зор.

Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін әлеуметтануда “әлеуметтік стратификация” ұғымы пайдаланылады. “Стратификация” терминінің өзі әлеуметтануға геологиядан келген. Ағылшын тілінде “strata” немесе “stratum” сөзі алғашында геологиялық қабат деген, ал “stratіfісatіon” сөзі қабатталу, қатталу деген ұғымды білдірген. Әлеуметтанушылар әлеуметтік теңсіздікті белсенді түрде зерттей бастаған кезде [18] осы терминді алған, сөйтіп ол жаңа мағынаға, қоғамды белгілі бір топтарға бөлу мағынасына ие болған. Қоғамда әртүрлі құрылым болатындықтан [19], ондағы адамдар түрлі негіздер бойынша жіктеліп отыратын болған.

Алайда теңсіздік табиғаты туралы сөз қозғалатын кез келген ғылыми әдебиетпен алғашқы танысудың өзі стратификация процесі мен әлеуметтік жинақылық проблемалары зерттеушілер арасында осы ұғымның мазмұны мен көлеміне қатысты бірыңғай көзқарастың жоқ екендігіне көз жеткізеді. Сол сияқты әлеуметтік қауымдас-тықтарды білдіретін әлеуметтік тап, топ, страта, мәртебелік топтар сияқты талдау бірліктері де барлық уақытта бірдей баяндала бермейді.

Әлеуметтік тап - әлеуметтік стратификация теориясындағы ірі таксонометриялық талдау бірлігі. Бұл ұғым стратификация теориясынан көп бұрын пайда болған [20]. Әлеуметтік құрылымды талдаудың маңызды принципі таптық көзқарас болып табылады. Оның негізінде әлеуметтік қарым-қатынастар мен материалдық өмірдің әр түрлі шарттарының себеп-салдарын түсіндіру жатыр. Тіршілік ету құралдарын өндіру процесі анықтаушы болып табылып, ал оның бастау алатын жері еңбек бөлінісі болғандықтан, қоғамдық өндіріс жүйесінде әр түрлі орынды иеленетін адамдардың топтары басым әлеуметтік элементтер болады. Тап ұғымы - айтарлықтай ірі “көлемді” талдамалық бірлік, ол қоғамдағы елеулі, шегіне жеткен жалпы өзгерістерді зерделеуге арналған және қазіргі заманғы қоғамдағы “ғаламдық” өзгерістерді зерттеуге арналмаған. Сондықтан сарапшылар талдаудың неғұрлым нақты және икемді бірлігін - “страта” немесе топ ұғымын бөліп қараған. Топтар - еңбек сипатындағы айырмашылық қажеттіліктерге, оларды қанағаттандыру құралдарындағы және өндірістен тыс қызметі құрылымындағы айырмашылықтарға әкеп соғатын кезде, бөлінген және біртекті емес еңбек нәтижесінде пайда болған әлеуметтік қауымдастық.

Сонымен қатар, стратаны бөліп қарауға негіз болатын кез келген белгі емес, тек мәртебелік белгі, яғни осы қоғамда объективті түрде “жоғары-төмен”, “жақсы-жаман”, “мерейлі-мерейсіз” сияқты салыстырмалы сипат алатын белгі екені ойда болуы қажет.

Тек жіктелген, бірақ мәртебелілік емес топтарды бөліп қараудың негізін белгілердің тұтас қатары құрауы мүмкін. Мысалы, халық музыкасын ұнататындар немесе футбол командасының жақтастары көбінесе белгілі бір мәдени топтың мәртебелілік қырына қатысы жоқ өкіл ретінде қарастырылады. Алайда орын иелену қоғамда маңызды сипат алатын белгілі бір кіріс деңгейімен немесе әлеуметтік тұғырмен сәйкес келетін болса, онда бұл топтар мәртебелі болады. Бұл орайда әлеуметтік топ ұғымы - талдаудың әлеуметтік қабатқа қарағанда азырақ анықталған және белгіленген бірлігі. Кей кездері “қабат” ұғымының орнына “топ” деген ұғымды кездестіруге болады. Бірақ қабат ретінде анықтауға болмайтын, тек топ ретінде ғана анықталатын қауымдастықтар бар. Айталық, отбасы - шағын әлеуметтік топтың неғұрлым тұрпатты үлгісі. Алайда кірісі жоғары (немесе кірісі аз) отбасыларының өкілдері зерттеулерде қабат ретінде кездеседі.

Дәреже ұғымы стратификацияны талдауда шешуші мәнге ие болады. Ол страталардың өмір сүруінде бағалау факторлары: адамның қандай да бір жағдайдағы мінез-құлқының желісі, оның өзін және айналасындағыларды дәрежелеуге көмектесетін белгілерге негізделген бір нәрсеге, ұстанымдарға көзқарасы үлкен рөл атқаратынын көрсетеді.

Әлеуметтік икемділік - бұл әлеуметтік мәртебелер жүйесінде адамның жағдайының өзгеруіне байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі.

Адам туылғанда аскриптивті немесе туа берілген мәртебе деп аталатын өзінің ата-аналарының мәртебесін алады. Ата-аналары, туыстары және отбасына жақын адамдар баланың бойына өздерінің мінез-құлық нормаларын, тиісті және мерейлі нәрселер туралы түсініктерін сіңіреді. Алайда, адам өзі қызметінің белсенді кезеңінде бұл қабаттағы жағдайына қанағаттанбауы, одан да зорына ұмтылуы және қол жеткізуі мүмкін. Соңғы жағдайда ол қол жететін мәртебеге ие болады. Егер де адамның мәртебесі неғұрлым мерейлі, жақсы мәртебеге өзгерсе, онда жоғарылауға икемді орын алды деуге болады. Алайда адам өмірде кездесіп тұратын күтпеген қауіп (жұмысынан айрылу, ауырып қалу, т.с.с.) салдарынан төменгі мәртебелер тобына өтуі де мүмкін - бұл кезде төмендеуге икемділік орын алады [21]. Зерттеушілер әлеуметтік икемділіктің барлық түрлерін (ұрпақаралық, кәсіптік және т.б.) бөліп қарауға мүмкіндік беретін статистикалық рәсімдер мен көрсеткіштер жүйесін пайдаланады, бұл жалпы алғанда халық қозғалысының әр алуан түрлерін талдауға мүмкіндік береді. Тігінен орын ауыстырулардан (жоғарылау және төмендеу икемділіктері) басқа көлденеңінен орын ауыстырулар болады, ол табиғи икемділіктен (бір жұмыстан екінші жұмысқа мәртебесін өзгертпей ауысу) және аумақтық икемділіктен (бір қаладан екінші қалаға көшу) құралады.

Санасы, мінез-құлқы мен мәртебесі түйісіп отыратын, аралық жағдайда және көбіне қандай да бір себептермен өзара әрекеттес әлеуметтік топтардың біріне ұзақ уақыт бойы бейімделе алмайтын немесе бейімделгісі келмейтін адамдардың, қандай да бір әлеуметтік топтар өкілдерінің жиынтығы маргиналдар деп аталады(ол латынның margіnalіs - шетте тұрған деген сөзінен шыққан). Олардың мәртебесінің шығу тобы мен басымдық танытушы топ арасындағы шекаралық, аралық сипаты болады, сондықтан бір жақты өзін-өзі сәйкестендіруге келмейді [22].

Наши рекомендации