Рманғазы сағырбайұлы
XIX ғасырдың 67-жылының шамасы. Үлкен өзен бойындағы Мұқыр форпосында тұратын И.Ф.Бородин деген қазақ-орыстың үйі. Қонақжай Бородин үйіне біраз кісі жинапты. Көпшіліктің көбірек бас шұлғып, қошемет көрсететіні – европаша жарасымды киінген орыс адамы. Сірә бұл “мәртебелі мырзаның” бірі болса керек. Бірақ оның назары өзіне құрмет көрсеткендерге емес, қайта мұның керісінше оң жақ жеңін шынтағына дейін түріп алып қолындағы салақұлаш қоңыр домбыраны “адамша сөйлеткен”, жұпыны ғана, жарасымды киінген күйшіде. Күйшінің орындаушылық құдіретіне, шеберлігіне танданбасқа болмайды. Оның салалы саусақтары домбыраның сағағына келгенде астыңғы ішекпен үстіңгі ішекті қоса басып, төрт-бес пернені түгел қамтиды. Ал оң қолы домбыра ішегін бірде іле қағып, бірде сыпыра қағып кеткенде көз ілеспейді.
Сыйлы қонақ күйшіден көз алар емес. Ол кейде күй ырғағымен теңселіп кеткенін өзі де байқамай қалады, енді бірде күйшінің тілмен айтып жеткізе алмас өнеріне таңданып, “мұндай да керемет болады екен-ау” дегендей басын шайқайды. Ал үй иесі Бородин болса жасынан қазақ арасында өскен соң қазақтың тілін ғана біліп қоймай, домбырасын да үйренген. Өзі де домбыраны бірсыдырғы жақсы тартушы еді. Ал қазір, күйші құдіретін қызықтап, қазақ дәстүрімен “Уай пәле! Ой мың жаса!” – деп қошеметтеп қояды. Күйші кезекті бір шығарманы аяқтап бітті де, жан қалтасынан бет орамалын алып терін сүртті. Ал үй ішіндігілер жан-жақтан шуласып, оған ұзақ қол соқты.
Бородиннің үйіндегі сыйлы қонақ – атақты кобзарь Тарас Григорьевич Шевченконың досы, орыстың белгілі журналисі және саяхатшы Н.Савичев еді де, күйші – қазақтың ұлы композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы болатын.
Кедей шаруа отбасында туған Құрманғазы жасынан домбыраға әуес болады. Ол ұзақ күйшіден ілім алып, орындаушылық шеберлігін шыңдайды. Есейген шағында домбырашылық, күйшілік өнерін кәсіби дәрежеге жеткізіп, атақты күйші ретінде есімі бүкіл қазақ даласына тарайды.
Құрманғазының бүкіл өмірі әділетсіздікке қарсы күреспен өтеді. Оның кедейді, әлсізді жақтағаны, қара қылды қақ жарған турашылдығы би-болыстарға ұнамай, сан рет түрмеге де қамалады.
Қазақтың аспаптық мұзыкасының атасы саналатын Құрманғазы сан рет қуғын-сүргінге түссе де, әлеуметтік әділетсіздікке, би-болыстардың, шынжыр балық шұбар төс феодалдардың зорлық-зомбылығына қарсы күрес жүргізіп, тамаша күйлерін шығарды. Күрескер халық композиторларының азат өмірді аңсаған асыл арманы, әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа мойын бұрмайтыны тасқа таңба басқандай ап-айқын сезіліп тұрады. Құрманғазы күйлерінің “Түрмеден қашқан”, “Кісен ашқан”, “Көбік шашқан”, “Аман бол, шешем, аман бол” деп аталуының өзі оның күреске толы өмірін айтпай-ақ танытқандай.
Бірде Құрманғазының замандастары:
– Мына бір тамаша күйіңізді неліктен “Кішкентай” деп атадыңыз? Бұл “Кішкентай” деуге келмейтін, күйлеріңіздің ішіндегі шоқтығы биік дүние ғой, - дегенде, Құрманғазы күрсіне отырып: – Несін жасырайын, бұл күйді мен Исатай мен Махамбетке арнаған едім. Ал Исатай мен Махамбет кім, мен кім. Олар халқының қамын ойлаған биік шың, асқар тау, ал мен кішкентай ғана төбешік емеспін бе. Сондықтан да мен сияқты кішкентай ғана адамның Исатай, Махамбет сияқты алыптарға арнаған күйі болған соң оның атын “Кішкентай” қойдым, – деп жауап беріпті.
– Бұл күнде күй нөсерінің дауылпазындай асқақ естілетін Құрманғазы есімін, оның кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасын халық асқан құрмет тұтады. Қазақтың Мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінің, Қазақ Мемлекеттік консерваториясының Құрманғазы есімімен аталуы да сондықтан.
Жолдасыңыз бос уақытын қалай тиімді өткізуге болатындығы туралы кеңес сұрады. Сіз қандай кеңес берер едіңіз? Қазақстандағы туризм туралы не білесіз?
. БОС УАҚЫТ ЖӘНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ
Дина: Осы сенде бос уақыт бола ма?
Ильяс: Бос уақыт дегенде мен жұмыстан, сабақтан басқа уақыттарды ресми түрде солай атайды деп түсінемін. Менде бос уақыт мүлде жоқ десе де болады.
Дина: Менде солай түсінемін. Сабақтан босай қалсаң кітапханаға барасың, басқа да шаруаларың толып жатыр.
Ильяс: Менің кешкі уақытым теледидар көрумен кетеді.
Дина: Мен көбіне кітап, газет-журнал қараймын.
Ильяс: Теледидардан көп жаңалықтар естисің, демаласың. Кейде интернетпен жұмыс істеймін.
Дина: Білмеймін, менің ойымша теледидар, бейнетаспалар, компьютерлік дискі, интернеттің кең таралуына қарамастан кітап жеке адамның рухани өсуінде маңызды құрал болып қала бермек. Тіпті компьютерлік технология ғасырында кітапты ешнәрсе ауыстыра алмайды.
Ильяс: Әрине, оған дауым жоқ, бірақ мен компьютер немесе теледидардан бір нәрсе көру керек болса, жібере алмаймын. Содан кітапқа уақыт қалмай да қалады.
Оқытушы: Сәлеметсіздер ме?
Студенттер: Сәлеметсіз бе?
Оқытушы: Мен сіздердің топты іздеп жүрмін. Сабақ аяқталған соң спорттың пайдасы жөнінде маман дәрігермен кездесу болады. Сұрақтарыңызды дайындап, міндетті түрде №2 оқу залына келулеріңізді сұраймыз..
Студенттер: Жарайды, Кенжебек Сағиұлы келеміз.
Кездесуде
Дәрігер: Стрестен қорғанудың ең басты әдісі – қызғылықты, өзіңіз қалағандай өмір сүруге тырысу. Жақсы дем алу, спортпен айналысу, денсаулықты күту. Күнделікті тірлік қана емес, өмірдің көптеген жағына қызығушылық таныту, ақыл-ой көкжиегін кеңейту, көп оқу, көп іздену, күйгелек болмау – өзге жол жоқ.
1-студент: Дене жаттығуларының денсаулыққа әсері қандай?
Дәрігер: Біз дене жаттығуларымен айналысқанда ағзаның оттегімен жабдықталуы артады. Нәтижесінде ағзаның барлық мүшелерінің өміршеңдігі артады, тері, денсаулық жақсарады.
Бұлшық еттер шынығады, жақсы демалады, қатаяды, нәтижесінде сымбатты да ширақ дене мүсіні, жеңіл де әдемі жүріс, жақсы көңіл-күй пайда болады. Дене жүктемесі арқылы тамаққа деген тәбетті де реттеуге болады. Дене жаттығулары арқылы адам бойына күш, ширақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттер жинақтай алады.
Дене шынықтырумен айналысуды ғылыми тұрғыдан ұйымдастырудың маңызы зор. Мұндағы ұстанатын басты принциптер: тұрақтылық (аптасына 2-3 рет), жүйелілік (спорттың бір түрінен екіншісіне ауыса бермеу) және дене жүктемесін біртіндеп арттыру. Жүктемелер адам ағзасының физиологиялық мүмкіндіктеріне лайық болу керек. Керісінше жағдайда оның пайдасынан зияны артық болады. Ағзаны шынықтыру үшін аптасына 1-2 рет қана жаттығулар жасау аз, ол тек қол жеткізген деңгейді ұстап тұруға ғана мүмкіндік береді.
2-студент:Дене жаттығулары адам өмірін ұзарта ма?
Дәрігер: Әрине, жүйелі дене жаттығулары кепілді түрде адам өмірін ұзартады деп мәлімдеуге болмас, бірақ шыныққан, белсенді өмір салтын ұстанатын адамдар аз қозғалатындарға қарағанда тең жағдайында артық та сапалы өмір сүретіні анық. Тұрақты түрде жаттығатын, шыныққан салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар өз қатарынан 10 жасқа жас көрінетіні жасырын емес.
3-студент: Жаттығулар үшін қай кез қолайлы?
Дәрігер: Тәулік бойында адам ағзасының физиологиялық белсенділігі жоғары үш кезеңі бар: 5-8, 10-12, 16-20 сағат аралығы. Осы уақытта жатттығулардың әсері барынша тиімді болмақ.
4-студент: Дене жаттығуларының интенсивтілігі адам өмірін ұзарта ала ма?
Дәрігер: Спортпен шұғылданатындардың өмір жасының ұзақтығы В.М. Зациорский шетелдің жалпы көрсеткіштеріне қарап анықтайды. 1828-1928 жылдар ішінде спортпен шұғылданған адамдардың өлім шығыны азайды. Спортпен айналысқан студенттердің орта жасы 67 жас, спортпен айналыспаған студенттердің жасы 61,6 жас болады.
Спорттық жаттығулармен айналысқан адамдардың жүрек қан тамыр ауруларынан біршама айығатынын айтады. Америкалық ғалымдар Купер мен Даллас тұрғындарынан 10000 ер мен әйелдерді 10 жыл бойы тексеріп, оның барысында өлім шығыны 64-ке жеткен. Олар физикалық жаттығулармен аз айналысқан. Ал осы сандағы спортпен жақсы айналысқан адамдардың өлім шығыны 18 болған. Нәтижесін көріп отырмыз. Адам өмірінің ұзаруына дене жаттығуларының әсері мол екен.
5-студент: Сізде хобби бар ма?
Дәрігер: Дәрігер: Хобби деп кейде адамдар өзіне ұнайтын іспен айналысқанды айтады.
Хобби деуге келе ме, келмей ме, өзім ауылды жерде өскесін бе, ауыл шаруашылығын қатты ұнатамын. Біле білгенге он үлкен өнер, ғылым. Біз адамдар қанша жасанды дүние құрастырып шығарғанымызбен табиғаттың жасаған кереметін қайталай алмаймыз. Кез келген шөп болсын, ағаш болсын, жеміс болсын, жидек болсын өте әдемі, жетік қой. Солармен үндестік таба білу ғажап қой!
Еуропадағы ең жалқау халық
Еуропадағы ең жалқау халық – португалдықтар екен. Испандық Наварра университетінің ғалымдары Еуропа елдерінің өмір салттарын зерттеуде осыған көз жеткізген. Өйткені португалдықтар бос уақытын негізінен жұмсақ жиһазда жатып, теледидар көрумен өткізеді екен. Ал Еуропадағы пысық, еңбекқор халық – шведтер деп танылған. Себебі зерттеу мақсатында сұрау салынған шведтердің оннан алтауы спортты өмір деп санайтындығын айтқан. Шведтерде үстелде отырып жасайтын жұмыспен айналысатындар 43%-ды, ирландықтар – 44%, австриялықтар – 47%, финдер – 49% болса, португалдықтар – 88%, оларға жақындау белгиялықтар –72% болған. Одан кейінгі орынды немістер мен испандықтар – 71% иемденеді.