Кесте. Жүннің жіңішкелігі мен жуандығының байланысы
Жіңішкелігі (мк) | Созылғыштығы (%) | ||
18 және одан да жіңішке | 20,0-43,5 | ||
18-20 | 28,0-50,0 | ||
20-22 | 29,0-56,5 | ||
22-24 | 32,0-50,5 | ||
24-26 | 35,0-57,5 | ||
26-30 | 30,0-65,5 | ||
30-37 | 37,0-62,0 | ||
37-45 | 40,0-67,5 | ||
45-60 | 32,5-65,0 | ||
60-тан артық | 40,0-63,5 | ||
Жүн талшығының созылып, ұзару қасиетінің жіп иіріп, мата тоқуда маңызы өте зор. Құнды мата тоқылатын жіңішке, мықты жіптерді құрамында созылғыштығы нашар талшықтары бар, жүннен дайындау мүмкін емес. Биязы жүннен тоқылған матаның төзімділігі жүн беріктігі мен созылғыштығын көрсетеді.
Жүннің серпімділігіжүнді созып, қысып ұстап, майыстырып қоя бергенде алғашқы қалпына келу қасиетін айтады. Жүннің алғашқы қалпына келу жылдамдығын оның оралымдылығы деп атайды. Қылшықты жүнді, түбітпен салыстырғанда, алғашқы қалпына тез оралуға бейім, бірақ биязы жүн оған қарағанда қалпына толық келеді және түрін жоғалтпайды. Одан тігілген киім өзінің түрін бұзбау үшін жүн жақсы серпімді қасиетке ие болуы тиіс.
Жүннің түсі. Қой жүнінің табиғи түсі әр түрлі. Таза тұқымды биязы және биязылау жүнді қойдың жүні ақ болады. Оларды ұзақ жыл бойы осы бағытта сұрыптау нәтижесі болып табылады. Ақ жүн жоғары бағаланады, оған бояу жақсы сіңеді, сондықтан әр түсті кездеме тоқуға да қолайлы. Қылшықты жүннің түсі ақ, қара, сұр, қоңыр болып келеді. Көбінесе өз түстері бойынша пайдаланылады.
Барлық тұқым буданының арасында әр түсті жүн жиі кездеседі. Бұл жағдай қой жүнінің неше түрлі болып келуін кемітуге қарсы зоотехникалық шаралар қолдануды талап етеді, себебі жүн қасиетін жақсартуға септігін тигізеді. Әр түсті жүннен ашық түсті бұйым жасауға болмайды, сондықтан олардың бәрі қара түске боялады, бұл өнеркәсіптің әр түсті бұйым жасау мүмкіншілігіне шек қояды.
Ірі шаруашылықтарда бір түрлі қара жүнді қойларды бөлек отарда бағып, қырқу кезінде олардың жүнін жеке қаптап, дайындау керек.
Биязы және биязылау тұқымды қойлардың ақ жүні дұрыс күтіп бақыламау салдарынан бүлініп кетеді. Мысалы, лас, тазаланбаған қорада қой жүніне нәжіс, кір сіңіп сарғаяды, яғни сапасы төмендеп кетеді, ондай жүнді тек қара түске бояйды.
Жүннің жылтырлығы (ажары) деп, жүн талшықтарына түскен күн сәулесін тойтару қасиетін айтады. Бұл қасиет көбінесе талшықтағы қабыршақты қабат түріне және орналасу күйіне байланысты, бұл туралы бірінші тарауда (жүн талшығының гистологиялық құрылысы) толық айтылған. Жүн жылтырлығы одан тоқылған матаға әдемі көрік, түрлі өң береді, сондықтан ол өнеркәсіпте жоғары бағаланады. Кроссбред, линкольн қойлары және қаракөл қозыларының жүні ерекше жылтыр келеді. Қылшықты жүннің әсіресе өлі қыл араласқан жүннің жылтырлығы нашар болады. Ал биязы жүн ажары осы екеуінің арасында. Практикада жүн жылтырлығын жай көзбен, ал зертханада арнаулы аппаратпен анықтайды.
Жүннің ылғалдылығы депондағы су мөлшерін айтады. Мұнда жүннің химиялық құрамына кіретін су емес, онымен байланысқан су мөлшері ескеріледі. Жүн ылғалдылығын (пайыз бойынша), ондағы судың мөлшерін сол жүннің абсолюттік құрғақ салмағына бөлу арқылы анықтайды, ол үшін 200 г жүн алынады да, оны құрғату аппаратына салып 105-1100С температурада құрғатады. Құрғату процесінде оны жиі-жиі өлшеп тұрады, егер соңғы екі өлшеу көрсеткіші бойынша жүн салмағының арасындағы айырмашылық 0,1 граммнан аспаса, жүнді құрғату тоқтатылады. Жүннің бұл салмағы тұрақты деп есептеледі. Осы жүннің тұрақты салмағын 170 г деп алсақ, ондағы судың мөлшері яғни жүннің нақты ылғалдылығы:
Н= 200-170 х 100 = 17,6% болады.
Жүн ылғал тартқыш келеді, ол ауадан ылғалды оңай тартып алады. Жүн жақсы сақталғанның өзінде ондағы мөлшері 15 %-ға дейін жетеді, кейде одан да артады. Жүннің ылғалдылығы ауаның ылғалдылығына, температураға, жүнді буып-түйгенде нығыздалу дәрежесіне және т.б. да байланысты. Қыста жүннің ылғалдылығы, жаздағыға қарағанда жоғары болады. Шайырынан тазартылмаған кір жүн, жуылған жүнге қарағанда, ылғалды аз тартады. Биязы жүннің ылғал тартқыштығы мен ылғал жинағыштығы қылшық жүндікінен артық. Сондай-ақ, бос жүн нығыздалған жүнге қарағанда ылғалды көп тартады. Әсіресе жуылмаған жүннің шектен тыс ылғалданып кетуі, жүнді шірітетін жағымсыз микроорганизмдердің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан, мұндай жүнді ұзақ уақыт сақтағанда бүлініп, бұзылады. Сонымен, жүн ылғал тартқыш болғандықтан, айналадағы ауа ылғалы мен температураға байланысты салмағы бір қалыпты болмай, өзгеріп отырады, сондықтан жүнді дұрыс бағалап, есептеу үшін ылғалдылықтың белгілі бір нормасы енгізіледі. Елімізде жуылған биязы және биязылау жүн үшін ылғалдылықтың қалыпты нормасы 17%, ал қылшық жүндікі –15 %. Бұл жуылған биязы және биязылау жүннің әр 100 кг абсолюттік құрғақ массасында 17 л судың барлығын білдіреді. Жуылмаған кір жүннің ылғалдылық нормасы әлі белгіленбеген. Қабылдау пункттерінде жуылмаған жүннің ылғалдылығын қолмен ұстап қысып анықтайды. Егер ылғалдылығы жоғарылау болса, күн көзіне кептіріп, содан кейін ғана қабылдайды, ылғалдылығына қарай жүн салмағына ешқандай жеңілдік жасалмайды.