Кесте. Қой терісінің жүнінің ұзындығы бойынша атаулары, см

Пайдаланылуы және түрі Жүннің ұзындығы және терінің атаулары
Тықыр былғарылық Қысқа жүнді Жартылай жүнді Жүнді
Мехтық, мех үшін 0,5-дейін 0,5-1,0 1,1-3,0 3,1 және көп
Тондық үшін: орыс тұқымы 1,5-дейін 1,6-2,5 2,6-6,0 6,1 және көп
Далалық 1,5-дейін 1,6-2,5 1,5-6,0 6,1 және көп
Роман тұқымы 1,5-дейін - 1,5-5,0 5,1 және көп
           

31– кесте. Сорттық терілерге талап ( Мем.СТ 8439-57 және Мем.СТ 6192-57)

Сорттар Қой терісі ақауларының саны
Негізгі бөлігі Жиек бөлігі
-
Қой терісінің тесіліп зақымдалған бөлігі 3 сорт талабына сай емес және пайдалануы мүмкін бөлігі 35%-дан кем емес және біртұтас жерде болып, терінің сырт пішіні сақталуы керек

Теріні консервілеу (баптау)

Ұшадан бөлінгеннен кейін, салқындаған, ластан тазартылған және шелденген терінің көп кешіктірмей консервілеу керек. Әйтпесе, ол бұзылып, іске жарамай қалуы мүмкін. Оның мәнісі мынада: тері ұлпасында сойып алғаннан кейін де күрделі биохимиялық процестердің жүруі тоқталмайды. Дегенмен тірі кездегідей болмайды, ағзаға оттегінің келіп кіруі, тканьдердегі зат алмасудан пайда болған қалдықтардың – сыртқа шығару процесі бұзылады. Соның әсерінен сол ортаның реакциясы өзгеріп, протеолиттік ферменттердің жұмыс әрекетіне қолайлы жағдай туады да тері тканьдары ақырындап ыдырай бастайды. Бұл процесс тоқтатылмаса өзіндегі ферменттердің әсерінен тері ткані қатты ыдырап бұзылуға ұшырайды. Әсіресе терідегі май және тері бездері тез бұзылады. Тері тканьдарының өз ферменттерінің әрекетімен ыдырап, бұзылуын – автолиз деп атайды.

Теріде әр уақытта микроорганизмдер көп болады. Сойғаннан кейін терінің шел жағы әр түрлі заттармен (қан, нәжіс, лай т.б.) былғанып, ондағы микроорганизмдердің саны одан сайын өсе түседі. Осыған қоса теріде су мен белоктың көп болатындығын және ондағы ортаның реакциясы әлсіз қышқылды немесе сілтілі болатындығын айта кеткеніміз жөн. Бұл микроорганизмдердің өсіп-дамуына қолайлы жағдай деген сөз. Міне, осыған байланысты тері шіріп, бүлінуге шалдыққыш келеді.

Ферменттердің әсерімен басталған тері тканінің ыдырау процесі микроорганизмдердің әрекетімен ұштасып шіру басталады. Терінің шіріп, ыдырау процесі оның ішкі және сыртқы жағына да жайылуы мүмкін. Терінің бір шаршы сантиметр көлеміндегі микробтардың жалпы саны бірнеше миллионға жетеді. Микроорганизмдер терінің ішіне еніп, ең алдымен түк ұяларын, май және тер бездерін шірітіп бүлдіреді, одан кейін басқа жақтарына да тарайды, тері мүлде бүлінеді.

Теріні консервілеудің физикалық-химиялық негізі.Тері тканінің бүлініп, бұзылуын болдырмау үшін, автолиз бен шіру процестерінің дамуына тосқауыл болатындай оларға қолайсыз жағдай жасау керек. Ол үшін алдымен тері тканіндегі судың (ылғалдың) мөлшерін азайту керек, себебі шірітуші микроорганизмдер терідегі ылғалдың мөлшері 40 проценттен артқан кезде ғана интенсивті түрде дамиды. Терідегі ылғалдың мөлшерін азайту әр түрлі әдіспен іске асырылады: ол үшін теріні кептіреді немесе терідегі ылғалды тартып (сорып) алатын әр түрлі заттарды пайдаланады.

Бұдан басқа, микроорганизмдердің жағымсыз әрекетін болдырмау үшін тері тканінің ішіндегі осмос қысымын өзгертеді, ол үшін теріге қаныққан ас тұзының ерітіндісін енгізеді. Қаныққан тұздың ерітіндісіндегі осмос қысымы 100 атмосфераға жетеді, яғни тері тканындағы осмос қысымын жедел арттырады. Осының нәтижесінде микробтардың жасушалық ағзасы жарылып кетеді, яғни плазмолиз жағдайына ұшырайды.

Ферменттер мен микроорганизмдердің іс-әрекеті тері ішіндегі ортаның реакциясына (сілтілік-қышқылдығына) байланысты болып келеді. Автолиз процестері әдетте әлсіз қышқылды ортада, ал шіру процестері - әлсіз сілтілік ортада жүреді. Ортаның реакциясын өзгерту арқылы (мысалы, қышқылдықты арттыру) осы процестерді азайтуға, не тоқтатуға болады.

Микроорганизмдердің теріде өсіп-дамуына тері ішіндегі және айналадағы ортаның температурасы да үлкен әсер етеді, микроорганизмдердің интенсивті дамуы үшін ең қолайлы температура 25-30 градус. Төменгі температура микроорганизмдердің көбеюін тоқтатып, автолиз процесін бәсеңдетеді.

Айтылғандардан басқа, теріні әр түрлі антисептиктерді қосып өңдеу арқылы да осы жағымсыз процестерді тежеп, тіпті жоюға болады.

Былғарылық және тон-мехтық шикізаттарды консервілеу әдістері осы айтылған физикалық-химиялық процестерді негізге ала отырып іске асырылады.

Мал терісін консервілеудің көбінесе мына тәсілдері қолданылады: ылғалды немесе құрғақ тұзбен тұздау, тұздамай сол күйінде кептіру т.б. Енді соларға қысқаша түрде тоқталып өтейік.

Наши рекомендации