Ылмыстық құқық бұзушылық түсінігі және белгілері

Лекция.

Ылмыстық құқық бұзушылық түсінігі және санаттары

1. Қылмыстық құқық бұзушылық түсінігі және белгілері

2. Қылмыстық құқық бұзушылықтың өзге құқық бұзушылықтардан айырмашылығы.

3. Қылмыстарды топтастыру. Қылмыс санаттары және олардың маңызы.

ылмыстық құқық бұзушылық түсінігі және белгілері

Қылмыстық құқық бұзушылық, онымен тығыз байланысты жаза қоғам тарихының барлық дәуiрлерiнде өзгермелi сипатта болып келген ұғымдар. Қылмыстық құқық бұзушылық – бұл адам iс-әрекетiнiң бiр түрi. Осы тұрғыдан алғанда, қылмыстық құқықта қылмыстық құқық бұзушылық ұғымына екi анықтама беру қалыптасқан.

Қылмыстық құқық бұзушылықтың формальды анықтамасы бойынша, қылмыстық құқық бұзушылық дегенiмiз - қылмыстық заң арқылы жазалау қатерiмен тыйым салынған адамның белгiлi бiр әрекетi. Алайда, мұндай анықтама қылмыстық құқық бұзушылық әрекетінiң мәнiн ашпайды, не үшiн заң шығарушы қандай да бiр әрекеттi жасауға тыйым салады, неге бұл әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылық деп табылады деген сұрақтарға толығымен жауап бермейдi. Сондықтан қылмыстың материалдық анықтамасын енгiзу арқылы осы сұрақтарға жауап беру мүмкiндiгi қарастырылды.

Қылмыстық құқық бұзушылықтың материалдық анықтамасында қылмыстың негiзгi сапасы – оның қоғамға қауiптiлiгiмен анықталады деген тұжырым жасалған. Бұл анықтамаға сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық дегенiмiз - адамның қоғамға қауiптi iс-әрекетi болып табылады. Жасалған әрекетте қоғамға қауiптiлiк белгiсiнiң бар болуы оның белгiлi бiр қоғамдық қатынастарға зиян келтiредi немесе зиян келтiру қаупiн туғызады дегендi бiлдiредi.

Сонымен, формальды және материалды анықтамалар бiрiн-бiрi толықтырып қылмыстық құқық бұзушылық ұғымын бередi. ҚР ҚК 10-бабының 1-ші бөлiгiне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар қоғамға қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай қылмыстаржәне қылмыстық теріс қылықтар болып бөлінеді.

ҚР ҚК 10 бабының 3-ші бөлігінде бекітілген ереже қоғамға зор қауіп төндірмейтін, болмашы зиян келтірген не адамның жеке басына, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қатерін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза көзделген, айыпты жасалған іс-әрекеттің (әрекет не әрекетсіздік) қылмыстық теріс-қылық болып табылатынын көрсетеді.

Аталған баптың 2-ші бөлігінде көрсетілген анықтамаға сәйкес Қылмыстық Кодексте айыппұл салу, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түріндегі жазалау қатерімен тиым салынған айыпты жасалған, қоғамға қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік) қылмысдеп танылады.

Көрсетiлген анықтамадан қылмыс ұғымы өзiне келесi белгiлердi қамтитынын көремiз: қоғамға қауiптiлiк, қылмыстық құқыққа қайшылық, кiнәлiлiк және жазаланушылық. Осы аталған белгiлердiң жиынтығы болғанда ғана iс-әрекет қылмыс деп танылады.

Еліміздің қылмыстық заңнамасында бекітілген қылмыстық теріс қылықтардың қылмысқа қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар екендігін көреміз. Осы айырмашылықтарды қылмыстық құқық бұзушылықтардың белгілерін талдағанда қарастырамыз.

Қылмыстың бiрiншi белгiсi оның қоғамға қауiптiлiгi. Қоғамға қауiптiлiк қылмыстың негiзгi материалдық белгiсi және қандай да бiр әрекеттi қылмыс деп танудың негiзi болып табылады. Әрекеттiң қоғамға қауiптiлiгi ең алдымен заңшығарушының қол сұғылатын негiзгi объектiлердi көрсетуi арқылы анықталады. Алайда, қоғамға қауiптiлiк - өзгермелi категория. Ол бiрнеше жағдайларға: iс-әрекеттiң өзiне (әрекет немесе әрекетсiздiк); қылмыстың жасалу жағдайы, орны, уақыты, тәсiлiне; қылмыскердiң жеке басының ерекшелiктерiне; қылмыстан келген зардаптың мөлшерiне; қылмыстың мақсаты мен мотивiне және т.б. жағдайларға байланысты анықталуы мүмкiн.

Қоғамға қауiптiлiктiң екi сипаты бар:

- сапалық немесе қоғамға қауiптiлiк сипаты;

- сандық немесе қоғамға қауiптiлiк дәрежесi.

Қоғамға қауiптiлiктiң сипаты қылмыстық құқық бұзушылықтардың қандай объектілерге қол сұғатындығымен (адамның өмiрi, меншiгi, денсаулығы, мемлекет қауiпсiздiгi), ал қоғамға қауiптiлiк дәрежесi қол сұғушылықтың ерекшелiгi мен деңгейiне, қылмыстан келген зардаптың ауырлығына байланысты анықталады. Қылмыстың қоғамға қауiптiлiк сипаты мен дәрежесi қылмыстық заңда көрсетiлген санкция бойынша да анықталады.

Жасалған әрекетте қоғамға қауiптiлiк белгiсiнiң болмауы оның қылмыстылығы мен жазаланушылығын жояды. Сондықтан, ҚР Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлігінде көзделген, формальды түрде, қандай да бiр іс-әрекеттiң белгiлерi бар, бірақ маңызы жағынан болмашы болғандықтан, қоғамға қауiп төндірмейтін әрекет немесе әрекетсiздiк қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды (ҚР ҚК 10-шы бабының 4-бөлiгi).

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың екiншi белгiсi - қылмыстық құқыққа қайшылық, яғни, белгiлi бiр әрекетпен қылмыстық норманы бұзу. Құқыққа қайшылық қылмыстық құқық бұзушылықтардың формальды белгiсi.

Қоғамға қауiптi iс-әрекет егер ол қылмыстық заңда тiкелей қарастырылған болса ғана қылмыстық құқық бұзушылықтар болып табылады. Сондықтан әрекеттiң қылмыстық құқық бұзушылық немесе қылмыстық құқық бұзушылық емес екендiгiн шешу кезiнде қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берiлмейдi көрсетiлген (ҚР ҚК 4-ші бабы). ҚР ҚК Ерекше бөлiмiнiң тиiстi баптарында жекелеген қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары үшiн жауаптылық қарастырылған. Қылмыстық құқықта қылмыстық құқық бұзушылықтардың осы нақты құрамдарына қарсы iс-әрекет жасауды қылмыстық құқыққа қайшылық деп атайды. Тиiсiнше, адамның қылмыстық заң тиым салмаған iс-әрекеттердi жасауын қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына жатқызуға болмайды. Тек заңшығарушы ғана белгiлi бiр әрекеттi қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына жатқызуға мүмкiндiк беретiн оның мәндi белгiлерiн анықтайды, сондықтан iс-әрекеттiң қылмыстық құқыққа қайшылығын белгiлеген тиiстi заңның жарияланған уақыттан бастап ондай iс-әрекеттер қылмыстық құқық бұзушылықтар деп танылады.

Қылмыстық құқық бұзушылықтардың келесi белгiсi – кiнәлiлiк. Адамның өзi жасаған әрекетiне немесе әрекетсiздiгiне қатысты психикалық қатынасы болса, оның әрекетi кiнәлi түрде жасалған деп танылады. Бұл психикалық қатынас қасақаналық немесе абайсыздық түрiнде көрiнiс табады. Яғни, белгiлi бiр әрекеттi қылмыстық құқық бұзушылықтар деп тану үшiн онда кiнә орын алуы қажет. Белгiлi бiр психологиялық негiзден айрылған нақты әрекет немесе әрекетсiздiк қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды (мысалы, рефлекторлық қозғалыс, ессiз жағдайдағы iс қимыл немесе гипноз, ұйқыдағы әрекеттер). Сонымен бiрге, сыртқы формальды белгiлерi қылмысты құрайтын тойтарылмайтын күш нәтижесiнде немесе күштеп мәжбүрлеу кезiнде адамның жасаған әрекетi де қылмыс ретiнде саналмайды. Яғни, кiнәсiз қылмыс та, жаза да жоқ деген сөз.

Жазаланушылық - қылмыстың соңғы белгiсiн құрайды, өйткенi қылмыстық заң жазалау қатерiмен қорқытып тиым салған әрекеттi немесе әрекетсiздiктi жасау қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Мұның өзi қылмыстық құқық бұзушылық құрамы туралы сипаттама тек қылмыстық заңда ғана көрсетiлгенiн және осы iс-әрекет үшiн қылмыстық заңның санкциясында жазалау қатерi қарастырылатынын бiлдiредi. Мұндағы жазалау қатерiмен тыйым салу қылмыстық құқық бұзушылықтардың жазаланушылық белгiсi болып табылады.

Наши рекомендации