Азақстандағы ашаршылық, оның демографиялық салдары.

Қазақстандағы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан болған адам шығыны туралы мәселені қазіргі заманғы тарихнама әр түрлі қырынан бағалайды. Қарапайым рәсімге (қазақ халқы санының жүргізілген санақтар арасындағы арифметикалық алшақтықты анықтауға) негізделген зерттеулерде шығын, әдетте, 1 млн адам шегінде аталады. Көрінеу көбейтілген бағалаулар да кездеседі, мысалы, белгілі америкалық маман Марта Олкоттың «Әлеуметтік өткенді бағамдау: Орта Азия қазақтары» атты кітабында екі миллиондық құрбандық туралы айтылады.

Батыстың кеңес кезеңін зерттеушілеріне назар аудара отырып, олардың ізденістері бір жағдайларда ақиқатқа ұмтылысты бейнелесе, екінші бір жағдайларда онда объективтіліктің қарасы да көрінбейді, өйткені барлық назар негізінен «тағы бір ілгешекті айтып қалу» ниетінен туатын қасаң пікірлерге аударылады. Бірақ қалай болғанда да отандық тарихымыздың проблемасын біздің өзімізден артық ешкім шеше алмайды. Сондықтан осы бағыттағы зерделік ізденістерді жеделдететін уақыт келді. Және бұл ретте тарихи демография, оның тиімді танымдық құралдарымен және зерттеудің әмбебаптық әдістерімен қоса, елеулі рөл атқаруы тиіс.

Кейінгі кезге дейін проблеманы талдау үшін бірінші және екінші Бүкілодақтық халық санағы (тиісінше 1926 жылғы 17 желтоқсанда және 1939 жылғы 15 қаңтарда жүргізілді) деректері бірден-бір құжат көзі болып келді. Олардың арасындағы қашықтық толық 12 жыл және бір айды құрайды. Халықтың кемуі нақ осы санақтар аралығындағы кезеңде өтті. Егер адамдардың демографиялық кемуінін шыны 1932—1933 жылдардың қысына тура келетінін ескерсек, тиісінше халық санының ғаламат қысқаруы бірінші санақ өткеннен кейінгі шамамен оның алтыншы жылында және екінші санақтың нақ сондай алдынғы жылында болған. Басқаша айтқанда, қайғылы оқиғаның шыны екі санақтың дәл ортасына келеді, бұл есепті жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді.

1926 жылғы бірінші санақ қорытындысына сәйкес, Қазақ АКСР-і аумағында 3 млн 628 мың тұрғылықты халық мекендеді.[1]. Бірақ 12 жыл өткеннен кейінгі 1939 жылғы санақта халық санының 1 млн 321 мың адамға, яғни жинақтап айтқанда 36,7%-ға азайғаны тіркелген.[2]. Тарихшы-демографтардың айтуы бойынша тіпті осы цифрдың өзі азайтылып көрсетілген, демек ол факторлық талдау аясында елеулі түрде түзетуді қажет етеді деген сөз.[3]. 1930 жылдың ортасына, халықтың сандық құрамы шартты түрде тұрақты болған кезде республика аумағындағы тұрғылықты халықтың саны 4 млн 120 мың адамды құрады.[4].

Осы деректер тұрғысынан есептесек, сол зұлмат жылдарда Қазақстан өзінің тұрғылықты халқының орны толмас көп бөлігінен, атап айтқанда 2 миллионға жуық адамынан айырылған.[5].

Қазақ халық шаруашылығы есеп (Казнархозучет) басқармасы М. Соматовтың жұртқа мәлім мәлімдеме хатында (1937 жылдың 14 қаңтары) Қазақстанның ауыл тұрғындары 1930 жылдың 1 шілдесінен 1933 жылдың 1 маусымы аралығында 3,4 млн адамға кеміп, ал қала тұрғындары 766,8 мың адамға өскен. Мәлімдеме хатта осы екі аралықтағы қайтыс болғандар айырмашылығы (263,3 мың адам) аштық, індет, жер аудару құрбандары көрсетілмейді.[6].

Осыдан келіп тарихшы-демографтар мынадай қорытынды шығарады, демек аштықтың және сонымен байланысты аурулардың салдарынан аталған жылдарда республиканың бүкіл тұрғылықты халқының 1 млн 750 мыны немесе 42%-ы құрбан болды.[7].

Аштық құрбандарының саны туралы мәселе әзірге ашық күйінде қалып отыр деп ойлаймыз. Елеулі түзетуді, шамасы, МКК мен ІІБ, Орталық партия органдарының «К» (құпия) белгісі соғылған, республикалық жэне облыстық мұрағаттарда сақталған мұрағат қоймаларынан айналымға енгізілген материалдардан алуға болатын шығар. Түбегейлі жаңа деректерді «қуғын-сүргін санағы» деген атаумен белгілі 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының материалдарынан алуға болады. Тұп-тура бір-ақ күнде (5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған) жүргізілген ол сталинизм саясаты тудырған орасан зор демографиялық апатты бейнелейді. Іле-шала оны әзірлегендер мен орындағандардың тұтқындалғаны, ал көпшілігінін атылғаны түсінікті (тоталитарлық жүйе куәлерді қалдырудан қорықты). Санақ материалының өзі ұзақ жылдар бойы жойылған деп есептеліп келді. Енді, міне, жуырда ол Халық шаруашылығы Орталық мемлекеттік мұрағаты (ХШОММ) қорынан табылып отыр. Осы материалдардан көрінгендей, 1937 жылғы қаңтарда КСРО-да қазақтардың саны 2 862 458 адамды құраған.[8].

Қазақстанда осы кезде басқа халықтар мен этностардың саны: украиндар - 859,4 мыңнан 658,1 мыңға, өзбектер - 228,2 мыңнан 103,6 мыңға, ұйғырлар — 62,3 мыңнан 36,6 мыңға азайғанын да айтқан жөн. Ауыр тағдырға тап болған осы халықтардың өкілдері үйреніскен жерін тастап, азық-түлікке қатысты қолайлылау аудандарға - Сібірге, Өзбекстанға кетуге мәжбүр болды.

Келтірілген деректерден байқағанымыздай, шаруашылықты өктемдікпен талқандаудың салдарынан туындаған ашаршылық ауқымы жағынан жан шошытарлықтай болды. Малдан жұрдай болған қыр халқы өздеріне тән дәстүрлі тағамдары еттен айырылды. Балықшылық, аңшылық және басқа жиын-терім жағдайды түзей алмады. Егін шықпағандықтан ауылда астық болмады (ал болса, астық дайындау науқаны кезінде сыпырып алды).

Интеллектуальды ұлт - 2020» Президенттік бағдарлама және оның мәні. «Назарбаев - университет» жоғарғы оқу орны базасында инновациялық жобаларды қалыптастыру.

2010 жылы 1 ақпанда Қазақстанда "Интеллектуалды ұлт - 2020" мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты туралы мемлекет басшысы 2008 жылы 30-қаңтарда "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттарына арналған форумда мәлім еткен еді. Оның негізгі мақсаты - қазақстандықтарды жаңа формацияға тәрбиелеу, Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті адам капиталына бай елге айналдыру.

Бұл мемлекеттік бағдарлама үш басым бағыт негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Бірінші басым бағыты – білім беру жүйесінің инновациялық дамуы.

Қазіргі таңда жастар тек білім алып қана қоймай, олардың өздігімен ізденуіне бағыттау қажет. Бүгінгі білім алудағы басты құндылықтар шығармашылық ой, алған білімді қорыта білу, тыңнан шешім қабылдау, технологиялар мен инновациялар болып табылады. Ол үшін жаңа әдістер, оқытудың ұтымды түрлері, ізденімпаз мамандар керек.

Бұл жобаны жүзеге асырудың екінші басым бағыты – ақпараттық революция болуы тиіс. Атап айтқанда, ақпараттық технологиялар паркі базасында жетекші жоғары оқу орындары мен шет елдік беделді мамандарды қатыстыра отырып аймақтық университет ашу.

Жобаның үшінші басым бағыты жастарды рухани құндылықтар негізінде тәрбиелеу ісіне ерекше мән беру. Бұл жерде жаһандану үдерістерін назарға ала отырып, оған қарсы тұрудың бірден бір жолы ретінде жас буынның рухани тәрбиесіне, ұлттық-мәдени құндылықтарымызды нығайтуға көңіл бөлу керек.

«Интеллектуалды ұлт» және «бәсекеге қабілетті ұлт» ұғымдары Қазақстандағы ұлттық модернизацияның басты категорияларына жатады. Ұлттық модернизация – өркениетті әлемдік қауымдастықтың озық талаптарына жауап беретін дамудың сапалық тұрғыдағы жаңа деңгейі.

Ұлттық модернизацияны уақыт талабына сай дамудың үлгісі ретінде қарастыруға болады. Бұл өте нәзік процесс. Өйткені, ол кез келген ұлттың алдына мынандай таңдау қояды - өзіндік ұлттық реңкті жоғалту арқылы немесе өзіндік ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, заман талабына сай даму жолына түсу.

Ұлттық модернизация, яғни бәсекеге қабілетті ұлт пен интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың негіздері Қазақстан егемендігін жариялаған кезеңнен бастау алады. Мысалы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашадағы № 1394 Жарлығымен қазақстандық жастардың шет елдердің жетекші жоғары оқу орындарында жоғары білім алып, алған білімі мен тәжірибесін еліміздің игілігіне пайдалану үшін «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындағаны белгілі. Бұл стипендия бойынша студенттер әлемнің 32 еліндегі 630 жетекші жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды.

Осы кезеңге дейін “Болашақ” стипендиясы арқылы 20 мыңнан астам жас мамандар даярланды. Бүгінгі күні “Болашақ” стипендиясы арқылы білім алған жастар экономиканың, мемлекеттік басқарудың және басқа да салалардың жауапты бөліктерінде еңбек етіп жүр/2/.

Ұлттық модернизацияның нақты жүзеге асырылуы мен ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері Президенттің 2004 жылғы «Бәсекеге қабiлеттi Қазақстан үшiн, Бәсекеге қабiлеттi экономика үшiн, Бәсекеге қабiлеттi халық үшiн» атты Қазақстан халқына жолдауында, 2005 жылғы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Қазақстан халқына жолдауында және 2006 жылғы «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты Қазақстан халқына жолдауында қойылды.

Сонымен, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырудың нақты міндеттері Қазақстан Президентінің 2004 жылғы 19 наурыздағы халыққа жолдауында айқындалды. Жолдауда 2003 жыл индустриалды-инновациялық стратегияны жүзеге асырудың алғашқы жылы болғандығы және 2003 жылы тәуелсіз ел ретіндегі даму кезеңінде алғаш рет өңдеуші, яғни дайын өнім шығаратын өндірістің даму қарқыны өндіруші кәсіпорындарының даму қарқынынан асып түскендігі атап көрсетілді /3/.

Соңғы жылдары Қазақстан халқының өмір сүру деңгейінің тұрақты өсуі мен әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктер Орталық Еуропаның бірқатар елдерінің даму параметерлеріне мейлінше жақындай түсуге мүмкіндік жасады. Дүниежүзілік банктің жіктемесіне сәйкес, біздің еліміз кірісі орта деңгейден жоғары мемлекеттердің тобына енгізілді.

БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰ ДБ) адам дамуы жөніндегі деректеріне қарағанда, 2006 жылы Қазақстандағы адам дамуының индексі (АДИ) 0,774 құраған. 2007 жылы Қазақстан адам дамуы деңгейі бойынша әлемдік рейтингте 117 мемлекеттің ішінде 73 орынды иеленген.

Даму деңгейі бойынша әлемдік көшбасшы елдер қатарында Исландия, Норвегия, Австралия, Канада және Ирландия болды. Бірқатар жылдар бойы даму көрсеткіштері бойынша Норвегия көш басында келген болса, 2007 жылы Исландия алға шықты. Адам дамуының жоғары көрсеткіші бойынша Швеция алтыншы, Швейцария жетінші, Жапония сегізінші, АҚШ 12 орында, Ұлыбритания 16 орында орналасқан. Ал посткеңестік республикалар арасында Украина 76 орында, Армения – 83, Грузия – 96, Әзербайжан – 98, Түркменстан – 109, Молдова – 111, Өзбекстан – 113, Қырғызстан – 116 және Тәжікстан – 122 орында болған.

БҰҰ ДБ болжамдарына қарағанда, Қазақстан адам дамуының жоғары деңгейі тән елдердің қатарына жуық арада енуіне толық мүмкіндігі бар. Бұл егер адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім өсімінің жоғары деңгейі (9% жоғары) сақталған жағдайда мүмкін болады. АДИ көрсеткіші 0,8 болған жағдайда, бұл елдер адам дамуының жоғары деңгейіне ие елдердің тобына жатқызылады. Ішкі жалпы өнімнің жоғары деңгейі бұл көрсеткішті бағындыруға мүмкіндік береді. 2009 жылы АДИ бойынша Қазақстанның көрсеткіші 0,794 құраған.

БҰҰ ДБ адам дамуы жөніндегі 2007-2008 жылдарға арналған баяндамасындағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша ТМД елдері ішінде үшінші орында болды және ол 7857 АҚШ долл. құраған. 5 жастан 24 жас аралығындағы халыққа білім беру көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД елдері ішінде І орынды иеленді. Бұл көрсеткіш бойынша халықтың 93,8 % қамтылған

Елбасы 2011 жылғы Қазақстан халқына жолдауында: «1991 жылдың желтоқсанында, өзі­міз­дің стратегиялық мақсатымыз ретінде орнықтылық пен табысқа жетуді таң­дап ала отырып, біз әр жаңа ке­зең­нің дамуына жаңа бағдарламалар жасап, алға жылжыдық. Біз кеуделі міндеттерге ұмтылып, оларға қол жеткіздік. ...1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын. 2011 жылдың 1 қарашасына қарай бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті. Біз бұл деңгейге тек 2015 жылы ғана жетеміз деп есептеп едік.

Әлемдік тәжірибе тәуелсіздіктің ал­ғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын көрсетеді. Мысалы, егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шаққан­дағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Сингапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада 4 есе өскен» деп, атап көрсетті /5/.

Мемлекетіміз “Қазақстан - 2030” Стратегиялық бағдарламасы негізінде орнықты даму жолын жалғастырып келеді. Сондықтан бүгінгі таңда еліміздің әлемдік қауымдастықтағы, экономикадағы бәсекеге қабілеттілігі, жалпы бүкіл қазақстандықтардың – ғалымдарымыздың, менеджерлеріміздің, кәсіпкерлеріміздің, жұмысшы мамандарымыздың бәсекеге қабілеттілігі күн тәртібіне қойылып отыр.

Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен, білім деңгейімен, интеллектуалдық мүмкіндіктерімен айқындалады. Әлемдік білім кеңістігімен терең интеграциялық үдеріс еліміздің білім беру жүйесін халықаралық стандарттар деңгейіне сәйкестендіру міндетін талап етеді. Сол себепті еліміздің білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайта беру міндеті бірінші кезекке қойылып келеді.

2010 жылы 7 желтоқсанда Қазақстан Президенті “Назарбаев университетінде” оқыған дәрісінде бүгінгі күні біздің еліміз үшін халықаралық деңгейдегі мамандар даярлайтын ғылым мен білім индустриясы қажет екенін мәлімдеді. Сонымен бірге, Президент: «… Бүкіл еліміз бойынша жаратылыстану-математика циклі пәндерін тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған болашақтың 20 Интеллектуалды мектептерін ашу бағдарламасы жүзеге асырылуда. ...ЮНЕСКО мәліметтеріне қарағанда, 2009 жылы Қазақстан білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің 129 мемлекетінің ішінде 1 орын алды» деп, атап көрсетті /6/.

Интеллектуалды ұлт пен бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырудың маңызды міндеттерін жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалар мен ел дамуының стратегиялық жоспары шешуші рөл атқаруы тиіс. Мұндай негізгі бағдарламалық құжаттарға: «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары» (Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 1 ақпандағы №922 Жарлығымен бекітілген), «Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» (Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілген) жатады.

“Қазақстан – 2030” Стратегииялық бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жасалды. Бұл жоспар бойынша келесі онжылдықтағы еліміздің дамуының басым бағыттары мен стратегиялық мақсаттары айқындалды:

1) дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;

2) инфрақұрылымды индустрияландыру мен дамыту арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен эконо­ми­каның тұрақты өсуін қамтамасыз ету;

3) болашаққа салынған инвестициялар – орнықты экономикалық өсуге, қазақстандықтардың өркендеуі мен әлеуметтік әл-ауқатына қол жеткізу үшін адами капи­тал­дың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

4) халықты сапалы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету;

5) ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету /7/.

Ал еліміздің индустриалды-инновациялық дамуына арналған мемлекеттік бағдарламалар ұлттық модернизацияны, яғни ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен интеллектуалдық мүмкіндіктерін жаңа сапалық деңгейге көтеруді қамтамасыз етеді.

Наши рекомендации