Сегізінші бөлім: Хайыз, нифас және истихада

Әйел кісілер үшін бұл мәселелерді білу өте маңызды. Өйткені дәрет, ғұсыл, намаз, Құран оқу, ораза, иътикаф, қажылық, балиғатқа толу, төсек қатынасы, талақ, ъидда және т.б. нәрселердің үкімдері осы мәселелербен тығыз байланыста.

І. Хайыз. (الحيض) -«хайыз» дегеніміз - әйел кісінің жатыранан ай сайын қайталанып бөлінетін қан. Әрайлық қайталанбалы етеккір кезеңі 3-7 күн аралағына созылады. Жатырдың ішкі қабығы (эндометрий) қанмен бірге қынап арқылы сыртқа шығарылады. Етеккірдің құрамын қан, шырыш және организм клеткалары құрайды. Етеккір аяқталған соң аналық безде аналық жасуша (яйцеклетка) пайда болады. Аналық жасуша аналық безден шыққан кезде 48 сағаттың ішінде ұрықтануға дайын болады. Келесі еттеккірдің келуіне екі апта қалғанда овуляция процесі басталады. Бұл процесте аналық жасуша аналық безден шыға сала жатыр түтігінің түктерімен ұсталып, жатырға бағытталады. Жатыр түтігінің бойымен қозғалады. Бұл уақытта жатырдың ішкі қабығы қалыңдап, аналық жасушаны қабылдау үшін жұмсарады. Бұдан кейінгі процесс екі түрлі:

- Егер әйел кісі жұбайымен қатынаста болса, аталық ұрықпен қосылудың нәтижесінде аналық жасуша ұрықтанады және әйел кісі жүкті болады. Бұдан кейін ұрықтанған аналық жасуша жатырдың ішкі қабығына батып, ұрықтың дамуы жалғасады.

- Аталық ұрықпен қосылуға бұйрық болмаса, аналық жасуша ұрықтанбайды. Бұл кезде аналық жасуша жатырдың ішкі қабығымен бірге жиналып, бірнеше күннің ішінде қынап арқылы қан мен шырыш бейнесінде бөлініп шығады.

Айша анамыздан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(إن هذا أمر كتبه اللّه على بنات آدم)

«Расында, Аллаһ бұл нәрсені (етеккірді) Адам қыздарына тән қасиет етіп жазды»[266].

Шариғат бойынша етеккір, біріншіден, дәретсіздік саналады. Екіншіден, нәжіс саналады. Еттеккірдің басталуы қанның қынап сыртына бөлінуімен анықталады.

Етеккір қай жастан бастап келеді және қай жаста тоқтайды?

Қыз баланың шашамен ай есебі бойынша тоғыз жаста балиғатқа толуымен етеккірі келе бастайды. Содан елу, елу бес жасқа дейін жалғасады. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(إذا بلغت امرأة خمسين سنة خرجت من حد الحيض)

«Әйел кісі елу жасқа толғанда етеккір жасынан шығады»[267]. Тағы бір сөзінде: «Елу жастан кейін құрсағына бала бітпейді»-деді[268].

Алайда кейбіреуінің етеккірі аталмыш көрсеткіштерден кеш басталып, кеш аяқталуы да мүмкін. Етеккірі келуімен қыз бала балиғатқа толады және оған бұл уақыттан бастап шариғаттың намаз, ораза, қажылық секілді міндеттері жүктеледі. Сол секілді ұл бала да алғашқы шәуетінің бөлінуімен балиғатқа толады. Етеккірі келмеген қыз және алғашқы шәуеті бөлінбеген ұл он бес жасқа толуларымен балиғатқа толады[269].

Етеккірдің шарттары

1. Екі етеккір арасындағы таза аралықтың ұзақтығы ең азы 15 күн болуы шарт.

2. Етеккірдің келуі ең азы 3 тәулікке созылу шарт. Егер 3 тәуліктен аз келсе, дәрет алып өткізген намаздарын оқиды. Өйткені үш тәуліктен аз келген қан етеккір емес.

Етеккір ұзақтығы

Етеккір ұзақтығы ең азы – 3 тәулік, ең көбі – 10 тәулік. Олай болса, 3 тәулікке жетпей келген қан мен 10 тәуліктен асқан қан етеккір емес, истихада қаны саналады. Әбу Умамадан, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(أقل ما يكون من المحيض للجارية البكر والثيب ثلاث، وأكثر ما يكون المحيض عشرة أيام، فإذا رأت الدم أكثر من عشرة أيام فهي مستحاضة)

«Жас қыз бен жесір әйелдің етеккірі ең азы 3 күн болады. Ал ең көбі 10 күн болады. Етеккір қаны 10 күннен аса келген әйел истихада болады»[270].

Етеккірдің түсі

Етеккір қанының түсі алты түрлі болады. Олар: қара, қызыл, сары, күңгірт, жасыл және сұр. Етеккір күндері осы түстердің кез келгенімен бөлінген қан етеккір қаны саналады. Ең соңында етеккір мөлдір түспен аяқталады. Сахабалардың әйелдері, Аллаһ тағала оларға разы болсын, етеккір көргенде оның мерзімінің тоқтағанын білулері үшін, Айша анамызға, Аллаһ тағала оған разы болсын, қорапқа салынған мақтаның түсін көрсететін. Сол мақталардың бірінде сарғыш түс болса, Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай дейтін:

(لا تعجلْنَ حتى ترين القَصَّة البيضاء)

«Ақшыл (мөлдір) түсті байқағанға шейін (етеккірден шығуға) асықпаңдар»[271].

ІІ. Нифас.(النفاس) -«нифас» сөзі тілдік мағынасы: босану. Ал шариғаттық тұрғыдан нифас дегеніміз - әйел кісінің жатырынан босанған соң бөлінетін қан. Босанған соң әйел кісінің жатыры қысқара бастайды. Сол уақытта жатырда баланың шуы біткен жердегі ірі қан тамырларының жабылу процесі ұзаққа созылады. Алғашқы 2-3 күн бойы қан едәуір көп бөлінеді. Кейін бірте-бірте азая береді. Бұл күндері қанның түсі қызыл қоңыр болады, ал 10-14 күн өткенде сарғыш түске айналады. Қанның бөлінуі, әсіресе, бала емізген кездерде көп болады.

Нәрестенің табиғи жолмен тууы анаға да, балаға да қауіп төндіретін болғандықтан, нәресте анасының іші жарылып алынғанда мүшеден қан келсе, нифас үкімі жүреді. Қан келмесе, нифас үкімі жүрмейді.

Нифастың ұзақтығы ғалымдардың көзқарасында 40 тәулікке созылады. Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтады:

(كانت النفساء تجلس على عهد رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم أربعون يوماً)

«Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) заманында жас босанған әйелдер нифастың тоқтауын 40 күн күтетін»[272].

Анас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم وقّت للنفساء أربعين يوماً إلا أن ترى الطهر قبل ذلك)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жас босанған әйелдерге (тазару үшін) 40 күн күтулерін бұйырған еді. Алайда кім одан бұрын тазарып қойса, нифастан тазарған болады»[273]. 40 күннен асқан қан - истихада қаны.

Түсік тастаған әйел нифас күйінде бола ма? Бұның жауабы: ұрық 40 күндей тамшы қалпында, кейін 40 күндей ұйыған қан қалпында, кейін 40 күндей кесек ет қалпында болады. Кесек еттің жасы 81-120 күн аралығында болады. Осы аралықта ұрықтың бейнесі жетіледі. Түсік бейнесі жетілмей немесе одан да ертерек уақытта түскендегі бөлінген қан нифас емес, хайыз болады. Ал жетіліп қалған бейнеде түссе, нифас болады.

ІІІ. Таза аралық. Таза аралық дегеніміз - екі етеккір арасындағы, немесе етеккір мен нифас арасындағы қан келмейтін аралық. Ұзақтығына келетін болсақ, екі етеккір арасындағы, немесе етеккір мен нифас арасындағы таза аралықтың ұзақтығы аз дегенде 15 күн болады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам)былай деді:

(أقل الحيض ثلاثة أيام، وأكثره عشرة، وأقل ما بين الحيضتين خمسة عشر يوماً)

«Етеккірдің ең аз мерзімі -3 күн, ең көп мерзімі – 10 күн. Екі етеккір арасындағы таза аралықтың ең азы - 15 күн». Етеккірдің ұзақтығы 10 күннен асса, асқан күндерде бөлінетін қан етеккір емес, истихада қаны саналады. Етеккір қаны истихада қанымен салыстырғанда, түсімен және жаман исімен ерекшеленеді. Егер етеккірдің ең көп мерзімі 15 күн болса, таза аралықтың ең аз мерзімі де 15 күн болады. Таза аралықтың ең ұзақ мерзімі белгілі бір уақытпен шектелмейді. Ол бір не екі жылға да созылуы мүмкін. Кейбір әйелде мүлдем етеккір болмайды, ал кейбірі жылына бір-ақ рет көреді. Етеккір қаны күнде емес, күн ара бөлінетін болса, әдеттегі күні толғанша, бәрібір, етеккір саналады. Күн ара келген қанның аралығындағы тазалық таза аралыққа жатпай, етеккір күндерінің бірі саналады. Етеккірдің ең ұзақ мерзімі әйелдердің етеккірге қатысты өзгешеліктеріне сай өзгеше болады:

- Етеккірі енді басталған жас қыз. Етеккірін он күн күтеді. Одан асқанын истихада санайды. Қайсыбір қыздың алғашқы етеккірі бір күн келіп, сосын он төрт күн бойы таза болса, кейін қаны тағы бір күн келсе, бұл күндердің алғашқы оны етеккір саналады.

- Етеккірі үнемі келіп жүрген әйел. Әдеттегі күндеріне үш күн қосып күтеді. Етеккірі әдеттегі басталатын күнінен бұрын басталып, бір күн келсе, сосын он күн бойы қан келмей, кейін тағы бір күн қан келсе, қан келмеген он күні етеккір саналады, егер әдеті он күн болса. Ал әдеті басқаша болса, есеп әдеттегі күніне негізделеді.

- Таза аралығы мен етеккір күндері араласып келетін әйел. Бұның нәтижесінде таза аралығы он бес күнге толмайды. Ол етеккірін он бес күн күтеді. Бұл он бес күн араларындағы таза күндердің «таза үкімі» жойылып, етеккірге есептеледі. Он бес күннен асқаны истихада және таза аралық саналады.

Наши рекомендации