Мемлекет теориясының объектісі, пәні және әдістемесі
Мемлекет және құқық теориясы – мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың пайда болуы, дамуы, қызмет етуі және мәні туралы, мемлекет және құқықтың жалпы заңдылықтары туралы білімдер жүйесі.Мемлекет және құқық теориясы – құқықтық жүйеге және мемлекеттің құрылысына тікелей әсер беретін, мемлекет және құқық туралы ілімдердің барлық саласында медотодологиялық (әдістемелік) маңызға ие фундаменталдық (базалық) ғылым.
Мемлекет және құқық теориясының пәні ретінде келесілерді атауға болады:
Мемлекет және құқықтың пайда болуының, дамуының және қызмет етуінің жалпы заңдылықтары.
Мемлекет пен құқықтың әрекет етуінің мазмұны, түрлері, нысандары, қызметтері, құрылымы және механизмі, құқықтық жүйесі.
Барлық заң ғылымдары үшін ортақ болатын негізгі мемлекеттік-құқықтық ұғымдар.
Мемлекет пен құқықтың басқа да әлеуметтік құбылыстар мен үрдістермен құрамалас байланысының даму заңдылықтары.
Мемлекет және құқық теориясы – бұл мемлекет пен құқықтың пайда болуы, дамуы және қызмет етуі туралы жалпы және өзіне тән заңдылықтарының туралы ғылым. Пәннің ерекшелігін есепке алғанда – бұл ғылым қоғамдық болып табылады, өйткені ол қоғамдық өмірдің белгілі бір саласы – мемлекет пен құқықты зерттейді.
Бұл жалпы, құқықтық ғылым. Ол барлық құқықытық пәндерге ортақ проблемаларды зерттеумен айналысады.
Әдістеме (методология) дегеніміз – обьективтік нақтылықты бейнелейтін, нақты білім алу үшін ғылымда қолданылатын тәсілдер, ережелер және қағидалар жиынтығы. Мемлекет және құқық теориясы қолданатын әдістерді келесі топтарға бөлуге болады: философиялық (жалпы), жалпы ғылыми және жеке ғылыми (арнайы)
Жалпы әдістер – бұл ойлаудың әмбебап қағидаларын білдіретін философиялық, дүниетанымдық көзқарастар. Жалпының ортасынан метофизиканы (мемлекет пен құқықты бір бірімен және өзге де қоғамдық құбылыстармен байланыссыз, мәңгілік және өзгермейтін институт ретінде қарастырады) және диалектиканы (материалдық және идеалистикалық; соңғы аталғаны өз ретінде объективтік не субъективтік идеализм ретінде болуы мүмкін) бөліп көрсетеді. Осылайша, мемлекет пен құқықтың пайда болуы мен бар екендігі фактісін объективті идеализм құдай күшімен не объективтік ақыл-еспен байланыстырады; субъективтік идеализм адамның ой-өрісімен, адамдардың ерік-жігерінің келісуімен (келісім-шартпен), материалдық диалектика болса қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен (жеке меншіктің пайда болуымен және қоғамды антагоникалық класстарға бөлумен) байланыстырады. Материалдық диалектика тұрғысынан алғанда қандай да болсын құбылыс (соның ішінде мемлекет пен құқық) нақты бір тарихи жағдайда және өзге де құбылыстармен өзара байланыста қарастырылады. ХХ ғасырда объективтік-идеалистік, субъективтік-идеалистік тұрғысынан мемлекет және құқықты түсіндіретін бағыттар пайда болды. Олардың қатарына прагмативизмді, интуитивизмді және аксиологияны жатқызуға болады.
Жалпы ғылымдық әдістер – бұл жалпы әдістерден өзге, жалпы ғылыми танымды қамтымайтын, тек оның жекелеген кезеңдерінде қолданылатын әдістер. Жалпы ғылымдық әдістердің қатарына талдауды (анализді), сомдауды (синтезді), жүйелік және функционалдық көзқарастарды, әлеуметтік тәжірибелік әдістерін жатқызады. Талдау (анализ, грек тілінде «analysis - ыдырату») – бұл күрделі мемлекеттік-құқықтық құбылысты жекелеген бөліктерге шартты түрде бөлу. Осылайша, мемлекет пен құқықтың көптеген категориялары олардың мазмұндық белгілерін, өзіндік қасиеттерін ашу жолымен қалыптасады.
Сомдау (синтез, грек тілінде «synthesis -біріктіру» ), керісінше, құбылысты, оны құраушы бөліктерді шартты түрде біріктіру жолымен игеруді білдіреді. Талдау мен сомдау, әрине, біріккен күйінде қолданылады.
Индукция (латын тілінде induction – деректерден кейбір гипотезаларға пайым жасау, яғни жалпы қорытындыға келу) – бұл логикалық амалдың бірі, яғни бастапқы кезде жеке (алғашқы) немесе мемлекет және құқықтың белгілі қасиеттерін тану негізінде, кейіннен жалпы байлам жасайды. Жекеден жалпыға келетін логикалық амал.
Дедукция (латын тілінде deductio – шығару немесе алып шығару) – пайым шынжыры (ақылға салу), байланыс қатынастары арқылы логикалық ойлап белгілі бір түйінге келу. Жалпы білімнен жеке түйінге келеді.
Жүйелік көзқарас объектінің тұтастығын ашуға, ондағы байланыстардың көптүрлілігін анықтауға бағытталған. Бұл әдіс жүйелік құрылыс ретінде мемлекеттік аппаратты, саяси және құқықтық жүйені, құқықтың нормаларын, құқықтық қатынастарды, құқықбұзушылықты, құқықтық тәртіпті және т.б. қарастыруға мүмкіндік береді.
Функционалды көзқарас бір әлеуметтік құбылыстардың басқаларына әсер ету нысандарын анықтауға бағыттайды. Бұл әдіс мемлекеттің және оның жеке органдарының функцияларын, құқық пен оның нормаларының функцияларын, құқықтық сананың, заңдық жауаптылықтың, құқықтық жеңілдіктер мен көтермелеудің және құқықтық ынталар мен шектеулердің функцияларын және т.б. білуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік тәжірибелік әдісі құқықтық реттеудің қате нұсқаларынан келетін зардаптардың алдын алу мақсатымен қандай да бір шешімнің жобасын тексерумен байланысты.
Жеке ғылыми әдістер – бұл мемлекет және құқық теориясын игерудің салдары болып табылатын нақты (жеке) техникалық, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың ғылыми жетістіктерінің тәсілдері. Оларға нақты-әлеуметтік, статистикалық, кибернетикалық, математикалық әдістерді және т.б. жатқызылады.
Нақты-әлеуметтік әдіс сауалнамалық, сұхбаттасу, бақылау және өзге де тәсілдерінің көмегімен мемлекеттік-құқықтық саладағы субъектілердің фактілік жүріс-тұрысы жайлы мәлімет\терді алуға мүмкіндік береді.
Стастикалық әдіс – заңды құбылыстардың санды деректеріне, фактілеріне сүйене отырып зерттеу жүргізу. Статистикалық әдіс жиі қайталанатын құқықбұзушылық, заңдық тәжірибе, мемлекеттік органдардың қызметтері және т.б. секілді қандай да бір мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың көлемдік көрсеткіштерін алуға мүмкіндік береді.
Жүйелік әдіс – қоғамдағы мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды жүйеге, салаға топтастырып зерттеу. Жүйелік әдісті қолдану арқылы мемлекеттің, құқықтың құрылымдық элементтерінің арасындағы қарама-қайшылықты анықтауға болады.
Функциональдық әдіс– қоғамдағы заңды құбылыстардың әлеуметтік бағытына, маңызына, қызметіне қарай жіктеп зерттеу жүргізу. Мысалы, мемекеттің атқаратын қызметін бағытына қарай бөлу.
Әлеуметтік әдіс – жүйелік, функциональдық, стастикалық әдістер арқылы жүргізілген зерттеулердің қорытынды нәтижелерін біріктіріп зерттеуді жалғастыру
Жеке ғылыми әдістердің ішінен толықтай заңдық болып табылатын екі әдісті: формальді-заңдық және салыстырмалы-құқықтық деп бөліп көрсету қажет.
Формалды – заңдық әдіс заңдық тшүсініктерді анытауға, олардың қасиеттерін ажыратуға, жіктеу жүргізуге, құқықтық нұсқауларды (мысалға, «мәнді зардап» «заңды тұлға», «кінәні жеңілдететін мән-жайлар» секілді арнаулы заң терминдері) түсіндіруге мүмкіндік береді.
Салыстырмалы-құқықтық әдіс – бірнеше мемлекеттерді құқықтарды салыстырмалы зерттеу және олардың тарихи даму үрдістерінде теңестірмелі әдіспен зерттеу жүргізу. Салыстырмалы-құқықтық әдіс олардың жалпы және ерекше қасиеттерін табу мақсатымен, әртүрлі құқықтық жүйелерді не олардың жекелеген элементтерін – заңдарды, заңдық тәжірибені және т.б. салыстыруға мүмкіндік береді. Мысалға, Ресей мен Германияның құқықтық жүйелерін салыстыра отырып, біз олардың арасында ұқсастық барын көреміз, бірақ, сонымен қатар, оларға тарихи түрде тән нақты бір айырмашылықтар да бар.