Н.В.Беклемишов бойынша биоценоздағы организмдердің қарым қатынас типтерін көрсетіңіз.Мысал келтіріңіз.
Биоценоздағы түрішілік және түраралық қатынастарды орыс зоологы В. Н. Беклемишев 4 типке: трофикалық (қоректік), топикалық, форикалық және фабрикалық деп бөлді.
Трофикалық (қоректік) байланыстар – бір түр басқа тірі особьтармен, өлекселермен немесе олардың соңғы өнімдерімен (экскременттерімен) қоректену. Ұшып жүрген насекомдармен қоректенетін құстар, көңмен қоректенетін қоңыздар, өсімдіктер шірнесін (нектар) жинайтын аралар өздеріне қорек болатын түрлермен тікелей байланысқа түседі. Қорегі үшін екі түр бәсекеге түскенде олардың арасында жанама қоректік байланыстар пайда болады. Өйткені біреуінің тіршілігі екіншісінің қорекпен қамтамасыз етілуіне әсер етеді.
Бір түрдің тіршілігі әсерінен тіршілік ортасының физикалық немесе химиялық өзгеруін топикалық байланыстар деп аталады. Бұл байланыстар алуан түрлі болады. Бір түрдің екінші түрді тіршілік ортасымен қамтамасыз етуі (мысалы, ішкі паразитизм, жануарлар ініндегі комменсализм) - басқа түрлер қоныстанатын немесе басқа түрлер қоныстанудан қашатын субстрат құруы, қоршаған кеңістіктегі жарыққа, ортаның бөлінген соңғы өнімдермен қанығуына, судың, ауаның, температураның өзгеруіне әсері. Киттер терісіне қоныстанып тіршілік ететін теңіз организмдері (кейбір шаян түрлері), сиыр көңіндегі шыбын личинкалары, ағаш діңгегіндегі қыналар өздеріне тіршілік ортасы немесе субстрат болып табылатын организмдермен тікелей топикалық байланысқа түседі.
Топикалық байланыстар негізінде биоценозда консорциялар (тіркесім) – қандай да бір түрдің (консорцияның орталық мүшесінің) денесінде (ішінде, сыртында) қоныстанатын әртүрлі организмдер топтары түзіледі. Көп жағдайда бір консорцияның мүшелері алуантүрлі трофикалық қатынастармен байланысты. Консорциялар орта түзе алатын әсері бар кез келген түрдің айналасында түзіле береді. В. Н. Беклемишев аңғарғандай, «микоризалық саңырауқұлақтары, діңдері мен бұтақтарында эпифитті мүктері және қыналары бар қарағай – ондағы қоныстанған көптеген буынаяқтыларымен бірге күрделі консорция, бұл - күрделі әлем». Тоқалтіс (полевка) ішкі мүшелеріндегі бактерияларымен, қарапайымдыларымен, гельминттерімен, эктопаразиттерімен де консорция түзеді.
Жекелеген консорциялардың күрделілігі әртүрлі деңгейде болуы мүмкін. Консортивті байланыс сандары көп түрлерге биоценоздың ішкі ортасын түзетін өсімдіктер жатады. Әрбір ірі консорцияның мүшесі өз кезегінде одан кіші консорцияның орталығы бола алатындықтан, бірінші, екінші, тіпті үшінші қатардағы консорциялар болуы мүмкін.
Топикалық немесе трофикалық (қоректік) байланыстар организмдер тіршілігінде үлкен рөл атқарып, биоценоз тіршілігінің негізін құрайды. Әр түрге жататын организмдердің бір-бірінің жанында болуын осы типтегі байланыстар қамтамасыз етеді.
Сонымен, биоценоз – түрлер арасындағы тығыз трофикалық және топикалық қатынастар негізінде түзілетін бір-бірімен байланысқан консорциялар жүйесі.
Бір түрдің басқа түр арқылы таралуы форикалық байланыстар болып табылады. Әдетте таратушылар рөлін жануарлар атқарады. Жануарлар арқылы өсімдіктер тозаңдарының, спораларының, тұқымдарының таралуын зоохория, ал майда насекомдардың таралуын форезия деп атайды. Тасымалдау арнайы және әртүрлі құралдар арқылы іске асады. Жануарлар өсімдіктер тұқымын 2 түрлі жолмен: пассивті және белсенді (активті) таратады. Жануар денесінің өсімдікке абайсызда, кездейсоқ жанасуы нәтижесінде тұқымның арнайы өсінділерімен, ілмектерімен, қармақшалармен жабысып таралуын пассивті таралу дейді (түйежапырақ, итошаған). Әдетте мұндай тұқымдар жануарлар терісіне, жүніне жабысып тарайды
Жануарлардың, құстардың жемістер мен жидектерді жеп, қорытылмай қалған тұқымдарының соңғы өнімдерімен (экскремент) сыртқа бөлініп таралуын – белсенді (активті) таралу дейді. Саңырауқұлақ спораларын таратуда насекомдар үлкен рөл атқарады. Соған қарағанда, саңырауқұлақтардың жемісті денесі таратушы-насекомдарды еліктірсе керек.
Жануарлардағы форезия негізінен әртүрлі кенелер арасында кең тараған. Форезия арқылы насекомдармен бірге кейбір нематодтар да тарайды. Көң шыбындарының аяқтары көбіне щетка тәрізді болуы нематодтардың жабысып таралуына байланысты. Ірі жануарлар арасында форезия кездесе бермейді.
Организмнің өз інін, ұясын саларда басқа түрлердің өлі қалдықтарын пайдалануын фабрикалық байланыстар деп атайды. Мысалы, құстар өз ұяларын салу кезінде ағаш бұтақтарын, жануарлар жүндерін, түбіт, қауырсын, шөп, жапырақ және т.б. қалдықтарды пайдаланады (39-сурет).
Түраралық қатынастардың күрделі болуына байланысты әрбір нақты түр өзіне қолайлы орта жағдайлары бар жерлерде бола беруі мүмкін емес. Осыған байланысты түрдің таралуының физиологиялық және синэкологиялық оптимумдарын ажыратады. Физиологиялық оптимум – бұл түрдің қарқынды көбеюі мен өсуіне ыңғайлы барлық абиотикалық факторлар жиынтығы.