Тақырып. Атмосфералық ауаны құқықтық қорғау.
Жоспар:
1.Атмосфералық ауаны құқықтық қорғаудың түсінігі және жалпы сипаттамасы.
2.Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы мемлекеттік басқару.
3.Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы бақылау.
4.Атмосфералық ауаға зиянды әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын талаптар.
Негізгі ұғымдар:атмосфера, атмосфералық ауаны құқықтық қорғау, экологиялық нормалау.
Атмосфералық ауа айналадағы табиғи ортаның өмірге маңызы негізгі элементінің бірі болып табылады. Атмосфера ауасы бірнеше газ заттардың жиынтығынан тұрады. Ол ғарыш кеңістігі әлемімен, әлемдік мұхитпен, жермен, өсімдіктермен үздіксіз араласып жатқан тіршілік тынысы.
Атмосфералық ауа дегеніміз – қоршаған ортаның атмосфера газдарының табиғиғ қоспасы болып табылатын компонентін айтамыз.
Қазақстан Республикасының атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасынының экологиялық кодесімен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Қазақстан Республикасы атмосфералық ауаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа атмосфералық ауаны қорғау саласында Қазақстан республикасы бекіткен халықаралық шарттарда белгіленген принциптерге сәйкес жүзеге асырады.
Атмосфералық ауаны қорғау мынадай принциптерде жүзеге асырылады:
1. Адамдардың, қазіргі және болашақ ұрпақтардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басымдығы;
2. Атмосфералық ауаны ластаудың қоршаған орта үшін орны толмас зардаптарына жол бермеу;
3. Атмосфералық ауаға зиянды (ластаушы) заттардың шығарылуы және оған зиянды физикалық әсер етуді мемлекеттік реттеу;
4. Атмосфералық ауаның жай-күйі, оның ластануы туралы ақпараттың жариялылығы, толымдылығы және анықтығы;
5. Атмосфералық ауаны қорғауға және жалпы қоршаған ортаны қорғауға көзқарастың ғылыми негізділігі, жүйелілігі және кешенділігі принциптерін сақтау негізінде жүзеге асырылады.
Шаруашылық және өзге де қызмет түрлері атмосфералық ауаның ахуалына едәуір әсер ете алатындықтан ҚР Экологиялық кодексінде шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын, ұстанбаған жағдайда атмосфералық ауаға зиянды әсер ететін негізгі экологиялық талаптарға тоқталайық.
Яғни, кәсіпорындарды, ғимараттар мен құрылыстарды, өнеркәсіп объектілерін жобалау кезінде-ақ:
- қоршаған орта сапа нормативтерінің сақталуы;
- қауіпті қалдықтардың залалсыздандырылуы және кәдеге жаратылуы;
- қалдығы аз және қалдықсыз технологиялардың пайдаланылуы;
- қоршаған ортаны ластаудың алдын алудың тиімді шараларының қолданылуы көзделуі тиіс.
Атмосфералық ауаны қорғау мақсатында қауіпті қалдықтарды, шығарындыларды, төгінділерді залалсыздандыру және кәдеге жарату жөніндегі қоршаған ортаны қорғау нормативтерін қамтамасыз ететін жабдықтарды орнатпай кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді пайдалануға беруге тыйым салынады.
Экологиялық талаптардың, нормалардың, нұсқаулықтар мен ережелердің бұзылуын немесе адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін қатерді, сондай-ақ қоршаған ортанын ластану мүмкіндігін анықтаған жұмысшы туындаған жағдайды жою немесе оқшаулау жөніндегі шамасы жететін барлық әрекеттерді дереу қабылдауға және ол туралы диспетчерге немесе басшылыққа хабарлауға міндетті.
Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға ластаушы заттар шығарылған авариялар туралы ол анықталған кезден бастап екі сағат ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
Кәсіпорындар, құрылыстар және өзге де объектілер орналастырылатын жерді айқындау қоршаған ортаны қорғаудың шарттары мен ережелері сақтала отырып, аталған объектілер қызметінің экологиялық салдарлары ескеріліп жүргізіледі.
Кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді орналастыру кезінде күзет, санитарлық - қорғау және басқа да қорғау аймақтары белгіленеді.
Кәсіпорындардьі, құрылыстарды және өзге де объектілерді салу және реконструкциялау мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болғанда және қоршаған орта сапасының нормативтеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бекітілген жобаны немесе жұмыс қүнің қоршаған ортаны қорғауға залал келтіре отырып, өзгертуге жол берілмейді.