Дайлық игіліктерге ие болудың жолдары
1. Құдаймен серіктес болып, қандай да бір істі бастаудан бұрын Құдайдың еркін біліп алу ерекше маңызды.
Ол үшін: «О, Тәңір Ием! Осы бастайын деп тұрған ісіміз жайында Сенің еркіңді білгім келеді. Ал маған не істеуді бұйырасың?» - деп сұрап, Құдайдың еркін біліп алуға тиіспіз.
«Өйткені, сендерге болашақ пен үміт сыйлау
үшін, дейді Жаратушы, зұлымдық емес, игі
ниетімнің сендер жөніндегі ізгі ниетімнің
қандай екенін Өзім ғана білемін».
Иер 29:11.
Әрқайсысымызға жеке арналған Жаратушы Иеміздің ізгі ниеті бар. Тәңіріміздің сол ізгі ниетін біліп алмай, ешқандай істі бастауға болмайды.
«Егер Тәңір үйдің құрылысын жарылқамаса, құрылысшылардың еңбегі түгелдей зая». Заб 126:1.
Егер біз Құдайдың еркін біліп, Құдайдың ақ батасын, жарылқауын алып бастамасақ, онда істеген ісіміз түгелдей зая болып, бос әурешілікке душар боламыз.
«Жаратушыдан қорқатын адам кім болды екен? Ол саған қандай жолды таңдап алуды көрсетіп береді?». Заб 24:12.
Егер сіз Құдайдың еркін біліп, істі бастасаңыз, ол іспен айналысқанда қашан да қуанып жүресіз. Өйткені, Құдай Иеміз Өзінің еркіне сай жұмыс берсе, қуанышты қоса береді. (Ғал 5:22.)
Қуаныш – бұл өте зор энергия. Оның бастауы – Құдайда. Құдаймен бірге қуанып жүріп еңбектенсеңіз, қажымай-талмай табысқа ие боласыз.
2. Істі бастаудан бұрын біліп-білмей істеген күнәларымызға Иса Мәсіхтен кешірім сұрап, сосын былай дұға жасаңыз: «О, Көктегі Әкеміз! Сенен Иса Мәсіхтің атынан сұрап тұрмын. Осы бастайын деп тұрған істе табысты болуым үшін және Өзің берген молшылықты дұрыс пайдаланып, дұрыс жұмсауым үшін маған Өзіңнің Құдайлық даналығыңды берші!
Иса Мәсіхтің атынан сұраған осы тілегімді бергенің үшін Әке Саған шексіз алғыс!
Иса Мәсіхтің атынан дұға еттім. Аумин!
3. «Ал сендер мінәжат еткенде өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сыйыныңдар! Сонда құпия істердің
бәрін көретін Әкелерің сендерге сый бермек».
Мт 6:6.
Қалайда уақыт тауып, өзіңіздің жеке бөлмеңізге кіріп, Құдай Әкеңізге дұға жасап, Құдай Әкеңізбен сырласып, өзіңіздің өміріңіз, іс-әрекеттеріңізге, адамдармен қарым-қатынасыңызға, дүниеге көзқарасыңыз жайында ой-толғау жасаңыз. Құдай Иемізге ұнамайтын қасиеттеріңізден неғұрлым ертерек арылуға Өзің көмектес деп Киелі Рухқа өтініш жасаңыз.
Егер санаңызда «лезде» байып кету ниеті болса, ол ниеттен бас тартыңыз. Себебі,
«Кішкене істе сенімді болған - үлкен істе де сенімді, ал кішкене істе сенімсіз болған - үлкен істе де сенімсіз». Лк 16:10.
Құдай сізге азғантайдан беріп, сынап көреді. Егер де сіз сол азғана бергенін дұрыс меңгеріп, дұрыс жұмсай білсеңіз, келесіде беретінін молайта түседі.
Адал еңбек етуші адамның лезде байып кетуі еш уақытта да мүмкін емес. Адал еңбек етуші адам бірте-бірте молшылыққа жетеді. Және ол молшылық берекелі болады.
«Әбігерлікпен келген байлық тез ортаяды, ал еңбектеніп жинай білгеннің дәулеті еселеп арта түседі». Нақыл 13:11.
Адал және ұқыпты еңбек етушінің табысы қашанда арта түседі. Байлықты тек қана еңбекпен арттыруға болады.
Айталық, әкемізден мол байлық мұраға қалған болсын делік. Сол мұраны біз ынтамен еңбек етіп, даналықпен жұмсамасақ, ол байлықты ұстап тұра алмаймыз.
Бір дәулетті кісі қайтыс болып, перзенттеріне мол дүние қалдырды. Перзенттері ішіп, жаман жолға түсіп, әкесінен қалған дүниені ысырап етіп, біршама уақыт өткенде кедейшілік деңгейіне дейін төмендеп, туысқандарынан көмек сұрайтын халге жетті. Өйткені, ол кісінің перзенттері еңбек еткісі келмеді. Осылай мұраға ие болып «лезде» байыған жігіттер «лезде» кедей адамдарға айналды.
Запорожье қаласында тұратын бір жігітке Америкада қайтыс болған туысынан бір миллион жүз жиырма жеті мың доллар ақша, бір жүк машинасы, бір жеңіл машина, бір трактор келіп түсті. Әлгі жігіт технологиялық институттың үшінші курсында оқитын. «Лезде» байыған жігіт оқуын тастап, ақшасын қалай болса солай жұмсап, көп ұзамай маскүнемге айналып, бомж болып кетті.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бір таныс жігіт жылдам байи бастады. Керемет жақсы киімдер киіп, жақсы машина мініп, шалқып өмір сүре бастады. Бір рет әңгімелесіп отырып, оның қылмыстық іспен айналысып, сол арқылы байи бастағанын білдім.
Одан: Қарағым, сен қандай жолмен кетіп бара жатырсың, қайда барасың? - деп сұрадым. Ол тосылып қалды.
Сонда оған: Сен кетіп бара жатқан жол ирелеңдеп барып түрмеге кіріп кетеді. Сен, қарағым, бұл кәсіпті қой, адал еңбек етіп өмір сүруге әрекет жаса, - дедім. Ол маған күле қарап: Біздің ісіміз дұрыс жолға қойылған, мүлтіксіз, бізге келетін ешбір қауіп-қатер жоқ, - деді.
Сол топ көп ұзамай қолға түсіп, әлгі жігіттің жиған-тергені әп-сәтте жоққа айналды.
Өмірде осы сияқты мысалдар өте көп кездеседі және барлығы да осы сияқты сәтсіз аяқталып жатады. Сондықтан, адал еңбек етіп Құдаймен бірге жинап, Құдаймен бірге жұмсаңыз.
4. Көптеген адамдарға қандай да бір іспен айналыс десең, барлық іспен бизнесмендер айналысып, маңыздысының бәрін алып қойған деп кертартпалық, сенімсіздік, қорқақтық жасайды.
«Өйткені, Құдай бізге қорқыныш рухын емес, күш, сүйіспеншілік және ұстамдылықты дарытатын Киелі Рухын сыйлады». 2 Тим 1:7.
«Қорғаушың – Жаратқан Ие, Қасыңда саяң боп жүреді.
Күндіз күннің, түнде айдың Жоймасын деп сәулелері». Заб 120:5.6.
«Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!». Аумин. Мт 28:20.
«Бұл жайында не дейміз? Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?!».
Рим 8:31.
«Құдай: Мен сенен бас тартпаймын, ешқашан жалғыз қалдырмаймын» деген ғой. Сондықтан да біз: «Жаратқан Ие, менің Қолдаушым!
Мен ештеңеден қорықпаймын. Адамдар маған не істей алады?».
Евр 13:5, 6.
Тәңір Иеміздің бізге беріп тұрған осы сыйлары мен уәделері біздің сауытымыз, қалқанымыз, дулығамыз және рухани семсеріміз болуға тиіс.
Еф 6:14-16.
«Сондықтан Құдай берген «рухани қару-жарақтың» бәрін асыныңдар. Сөйтіп, зұлым күштер шабуыл жасаған күні қарсы тұрып, ақырына дейін күресіп, жеңіп шыға аласыңдар». Еф 6:13.
Материалдық дүниеде бардың бәрінің негізі немесе бастауы - рухани дүниеде екенін біз білеміз.
Рухани дүниеде зұлым күштердің жасаған шабуылдарына қарсы тұрып, күресіп, жеңіп шықсақ, материалдық дүниеде де жеңіске жетеміз. Яғни, ауру-сырқаусыз, проблемасыз, молшылықта өмір сүретін боламыз.
Біздің санамызға қорқақтықты, сенімсіздікті, кертартпалықты салып тұрған шайтан. Олай болса, мандаттарыңызды көрсетіп, қарсы тұрыңыз.
Ал «барлық іспен бизнесмендер айналысып, маңыздысын алып қойған» деген мәселеге келетін болсақ:
«Өйткені сендерге болашақ пен үміт сыйлау үшін, - дейді Жаратушы, зұлымдық емес, игі ниетімнің, сендер жөніндегі ізгі ниетімнің қандай екенін Өзім ғана білемін». Иер 29:11.
Сіз маңыздысын алып қойды деп жүрген бизнесменіңіз ол өзіне Құдайдың нәсіп еткенін ғана алды. Құдайдың сізге деп арнаған нәсібін ешкім еш уақытта да ала алмайды. Өйткені, ол несібе сізге арналған. Егер сіз қорқақтық,сенімсіздік, кертартпалық жасап, өзіңізге тиістіні ала алмасаңыз, онда ол «сізге тиесілі нәрсе» Құдайдың Өзінде қалып қояды.
Сондықтан, сіз өзіңізге тиесілі нәрселеріңізді Киелі Рухтың көмегімен толық алуға батыл ұмтылыңыз.
Өзіңізге тиесіліні алуға ұмтылғанда жанқиярлықпен, қайсарлықпен күресіңіз! Өйткені, Құдай сізбен бірге. Рухани күресте табанды болыңыз. Себебі, Ол сіздің серіктесіңіз! Қажырлылық көрсетіңіз! Өйткені, Құдай сіздің жақтасыңыз! Ешкімнен де, ешнәрседен де қорықпаңыз. Өйткені, Ол сіз үшін шайқасады.
5. Құдай өзіңізге ашқан іспен айналысудан бұрын сол іс жөнінде неғұрлым көбірек білу үшін ізденіп, зерттеп, көбірек мағлұмат жинаңыз.
Бүкіл адамзат тарихында ашылған ғылыми-техникалық жаңалықтардың бәрін ғалымдар өздерінің даналығымен ашқан емес. Құдай сол ғалымдармен Өзінің білімін, құпиясын бөліскендіктен кейін ғана ғалымдар жаңалық ашқан. Құдай Өзінің құпияларын ғалымдар арқылы бүкіл адамзаттың игілігі үшін ашқан.
Сондықтан, әрбір істе ғылымның, техниканың, адамдардың тәжірибелік жетістіктерін біліп, үйреніп, өмірде Құдайдың даналығына, Құдайдың Сөзіне сәйкес Киелі Рухтың жетелеуімен пайдалану аса маңызды.
«Сондықтан, сендерге былай деймін: Құдайдан сұраңдар, сонда Ол сендерге (мұқтаждарыңды) береді; іздеңдер, сонда табасыңдар; есікті қағыңдар, сонда сендерге ашылады! Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, есік қағып тұрғанға ашылады».
Лк 11:9, 10.
Осы аятта Тәңіріміз Иса Мәсіх: «... іздеңдер, сонда табасыңдар;...», «... іздей берген табады...» деп тұр. Сондықтан, біз айналысатын ісімізде табысты болудың жолын қажымай, талмай ізденуге тиіспіз.
Әртүрлі мағлұматтарды зерттеп, үнемі жаңалықты іздеп, Киелі Рухтан айналысатын ісіңіздің құпиясын ашшы? - деп жалбарынып сұраңыз. Киелі Рух сізге қалайда ең дұрыс әдісін ашады. Осылай Киелі Рухтың ашқан әдістерін, өзіңіздің жинаған білімдеріңізді, тәжірибелеріңізді өмірде іске асырып, қолданыңыз. Өміріңізде іске асқан білім ғана пайда келтіреді. Сондықтан, білімді тек жинай беруші болмай, оны іске асырушы да болыңыз.
«Бәрімізде білім бар». Мұны білеміз. Бірақ «білім» мақтаншақ етеді, ал «сүйіспеншілік» сенімді жетілдіреді». 1 Қор 8:1.
Білімсіздік пен жан-жақты мағлұматтың жетіспеушілігі кедейшілік пен қайыршылыққа әкеліп соғады.
6. Советтік социалистік қоғамның билік құрып тұрған кезінде «еңбек етпеген ішіп-жемейді» деген ұран болған. Яғни, барлық адамдар жұмыс істеп, айлық жалақы алып, өмір сүрулері керек еді. Алайда, қандай жұмыс істесең де, қандай лауазымды қызметте істесең де, тек жалақымен өмір сүрген адамдар еш уақытта молшылықта өмір сүре алмаған. Қандай мөлшерде жалақы алсақ та, келесі айдың жалақысына мұқтаж болып тұратынбыз. Жалақы - адамдарды құлдықта ұстап тұрудың бір әдісі.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Комсомольская правда» газетінің тілшісі Жапонияның «Мицубисии» фирмасының жұмысшыларына сауалнама жүргізгенде: әрбір жұмысшы «Мен өндірген өнімімнің 50 пайызын – қожайынға, 25 пайызын күн сәулелі Жапонияның гүлденуіне, 25 пайызын өзіме қалдырамын» - деп жауап берген.
Демек, еткен еңбегіміздің нәтижесінің аса көп мөлшерін басқа біреудің байи түсуі үшін беріп отырамыз. Ал сол еңбегіміз үшін алған жалақымызға еш уақытта да өзіміз байи алмаймыз.
Олай болса, енді не істеу керек?
Бір жігіт құрылысшы болып істейтін. Жақсы шебер еді. Жақсы шеберлердің жалақысы қашанда жақсы болады емес пе? Бұл жігіт те жақсы табыс тауып жүрді. Бірақ бір тапқаны екінші тапқанына жетпей, үнемі қаржылық мұқтаждықта өмір сүретін.
Бір күні оған: Қарағым, сен тапқан әрбір табысыңнан, қанша мұқтаждық көріп тұрсаң да, амалдап бір қой сатып ал, сонда мұқтаждықтан құтыласың және қанша мұқтаж болсаң да ол қойларыңа және төлдеріңе тиме, өссін, - дедім.
Сол жылы ол бес қой сатып алды. Келесі жылы да солай қой сатып алды. Қойларға да төлдеріне де тимей сақтады. Екі-үш жылда қойларының саны елу-алпыс болып, сол жанұя қаржылық мұқтаждықтан құтылды.
Қазір сол жігіт тек өзінің шаруасымен айналысуда. Әрі өндірген өнімінен түскен табыс 100 пайыз өзінің қалтасына түсуде.
Көптеген жағдайда осындай бір істі бастап кетуге сізде қаржының бола бермеуі мүмкін. Ондайда күмәнданып, лажсыздануға болмайды. Егер де сіз Құдай Патшалығының қамы үшін талмай, қажымай әрекет ете берсеңіз, сіздің осындай ниетіңізді көріп тұрған Құдай сіздің әрбір ісіңізге сәттілік беріп, сізді гүлдендіреді.
Оңтүстік ауданнан келген бір жігіт істі бастап кетуге қаржысы болмағандықтан, базарда араба итеріп жүрді. Салы суға кетіп лажсызданбады. Күндегі табысының біразын бөлек жинап, қаржының мөлшері жеткілікті болған кезде суармалы жерден 3 га жерді жалға алды. Сол жерге картоп егіп, мол өнім алды. Келесі жылы жердің мөлшерін арттырды. Биыл сол жігіттің қолында он адам еңбек етуде. Осылай әлгі жігіт жұмыссыздық қаупінен және жалақыға тәуелділіктен құтылды.
«Себебі, маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, бәрі де қолымнан келеді». Філ 4:13.
Мәсіхпен бірге болсақ, бәрі де қолымыздан келеді, қолымыздан келмейтін ешнәрсе де болмайды.
7. Қандай да болмасын бір жұмысқа орналасқан соң, әдетте сіз күнде жұмысқа барасыз. Жұмысқа барғандағы сіздің басты мақсатыңыз ақша тауып қайту болмауы тиіс. Сіздің басты мақсатыңыз - сол ортаға Құдай Патшалығын алып бару болуы тиіс.
«Сонымен, Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де Көктегі Әкемнің алдында мойындаймын. Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де Көктегі Әкемнің алдында танбақпын». Мт 10:32,33.
Адамдар алдында өзіңіздің мәсіхші екендігіңізден танбай әрбір іс-әрекетіңізбен Иса Мәсіхтің даңқын арттыруға тиіссіз. Себебі, сіз сол ортадағы Иса Мәсіхтің өкілісіз. Сол жұмыс орны - Иса Мәсіхтің сізге берген үлесі. Сондықтан, өз өміріңіз арқылы Құдаймен бірге өмір сүрудің артықшылығын көрсетуге тиіссіз.
Бұл мақсатыңыз орындалуы үшін:
«Қауымнан тыс адамдармен парасатты қарым - қатынас жасап, тиімді сәттерді пайдаланыңдар! Сөйлескенде ұдайы ниеттерің игі, сөздерің дәмді болсын, әрқайсысына қалай жауап беру керек екенін біліңдер». Кол 4:5.
«Сен кінәратсыз жұмысшы-Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл!». 2 Тим 2:15.
Өзіңізбен бірге қызметтес адамдармен қарым-қатынаста қашанда олармен достасуға дайын болуға тиіссіз. Оларға ұнамды болуға жан сала ұмтылыңыз. Және мұндай іс-әрекет сіздің өмір салтыңызға айналуы керек. Сізбен қызметтес адамдардың бәрі де тәубе етпеген адамдар болуы мүмкін. Олар, әрине, осы дүниелік әдет-ғұрыптармен өмір сүреді. Сіз де солардың әдет-ғұрыптарымен өмір сүре бастасаңыз, тапқаныңыздың судай ағып, жоқ болып кеткенін байқамай да қаласыз.
Жақсы қызметте істейтін бір жігітті білемін. Онымен қызметтес адамдардың бәрі сенбеушілер. Соншама сенбеуші адамдармен қызметтес болғанымен, ол Құдайдың еркіне сай, Құдай Сөзіне лайық өмір сүруде. Сол ұжым әлгі жігітті ұжымның ар-ожданы деп атайды. Ол не айтса, соны шындық деп қабылдайды. Себебі ол не айтып, не істесе де Құдайдың еркіне сай орындайды.
Осылай өміріміз, іс-әрекеттеріміз арқылы жұмыс орнымызға Құдай Патшалығын алып келетін болсақ, онда біздің жұмысымыз Құдайға істеген қызметке айналады. Осындай жағдайда ғана жұмысты тек ақша үшін ғана істеп жүрген жоқпын деп айта аласыз.
8. Сіз өзіңіздің жеке ісіңізді (бизнесіңізді) ашқаннан кейін сізге салық төлеуге тура келеді. Әдетте, бизнеспен айналысып жүрген қаншама мәсіхшілер мемлекетті алдап, өндірген заттарын жасырып, тапқан табысын жасырып, өтірік айтып салық төлеуден жалтарады.
Олардың топшылауынша,салық төлеуден жалтарғанда тұрған не бар, мемлекет те бізді алдап жүр ғой деген ұғым бар.
«Сендердің рухани аталарың шайтан, соның құмарлықтарын орындағыларың келеді. Ол әуел бастан кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат
жағында тұрған да емес. Өйткені, онда ақиқат жоқ. Ол өтірікті өз болмысына сай айта береді. Себебі - ол өтірікші, өтіріктің бастауы».
Жх 8:44.
Табысыңызды жасырып, өтірік айтқан сәтте сіз шайтанның баласына немесе құлына айналып қаласыз. Бізді өзінің қызметшісі, құлы етіп алуға желеу таппай жүрген шайтанға, біз қисынын келтірмеуіміз керек. Шайтанның баласын Құдай еш уақытта да жарылқамайды!
«Ал енді Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па? Оларды өтеуіміз қажет пе, жоқ па? Бірақ олардың екіжүзділігін біле қойған Иса: - Мені азғырып, сынамақсыңдар, ә? Бір күміс теңгені алып келіңдерші, көрейін, - деді. Олар біреуін әкеліп берді. Иса: - Мына сурет пен жазу кімдікі? – деп сұрады.
Олар: - Римдік патшанікі, - дегенде, Иса: - Олай болса, Патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер деп тұжырымдады. Олар Исаға таңданып, қайран қалды».
Мр 12:14-17.
Олар Исадан «дұрыс па, әлде бұрыс па» деп сұрағанда «дұрыс» немесе «бұрыс» деп жауап бермепті. «Патшаға тиістісін Патшаға, Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер», - деп бұйырыпты.
Демек, біз патшаға тиістіні - патшаға, Құдайға тиістіні - Құдайға беруге тиістіміз.
Құдайға тиісті нәрсе – ол ондығымыз.
Патшаға тиісті нәрсе – ол біздің төлеуге тиісті алым-салығымыз.
9. «Жер мен соның бетіндегінің барлығы, бүкіл ғалам мен соны мекендейтіндердің баршасы – Жаратушынікі. Өйткені, теңіздердегі тіршілікті жаратқан және өзендерді орнықтырған Сол Жаратушы Иенің тауына кім шыға алады немесе Оның қасиетті орнына кім барып тұра алмақшы? Кімде кімнің қолы былғанбаса және жүрегі таза болса, кімде-кім өзінің жан дүниесімен босқа ант ішпесе, және құдайшылығын айтып жалған уәде бермесе, - Сол Жаратушының батасын алады, және өз Құтқарушысының рақымына кенеледі.
Заб 23:1-5.
Демек, бүкіл жер бетіндегінің, бүкіл ғалам мен соны
мекендейтіндердің баршасы Жаратушы Иеміздікі. Егер де
Жаратушы Иеміз Көктен Өзі бермесе бізде ешнәрсе де
болмас еді. Бұл ақиқат шындықты еш уақытта ұмытуға болмайды. Сондықтан, қолымыз жеткен нәрселердің ешқайсысын да менікі деп иемденуге болмайды. Егер қолымызда барды менікі деп иемденбесек, онда қолымызда барымызды Құдай жолына да, Ізгі хабарды таратуға да, бауырларға жәрдемдесуге де қуанышпен жұмсай аламыз. Құдай Патшалығының қамы үшін қуанышпен жұмсасақ, Құдайдың біздің жұмсаған қаржымызды 30, 60, 100 есе етіп қайтаратынын да білеміз.
Ал шайтан біздің осындай ізгі іс атқарып, молшылыққа кенелгенімізді қаламайды. Сондықтан, ол әрқашанда біздің ісімізді тежеп, тосқауылдар қоя бастайды. Оның қоятын тосқауылдарының ең қауіптілері: өзімшілдік, тәкаппарлық, дүниеқоңыздық, ақшақұмарлық т.б.
Қолымыз жеткен табысты мен өзімнің даналығыммен, іскерлігіммен, білімпаздығыммен, еңбекқорлығыммен, адамдар арасындағы абыроймен жеткіздім. Осы байлықтың бәрі өзімдікі деп, масаттанып, маңайымыздағыларға менсінбей қарап, тәкаппарлық жасай бастасақ, ісіміздің тоқырай бастайтынына күмәнданбаңыз.
«Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, Ал кішіпейілділерге рақымын шашады». Жақ 4:6.
Біздің өмірмізден, мінез-құлқымыздан тәкаппарлық көріне бастаған сәттен Құдай бізге қарсы тұрады. Құдай қарсы тұрған сәттен бастап, бізге келе жатқан табыс тоқтайды.
10. Қол жеткен молшылықты қалай ұстап тұра аламыз?
Сонымен, Құдай - біздің әрбір істегі серіктесіміз. Және біздер - Құдай Патшалығының тұрғындарымыз. Құдай Патшалығының қамы үшін еңбек етудеміз. Біздегі бардың бәрі - Құдайдікі.
«Әлде сендер өздеріңнің «Құдайдың рухани үйі» екендіктеріңді және Құдайдың Рухы өздеріңде тұратынын білмейсіңдер ме? «Рухани үйін» жойғанды - Құдай жоймақ. Себебі, Құдайдың «рухани үйі» - Оның қасиетті
меншігі. Ал осы рухани үй – сендерсіңдер!».
1 Қор 3:16-17.
Демек, біз - Құдайдың қасиетті меншігіміз. Олай болса, Құдайдың еркіне сай, адал еңбекпен тапқанымыздың барлығы - (ақшамыз, малымыз, дүние-мүлкіміз т.б.) Құдайдікі. Немесе біздегі бардың бәрі Құдайдың «қасиетті меншігі». Сондықтан, Ол Өзінің меншігін қорғайды. Егер де біздің меншігімізде «осы дүниелік әдіспен келген дүние-мүлік (ұрлықпен, алдап, т.б. әдістермен тапқан) болса, оны Құдай қорғамайды!
«Кім менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы; Кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады». Мт 12:30.
Құдаймен серіктес болып, Құдаймен бірге жинағанымызды ғана Құдай сенімді қорғап, сақтайды. Құдайға үміт артып, Иса Мәсіхпен үнемі бірге болсақ, Құдай біздің өзімізді де және бізде бардың бәрін де Ол қорғайды.
« ... Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар. Сол Қорғаушымыз – Иса Мәсіх».
1 Жх 2:1.
« ... бірден-бір қуатты Билеуші, патшалардың Патшасы, иелердің Иесі!».
1 Тим 6:15.
Осындай шексіз құдіретті Қорғаушымыз бар болғандықтан, барлық уайымдарымызды Оған сеніп тапсыруға тиістіміз.
«Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар! Себебі, Ол қамдарыңды ойлайды!».
1 Пт 5:7.
О Р Ы Т Ы Н Д Ы
«Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті».
Жх 1:1.
«Қараңдар, Әкенің бізге деген сүйіспеншілігі қандай зор! Құдайдың рухани балалары деп аталамыз және нақ солаймыз да!». 1 Жх 3:1.
Яғни, біз Құдай Әкеміздің рухани балаларымыз. Көк пен Жердің, бүкіл Ғаламның барлық байлығы - біздің Құдай Әкеміздің меншігі.
«Сонымен, өздерің күнәкар бола тұра, балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер. Көктегі Әкелеріңнің Өзінен сұрағандарға жақсылық жасайтыны ешбір шүбәсыз!». Мт 7:11.
Сондықтан да, Көктегі Әкеміз Иса Мәсіх:
«Ал Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім» - дейді. Жх 10:10.
Тәңіріміз Иса Мәсіх мұқтаждарыңды қанағаттандыру үшін келдім демепті. Тек мұқтажымызды қанағаттандырса, күнделікті өмірімізге жетерлік қана қаржы берген болар еді.
Ал Тәңіріміз Иса Мәсіх: «... және өмірі игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім» - депті. Ағыл-тегіл дегеніміз - мұқтаждықтан, қажеттіліктен әлдеқайда көп. Яғни, біздегі бардың бәрі ағыл-тегіл мол болса, онда ол байлық болады.
Демек, Құдай Әкеміздің біздің өмірімізге деген жоспары - біздің молшылықта, байлықта өмір сүруіміз.
«Беріңдер, сонда сендерге де беріледі: шайқап, нығыздап толтырып, тасып төгілген мөлшерде салып беріледі». Лк 6:38.
Тәңіріміз Иса Мәсіх маған бергендеріңді «...шайқап, нығыздап толтырып, тасып төгілген мөлшерде...» немесе 30, 60, 100 есе етіп өсіріп қайтарып беремін дейді.
«Жарлыға қайырым жасаған пенде жаратушыға қарыз берген болып саналады. Сөйтіп, Ол әлгі адамның қайырымдылығы үшін оған өз
рахымын түсіреді». Нақыл 19:17.
Жарлыға қайырым жасау арқылы Жаратушыға берген қарызымызды да 30, 60, 100 есе етіп қайтарады. Олай болса, Шексіз Құдіретті Көктегі Әкеміздің арқасында ағыл-тегіл молшылықта, байлықта өмір сүруге тиіспіз! Мұқтаждықта, кедейшілікте, қайырымдылықта өмір сүруге біздің құқымыз жоқ!
Қымбатты бауырлар! Осы кітапты неғұрлым көбірек адамдар оқып, неғұрлым көбірек адамдар Құдайдан аяндар алып, молшылыққа қол жеткізіп, жарқын да бақытты өмір сүрсе екен деп Құдайға мінәжат етудеміз.
Сіздерге осы кітапты жеткізіп беру үшін ақ батасын беріп, мені таңдаған үш бірліктен тұратын Ұлы Құдайымызға шексіз алғыс!