Німдерді өндіруге қойылатын талаптар

Quot;Алкоголь өнімдерін, алкогольсіз өнімдерді және ыдыстарға құйылған ауыз суды өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1432 Қаулысы

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 6-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған «Алкоголь өнімдерін, алкогольсіз өнімдерді және ыдыстарға құйылған ауыз суды өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 1 желтоқсандағы
№ 1432 қаулысымен
бекітілген

Алкоголь өнімдерін, алкогольсіз өнімдерді және ыдыстарға құйылған ауыз суды өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары

Жалпы ережелер

1. Осы «Алкоголь өнімдерін, алкогольсіз өнімдерді және ыдыстарға құйылған ауыз суды өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) алкоголь, алкогольсіз өнімдерді және ыдысқа құйылған ауыз суды өндірумен байланысты кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі - объект) арналған, осы объектілердің қызметіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді, бұл талаптарды сақтамау адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, сондай-ақ аурулардың пайда болуы мен таралуын тудырады.
Алкоголь өнімдерін, алкогольсіз өнімдерді, ыдыстарға құйылған ауыз суды (бұдан әрі - өнім) өндіру осы Санитариялық қағидаларға, тамақ өнімдерінің қауіпсізідігі саласында қолданыстағы техникалық регламенттерге және басқа да нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:
1) алкоголь өнімі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген, құрамында спирті бар медициналық мақсатқа пайдаланылатын өнімдерді қоспағанда, тағамдық шикізаттан алынған этил спиртін және (немесе) құрамында спирті бар өнімдерді пайдалана отырып өндірілген этил спиртінің көлемдік үлесі бір жарым пайыздан (бұдан әрі - %) асатын тамақ өнімі;
2) автохтонды бактериялар - ауызсумен жабдықтауға арналған осы ауыз суы көзіне тән, жерасты суларында үнемі болатын, табиғи жолмен жаңғыратын, оның ішінде арнайы физиологиялық бактериялар тобының жиынтығы;
3) ас шарабы - құрамында қант бар жүзім тектес заттарды қосып немесе қоспай бүтін немесе бөлінген жаңа үзілген жүзімді немесе балғын жүзім ашытқысын толығымен немесе жартылай спирттік ашыту нәтижесінде дайындалған, құрамындағы этил спиртінің көлемдік үлесі 8,5 бастап, 15,0 пайызға дейінгі мөлшерді құрайтын шарап;
4) газдалған таза шарап - құрамында қант бар заттарды (күкірт диоксидімен концентратталған немесе консервацияланған ашытқы, қант) қосып немесе қоспай, ас шарап материалын көміртегінің қос тотығымен қолдан қанықтыру жолымен алынған, плюс 20 градус Цельсий температурада шөлмектегі көміртегі қос тотығының қысымы 100 бастап, 250 килоПаскаль дейін жететін, құрамындағы этил спиртінің көлемдік үлесі 8,5 бастап, 12,5 пайызға дейінгі мөлшерді құрайтын шарап;
5) газдалған шарап - құрамында қант бар заттарды (күкірт диоксидімен концентратталған немесе консервацияланған ашытқы, қант) қосып немесе қоспай, ас шарап материалын көміртегінің қос тотығымен қолдан қанықтыру жолымен алынған, плюс 20 градус Цельсий температурада шөлмектегі көміртегі қос тотығының қысымы кемінде 300 килоПаскаль болатын, құрамындағы этил спиртінің көлемдік үлесі 8,5 бастап, 12,5 пайызға дейінгі мөлшерді құрайтын шарап;
6) жарма - ұсатылған арпа дәні;
7) «жылжымалы қатар» - арпа дәнін өсіруге арналған арнайы құрал-жабдық;
8) кронен тығыны - металл қалпақ түріндегі тығыздауға арналған төсемі бар кронды формадағы тығындау қақпағы;
9) кегтер - ішкі беті герметикалық жабық арнайы фитингімен жабылған, тамақ өнімдерімен байланыста пайдалануға рұқсат етілген металл немесе басқа да материалдардан жасалған цилиндр тәрізді сыйымдылықтар;
10) купажерлер - белгілі бір түрдегі және құрамдағы өнімді алу және өнімнің сапасын жақсарту үшін әр түрлі тағам өнімдерін белгілі бір қатынаста араластыруға арналған сыйымдылық;
11) полиэтилентерефталаттан алынған преформа (ПЭТФ) - азықтық және азықтық емес өнімдерді құю үшін қажетті шөлмектерді, банкаларды, флакондарды дайындауға арналған дайындаушы зат;
12) сатуратор - сұйықты көмір қышқыл газымен қанықтыруға арналған аппарат;
13) санитариялық арнайы киім (бұдан әрі - арнайы киім) - шикізаттарды, қосымша материалдарды және дайын өнімді механикалық бөлшектермен, микроорганизмдермен және басқа лас заттармен ластанудан сақтауға арналған персоналдың қорғаныш киімдер жиыны;
14) санитариялық өңдеу - жабдықтарды, мүкаммалдарды, ыдыстарды жуу және дезинфекциялауды қамтамасыз ететін технологиялық әдістер жиынтығы;
15) санитариялық күн - үй-жайларды толық тазартуға және жабдықтар мен мүкаммалдарды жууға, қажет болған кезде дезинфекциялық, дезинсекциялық, дератизациялық шараларды жүргізуге арналған арнайы бөлінген уақыт (айына кемінде бір рет);
16) сергітетін сусындар - сергітетін, оның ішінде құрамында жеңіл сіңірілетін көмірсулар, минералдық заттар, дәрумендер мен дәрумен тектес заттар, субстраттар мен энергетикалық зат алмасу стимуляторларын енгізуге жол берілетін адам организміне сергіту әсерін беруге жеткілікті мөлшердегі өсімдіктен алынатын заттар бар энергетикалық сусындар;
17) трансмиссия - қозғалтқыштың айналуын жұмыс машиналарына (ұсатқыштарға) беретін құрылым немесе жүйе;
18) технологиялық жабдық - өндірістің жұмыс істеуіне қажетті тетіктер, машиналар, құрылғылар, құралдардың жиынтығы;
19) енген дән жармасы - дақылдардың дәнін өсіру арқылы алатын өнім;
20) фитинг - сұйық келетін трубамен жалғасқан, кегтің түбіне дейін жететін, оны жууға, толтыруға және кеганы босатуға мүмкіндік беретін құрылғы;
21) шайырлау - өнімдерге ерекше қасиет беру (иіс, дәм) үшін сыйымдылықтарды арнайы заттармен өңдеу.
3. Осы Санитариялық қағидаларда осы бөлімде арнайы анықтама берілмеген терминдер Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың санитариялық шаралар жөніндегі заңнамаларында белгіленген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және техникалық реттеу саласындағы заңнамаларында белгіленген мәндерде қолданылады.

німдерді өндіруге қойылатын талаптар

4. Үй-жайдың көлемдік-жоспарлау және конструкторлық шешімдері объектінің қуаттылығы мен қызмет түріне қарамастан мыналарды қарастырады:
1) технологиялық процестердің ағындылығын қамтамасыз етуді;
2) шикізат пен дайын өнімнің, ластанған және таза мүкаммалдардың, ыдыстардың қарсы немесе қиысқан ағымдарын болдырмайтын лас процестердің таза процестерден оқшаулануды;
3) технологиялық процестерді механикаландыруды және автоматтандыруды, цехтардың арасындағы ыңғайлы байланысты;
4) өнімнің ластануының алдын алу үшін өндірістік үй-жайлардың ауасының ластануының алдын алуды немесе оның ластануын барынша азайтуды.
5. Үй-жайлардың ішін әрлеу өндірістің пайдаланылатын технологиясына конструктивті сәйкес келетін уытты емес әрлеу материалдарынан орындалады.
6. Объектінің аумағында мынадай негізгі аймақтар бөлінеді:
1) әкімшілік аймағы, оған әкімшілік үй-жайлар ғимараты, бақылау-өткізу пункті және жеңіл көліктің тұрағына арналған алаң орналастырылады;
2) өндірістік, оған негізгі өндірістік ғимараттар, сондай-ақ өндірістік зертхана, медициналық пункт немесе денсаулық сақтау пункті, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар, асхана, қалқасы бар мамандандырылған көлікке көліктерге арналған автотұрақ орналастырылады;
3) қосымша мақсаттағы ғимараттары, қойма үй-жайлары, жөндеу-механикалық шеберханалары, резервтегі құрылыс материалдарын, ыдыстар мен отынды сақтау үй-жайларын, қоқыс жинауға арналған контейнерлер орналасқан алаңдар мен аула дәретханаларын қамтитын шаруашылық аймақ.
7. Объектінің аумағында қуаттылығы төмен объектілерді қоспағанда, көлік үшін бөлек кіру және шығу жолдары көзделеді. Жүк тиеу-түсіру алаңдарын, темір жол және автомобиль платформаларынан өту жолдарын, құрылыс материалдарын, отынды, ыдыстарды сақтауға арналған алаңдарды, автокөлік жолдары мен жаяу жүргінші жолдарын біркелкі су өтпейтін жабынмен жабдықтайды.
8. Тамақ өнімін қабылдау (жөнелту) үшін шикізат пен дайын өнімді тасымалдау үшін бөлек жүк көтергіштермен жарақтандыра отырып, жүкті тиеу-түсіру тетіктері көзделеді. Тамақ өнімін тиеу-түсіру орындарына қалқаншалар орнатылады.
9. Объектілердің өндірістік үй-жайлары мен ғимараттарында мыналар көзделеді:
1) тамақ өнімдерін өндіру кезінде пайдаланылатын мүкаммал мен айналыстағы ыдыстарды сақтауға, жууға және дезинфекциялауға арналған үй-жайлар және жинау мүкаммалы мен жабдықты сақтауға, оларды жуу мен дезинфекциялауға арналған үй-жайлар;
2) тамақ өнімдерінің барлық өндірістік цехтарынан бөлек үй-жайда орналасқан дәретхана, оның есігі санитариялық-тұрмыстық сарқынды суларға арналған жұмыс істеп тұрған кәріздеу желісімен қосылған шайғышпен жабдықталған өндірістік үй-жайларға тікелей шығарылмайды;
3) цехтарда 500 шаршы метрге (бұдан әрі - м2) бір кран, бірақ бір үй-жайға кемінде бір кран есебімен жинауға арналған шаю крандары; шлангларды сақтау үшін ұштық-клапандармен жабдықталған кронштейндер көзделеді;
4) әрбір өндірістік үй-жайда, дәретханада, тұрмыстық үй-жайларда ораластырғышпен, қолды жуу үшін заттармен және қолды сүрту үшін бір рет қолданылатын материалдармен немесе қолды кептіруге арналған жабдықпен (кемінде бір) жабдықталған, жұмыс орнынан 15 метрден (бұдан әрі - м) аспайтын қашықтықта және кіреберісте орналасқан, ыстық және салқын ағынды сулардың келуімен жабдықталған қол жууға арналған қолжуғыштар.
10. Мыналарға жол берілмейді:
1) ғимараттардың, құрылыстардың аумағында және объектінің үй-жайларында объекті персоналының тұруы үшін тұрғын ғимараттарды немесе тұрғын үй-жайларды, объектімен байланысы жоқ жұмыстар мен қызметтерді ұсынуға арналған үй-жайларды, үй жануарлары мен құстарын қоректендіру жөніндегі пунктті орналастыруға;
2) ғимараттың жертөлелерінде және цокольды қабаттарында өндірістік қуаты жылына жүз мың декалитрден аспайтын сыра, алкогольсыз сусындар өндіру жөніндегі үй-жайлардан басқа, объектінің өндірістік үй-жайларын орналастыруға;
3) өндірістік үй-жайларда персоналға арналған киім ауыстыратын орындарды орналастыруға;
4) технологиялық және тұрмыстық ағын сулары бар аспалы кәріздеу құбырларын жұмыс орындарының және технологиялық жабдықтың үстіне орнатуға;
5) тұрмыстық ағын суларды өндірістік үй-жайлар арқылы бұру үшін құбыр бағанасын жүргізуге;
6) өндірістік цехтар мен асханалардың үстіне дәретханаларды, себезгілерді, кір жуу орындарын және жуынатын бөлмелерді орналастыруға;
7) су құбырын және кәріздеуді салқындату камераларының қоршау конструкцияларында, сондай-ақ осындай камералар мен тамбурлар арқылы жүргізуге;
8) сумен жылыту жүйесінің ыстық суын технологиялық процестер, жабдықтар мен үй-жайларды санитариялық өңдеу үшін пайдалануға;
9) ашық технологиялық сыйымдылықтар мен процестер орын алатын өндірістік үй-жайларда тарату-сору желдеткіш жүйесі ажыратылған кезде және ауа рециркуляциясы кезінде жұмыс жүргізуге;
10) ашық технологиялық процестері бар технологиялық жабдықтың үстіне шамшырақтарды қоюға;
11) жабдық қоршалған кезде оны жөндеу жүргізуді қоспағанда, өнімді әзірлеу кезеңінде үй-жайлардың жөндеу жұмыстарын және оларды дезинфекциялауды жүргізуге;
12) өндірістік үй-жайларда қосалқы бөлшектерді, ұсақ бөлшектерді, шегелерді сақтауға;
13) өндірістік үй-жайларда және тоңазытқыштарда тамақ өнімдерін өндіру кезінде пайдаланылмайтын өндірістік қалдықтарды, кез келген заттар мен материалдарды, оның ішінде жуу және дезинфекциялау құралдарын сақтауға;
14) спиртті қабылдайтын және спиртті босататын бөлімшелердің, спирттелген тұнбалар бөлімшелерінің, қант қоймаларының, аммиакты және көмірқышқыл компрессорлары, арпа мен өнген дән жармасын ұсақтау бөлімшелерінің, сульфитация бөлімшелерінің, шайырлау цехтарының үй-жайларында желдеткіш, ауа баптау және ауа жылыту жүйелері үшін ауаны рециркуляциялауды пайдалануға;
15) кәдеге жаратылуы тиіс, істен шыққан газ разрядты, энергияны үнемдейтін шамдар мен ішіне сынап құйылған өлшеу құралдарын сақтауға;
16) кәсіби даярлығы (біліктілігі, мамандығы) жоқ, гигиеналық оқытудан өтпеген персоналды технологиялық операцияларға тартуға.
11. Мыналарға жол беріледі:
1) мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының келісімі бойынша жеке тұрған ғимараттарға, тұрғын емес ғимараттарға жапсарлас, ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларға, тамақ өндірістерінің көп салалы өндірістік ғимараттарына объектілерді (әкімшілік, өндірістік, сауда) негізгі ғимарат персоналына зиянды әсері болмаған, технологиялық процестерді оқшаулау қағидаты сақталған жағдайда орналастыруға;
2) техникалық суды компрессорларды салқындату, аумаққа су себу, дәретханалардағы шаю бактарына және писсуарларға, автомашиналардың сыртын жууға беру үшін пайдалануға.
12. Табиғи минералды және бұлақ сулары олардың құрылғысына сәйкес ауыз сумен жабдықтаудың жерасты көздерінің белгіленген санитариялық қорғаныш аймақтары болған кезде өнеркәсіптік санаттары бойынша судың бекітілген пайдалану қоры бар жерасты шығу көздерінен ғана алынады.
13. Табиғи минералды суларды пайдалану оларға курортологияның ғылыми орталықтарынан бальнеологиялық қорытындысын алғаннан кейін жол беріледі.
14. Ыстық сумен жабдықтаудың және будың орталықтанған жүйесі болмаған кезде өзінің жылу көздері, су жылытқыштары көзделеді. Өнімдермен немесе өнімдермен жанасатын беттермен тікелей жанасатын бу зиянды заттар қоспасынсыз ауыз судан алынады.
15. Объектіде өндірістің қуаттылығына байланысты өндірістік және ауыз су мақсатына арналған су қорын сақтау үшін талдауға су сынамаларын алуға арналған крандармен, тұтқалармен, сатылармен және люктермен жабдықталған жинақтаушы резервуарлар көзделеді.
16. Су қорына арналған резервуарлардың люктері құлыппен жабылады, пломбаланады, «Ауыз су» деген жазумен таңбаланады. Суды рециркуляциялау әрбір 48 сағат (бұдан әрі - сағ.) сайын жүргізіледі, құюға келіп түсетін суды сақтау үшін - 24 сағ. Резервуарларды ай сайын механикалық жолмен тазарту және дезинфекциялау жүргізіледі.
17. Объектіде техникалық мақсаттар үшін жарамсыз ауыз суды пайдаланған кезде ауыз судың және ішуге жарамсыз судың айналым, жүйелеріне ажырату таңбасы жазылады.
18. Су құбырындағы және суды бұрудағы апаттар мен жөндеу жұмыстары, судың, будың және салқынның болмауы осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша су құбырындағы және кәріздеудегі апаттарды анықтау және оларды жоюды және жөндеу жұмыстарын есепке алу журналында тіркеледі.
19. Апатты жағдайларды жойғаннан, су құбыры мен резервуарын жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен соң кейіннен суды зертханалық зерттей отырып, жуылады және дезинфекцияланады.
20. Объектіде жалпы қалалық (кенттік) су бұруға қосылған бөлек шаруашылықтық-тұрмыстық және өндірістік кәріздеу құрылғысы жүргізіледі, ол болмаған кезде кәріздеудің жеке жүйесі орнатылады.
21. Өндірістік үй-жайлар ағын суларды жинауға арналған диаметрі 10 сантиметр (бұдан әрі - см) болатын траптармен және торлармен жабдықталады. Технологиялық жабдықтың және машиналардың пайдаланылған ағын суларына арналған құбырлар сифонды құрылғыларымен кәріздеу жүйесіне қосылады.
22. Табиғи жарықтандыруы жоқ немесе биологиялық әсері бойынша табиғи жарықтандыруы жеткіліксіз (табиғи жарықтандыру коэффициенті кемінде 0,5%), орналасуына өндірістік жобалаудың технологиялық талаптарына сәйкес жол берілетін (жұмысшылар тұрақты болатын үй-жайлар) өндірістік үй-жайлар арнайы негізделуі болған кезде мыналармен жабдықталады:
1) жасанды жарықтандырумен;
2) эритемалы сәулелендіру құрылғысымен;
3) табиғи жарықтандырылған жұмыс орындарынан 100 м аспайтын қашықтықта орналасқан жұмысшылардың қысқа уақыт демалуына арналған бөлмелермен;
4) тұрақты жұмыс істейтін ықтиярсыз желдеткішпен.
23. Жарықтандыру көздері арнайы жарықтандыру арматурасымен жарақталады, ылғал мен шаң-тозаң бөлінетін үй-жайларда - ылғалдан, шаң-тозаңнан қорғауыштармен. Жұмыс орындарына шағылысуды тудырмайтын қосымша жарық көздері орнатылады.
24. Аппараттар мен сыйымдылықтардың ішкі беттерін қарау үшін тасымалданатын, қорғаныш торларға бекітілген, кернеулігі он екі Вольттен аспайтын шамдарды пайдалануға жол беріледі.
25. Жылы және ауыспалы жыл мезгілдерінде ашылатын барлық саңылауларды жәндіктер кірмейтін алмалы-салмалы қорғаныш торкөздерімен жабдықтайды.
26. Жарықтандыру құралдары, арматура, терезелер мен саңылаулардың әйнектелген беттері таза ұсталады және ластануына байланысты тазартылады.
27. Этил спиртін ғана сақтауға арналған ашық типтегі алаңдарын қоспағанда, өндірістік және қосымша ғимараттарда және үй-жайларда табиғи және жасанды жолмен іске қосылатын тарату-сору желдеткіш, апатты желдету және/немесе ауабаптағыш көзделеді.
28. Тұрмыстық үй-жайларда, санитариялық тораптарда, себезгі бөлмелерінде және зертханаларда дербес (тәуелсіз) жалпы айналым және жергілікті желдеткіш жүйелері орнатылады, тұрмыстық үй-жайларда - көбінесе табиғи іске қосылатын желдеткіш жүйелері.
29. Желдеткіш және ауабаптағыш жүйелері ауаның ластанған аймақтан таза аймаққа өту мүмкіндігін болдырмай, тазартуды немесе алмастыруды талап ететін сүзгілері мен басқа да бөліктерінің қолжетімді болуын қамтамасыз ете отырып, жабдықталады.
30. Ауа сору жұмыс аймағының, шикізат пен дайын өнімнің зиянды заттармен ластануына жол бермейтін орындардан жүзеге асырылады.
31. Өндірістік үй-жайлар үшін сырттан келетін ауаны жинау жердің деңгейінен 2 м кем емес аймақтан жүзеге асырылады. Ашық технологиялық процестер жүретін цехтарда берілетін сыртқы ауаны мұқият тазалайтын сүзгілермен тазарту көзделеді.
32. Көмірқышқылды компрессор бөлімшелерінің, ашыту және ашытуға дейінгі цехтардың сору желдеткішінің ауа сору құрылғылары үй-жайдың төменгі бөлігінде еденнен 0,2 м биіктікке, аммиакты компрессор қондырғыларының машина және аппарат бөлімшелерінде үй-жайлардың жоғары және төменгі бөліктеріне орнатылады.
33. Уытты және тітіркендіретін заттарды қолданумен байланысты технологиялық процестер жеке үй-жайларда немесе тарту-сору желдеткішімен жабдықталған арнайы оқшауландырылған учаскелерде жүргізіледі.
34. Жергілікті сору жүйелерінің шығарындылары ғимараттың неғұрлым биік бөлігінің шатырының үстінен, егер оның шығыңқы жиегіне дейінгі қашықтық кемінде 10 м болса, 2 м биіктікте шығарылады.
35. Өндірістік үй-жайларда, егер оған технологиялық процесте жол берілген жағдайларда, табиғи желдету көзделеді. Жылуды, ылғалды және зиянды заттарды қарқынды бөлу көзі болып табылатын жабдық жергілікті сору құрылғысы бар тарату-сору желдеткішімен жабдықталады.
36. Спирт, сыра қайнату өндірісінің дайындаушы цехтарының көлік жабдығы шаң-тозаңның бөлінуіне байланысты герметизацияланады немесе шаң тұтқыш және шаң сорғыш құрылғылармен жарақталған жабық тыспен қаптайды. Үйінді шұңқырлары мен бункерлерді жергілікті сору желдеткішімен жабдықтайды.
37. Желдету жүйелерінен шығарылатын уытты заттары бар ауа атмосфераға шығарылар алдында тазартылуы тиіс.
38. Технологиялық жабдықтың орнын ауыстыру немесе оларды алмастыру кезінде желдету жүйелерін реконструкциялау жүргізіледі.
39. Шөлмектерді үрлейтін қондырғылар жергілікті желдету құрылғыларымен жабдықталады.
40. Егер, бұл өндіріс технологиясымен көзделген болса, ауа баптау құрылғысы көзделеді.
41. Шарапты сақтауға және ұстауға арналған өндірістік үй-жайлардан басқа өндірістік және қойма үй-жайларына кіреберістерде тамбурлар болмаған кезде ауаны жылытуы бар «ауа» шымылдығының құрылғысы көзделеді.
42. Технологиялық жабдықтың желдеткіш каналдары, ауа өткізгіштері бір реттен жиі емес тазартылады.
43. Ауа өткізгіштер, торлар, желдету камералары мен басқа да құрылғылар таза, механикалық зақымдануларсыз, тот басу іздері болмай, герметикалығы бұзылмай ұсталады.
44. Объект орталықтандырылған жылу жүйесімен жабдықталады, ол болмаған кезде жергілікті жылу жүйесіне жол беріледі. Бұл ретте, жылытудың барлық түрлерінде жинау, қарау және жөндеу үшін жылыту құралдарының қолжетімдігі қамтамасыз етіледі.
45. Өндірістік үй-жайлардың ауасындағы зиянды заттардың рұқсат етілген шекті шоғырлануы, өндірістік үй-жайлардың шу, діріл деңгейі және жарықтануы мен климаты «Елді мекендердегі атмосфералық ауаға, топыраққа, елді мекендердің аумақтарын күтіп-ұстауға, адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» санитариялық қағидаларға сәйкес болуы тиіс.
46. Жаңа өнім түрлерін шығаруға, өндірілетін өнімнің жекелеген ингредиенттерін алмастыруға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған кезде жол беріледі.
47. Шикізатты және өнімді өндіруге, сақтауға, тасымалдауға арналған жабдық, аппаратура мен сыйымдылық машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес болуы тиіс.
48. Өніммен тікелей жанасатын жабдықтар мен мүкаммалдардың беттері тегіс, су өткізбейтін, сіңірмейтін және уытты емес материалдардан жасалған, тот басу әсеріне төзімді, жуу және дезинфекциялау құралдарымен санитариялық өңдеуге жеңіл болып көзделеді.
49. Шикізатпен және дайын өніммен жанасатын, пайдаланылатын металл конструкциялар тот баспайтын материалдардан жасалады.
50. Тарелкалар мен күбілерді жуу үшін су берілетін резеңке шлангілер арнайы ілгіштерде ілінген күйінде сақталады. Шлангілердің ұштарын еденде қалдыруға жол берілмейді. Тарелкалар мен күбілердің беттері ағызатын трапқа қарай еңіс болып орналастырылады.
51. Тамақ өнімдерін өндірудің технологиялық процесінің параметрлерін бақылауды қажет ететін барлық жабдық, аппараттар мен мүкәммал тиісті бақылау-өлшеу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Технологиялық жабдықтың жұмысын бақылауды тамақ өнімінің қадағалануына «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының талаптарына сәйкес шаруашылық субъектілері ұйымдастырады.
52. Цех ішіндегі көлік (айналым) ыдысы мен ыдыс жабдығы таза, құрғақ, берік, бөгде иіссіз күйінде пайдаланады. Айналымдағы ыдыс пайдалану алдында міндетті түрде өңдеуге жатқызылады.
Бұл ретте, алдын ала өңдеуден өтпеген көлік (айналым) ыдысын өндірістік цехқа жіберуге және өндірістік үй-жайлар арқылы қаптама ыдысын тасымалдауға жол берілмейді.
53. Шикізатты және дайын өнімді өндірудің, өлшеп-ораудың, сақтаудың, тасымалдаудың барлық процестері оларды ластану мен бұзылудан, оларға бөгде заттар мен құралдардың түсіп кетуінен қорғау жағдайларында жүргізіледі.
54. Шикізаттардың, тамақ ингредиенттерінің, қосымша материалдар мен дайын өнімдердің әрбір топтамасы олардың сапасын, қауіпсіздігін растайтын құжаттармен және олардың қадағаланылуын қамтамасыз ететін құжаттармен қоса жүреді.
55. Өсімдіктен алынған азық-түлік шикізатының топтамасы ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу кезінде пайдаланылған пестицидтер, азық-түлік қорларының зиянкестеріне қарсы күрес мақсатында үй-жайлар мен сақтауға қойылатын ыдыстарды фумигациялау туралы ақпаратымен қоса жүреді.
56. Тамақ ингредиенттері мен тағамдық қоспалар дайындаушы зауыттың қаптамасында сақталады, пайдалануға жеке үй-жайда дайындалады.
Бұл ретте, тағамдық қоспаларды, хош иістендіргіштерді, технологиялық Қосымша заттарды басқа ыдысқа салуға, құюға жол берілмейді. Оларды сақтау өздеріне тән емес иістер мен дәмдерді сіңіруін болдырмай, сақтау шарттары мен температурасы сақтала отырып, жеке жабық шкафтарда жүргізіледі.
57. Барлық сусымалы қосымша материалдар пайдалану алдында магнит тұтқыштар арқылы өткізіледі.
58. Зиянкестермен зақымдалған шикізатты немесе жартылай фабрикатты оқшаулайды және қайта сұрыптайды. Сұрыпталған шикізат қайта өңдеуге жіберіледі, зақымдалған шикізат жойылады.
59. Шикізаттарды сақтау оған белгіленген талаптарға сәйкес бөлек сақтау ерекшелігі ескеріле отырып жүргізіледі. Шикізаттың әрбір топтамасы зауытқа келіп түскен кезде кіреберісте бақылануы тиіс.
60. Тамақ шикізатын және дайын өнімді сақтауға арналған қоймаларда шикізат пен дайын, қапталмаған өнімді, тағамдық емес материалдарды, дәндердің, қанттың қалдықтары мен сметаларын бірге сақтауға, сондай-ақ оларды су және кәріздеу құбырларына, жылыту аспаптарына жақын маңда, қойма үй-жайынан тыс сақтауға, қауіпті тамақ өнімдерін өнімді өндіруге қатысы жоқ басқа тамақ өнімдерімен және шикізатпен бірге сақтауға жол берілмейді.
61. Азық-түлік пен азық-түліктік емес өнімдерге, сондай-ақ алкоголь өнімдерге арналған қойма үй-жайлары бөлек көзделеді. Бұл ретте, тамақ өнімдерін еденге тікелей жинауға жол берілмейді.
62. Қойма үй-жайлары, салқындату камералары температураны, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы мен уақытты өлшеуге арналған бақылау-өлшеу құралдарымен жарақталады, олар туралы мәліметтер шығарылған өнімнің жарамдылық/сақталу мерзімі бойы сақталады. Камералардың, үй-жайлардың температурасы мен ылғалдылығы сақталатын өнімнің нормативтік құжаттамасының талаптарына сәйкес ұсталады.
63. Дайын өнім мен шикізатты өндіру үшін оларды сақтауға арналған қоймалар құрғақ, таза, жылытылатын, жақсы желдетілетін, желдеткіш жабдығы бар, зиянкестермен ластанбаған, атмосфералық жауын-шашындардан, кеміргіштердің, құстар мен жәндіктердің оларға енуінен қорғалған күйінде ұсталады, еденнен кемінде 25 см және қабырғалардан кемінде 50 см биіктікте орнатылатын, қатарлары мен өтпе жолдар арасындағы ажырау кемінде бір метр болатын сөрелермен жабдықталады.
64. Өнген дән жармасы мен арпаны сақтау қойма тарату-сору желдеткіші, аспирация жүйелерімен, термометрлермен және психрометрлермен жабдықталған қоймаларда жүргізіледі. Құлмақ құрғақ, қараңғы және салқындатылатын үй-жайда сақталады. Өнген дән жармасын тоңазытқышта сақтауға жол беріледі. Құлмақ өнімдерінің түрі мен сапасына қарамастан оларды 0-ден +2оС дейінгі температурада сақтау жүргізіледі. Құлмақты және арпаның жаңа түсімін қабылдау алдында қоймалар жөнделеді және дезинфекцияланады.
65. Өндірістік және қосымша үй-жайлар жиналуы, жуылуы және дезинфекциялануы тиіс. Үй-жайларды санитариялық өңдеу, дезинсекциялау және дератизациялау, жабдықтарды, мүкаммалдарды, ыдыстарды, көлік құралдарын санитариялық өңдеу үшін дайын өнімнің екінші рет ластануын болдырмайтын және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәсілдер мен кезеңділік пайдаланылады.
66. Тамақ өнімдерін сақтауға арналған үй-жайлар, оның ішінде салқындату камералары, көлік құралдарының жүк бөлімшелері мен тасымалдауға арналған контейнерлер шаруашылық субъектісі белгілеген мерзімде және үй-жайлардың тазалығын қамтамасыз ететін тұрақты санитариялық өңдеуге, дезинсекциялауға және дератизациялауға жатқызылады. Сусымалы тамақ өнімдерін (шикізаттар, жартылай фабрикаттар) сақталатын қоймаларда қамба зиянкестеріне қарсы газбен өңдеу жүргізіледі. Қойма үй-жайларын (төбесі, қабырғалары, едені) жинау аптасына бір реттен жиі емес жүргізіледі.
67. Өнімді сақтау оның қауіпсіздігі мен сапасы көрсеткіштерін сақтауды қамтамасыз ететін температуралық-ылғалды режим кезінде жүзеге асырылады.
68. Өндірістік, қойма, қосымша үй-жайларды, дәретханаларды жинау үшін таңбаланған жеке мүкәммал бөлінеді, ол бөлінген орындарда (қуаттылығы аз объектілер үшін - жеке шкафтарда) немесе дәретханамен шектес жинау мүкаммалын сақтауға, тазартуға және кептіруге арналған үй-жайларда сақталады.
69. Жуу мүкаммалын, жуу және дезинфекциялау құралдарын сақтауға арналған үй-жай лас суды ағызумен, ыстық және салқын сулар келетін раковинамен, шүберектерді кептіруге арналған құрылғымен жабдықталады.
Дәретханаларды жууға арналған мүкаммалдың сигналды бояуы болады, әрбір жинаудан кейін дезинфекциялау ерітіндісімен өңделеді, кептіріледі және бөлек сақталады. Оны басқа мақсаттар үшін пайдалануға жол берілмейді. Дәретханадарды жинау тамақ өнімдерімен және ыдыстарды өңдеумен жанаспайтын техникалық персоналга жүктеледі.
70. Жуу, дезинфекциялау құралдары дайындаушының техникалық құжаттамасына сәйкес стеллаждармен жабдықталған, құрғақ, желдетілетін үй-жайларда сақталады.
71. Мүкаммалды, ыдыстар мен көлік құралдарын жуу және дезинфекциялау бу, ыстық және салқын су келіп тұратын, сарқынды суларды бұруға арналған ағызғышы, желдеткіші бар бөлінген үй-жайда, оқытылған персонал жүргізеді. Қолмен жуу үшін 3 секциялы жуу ванналары көзделеді.
72. Шыны шелмектерді шөлмек жуатын машинаның ваннасына салар алдында жарамдылықтарына іріктелуі тиіс. Мойындары, қабаттары зақымданған, көпіршіктері немесе бөгде иістері бар шөлмектер жарамсыз деп саналады.
73. Бөтелкелерді (қолымен немесе бөтелке жуатын машиналарда) жуу дайындаушының техникалық құжаттамасының технологиялық нұсқаулығына сәйкес қолдануға рұқсат етілген жуу құралдарын қолдана отырып, жүргізіледі. Шөлмектер кемінде 1,5 атмосфералық (бұдан әрі - атм) қысымда шайылады.Ерітінділердің шоғырлануы әрбір ауысымда өндірістік зертханада тексеріледі.
74. Жуылған шыны шөлмектер жарық экран арқылы бақылаудан өткізілуге жатқызылады және дұрыс жуылмағандары қайта жууға жіберіледі.
75. Шөлмектерді жуатын машиналарды тазарту және зарарсыздандыру аптасына екі реттен жиі емес жүргізіледі. Жуғыш ерітіндіні кәріздеуге жіберілгеннен кейін жуу ванналары заттаңбаның, шынының қалдықтарынан және басқа да қоқыстардан тазартылады. Жуу ванналарының ішкі беті дезинфекцияланады және сумен шайылады. Жуылған ванналар жаңа жуу ерітіндісімен толтырылады.
76. Шөлмек жуатын машиналардың жұмыс режиміне техникалық және өндірістік зертханалық бақылау орнатылады, оның нәтижелері объектінің есепке алу құжаттамасында тіркеледі.
77. Сынған шыныны жинау үшін арнайы бункер жабдықталады. Бункерді босату машина кузовына тікелей өздігінен аударылу арқылы жүргізіледі.
78. Тығындау материалы цехқа жабық ыдыспен келіп түседі, ол қақпақтарды тығындау автоматының бункеріне салар алдында ғана ашылады. Зақымданған қаптардағы тығындау материалын қабылдап алуға жол берілмейді. Тығындау материалы өндірушілердің ерекшеліктеріне сәйкес жағдайларда сақталады.
79. Тығындалған шөлмектердің толтырылу деңгейін, тығынының жай-күйін және оларда бөгде заттардың болмауын бақылайды. Тексеру құю кезінде және экспедицияда жүргізіледі.
80. Жаңа шөлмектерді шыны шаңының болуына тексереді және химиялық төзімділік пен термиялық беріктікке сынайды.
81. Ыдысты қышқылдық-сілтілік жуу оқшауланған үй-жайда, арнайы жуу ванналарында немесе машиналарында жүргізіледі.
82. Шөлмек жуатын машиналар іске қосылар алдында сілтілік ерітінділермен толтырылады, шприцтеу және шөлмектердің сыртын жуу үшін құрылғылардың жай-күйі тексеріледі және шприцтер шөлмек аузына қатысты орта тұсына келтіріледі.
83. Шөлмек жуатын машиналардың жұмыс режимін (температурасы, сілтінің құрамы) бақылау әрбір 2 сағат сайын жүзеге асырылады. Күнделікті жұмыстан кейін шөлмек жуатын машинаның су ваннасы судан босатылады және жуылады.
84. Мерзімдік, бірақ ауысымда бір реттен жиі емес суға арналған сүзгілері ашылады, торлары тазартылады және жуылады. Ағызу құбырларында және машиналардың басқа бөліктерінде пайда болған қақ, механикалық немесе химиялық жолмен тазартылады.
85. Жуылған ыдыс жарық экрандарында бақыланады.
86. Өнім құйылған шөлмектің аузы тығындалғаннан кейін жарамдылығын анықтау машиналарында көзбен бақылануы тиіс.
87. Тығындайтын автомат арқылы өткен және тығындалмай қалған өнім құйылған шөлмек ішіндегісінен босатылады және қайта жууға жіберіледі.
88. Өндіріс тоқтатылған кезде (түскі үзіліс кезінде және басқа да себептер бойынша) тығындайтын автоматтың алдында өнім құйылған тығындалмаған шөлмектерді қалдыруға жол берілмейді.
89. Дайын өнімде бөгде қоспалар анықталған жағдайда құю желісіндегі барлық өнім топтамалары жарамдылыққа қайта тексерілуге жатқызылады.
90. Жұмыс процесі барысында сынған ыдыстар толуына байланысты босатылатын, арнайы жабылатын жәшіктерге (бункерлерге) жиналады, жұмыс соңында жәшіктер (бункерлер) объект аумағындағы арнайы бөлінген орындарға өндірістен шығарып тасталады.
91. Шөлмектерді қолымен жуған кезде жуу ванналарындағы су ауысымда екі реттен жиі емес ауыстырылады. Ауысым аяқталған соң жуу ванналары механикалық тазартуға жатқызылады және сумен шайылады.
92. Квас пен сыраны тасымалдауға арналған цистерналарды жуу үшін салқын, ыстық су және бу келтірілген эстакада жабдықталады.
93. Автоцистерналарды толтырмас бұрын щеткамен шөгінділерден тазартады, ағын сумен жуады, люгі жабық күйінде 5-6 минут (бұдан әрі - мин) бойы буда ұстайды. Квасты өндіруге, сақтауға және тасымалдауға арналған сыйымдылықтардың люктері қызмет көрсетуші персоналдың оның ішкі беттерін іш жағынан механикалық щеткалармен жуу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
94. Бөшкелер, кегтер құю алдында салқын сумен, жуу ерітіндісімен жуылады, ауамен үрленеді, содан кейін ыстық сумен шайылады және бумен өңделеді.
95. Қазіргі заманғы өндірісі жоғары жабдықты жуу және дезинфекциялау үшін осы жабдығы жоқ, қуаты аз объектілерді қоспағанда, бағдарламамен белгіленген жууға сәйкес жұмыс істейтін, жабық типтегі орталықтанған жуу станциясы пайдаланылады.
96. Синтетикалық материалдан жасалған, герметикалық емес қаптамада келіп түсетін ыдыстар қолданар алдында кейіннен шаю арқылы жууға жатқызылады.
97. Тығындау құралдары объектіге зақымданбаған ыдыспен келіп түседі, олар пайдаланар алдында тікелей ашылады.
98. Полиэтилен тығындарды шарап құю торабына жіберер алдында +70 Цельсий градустан (бұдан әрі -оС) жоғары емес температура кезінде жылы сумен жуылады және 100 текше сантиметрге (бұдан әрі - см3) 0,5 г. массалық шоғырлану бар күкірт диоксиді ерітіндісімен стерилизацияланады, ал қабықты тығындар - дайындаушының нұсқауларына сәйкес өңделеді.
99. Өнімді лас және пішіні бұзылған, сыну белгілері айқын, тұтыну ыдысына құюға жол берілмейді.
100. Шөлмектерде, заттаңбаларда, тығындарда желімнің және ластанудың қалдықтарына жол берілмейді.
101. Объектілерде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау барысында және шығарылатын тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне, оны өндіру, тасымалдау, сақтау және өткізу кезінде өндірістік бақылау кезінде технологиялық жабдықтан, мүкәммалдан, қосымша материалдардан алынған шайындыларда ағымдық дезинфекциялаудан кейін 60 мин кешіктірілмей алынған микробиологиялық шайындылардың 2% артпайтын санитариялық-көрсеткіштік микроорганизмдердің (ішек таякшасы тобының бактерияларының) болуына жол беріледі, ол дезинфекциялау режімінің қанағаттанарлық бағалау туралы куәландырады. Сыртқы орта объектілерінен алынған шайындыларда патогенді микрофлораның болуына жол берілмейді.
102. Өнімнің зертханалық зерттеулерінің қанағаттанғысыз нәтижелері кезінде үлгілердің (ликер-арақ өнімдерінен, арақтардан басқа) екі еселенген саны қайта зерттеледі, өндірістегі технологиялық процестің барысына, шикізаттарға, жартылай фабрикаттарға, қосымша материалдарға, суға және ауаға, жұмыскерлердің арнайы киіміне, қолдарына, үй-жайлардың барлық жұмысшыларының санитариялық-гигиеналық жағдайына қосымша бақылау жүргізіледі, тиісті санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі.
103. Шаруашылық субъектілері персоналды саны кемінде үш жиын болатын арнайы киіммен қамтамасыз етеді. Өндірістің ерекшелігіне байланысты арнайы киім жиынының құрамына резеңке етік, қолғап, сондай-ақ жеке қорғаныш құралдары кіруі мүмкін.
104. Арнайы киіммен өндірістік үй-жайлардан тыс шығуға, оның сыртынан сыртқы киімді киюге жол берілмейді.
105. Арнайы киімді жуу және дезинфекциялау орталықтанып жүргізіледі, бұл ретте үйде жууға жол берілмейді.
106. Объектіде тамақ өнімдерін өндірумен, тасымалдаумен, тиеумен, түсірумен айналысатын жұмыскерлер жұмысқа түсер кезде, сондай-ақ арнайы оқыту мекемелерінің оқушылары өндірістік тәжірибеден өту алдында міндетті алдын ала медициналық тексеруден өтеді. Зиянды еңбек жағдайларымен, қолайсыз өндірістік факторлардың әсер етуімен байланысты өндірістер мен кәсіптерге жұмысқа түсетін және солармен айналысатын жұмысшылар мен инженерлік-техникалық жұмыскерлер жұмысқа түсер алдында және мерзімдік медициналық тексерулерден өтеді.
107. Айналасындағыларға және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін инфекциялық аурулардың қоздырғыштарымен ауыратын адамдар, науқастар немесе тасымалдаушылар, сондай-ақ осы ауруларға күдікті адамдар жұмысқа жіберілмейді. Өнім өндіру процесімен айналысатын кез келген адам өзінің ауыруының мүмкіндігі немесе белгілері туралы тікелей бастығына тез арада хабарлайды. Осындай аурулармен ауыратын науқастармен немесе тасымалдаушылармен байланыста болған адамдар медициналық тексеру жүргізудең кейін жұмысқа жіберіледі.
108. Тамақ өнімін тасымалдаумен, тиеумен, түсірумен айналысатын адамдар жеке бас гигиенасы мен өндірістік гигенаны сақтайды. Жұмыс басталар алдында шаштарын қалпақтың немесе орамалының астына жинайды, зергерлік бұйымдарын, сағаттарын және баска да сынатын заттарын шешеді, тырнақтарын қиып алып тастайды. Шикізаттар мен дайын өнімге бөгде заттардың түсіп кетуін болдырмау үшін өндірістік үй-жайларға ұсақ шыны және металл заттарды (технологиялық мүкаммалдан басқа) алып кіруге және сақтауға, тырнақты лакпен бояуға, арнайы киімді түйреуішпен, инемен түйреп жабуға және арнайы киімнің қалтасына жеке қолданыстағы заттарды салып жүруге жол берілмейді.
109. Күнделікті, жұмыс ауысымы басталар алдында медицина қызметкері немесе басқа жауапты адам объекті персоналының денелерінің ашық жерлерінің сау болуын тексеру жүргізеді. Терісінде іріңді жаралары бар, сондай-ақ инфекциялық аурулармен ауыруына күдікті адамдар жұмысқа жіберілмейді. Тексеру нәтижелері осы Санитариялық қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша арнайы журналға жазылады.
110. Тұрмыстық үй-жайлар санитариялық өткізгіш типі бойынша орналастырылады, олардың құрамы сыртқы, жеке және арнайы киімдерге және аяқ киімдерге арналған бөлек киім ілетін орынды, таза киімдерді сақтауға арналған киім қоятын орынды, лас арнайы киімді қабылдауға арналған үй-жайды, себезгі бөлмесін және қол жууға арналған раковиналарды, киімдер мен аяқ киімдерді кептіретін орынды, кір жуатын бөлмені қамтиды.
111. Тұрмыстық үй-жайлар күнделікті жұмыс күнінің соңында жиналуы тиіс. Тұрмыстық үй-жайларды басқа мақсаттар үшін пайдалануға жол берілмейді.
112. Қойманың жанында қуаттылығы аз объектілерді қоспағанда, киімді сақтауға арналған шкафтармен, колжуғышпен жабдықталған қызмет көрсететін персоналға арналған жылытылатын үй-жай көзделеді. Қойманың жұмыскерлері объекті үшін, оның ішінде жылыну орны үшін ортақ санитариялық-тұрмыстық үй-жайларды пайдаланады.
113. Объектінің персоналы үшін асхана (ауысымда саны 30 адамнан астам жұмысшы болғанда, көп ауысымдағы жұмыскерлер саны есебінен отыру орындары бар) немесе буфет көзделеді. Асхана (буфет) (ауысымда саны 30 адамнан астам жұмысшысы бар) болмаған кезде тамақ ішуге арналған үй-жай бөлінеді.
114. Санитариялық тораптар өздігінен жабылатын есіктермен, арнайы киімге арналған киім ілгіштермен, жуғыш құралдармен және бір рет қолданылатын сүлгілермен және электрлі сүлгілермен жарақталған, ыстық және салқын су келтірілген қол жууға арналған раковиналармен жабдықталады. Санитариялық торапқа кіреберісте дезинфекциялау ерітіндісіне малынған дезинфекциялау кілемшесі көзделеді.

Наши рекомендации