Жартылай өнімдерді өндіру
Блюм, сляб, дайындама және т.б. түріндегі жартылай өнімдер сұрыптық профильдер, құбырлар, қаңылтырлар және т.б. бұйымдарды илемдеп алуда бастапқы дайындамалық материал болып есептелінеді.
Қимасы (150х150мм) – (450х450мм) блюмдерді блюмингтерде илемдейді. Қимасы (50х300мм) – (400х1800мм) слябтар қалың және жұқа қаңылтырлар өндірудің дайындамалары. Оларды слябинг пен блюмингтерде илемдейді.
Блюм және слябтардан өлшемдері кіші квадратты, төртбұрышты және т.б. жартылай өнімдерді дайындамалық стандарда илемдеп, сұрыптық және т.б. профильдерді жасауға дайындамалық материал ретінде қолданады.
Блюм және слябтарды илемдеп алуда дайындама ретінде көміртекті және қосындылы (легірленген) болаттардың ірі құйылмаларын пайдаланады. Құйылмалардың массасы мен пішіні стан біліктерінің диаметрі мен электр қозғалтқыш қуатына, болат маркасы мен алынатын дайындаманың түріне тәуелді. Құйылманың массасы станның жоғары өнімділігін, жартылай өнімнің жақсы сапасын және илемнің жоғары шығымын қамтамасыз етуі керек.
Алынатын блюмнің өлшемдері 300х(300-400)х400 мм болса, станның өнімділігі жоғары. Слябтар алу үшін пайдаланылатын құйылмалардың массасы, блюмдерді илемдеуге керек құйылмаларға
(5 – 15 т) қарағанда, едәуір үлкен (35 т және одан жоғары). Блюмдерді илемдеуге қимасы квадратты құйылмалар пайдаланылады, ал слябтарды илемдеуге – қимасы төртбұрышты.
Болат қорыту цехынан ыстық (800-9000С) құйылмалар илемдеу цехына жеткізіліп (4.22 сурет), қыздыру құдықтарында (1) қажетті температураға (1250 – 12700С) дейін қыздырылған соң, тасымалдау құрылғыларымен (құйылматасығыш 2, рольганг 4) блюмингке (5) беріледі.
4.22 сурет – Блюминг пен үздіксіз дайындамалық стан жабдықтарының орналасу сұлбасы
4.23 суретте біліктерінің диаметрлері 1150 мм, ұзындықтары 2600 мм кеңірек тараған 1150 блюмингі көрсетілген.
Әрбір білік қуаты 5000 кВт электрқозғалтқышпен (5,6) жабдықталған. Біліктер минутына 0 – 50 – 120 айналым жасайды.
4.23 сурет – 1150 блюмингінің жалпы көрінісі
Құйылманың бірінші өтілімінен кейін электрқозғалтқыш біліктердің айналу бағытын өзгертеді. Үстіңгі білік (3) қысу құрылғысы (2) арқылы жаншылу шамасына төмендейді, содан кейін дайындама рольганг арқылы екінші өтілім үшін біліктерге беріледі. Әрбір өтілім сайын дайындаманың жаншылу шамасы 60 – 100 мм және одан жоғары. Массасы 7 т, қимасы 800х800мм қайнау болатының құйылмасынан 1 минут ішінде 13 өтілімнен кейін қимасы 300х300мм блюм алынады.
Үлкен блюмингтерде қимасы 200х200 мм-ден кіші блюмдерді илемдеу тиімсіз деп есептелінеді, өйткені станның өнімділігі төмендейді. Орташа, кіші сұрыпты және т.б. стандар қимасы (175х175 мм) – (50х50 мм) дайындамаларға мұқтаж келеді. Сондықтан қимасы үлкен блюмдерден кіші дайындамаларды аралық дайындамалық немесе ірі сұрыпты стандарда илемдеу тиімді.
Илемделген жолақтың бетін отпен тазалау машинасымен (6) тазалап, сапасы нашарлау екі жақ шетін және қалған бөлігін қайшымен (7) керекті ұзындыққа кеседі.
Егер блюмингтен кейін үздіксіз дайындамалық стан орнатылса (4.22 сурет), блюмдер аралық қыздырусыз илемделеді. Үздіксіз дайындамалық станның қаралай өңдеу тобының клетьтерінде қимасы 300х300мм блюмдерді илемдеп қимасы 120х120мм дайындамалар алынады. Илемдер аралық суытқыштан (11) кейін рольгангпен (12) қайшыға (16) жеткізіліп, керекті ұзындыққа кесіледі. Содан кейін блюмдерді тексеріп, ақаулары болса жояды.
Егер қимасы 100х100мм-ден кіші дайындамалар керек болса, станның қаралай өңдеу тобының клетьтерінен шыққан жолақтың алдыңғы шетін қайшымен (13) тегістеп кескен соң, кантователь (14) арқылы тазалай өңдеу тобының клетьтеріне (15) беріледі.
Тазалай өңдеу тобының клетьтеріне (15) қажетті өлшемге дейін (60х60мм және т.б.) илемделген жолақ қайшымен (17) керекті ұзындыққа кесіледі.