Бүліктердің бірінші салдары: Адамдардың ғибадатты тастауы
Бүлік кезінде адамдар ғибадат жасауды, яғни өздері сол үшін жаратылған нәрсені тастайды. (Аллаһқа) деген мойынсұнушылық тоқырайды, жүректер тәртіпсіздікке келіп шатасады, оларды бүліктен туындаған үрей мен қобалжу билейді. Олар тыныштық пен жайбарақаттылық таба алмағандықтың салдарынан Аллаһты лайықты түрде зікір ете алмайды.
Сондықтан да бүліктер кезінде орындалатын ғибадаттар үшін, тыныштық кезіндегі жасалатын ғибадаттарға қарағанда, көбірек сауап беріледі. Мұны Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөздері дәлелдейді: «Аллаһқа тынышсыз уақытта ғибадат ету (сауабы бойынша) маған қарай қоныс аудару (хижра жасау) сияқты». Муслим 2948.
Яғни кім бүліктер қызатын және адам өлтірулер жиіленетін кезде осыған кіріспей, өзін ғибадатқа арнаса, оның (Аллаһтан) алатын сыйы Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көшіп баратын адамның сыйы сияқты болады.
Бұл хадисте бүлік кезінде ғибадаттан қолы босамайтын адам жетістікке жететініне және бүліктің жамандығынан құтқарылатындығына нұсқау бар. Мұның барлығы бүліктен аулақ болу және ғибадаттың әр түрлерімен айналысу қажет екендігін, әрі сол кезде адам тыныштыққа қол жеткізіп, жайбарақаттылықта және есендікте болатынын растайды. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, сендердің араларыңдағы ең бақытты (адам) – бүліктерден алшақ болғаны», - деп айтып, осы сөздерін үш рет қайталады ғой. Абу Дауд 4263. Хадис сахих. Қз. «әс-Сильсиля әс-сахиха» 975.
Яғни бақыт пен есендік бүліктен алшақтауда, сондай-ақ Аллаһ заңдастырған түрлі ғибадаттар арқылы Ол разы болатын және Оған жақындауға себеп болатын істерді жасауда. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі – Умм Салямадан жеткен мына хадиспен расталады: «Бірде түнде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)ұйқысынан оянып: «Аллаһ Пәк! Бүгінгі түні нендей апаттар жіберілді[9] және нендей қазыналар ашылды![10] Бөлмелердің иелерін[11] намазға оятыңдар, өйткені бұл дүниеде киінген (әйел) Ақыретте жалаңаш болып қалуы мүмкін![12]» - деп дауыстап айтты.әл-Бухари 115, 1126, 3599.
«Бөлмелердің иелерін намазға оятыңдар, өйткені бұл дүниеде киінген (әйел) Ақыретте жалаңаш болып қалуы мүмкін!» деген сөздерде бүліктер басталған кезде, намазға, Аллаһ Тағалаға құлшылық жасауға жүгіну керек және барынша Оған жақындауға тырысу қажет дегенге пайғамбарлық нұсқау бар.
Бұған оның мына сөздері де нұсқап тұр: «Қараңғы түннің бөліктеріндей болып келетін бүліктер келіп жетпейінше игі істер жасауға асығыңдар». Муслим 118.
Бұл – бүліктер кезінде игі істер жасауға деген ынталандыру, өйткені бүліктер лап берген кезде, адамдар, Аллаһ тағала көмек пен қолдау бергендерден басқалары, ғибадат істерінен көңілі бөлінеді.
Сахабалардың ізбасарларының (таби’ун) кезінде бүлік орын алған кезде, бүліктен алыстағандардың қатарында болған Хасан әл-Басри былай деп айтқан екен: “Уа, адамдар! Аллаһпен ант етемін, Аллаһ Хажжәжға сендердің үстілеріңнен билікті тек жаза ретінде берді, сондықтан да Аллаһтың жазасын қылышпен қарсы алмаңдар! Алайда (Аллаһқа) мойынсұнушылық танытыңдар да, дұға етіп жалбарыныңдар”. Ибн ‘Асакир «Тарих әд-Димашқ» 12/178.
Өйткені Аллаһ Тағала: «Біз оларды азапқа тарттық, бірақ олар Раббыларының алдында мойынсұнушылыққа келмеді және Оның алдында жалбарынбады» (әл-Муминун 23: 76), - деп айтты ғой.
Яғни мұндай жағдайда адам бойұсынушылық танытуы және Аллаһ Тағаладан құтқаруын тілеуі керек. Ол өзін, өзінің жағдайын түзетуі және өз үйін тәртіпке келтіруі қажет. Өзінің Раббысына Ол разы болатындай етіп мойынсұнуы қажет.
Абу Хурайрадан (оған Аллаһ разы болсын) осындай мағынадағы мына сөздер жеткізіледі: “Олардан суға батып бара жатқан адамның жалбарынуындай жалбарынудан өзге ешнәрсе құтқара алмайтын бүліктердің уақыты келіп жетеді”.[13] Ибн Абу Шайба 7/531.
Суға шөгіп бара жатқан адам қаншалықты ықыласты және ынталы түрде жалбарынатыны біздің барлығымызға белгілі. Сондықтан да: «Суға батып бара жатқан адамның жалбарынуындай жалбарынудан өзге ешнәрсе одан құтқара алмайтын», - деп айтылды.
Адам шын ықыласты түрде Аллаһ Тағалаға құтқаруын, қорғауын және сақтауын тілеп жалбарынуы қажет.
Екінші салдары: Адамдардың ғалымдардан және білімнен алшақтауы
Бүліктердің салдары мен әсеріне олардың адамдарды білім алу мәжілістерінен алыстатуы, шариғаттың заң-ережелерін үйренуден, жалпы дінді танудан алшақтатуы да жатады. Адамдар ғалымдарға жүгінуді және олардың мәжілістеріне баруды тоқтатады, өйткені жүректерін уайым қамтып алады да, оларда бүліктің оты жанып тұрады. Ал мұндай қалыптағы адам өзін білім алуға бағыштай алмайды, ғалымдармен олардың мәжілістерінде бірге бола алмайды, және (соның нәтижесінде) ол білімнен және оның иелерінен алыста қалып қояды.
Бұдан да жаманы – бүлік адамдардың ғалымдарға елемеушілілік танытып, олардың маңызы мен абырой-мәртебесін кемсітіп, оларды балағаттай және қаралай бастауына әкелетіні. Убада ибн Самиттен (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Біздің үлкендерімізді құрметтемейтін, кішілерімізге мейрімділік танытпайтын және ғалымдарымызға тиістісін бермейтін - бізден емес!» Ахмад 5/323, әл-Хаким 1/139. Хадис хасан. Қз. «Сахих әл-джами’» 5443.
Бүлік кезінде көптеген адамдардың ғалымдарға ашық түрде құрметсіздік танытуға, оларды қорлауға, мазақтауға, ең жексұрын нәрселерде айыптауға батылдары барады. Әрі осының барлығы бүліктің салдары болып табылады, Аллаһ бізді бұдан сақтасын!
Тарих осындай оқиғаларға толы, әрі олардың бірі – көптеген Құранды жатқа оқушылар мен білімді адамдар және көптеген қарапайым адамдар тартылған ‘Абдур-Рахман ибн әл-Аш‘ас[14] араңдатқан бүлік. Міне осы бүлік басталған кезде, адамдар Исламның ең ұлы имамы әрі фақихтарының бірі болған әл-Хасан әл-Басриге (оны Аллаһ рақым етсін) келіп: «Сен харам болған қанды төгіп, харам болған мал-мүлікті иемденіп жатқан, намазды тастаған және тағысын-тағы істерді жасап жатқан бұл залым патша (Хажжаж) туралы не айтасын?» - деп сұрақ қойды. Ол: “Мен сендер онымен соғысуларың керек емес деп есептеймін Егер бұл (Хажжаждың залымдықпен патшалық құруы) – Аллаһтан келген жаза болса, онда сендер Аллаһтан келген жазаны өз қылыштарыңмен тойтара алмайсыңдар. Ал егер бұл – сынақ болса, онда Аллаһтың ол туралы үкімі орындалғанша сабыр етіңдер, өйткені Ол – үкім шығарушылардың ең жақсысы”, - деді. Сол кезде олар: «Осы «‘ильджаны»[15] тыңдаймыз ба?» - деп оның алдынан шығып кетті. әд-Дуляби «әл-Куна уәл-асма» 3/1035, Ибн ‘Асакир «Тарих әд-Димашқ» 12/178.
Олардың бойында бүлік лаулап кетті, әрі олар өздерінің өршеленген эмоцияларына салынып, ғалым адамнан өз құмарлықтары мен қалауларына сәйкес келмейтін және өз бейімдіктеріне қайшы келетін сөздерді естігенде, оны балағаттай бастады.
Бүлікке деген сүйіспеншілік бойына әбден сіңіп кеткен адамдардың ғалымдарды балағаттауының ежелден бастап біздің кезімізге дейін шекарасы жоқ. Оларды «жарамсақ-жағымпаз» деп атайды, әмірлердің алдында жалбақтауда айыптайды, «тыңшылар" (агенттер) деген ат тағып, басқа да түрлі жексұрын қылықтарда айыптайды.
Яғни бүлік бұл адамдарда ғалымдарға деген құрметсіздік туындатады, әрі олар білім иелерінің абыройын түсіреді, оларды елемей, балағаттай және сөге бастайды, және бұл - адаммен бүлік кезінде орын алуы мүмкін болған ең қауіпті нәрсе, Аллаһ бізді бұдан сақтасын!
Және Хасан әл-Басридің кеңесіне құлақ салмай, ол туралы осылай айтқан адамдар ‘Абдур-Рахман ибн әл-Аш‘аспен бірге әл-Хажжажға қарсы көтерілгендері де, барлығы өлтірілді.[16] Олар ешқандай жақсылық алып келмеді және ғалымдардың кеңестерінен ғибрат пен пайда алмады. Өйткені ғалымдар олар үшін ешкім болмай қалды және олардың сөздері де олар үшін ешқандай маңызға ие болмады.[17]